НАУРЫЗ НАҚЫШТАРЫ: МҰЗ ҮСТІНДЕГІ ҚЫЗ ҚУУ ӘМ ҚАРА ЖОРҒА
Егемендіктің жиырма бесінші жылындағы Наурыз мерекесі Астана қаласында жоғары деңгейде аталып өтті. Думанды күннің ду-дуының куәсі болып қайтқан жұртшылықтың өкілі ретінде өз сезімімді осы жерде бөлісуді жөн көрдім. Астанадағы мереке «Алау» мұзайдынында да тойланды.
Мұз үстінде сәбидің тұсауы кесіліп, конькишілер қаражорғаға толқыта билегенде қазақы қанымыз қызып, Тәуелсіздіктің тәтті құдіретін сезіндік. Ол аз болғандай 400 метрлік конькиден жарыс ұйымдастырылып, ақ айдында қазақы бүрмелі ақ көйлекті желбірете, құстай ұшқан конькиші қызды күрме киген қазақ жігіті зуылдап келіп, белінен ұстағанда тойға келгендер шу ете түсіп, алаңдағы қиқуы күшейе түсті.
Сауырбай Есжанов мырза тізгіншілік ететін осы бір мұз айдыны ұлттық дәстүрімізді насихаттауға белсене атсалысып келеді. Елордамыздағы осы бір сарай әлем бойынша ең жоғарғы классты мұз айдындарының бірі екенін біреу білсе, біреу біле бермес. Айтар сәт туғанда айтып қалу керек, Сауырбай ағамыз келгелі айдын ішінде қара көздер көбейіп ғана қоймай, мемлекеттік тіл мен ұлттық салт-дәстүрімізге де орын табылды. Бүгінгі мерекелік шара да соның куәсі.
Қысқы спорт түрлері десе тек ғана өзге ұлт өкілдері елестейтін біздің қоғам енді қара көздермен де толығып жатыр. Мұз айдыны сарайы жылына 100 мыңнан астам келушілерді қабылдап, Республикалық әм әлемдік додалардың орталығына айналып үлгерген.
Сонымен, осы бір шараға арнайы келіп қатысқан экс-экономика министрі, қазіргі Қазақстан Даму банкінің басқарма төрағасы Болат әмішев мырза үш бірдей бүлдіршіннің тұсауын кесті. Ал мұз айдыны директоры Сауырбай Есжанов 450 мыңыншы қонаққа бір жылдық тегін сырғанау сертификатын салтанатты түрде тапсырды.
Мұз үстіне тігілген киіз үйлерден наурыз көже дәмін татқан көрермендер, ары қарай мұз айдынындағы қара жорға биін тамашалады. 400 метрлік жарыс алаңында «Қыз қуу» ұйымдастырылып, қонақтар мәз-мейрам тарқасты.
Бейсен Ахметұлы
Abai.kz