Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 31330 0 пікір 1 Сәуір, 2016 сағат 09:16

«ШОЛПАННЫҢ КҮНӘСІ» ҺӘМ ҰЛТТЫҚ ПСИХОЛОГИЗМ

«Әйел бейнесінің көркем әдебиетте алатын орны туралы алғаш зерттегендердің бірі Д.Мордавцев болды. Зерттеуші өзінің «Жаңа кезеңдегі орыс әйелдері» атты еңбегінде әйелдердің ер адамдардай игілікті істерге шамасы келетінін атап өтеді, әйелдің ерлермен тең дәрежеде болуын уағыздайды.

ХIХ ғасырдың аяғында көркем әдебиетте әйелдердің тұрмыс жағдайы арқылы қоғам цивилизациясының, дамуын байқауға болады деген критерий қолданыла бастайды. Яғни қоғам дамуының белгісі – сол қоғамдағы әйел тұрмысы жағдаймен өлшенеді деген идеяны орыс әдебиетінде Н.Г.Чернышевский «Не істеу керек?» деген еңбегінде қолданса, ал қазақ әдебиетінде 1917 жылы М.Әуезов «Адамдық негізі – әйел» атты тырнақалды туындысында қолданады.  

Қазақ қоғамындағы әйелдің орны өткен ғасырдың өзінде өзге мұсылман елдеріндегі ахуалмен салыстырғанда анағұрлым  прогресивті, жаңа тілмен айтсақ, демократиялық талаптарға жақын болғаны белгілі. Алайда, тарихтың желі теріс соғып, қазақ елі отарлық қамытына тап болған кезеңдерде қалың жұрттың, әсіресе, әйелдің тауқыметі көбейе түсті. Әйел теңсіздігіне қарсы күрес ұлт зиялыларының ұлт мақсаттарының бірі болатын» [1, 5б]. 

«Қазан төңкерісінен кейін халықты, тіпті әдеби-мәдени өмірді мінбешіл, белсенді, төңкерісшіл идеялар билеп-төстеді. Әпербақан саяси идеологиялар адам рухын басып-жанышты. М. Жұмабайұлы осындай құйтырқы «қызыл империя» саясатынан тыс, жеке адамның жүрек түбіндегі ақыл-ойына , сана-сезіміне саналы түрде әлеумет өміріндегі қандайда бір тіршіліктің бір бөлшегін әлемдік барша адамзатқа тән ой өрістен бөлектемей, жалпы адам баласына тән қасиеттерді бейнеледі. Әңгіме көркемдігінің негізгі түп тамыры да осында»[2,14б]. 

«Жиырмасыншы жылдардың бас кезінде Мағжан творчествосында суреткерлік психологиялық стиль түбегейлі орнықты. 1922, 1923 жылдары ақынның «Педагогика» атты ғылыми, «Батыр Баян», «Шолпанның күнәсі»  атты көркем шығармалары бірінің артынан бірі жөдемелете жарық көруі айтылғанға толық дәлел. Адам жан әлеміне зерделей үңілу – бұл шығармаларға ортақ қасиет. Және авторының алдына нақтылы мақсат қойып, психологизм саласында жүйелі ізденіс соңына түскеніне айғақ [3,279б].     

«Шолпанның күнәсі» әңгімесі 1923 жылы «Шолпан» журналының № 4, 5, 6, 7, 8 сандарында жарияланған. Шағын әңгімеде ой көп, үлкен проблема бар. Шолпан – жасандылықтан ада, риясыз шындықпен бейнеленген образ.

 Әңгіме сол кездің жалаң үгіті мен насихатына еш мойын бұрмаған, шағын жанрдың нағыз көркем үлгісін көрсететін шығарма. Әсіресе Мағжанның адам жанының психологиялық қатпарларын шынайы ашып берген , нәрі мол , қуаты күшті, айшықты жазылған «Шолпанның күнәсі» әңгімесі қазақ прозасына жаңа бағыт сілтегендей болып еді. Бірақ жазушылырдың көбі ол жолды таңдап алған жоқ. Мұхтар мен Жүсіпбек қана өз шығармаларында «Шолпанның күнәсіндегі» терең психологизмді жалғастыра білді.

Бұл түйін пікір де Мағжан Жұмабайұлы әңгімесінің биік талғаммен жазылғандығын дәлелдей түседі. Бала үшін бақытын құрбан еткен келіншектің ішкі рухани дүниесі оқырманның көз алдына ап-айқын елестейді. [2,5-6б]

«Автор «Шолпанның күнәсі» әңгімесінде шығармашылық еркіндікке жекеленген әйел образы арқылы, оның мінез-құлқын, табиғатын зерттеу, танып-білу арқылы әйелдің адами-пенделік сезім арпалыстарын кеңінен қамти жазу арқылы барды. Әңгімеде бір Шолпанның болмыс-бітімін ашу арқылы жалпы әйел затының жан сезіміне терең шолу бар, сонымен бірге адамның тіршілік иесі ретіндегі жан сырын аршып, сол арқылы барша әйелдің басында кездесетін мінезді, табиғатты зерттеуге ұмтылу бар»[2,14б].

 «Шолпанның күнәсі» әңгімесі жанры жағынан бұл – психологиялық әңгіме. Жан әлемінің құпия сырларын саралайды. Әңгіменің бас кейіпкері Шолпан – әр түрлі сыртқы жағдайлардың және ішкі толқыныстардың нәтижесінде үнемі өзгеріп, үрдіс дамып отыратын характер. Жазушы сол өзгерістерді жан диалектикасын жіті қадағалау жолымен көрсетеді. Осының арқасында бала көру сияқты қарапайым тақырып биік адамгершілік өреге көтеріліп, адамның құлықтылығы, бас бостандығы проблемаларына ойысады»[2,15б].

«Көркем әдебиеттегі психологизм табиғаты – ғылыми, әдеби мәні мол күрделі мәселе. Әлеуметтік талдаудың үш түрлі мәнін ашып айтатын А. Иезуитов: «Біріншіден, психологизм сөз өнерінің тектік белгісі, ажырамас қасиеті, көркемдік кепілі есебінде көрінеді», - деп, мәселенің ең түйінді тұсын жіті пайымдайды. Шынында да, әдебиет, саясат пен ғылым, өнер негізінен табиғат, қоғам, жеке адамдар тіршілігін бақылау, топшылау, өзгерту, жаңарту ниетін көздейтіні даусыз. Сондықтан олар сансыз көп салалық өзгешеліктеріне қарамастан, белгілі бір әлеуметтік топтардың арман-мұратын, мақсат-сезімін  білдірмек. Көркемөнер, әрине, – ой мен көңілдің ажырамас одағы. Әрбір туынды онда бейнеленетін өмір суреттерінің толымдылығы және шынайылығымен бағалануға тиіс. Көркемдік – шынайылық болса, оны ұғындыратын әрі ұғатын адамдар жалпы үрдістерден өзге жеке сезімдік әуендерді тыңдауға бейім. Сондықтан, көркем шығармадағы өмір шындығының ең жоғарғы деңгейі психология заңдылықтарымен сабақтас. Қаһарманның рухани әлемін, жан сырын жеткізу амал-тәсілдерінің жиынтығы немесе идеялық-эстетикалық, шығармашылық феномен – психологизм»[4,3б].Сонымен қатар психологизм көркем шығарманың ұлылығын таныту үшін маңызды қызмет атқарады. Бұл жайлы зерттеуші Б. Майтанов: «Психологизмнің негізгі қызметі – өмірлік шындық пен көркемдік шындықтың жанды тамырластығын сақтау. Бұл ретте осы құбылыстың ішкі салалары есебінде даралау мен жинақтау, ұлттық, жалпыхалықтық, дерек пен қиялдап қосу, автор бейнесі, шығарманың заттық құрылымы іспетті түрлі мәселелердің өзара ықпал, әсері мен табиғи синтезін атау керек»[4, 4б].

«М. Жұмабайұлы шығармашылығын зерттеуші ғалым Шерияздан Елеукенов «Шолпанның күнәсі» атты әңгіме, сөз жоқ, қазақ прозасының көркем дамуындағы ірі қадам, «Батыр Баян» поэмасын қосқанда, қазақ әдебиеті психологизм әдістеріне ұлттық психология тұрғысынан келіп, жаңаша ой қорытуы көңіл аударарлық құбылыс». [5,6б]  

 «Шолпанының күнәсі» әңгімесінде әйел психологисының көрінісі ғана емес ұлттық психологияның белгілерін көре аламыз. Себебі, әдебиетіміздің жауһар туындысы Мағжан Жұмабайұлының  «Шолпанның күнәсі» әңгімесінде көтерілген тақырып, сюжеттік арқаудың біраз өзгешелігі бар. Әңгімеде түрлі мәселелердің синтезі сабақтасып жатқанына дәлел  «әйел тағдыры», «отбасы», «отбасы құндылықтары», «ұрпақ жалғастыру», «ұлтымызға тән таным-түсінік» сияқты өзара байланысты ұғымдар бір-бірімен тамырласып, бір ғана Шолпанның бейнесі ішкі сезімі арқылы  берілуінде. Осылайша ұлттымызға тән мінез бен болмыс, таным мен пайым  шағын әңгіменің негізгі арқауына, мазмұнына айналған. Шығарманың мазмұнына терең үңілсек автордың ұлттық психологизмді танытпақ болған бірнеше маңызды тұстарын көре аламыз.

Біріншіден,  дәстүрлі қазақ отбасыларында ер мен әйелдің қарым-қатынасы өте сыпайы болып, сыйластық пен түсіністікке құрылған. Бұл арқылы ерлі-зайыптылар отбасы берекесі мен бірлігін сақтап отырған.  Алдымен, тұрақтылыққа себеп болатын нәрсе – ер мен әйелдің өздерінің міндеттері мен отбасыдағы алатын орнын дәл анық білуі. Қазақи тәрбие арқылы берілетін бұл қасиеттер дәстүрлі қазақ отбасысының баянды, үлгілі әрі биік рухты ұрпақ өсіруіне оң әсерін тигізген. Әңгімедегі ер-зайыптылардың жібектей жұмсақ қарым-қатынасы шығарманың алғашқы бөлімінде шебер суреттеледі.

Шолпан деген жас келіншек өте бақытты. Бағына орай құдай оңдап теңіне қосылды. «Мал орнына сатылып, жаны сүймеген жанға жар болатын қазақтың сансыз қыздарының ішінен әлдеқалай өзінің сүйгеніне тиген Шолпан...» [6,91]. «Оңдай бақыт кез келген қазақ қызының маңдайына ол кезде біте бермегенін автор ескертіп өткен. Шолпанның орамал тартып келіншек болған алғашқы уақытта жатса-тұрса алладан тілейтіні – сол бақытын қайтсе де аман сақтап қалу. Тіпті күйеуі мен екі арасын баладан қызғанады. Бұл тілек дертке айналып, ішке түседі, жан дүниесінің төрінен орын тебеді»[3,282].  Шолпан бейнесі арқылы отбасы бірлігін сақтаған, құдай қосқан қосағының бақытын ойлаған әйелдің бейнесін толық сипаттай білген. Шолпан теңіне қосылған бақытты әйел, дәстүрлі отбасындағы ерін ардақтайтын адал жар. Отбасының алтын діңгегі  махаббат үшін құрбан жанның сезімін мына жолдардан анық ұғына аламыз: «Задында баланы жек көргендіктен емес, ерімен екі ортасындағы жібектей нәзік махаббат жібі үзілмеу үшін, екі жанды бір-біріне қоса білген иманнан да ізгі махаббатқа басқа бір жан келіп, жік салмау үшін бала болмауын тілеп еді Шолпан» [6,91б].

 «Автор ішкі монолог арқылы Шолпанның жан дүниесін шебер бейнелейді. «Балалы болсам, әдемі өмірім бұзылады-ау», деп ойлайтын еді Шолпан...Бала туса күйеуімен екеуінің ортасында бір тікенек өсетіндей болушы еді...Қиюласып қосылған екі жанның арасына жат бір үшінші жан түскен соң, екеуінің де жалынды, екпінді махаббаты бүлінер, бәсеңдер, суынар деп қорқушы еді Шолпан.

 «Ішкі монолог кейіпкер жан дүниесінде әбден толысқан ойды бейнелейді. Шынында да, бұл – ішкі ой. Сыртқа ол танығысыз өзгеріп шығады. Өзіндей жас келіншектермен аулақта кеңескенде: «Баласыз өмірдің қызығы жоқ қой», - деп аузымен ғана айтады. Аузы айтқанды қолы істемейді. Істеткізбейтіні іші. Ішінен құдайға «Бала бере көрме!» деп жалбарынады»[3,282б].          

Әңгіменің «Шолпанның күнәсі» деп аталуының өзінде терең мағына жатыр. Бұл жерде кінә мен күнә деген ұғымдарды ажыратуымыз керек.  «Кінә мен күнә синонимдер емес, екеуі екі жағдайда белгілі болатын дүниетанымдық ұғымдар, олардың басты айырмашылығы сонда, кінә – адам мен адамға қатысты болса, күнә –адам мен жаратушыға қатысты, нақты айтқанда, алла мен адам арасындағы мәселе» [7,99б].

Мәшһүр-Жүсіп даналығына сүйенсек, күнә жайлы «Кәф пен Нон» өлеңінде былай дейді:

 

«Аламын кейбіреуді мен жамбасқа,

Серт қылдым тірлікте бір талмасқа!

Білсем де күнә екенін соқтығамын,

Алланың рақметінен (рахматынан) құр қалмасқа!

 

Жалғанда қылған күнәм көңіліме тоқ,

Құдайым бар: не ғам бар, уайымым жоқ.

«Күнәсызбын жалғанда» деп өткеннің

Орны – азап , аты тозақ: қып-қызыл шоқ.

 

Қалады әр қызықтан жаман құр(ы).

Бос өтіп көктем уақыты, жазғытұры.

Қолынан келмеген соң жай жүреді,

Болмаса тәубесі жоқ, болмасқа ұры.

 

Қараған көз бекерге қарамайды.

Шикі ішкен ас бойыңа тарамайды.

Батып күнә қыла алмас жүрексіздер

Қорқып, тәубе қылуға жарамайды»[8, 25б].

Ал Шолпан күнә жасады ма, кінә жасады ма деген сұрақ пайда болады. Шолпанның күнәсі құдайдан бала берме деп дұға етуі . Бұл алла бұйрығына, табиғат заңына  қарсы әрекет еді.  Шолпанның күнәлі болуына біріншіден, отбасылық өмірдің бал күндерін қимау ниетінен болса, екіншіден, Сәрсенбайдың бала сүюге ықылассыздығы әсер етті. «Дұрысы, баласыз өмір бос өмір деген сөзді басқа талай адамдардан естіді, бір-ақ жаны сүйген жарынан естіген жоқ. Ғашық адамға құранның аяты қасиетті емес, жарының сөзі қасиетті, жарынан басқа адамның сөзін не қылсын Шолпан!» [6,95б]. Демек Шолпан күнәлі болды.  Үш жылдан соң Шолпан өз күнәсін түсінеді, тәубесіне келеді. Күнәсін мойындаған Шолпан Алланың рақметінен де құр қалмады.

Екіншіден, Шолпан қазақтың ұлттық танымына сай әрбір әйелдің өмірінің мәні ана атану  екенін түсінген парасатты келіншек ретінде сипатталады. Себебі Шолпан сәби сүю бақытын, ана атану  деген сияқты сезімнің өмірде барын білді, өмірлік ұстанымы  етті. «Мағжан шеберлігін айтыңызшы: осы тілек бір түннің ішінде өзгеріп сала береді. Оған иланасың, еш күмән келтірмейсің. Мағжан өзін жан диалектикасының сұңғыла білгірі мен шебер суреткері есебінде көрсете біледі. Шешім кейіпкердің ішінде піседі және бір қызығы еркінен тыс жүзеге асады. Характер іштің ашылуына қарай көрініс табады. Кейіпкердің өз менін таныған санасы  бұ жерде сырт көзден күштірек рөл атқарып тұр

Былай қарағанда Шолпан ішінің өзгеруіне сырт жағдай себепші көрінеді. Әрине, күйеуі Сәрсенбайдың көрші балаларының тәтті қылықтарын күле сөйлеп, ұзақ әңгіме ғып айтуы Шолпанға қатты әсер етеді. Неге? Неліктен оған күйеуінің жайбарақат әңгімесі шаншу болып қадалады? Негізгі мәселе мынада: Шолпан өзінің бақыт туралы бұрынғы түсінігі тайыз, сорақы екенін кенет түсініп опынады. Яғни, өзінің нағыз ішін енді түсінеді»[3,282б]. Енді Алладан күні  түні бала тілеумен болады. «Осы түннен былай қарай Шолпанның бар тілегі бала болды. Жатса да, тұрса да, ояу болса да, ұйықтаса да: «Жасаған-ау, бала бере көр!» деген тілекті Шолпанның не аузы, не жүрегі айтушы еді. Бірақ  бірін-бірі қуалап, ай соңынан ай озды, тілей-тілей тілек тозды. Соға-соға жүрек тозды, тілек тозды, жүрек тозды: өмір тозды. Талай түндерден көздеп емес, жүректен ыстық жас төкті. Сопы болды, ылғи дәрет алып, таза жүрді, намаз оқыды. Күн сайын таң сібірлеп келе жатқанда-ақ тұрып, сәждеге құлады, таспиығын санап, «сұбханалла» айтты. Бірақ бала болмады»[6,97б]. Осылай күн, ай, жыл өтті Шолпанның тілегі қабыл болмады. Енді Шолпан өмірінің мәні де сәні де - перзент сүю, ана атану  екеніне көз жеткізді және  мақсатынан тайынбайтыны белгілі болды. Өйткені кез келген әйел үшін «ана» деген мәртебе алудан асқан мәртебе, атақ жоқ.  Бұл сөзімізге дәлел Бұқар жырау бабамыздың: 

«Бәйбішеге жарасар

Еміздіктеген сабасы.

Келіншекке жарасар

Емшектегі баласы» - деген ұлағатты ойы.  

«Жалған дүниедегі тірі пенденің жұбанышы не? Жалғыздық дегеніңіз қарғыспен тең қасырет. Оның бетін аулақ қылсын. Төрт құбыласы тең адамның да түбінде бір жантәсілім сәтке келіп, жаны алқымға тығылған қасым шақтағы үміті: бірінші – бақидың мәңгілігі мен рухыңды өлтірмейтін Алла есімі де, екіншісі – соңына қалып бара жатқан мына пәни дүниедегі жұбаныш – нәресте. Бойыңдағы ыстық қаныңды құйып, тамырыңды иітіп, өзің жан берген балаң. Өзегіңнің өртеніп тұратыны да сондықтан. Мүмкін, мәңгілік өлмейтін рух дегеніміз сол шығар...»[9,282 б].

Ал Мәшһүр Жүсіп ұрпақ жалғастыру жайлы былайша өсиет еткен:

Жемісі жоқ ағашты көрсең,  терек,

Бір отынан басқаға сол неге керек.

Теректің сымдай болған бойы құрсын,

Түбінде түк болмайды, болсаң зерек.

 

Аспанңың қалың бұлт алды бетін,

Тамшы жоқ бетке тамар, ол бір түтін.

Түтінде өткен күнің құрысын да,

Бұйырған жеуге қашан иттің етін?!

 

Нажағай күн жауғанда бір жарқ етті,

Не түсті саған одан? Өтті. Кетті.

Жарқ еткен бір нажағай болды-дағы,

Тұғырда қалдырмаған бір перзентті.

 

От өшсе, артта қалсын қызыл шоғы,

Тұтатып ас пісірсең, қарын тоғы.

Артында қалар титтей шоғы жоқ от,

Жалғанда бәрі бір бас: бары-жоғы.

..........................................................

Бұ жалған кімге тоқтап тұрақтанған,

Әркім-ақ: «Көнбеймін!» - деп, бұра аттанған.

«Қатыннан ұл таппаған әр уақытта

Ешкі артық, - деген сөз бар – лақтаған!»[8, 206б].

Бұдан былай Шолпанның ойы сан сақта болды. Мың ойланып, мың толғанып Шолпан барлық себеп Сәрсенбайдан болғанын түсінді. Өйткені Сәрсенбай белсіз еді. «Сөз жоқ, Сәрсенбай – бедеу. Сондықтан бала жоқ. Бала жоқ болған соң мен бақытсыз...мен бақытсыз болғанда Сәрсенбай бақытты ма? Оның жүрегі жанбай ма? Өзінің екі өмірді улаушы екенін ойлап, оның жүрегі жанбай ма? Қартайған күнде өмірді жылататын от – бала оған керегі жоқ па? Сөз жоқ, мен бақытсыз болсам, Сәрсенбай да бақытсыз. Ендеше осы батып бара жатқан өмір кемесін бақыт жарына кім сүйреп шығара алады?  - Шолпан. Жалғыз Шолпан. Бір өмір үшін емес, екі өмір үшін Шолпан осыны істеуге міндетті»[6, 100б]. Ұрпақ жалғасытырудың қандай да болсын амалын іздеген Шолпан ойнас қылады. Оқырманға ойнас кінә, кешірілмес кінә болып көрінуі мүмкін. Әлбетте ойнас қазақтың танымына жат. Бұған «Ойнасқа сенген ерсіз қалады» деген қазақтың бір сөзі арқылы халқымыздың көзқарасын біле аламыз. Тағы бір қазақтың нақыл сөзіне сүйенсек ойнастың да бір мәнісі бар екен. Бұл жөнін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қазақтың екі ұлы мақалы бар  деп тұжырымдайды.  Оларға: «Ұрлық қыл да мал тап, Ойнас қыл да ұл тап» деген мақалдарды жатқызады. Сөйтіп Шолпан Әзімбаймен ойнас болады. Баланың әкесі ретінде  Әзімбайды таңдауының да үлкен астары  бар.  Қазақ халқы тек, қан деген мәселелерге  мұқият үнілген.

«Таудан аққан тас бұлақ,

Тасыса құяр теңізге.

Қанша малы болса да,

Бай қуанар егізге.

Жаманнан туған жақсы бар.

Жақсыдан туған жаман бар,

 Тартпай қоймас негізге» - деген Бұқар жырау  даналығы дәлел. Сондықтан Шолпанға  күнен күн, құлдан құл туатыны әу бастан белгілі болған. «...Болашақ балаға ата болуға лайық кім бар?... Әзімбай... Әзімбай ...Әзімбай қалай болар? Текті атаның баласы, өзі жас, дені сау, сымбатты жігіт»[101-102 б].

Қорыта келгенде, «Шолпанның күнәсі» әңгімесінде ұлттық психологизмді пайдалана отырып, М. Жұмабайұлы Шолпанның бейнесі арқылы дәстүрлі қазақ отбасындағы үлгілі әйелдің үздік бейнесін көрсетті . Оны оқырманға анық сездіру үшін автор Шолпанды сан қырлы қасиеттермен мүсіндеген. Дәлірек айтсақ, отбасы бірлігін сақтаған, құдай қосқан қосағының бақытын ойлаған, ұрпақ жалғастыру қамына терең мән берген  қазақи болмысты  әйелдің бейнесін толық сипаттай білген.         

           «Жазушы тіршілік үшін, бала үшін ешбір жолдан тайынбайтын әйел бейнесін сомдаған. Әңгіме соңында автор кейіпкерін азапқа салып өлтіреді. Бірақ, өлімнің, трагедияның себебі бар. Әңгімедегі азапты өлім М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні», Б.Майлиннің «Ұлтуған» тәрізді классикалық әңгімелерін түсіреді. Бұл шығармалардағы оқиғалар әр түрлі болғанымен, адам тағдыры алдыңғы сапқа шыққан. Бірінде өмірге келе сала қасіретке тап болған қазақ қызының тағдыры суреттелсе, екіншісінде бақытты ғұмыр кешіп отырған отбасының шаңырағы шайқалып, ақыры өлімге әкеп соқтырады.

М. Жұмабайқлы драматизм элеметтерін, трагедияның қалың бояуларын әңгіме соңында қоюландыра түседі. Өмірін өз қажетіне, өз қалауына сай өзгерту талпынған қазақ әйелі. Ойлағаны, қалағаны болғанымен, бәрібір алдынан қарғыс атқыр «өлім» шығады.

«Шолпанның күнәсі» әңгімесінің ерекшелігі жөнінде Б. Мамраев былай деп жазады: «...М.Жұмабайұлы өзіне дейін қазақ прозасында әлі жасалмаған жаңа қадамға – адам психикасының құпияларына бойлауға батыл көше білді. Мағжан кейіпкерлері өздерінің қымбат та құпия ішкі сезімдерін жария етуден , өздерін сол үшін ешкім түсінбеуі мүмкін-ау деген ойдан еш қорықпайды»[5,8б]. 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Тапанова С.Е. Қазақ басылымдарындағы әйелдер бейнесі. Монография – Астана: 2013. – 264 бет.
  2. Әбдешев Б.М. Мағжан Жұмабаевтың прозасы. Диссертация

 – Астана: 2002.  129 – бет.

  1. Елеукенов Ш. Р. Мағжан. Өмірі мен шығармашылығы. Оқу құралы.

– Астана: «Астана полиграфия», 2008 – 392 бет

  1. Майтанов Б. Қазақ романы және психологиялық талдау. Оқу құралы.

 – Алматы, «Санат», 1996. -336 бет.

  1. 5.      Әбдешев Б.М. Мағжан Жұмабаевтың прозасы. Автореферат. – Астана: 2002.  26 бет.

 

  1. Жұмабаев М. Ж 87 Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1989. – 448 бет.
  2. Есім Ғарифолла Адам-зат.  – Астана: Ақарман, 2008. 382 бет.
  3. Көпейұлы Мәшһүр Жүсіп. Шайтанның саудасы. – Павлодар: ЭКО, 2011. 588 б.
  4.  Жұртбай Т. Күйесің, жүрек...сүйесің. – Алматы: «Санат», 2001. – 408 бет.

Гүлсезім Теміртас

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053