СӘКЕН СЫБАНБАЙДЫҢ СЫЙЫ
Құлағына қалақтай қара транзисторды жапсырып алып, футбол командалары арасындағы жарыстардың жаңалықтары мен тікелей репортаждарын тыңдаудан еш жалықпайтын бір адамды бала кезімде көріп өстім. Қайратты қара шашы айдарланып, өзі де ала допты алдына салып қуудың шебері еді. Тұрсын дейтін ағамыз. Тұрсын Шалшықбаев. Қазір де ауылда тұрады. Қазір де сол баяғысынша: теледидардың алдына тізе бүксе, көретіні – тек футбол. Айтатын әңгімесі де – футбол. Өзімен осы тақырыпта сұхбаттасатын адам табылса, жаны қалмай қуанады. Содан соң қайдағы бір бразилиялықтың немесе испанның, ағылшын мен алманның аты-жөнін тергеп кете береді дейсіз.
Сол Тұқаңнан кейін көрген біртүрлі кісім – осы кісі. Сәкен Сыбанбай. Жорналшы бола тұра телеарналардан тарайтын саяси, экономикалық жаңалықтарға көз тігіп, газет-журналдардан да сондай тақырыптарды оқып жанықпайтын ол футбол деген «пәлеге» келгенде арбалады да қалады. Арбалып қана отырмайды, қолтық тұсынан қойын дәптерін суырып алып, түртініп жаза бастайды. «Не жазады екен» деп ілгеріде өзіне байқатпай дәптеріне үңілгенім бар. Сондағысы есеп-қисапқа ұқсас бірдеңе. «18 минут. Оң қаптал» немесе «Қосымша уақыт. 15 минут» деген сияқты шимайлар. Құмырсқаның ізіндей шұбырып түскен ұсақ шимайлардан ұғатыным аз болған соң өзінен еш нәрсе сұрамай қоя салғанмын. Ал, ол түртінуінің себебін түсіндіруге асыққан емес. Бірақ, ілгеріде, Алматыда пәтерден пәтерге көшіп, «қоныс тойлардан» қолымыз босамай жүрген кездерде оның тәуір телевизоры бар таныстарының үйін іздеп, домалақ доп ойынын қуып барып көретіндігіне көзім әбден жеткеннен кейін, «бұнысы тегін тірлік болмаса керек» деген байламға келгенмін.
Ойға оралған соң осы ретте айтып өткеніміздің артығы жоқ шығар. 1998-99 жылдары журфактың әйгілі 5-ші жатақханасында тұратын менің бөлмемде ысқырығы жер жаратын телевизор болды. Әлгінің дауысы әлемет, мақта тығып алмасаңыз құлағыңыздың жарықшағын жарып жібере жаздайды. Әйткенмен де өзінің беті бәденді әйелдің бетіндей әдемі, жүзіндей мөлдір. Тұнық көрсетеді. «Жас Алашта» жалаңдап жүрген кезіміз.
- Ағай, сіздің үйдегі телевизор жақсы көрсетеді, ә? – деп сұрады Мәдениет бөлімінің тілшісі Сәкен Сыбанбай. Біз бір-бірімізді «ағай» деп атаймыз.
- Иә, жақсы көрсетеді, ағай. Бірақ, бір ыңғайсыз жері құлағыңның «құрышын қандырып» ысқырады да отырады.
- Ой, оны қоя беріңіз. Бүгін бір ойын бар еді, барып көрсем бола ма?
- Болғанда қандай. Бөлме – сенікі. Мен бүгін Қапшағайға кетіп бармын. Пажалыста, жатта ысқыртып көре бер. Осы әңгіменің тұсында қасымызға бір әріптесіміз таяй берді. Сом денелі, иықты, жонды азамат. Жасы бізден үлкен. Кез келген ортаға кіріп кететін, кез келген әңгімеге араласа кететін аса бір жақсы әдеті бар еді, сол әдетімен: «Не ғып тұрсыңдар, ей?» - деп жанымызға жетіп келді.
- Мына Сәкен үйге келіп телевизордан футбол көрсем дейді.
- Ай, жөн екен. Мен де футбол десе ішкен асымды жерге қоямын ғой. Мен де барып көрейінші. А, Сәкен, екеуміз қатар отырып көріп, ойынды талқыламаймыз ба?
- Мақұл.
Екеуіне бөлмені табыстап мен Қапшағай аттандым. Ертеңінде жолықтық.
- Қалай, көре алдыңдар ма футболды?
- Көрдік.
- Қызық болды ма?
- Қызық... қызық болғанда... телевизорыңыз «ысқырып», ана кісі «пысқырып» әбден қызыққа баттық. Күлдіріп, әңгімесінің арасына әзіл жүгіртіп, бейнелеп сөйлейтін Сәкен езу тартты да кешегі дода жөнінде айтып берді.
- Рас, қызық ойын, тартысты дода болды. Теледидардың ішінде екі команда, сыртында екі адам әбден сілікпеміз шыққанша «додаластық». «Футбол көремін» деп келген кісіміз басында сергек-ақ отырған. Кейде гүжілдеп дауысын шығарып, қателескен ойыншыларды сыбап тастап, жанкүйерлік танытқан. Сөйтіп отырып арасында ұйқысыздығын, түн баласы ұйқы көрмейтіндігін де айтқан. Алайда, аздан соң қалғып-мүлги бастады. Одан кейін кәдімгі қорылға басты. Оның қорылы үдеген сайын ақырындап теледидардың дауысын ашып қоямын. Теледидарыңыздың ысқырығы ышқынып, дауысы шыққан сайын қорылдың да берекесі кіре түседі. Ұйықтап жатқан адам тоңады ғой деп, үстіне бір жеңіл көрпені жауып қойған едім. Жауып қойғаным бар болсын, қызықтың көкесі содан басталды. Ана кісі «уфф» деп демін ішіне тартқанда жамылғы оның бас аяғын түгел жабады. Бөлмедегі бар ауаны молынан қарпып, қорылмен қоса тынысын сыртқа ақтарған кезде мына көлдей көрпеңіз кіндігінің басында көздей болып қалады. Мында – комедия, анда – драма. Бұндай тегін қызықты қазір теңгеге табу қиын ғой, ағай. Рахмет сізге.
Телевизорымыздың ысқырығы мен түшкірігіне қарамай футбол үшін Сәкен бұдан кейін де келіп жүрді. Сәті түсіп өзі теледидарлы болған соң, думанды отырыстарымызды тастап, футбол көру үшін түн жарымында үйіне кетіп қалып та жүрді. Ол – бірімізге біріміз елбесіп-селбесіп, барымызбен бөлісіп, таныстығымыз тамыр жайып, достығымыз тереңдей бастаған тоқсаныншы жылдар еді. Кейін, кейін болғанда осыдан төрт-бес жыл бұрын, Сәкен футболдан әлем чемпионаттарының тарихы туралы кітап шығару көптен ойында жүргенін айтты. Өйткені, ала доптың аламандары өткен жылдарды, сондағы ойыншыларды, айта қаларлықтай айрықша оқиғаларды алтыншы-жетінші сынып оқушысы кезінен бастап үзбей жазып, жинап келеді екен. Футбол клубтары, ондағы ойыншылар мен жаттықтырушылар, іріктеу ойындары, ірі жарыстар бала Сәкеннің оқушы дәптерінде тізіліп, кейін студент Сәкеннің жуан блокноттарына, журналист Сәкеннің қойын кітапшаларына көшіпті. Іске тиянақты, дерек пен дәйекке ұқыпты, сәл күмәнді, дүдәмал факті кездессе, соның анық-қанығына жетпей қолына қалам алмайтын сыралғы достың, талантты жорналшының әлем чемпионаттарының жылнамасын жазып шығатынына мен сонда қапысыз сенгенмін.
Міне, сол кітап алдымда жатыр. «Ала доптың аламаны». Авторы – Сәкен Сыбанбай. 640 бет. Таралымы 2000 дана. «Arna-B» баспасынан 2015 жылы жарық көрген. Кітаптың алғашқы беті «Автордан. Қадірлі оқырман, жаны жайсаң жанкүйер!» деп басталыпты. Қара сөздің бойына қан жүгіртіп, жан бітіріп, оқыған адамды еріксіз еліктіріп, елітіп әкететін қабілет дарыған қарымды қаламгердің кітабы құмырсқаның ізіндей баяғы шұбырған шимайлардан түк ұқпайтын біз пақырдың өзін футбол дейтін сиқырлы әлемнің құшағына тарта жөнелді. Осы күні мен – «жаны жайсаң жанкүйер» болмасам да, бұл кітапты қадір тұтатын оқырманның бірімін.
30-жылдары футболшылардың жейдесінде номер болмаған.
1904 жылы 21 мамырда, Париждің төрінде, еуропалық жеті елдің өкілдері бас қосқан жиында Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) құрылғанынан хабардар етіп қойған автор бізді (жанкүйерлерді емес, біз сияқты қатардағы оқырманды, әрине) есім-сойы белгісіз Робер Герен, Жюль Римэ, Ален Делонэ дейтін кісілермен таныстырады. Бұл адамдардың алғашқысы – халықаралық деңгейдегі футбол чемпионттарын өткізу идеясын дүниеге әкелсе, кейінгі екеуі сол идеяны табанды түрде іске асырады. ХХ ғасыр басындағы деректерден мағлұматы мол автор сол уақыттың мүмкіндігін тура көзбен көріп отырғандай етіп дәл бергендіктен, сіз Гереннің авангардтық ойларына, Римэ мен Делонэнің пассионарлық қуатына тәнті боласыз. Гереннің ФИФА-дағы орнын аз жылдар иеленгенімен, иегінің астындағыдан әріге ұзамаған ағылшын Даниэл Берли Вулфоллдың тәкаппарлығана, өзімшілдігіне өкпелейсіз. Алайда, Римэ мен Делонэнің іскерлігінің, қайраткерлігінің, мәмілегерлігінің арқасында І чемпионат Еуропада емес, Латын Америкасындағы Уругвайда өтетін болып Барселонада, 1929 жылы 18-19 мамырда, ФИФА-ның кезекті конгресінде шешім қабылданады. «Сол кездегі баспасөзде жазылғандай, «бұл шешімді зал ұзақ ду қол шапалақпен қарсы алады» («Ала доптың аламаны», 9-бет).
Бір чемпионатта 13 гол соққан мерген Жюст Фонтэн (Франция, 1958 жыл)
«Халық қуанышы» атанған әйгілі Гарринча (Бразилия)
1970 жыл. Германия – Англия – 3:2. Қос сайыпқыран – Франц Беккенбауэр мен Бобби Чарльтон
Кітаптың «Ойдан тойға дейін» деп аталған бөлімінде жоғарыдағы жайттармен қоса футболдан әлем чемпионатының жеңімпазына тапсырылатын кубоктың – «Алтын Никенің» дүниеге келуі мен оның мүсіншісі Абель Лефлер туралы мәлімет бере кеткен автор бұдан кейін тұңғыш чемпионаттың қызығы мен қиындығы туралы баяндайды.
Автордың жазуынша, ғаламшарымыздағы адамзат ұрпағының тең жартысын теледидарға телмірте алатын (2010 жылы әлем чемпионаты кезінде анықталған мағлұмат) футбол деген құдіретті ойынның тәртібі, ережесі... иә, қызығы мен қиындығы Монтевидеода өткен тұңғыш чемпионаттан басталса керек. Бұл чемпионатта қақпаға алғашқы доп соғылды (Люсьен Лоран). Чемпионаттар тарихындағы тұңғыш 11 метрлік белгіленді. Әлемдік доп додасындағы алағашқы автоголдың да авторы анықталды (Мануэль Росас). Перудің Румыниямен ойынында тұңғыш рет футболшы алаңнан қуылды («Ала доптың аламаны», 16-бет). Тұсауының кесіліп қойғанына 5 күн болған чемпионаттың ашылу салтанаты жүз мың адам отырып, тамашалай алатын су жаңа «Сентенарио» стадионы пайдалануға берілді. «Сентенариодағы» тұңғыш ойында Уругвай мен Перу кездесіп, тартысты ойынның тағдырын бір қолы жоқ уругвайлық шабуылшы Эктор Кастро енгізген жалғыз доп шешті. Ұлыбританиядан АҚШ-қа қоныс аударған Бертран Пэйтнод парагвайлықтардың қақпасына үш доп соғып, әлем чемпионаттарының тұңғыш хет-тригін жасады (аталған кітапта, 17-бет).
1974 жылғы доп додасының үздік ойыншысы Йохан Кройф (Голландия)
1986 жыл. Зико (Бразилия) мен Луис Фернандес (Франция)
1990 жылы талай ойынның тағдырын пенальти шешті
«Қалайша? Әлемдік додалардағы алғашқы хет-триктің авторы – аргентиналық Гильермо Стабиле емес пе?» деген сауал туындауы мүмкін осы жерде. Рас, кешеге дейін әлемдік доп додасының шежірешілері де солай айтып-жазып келді. Бірақ 2006 жылы футбол статистикасы мен тарихын зерттеушілер АҚШ – Парагвай матчындағы үш голды да қақпаға Пэйтнодтың енгізгенін дәлелдеп шықты (бұрын голдардың бірін Флори соқты делінетін). Мұны ФИФА да қабылдап, матч хаттамасына тиісті өзгерістер енгізді. Ал, бұл ойын 17 шілдеде, демек, Стабиле үш доп соққан Аргентина – Мексика кездесуінен екі күн бұрын өткендіктен, тұңғыш хет-трик авторы Б.Пэйтнод болып есептеледі. Алайда футболшының өзі әділдіктің салтанат құрғанын сол күйі көрмей-білмей кетті. Ол 1974 жылы 65 жасында қайтыс болған еді» (аталған кітапта, 18-бет).
«Ала доптың аламанында» жанкүйер қауымның жадын жаңғыртар, жаңа буын жас өркеннің футбол тарихы туралы білімін байытар осындай деректер кітаптың әр бетін парақтаған сайын кездесіп отырады. 1930 жылдан 2014 жылға дейінгі чемпионаттар тарихын қамтыған кітапты автор оқырман үшін өте тартымды етіп берген. Алдымен әлемдік доданың реттік саны, өткен жылы, ала доптың аламанын жасаған елдің аты мен стадиондар және жүлдегер құрамалар жөнінде қысқаша ақпарат беріледі де, чемпионаттың ерекшелігі, жалпы сипаты баяндалады. Чемпионатта ерекше көзге түскен бас қаһармандардың естелігі немесе олар туралы шағын мәліметтер де «мені оқы» деп көз тартады. Мысал келтірейік:
«... Атын спорт жылнамасында мәңгі қалдырған маңызды сәт жайында футболшының өзі кейін былай деген екен: «Ойынның алғашқы минуттарында қос команданың шабуылшылары да алғашқы допты соғуға ұмтылып, алаөкпе болып көп жүгірді. Бірақ бәрінен де менің жолым болды. 19-минутта біздің қорғаушылар өрістеткен бір шабуылда сол қапталдан әуелетіп берілген допты секіріп тоқтаттым да, қақпашының оң жағынан зу еткіздім. Ол кезде доп соққандарды қазіргідей қуып жүріп құттықтау дәстүрге айналмаған-ды. Бір-екі командаласым арқамнан қақты да қойды».
Франция құрамасының сапында 10 ойын өткізіп, 2 доп соққан Л.Лоран 97 жыл өмір сүріп, 2005 жылы қайтыс болды» («Ала доптың аламаны», 13-бет).
1998 жыл. Финал. Зинедин Зидан мен Роберто Карлос
2002 жыл. Турнир көзайымдары – Сенегал мен Түркияның кездесуі
2010 жыл. Германия – Испания – 0:1. Карлес Пуйоль соққан гол
2014 жыл. Әлемдік доп додасы тарихындағы бас сұрмерген – Мирослав Клозе (Германия)
Оқырманды жоғарыдағыдай қызықты әңгімесімен желпіндіріп алған соң автор ойынның нәтижелерін жариялайды. Соңы финалмен қорытындыланады. Осы нәтижелерге, сала құлаш тізімдерге, түрлі деректерге, цифрларға қарап отырып мен оның бір кездері бекерге түртініп жүрмегенін бек түсіндім. Ойындардан көз алмай, көз майын тауысып жазған дүниелерінің нақтылығына іштей қол соқтым. Автордың бұндай ұқыптылығы қатардағы оқырман біз түгілі, спорт тақырыбының білгірі Есей Жеңісұлын да кезінде риза еткен көрінеді.
Нақтылық дегеннен шығады, мен білетін Сыбанбай әулеті тегіс футбол ойындарын тамашалауға құмар. 2014 жылы Бразилияда әлем чемпионаты болды. Сол кездері теледидардан футбол көріп отырған Әбдіғаппар ақсақал мен Нұрлан (Сәкеннің інісі) бәстесіп қалады. Қақпашыны есептемегенде алаңда 10 ойыншы болады ғой. Бапкерлер соларды жасыл алаңда әрқалай орналастырады, әркім өзінше бөлек тактика ұстанғысы келеді. Білуімше, баяғы 50-жылдары 3 қорғаушы – 2 жартылай қорғаушы – 5 шабуылшы деген схема (3-2-5) мода болған. 60-жылдары үздік командалардың көпшілігі 4-2-4 жүйесіне көшкен (яғни, 4 қорғаушы – 2 жартылай қорғаушы – 4 шабуылшы). 70-жылдарға таман шабуылшының бірі ортаңғы шепке жылжып, 4-3-3 деген тәсіл сәнге айналған. 70-тің орта шенінен ауа 4-4-2 жүйесі бірінші планға шыққан. Яғни, бірте-бірте шабуылшылар азая берген.
Қазір командалардың көбі 4-3-3 немесе 4-4-2 схемасын өздерінше түрлендіріп, әрқилы қолданады екен. Әбдіғаппар ақсақал мен Нұрлан екеуі қарап отырып Испания құрамасының тактикалық орналасу тәсіліне байланысты ой таластырып қалады емес пе. Ақсақал айтқан, «испандар қазір 4-2-3-1 жүйесімен ойнап жүр» деп. Яғни, 4 қорғаушы – 2 тылға қарайлайтын жартылай қорғаушы – 3 шабуылдайтын жартылай қорғаушы – 1 таза шабуылшы. Нұрлан айтқан, «жоқ, олар 4-3-3 жүйесімен ойнайды» деп. Екеуі өз уәждерін әрі дәлелдеп, бері дәлелдеп, бір-бірін мойындата алмаған. Сосын «Сәкен демалыс алып, ауылға келсін, төрелігін содан сұраймыз» деп келіседі.
– Сен не дедің? – деп сұрадым әлемдік доп додасындағы кейіпкерлерді достарындай білетін Әбдіғаппар ақсақалдың ұлынан.
– Мен айттым: «Негізі, көкемдікі дұрыс. Испания 2008 жылы тіпті ешкімде жоқ 4-1-4-1 жүйесімен ойнаған. Сөйтіп, Еуропа чемпионы болды. Көп ұзамай олардың бапкері ауысты да, оның орнына келген бапкер, өзі өте бір сақ шал екен, шабуылға дем беруші бір жартылай қорғаушыны сәл артқа жылжытты – сөйтіп 4-2-3-1 схемасына айналдырды. Қазір солай ойнап жүр. Бірақ Нұрланды да қатты қателесті дей алмаймын, өйткені, Испания кей ойындарда (әсіресе 2012 жылы) 4-3-3 жүйесін де ішінара қолданып жүрді...
Сөйтіп, екеуін де өкпелетпей, «тығырықтан жол тауып» шыққан ол мен сөз етіп отырған кітабында да жанкүйер аталатын жамиғаттың көкейіндегі сан алуан сұраққа қиналмай жауап ұсынады. Мысалға жүгінейік:
ІІІ чемпионат. 1938 жыл. Бразилия – Польша кездесуі. «Бірінші тайм бразилиялықтардың үстемдігімен аяқталса (3:1), кездесудің екінші бөлігінде тура сондай есеппен поляктар басым түсті (негізгі 90 минуттың қорытынды есебі 4:4). Қосымша уақытта қарсыластарынан бір доп артық соққан (жалпы есебі 6:5) теңбіл доптың теңдессіз шеберлері ширек финалға шықты. Бұл ойында поляк шабуылшысы Эрнест Виллимовски қапқаға төрт доп енгізіп, покер жасады. Кешеге дейін жылнамашылар «бразилиялық Леонидас та төрт гол соқты» деп жазып келген еді, кейінгі жылдары Поццо дәуірі туралы деректі фильм түсірген итальян телевизияшылары шын мәнінде «қара жауһарға» телініп жүрген голдардың бірін Перасионың енгізгенін дәлелдеді. Яғни, бұл ойында Леонидас «небәрі» үш голдың авторы атанған. Оның бірін шабуылшы өзінен асыра шалқалай теуіп енгізсе (Бразилияда бұл тәсілді «бисиклета», яғни, «белесебет» деп атайды), тағы бірін тіпті... жалаңаяқ соғыпты: өйткені, ойын барысында Бразилия құрамасының бірнеше футболшысының бутсысы жыртылып, киюге жарамай қалғандықтан (жаңбыр құйып тұрған болатын), төреші оларға жалаңаяқ ойнай беруге рұқсат еткен болатын. Ал Вилллимовски кейін Польшаны фашистік Германия жаулап алған соң... сол елдің құрамасында да өнер көрсетіп, 8 ойында 13 гол соғыпты» (аталған кітапта, 48-бет).
Оқырман байқап отырған болар, біз кітаптың әлі бастапқы беттерінде жүрміз. Бұның өзіндік себебі бар. Себебі, 1930-1960 жылдар аралығындағы чемпионаттардың тарихында талас тудыратын жайттар әредік кездесіп тұрады екен. Ал біздің авторымыз соның ақ-қарасын түгел тексеріп барып кітабына енгізген. «1958 жылғы әлемдік доп додасы спорт тарихында ерекше орын алады. Мұның себебі: бұл, біріншіден, шын мәнінде футбол тактикасына төңкеріс әкелген турнир болды, екіншіден, ойындардың мазмұндылығы жағынан бұған дейінгі біріншіліктердің бәрінен асып түсті, үшіншіден, осы чемпионаттан бастап барлық ойындар теледидардан көрсетіле бастады» деген дерек бар кітапта (102-бет). Әлемдік додаға теледидар «араласқан» соң барып чемпионаттар шежіресі дұрыс түзіле бастаған. Бірақ бұл теледидарға дейінгінің бәрі қате немесе қате тұстары көп дегенді білдірмейді. Өйткені, сонау 1930 жылдан басталған аламанның тарихын журналистер қауымы хатқа түсіріп, репортаждар жазып қалдырған. Сәкен Сыбанбай сол замандардағы газеттердің қиындыларын қиыстырып, «көнекөз» пленкаларды қайта қарап, «жұмыр жердегі теңбіл доп» (С.Бердіқұлов) ойындарының жылнамасын жасаған әлемдегі әріптестерінің еңбегіне сүйенсе, ал өзі қара танығаннан кейінгінің бәрін үтір-нүктесін қалдырмай жазып отырған.
Сондай еңбектің жемісі – «Ала доптың аламаны». «Әлемдік футбол тойының бүкіл тарихы мен статистикасын жіліктеп тұрып шағып, қолыңызға ұстатын қазақша дүние бұған дейін болған емес. Яғни, дәл бүгін біздің футбол әуесқойлары аталған әйдік жарыс пен оның жарық жұлдыздары туралы өз ана тілінде тұщымды мағлұмат ала алмай, баспасөз бен ғаламтордың там-тұм ақпаратына ғана алданып отыр. Сондықтан біз осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат тұттық», – дейді автор кітапқа кіріспе сөзінде.
Біздіңше, С.Сыбанбай мырза кітапта уәде етілген мақсатына толық жеткен. Қолына қалам алып, сөз ұстаған жазушының мұратын ғасыл етер кітаптың дүниеге келуі – ілуде бір таланттың ғана пешенесіне жазылады. «Ала доптың аламаны» – Сәкен Сыбанбайдың қаламынан туған сондай кітап. Автордың еңбегін ақтаған, мұратына жеткен кітап. Кітапты футболдан әлем чемпионаттарының тарихы, жылнамасы, шежіресі, тіпті, энциклопедиясы деп те бағалауымызға болады. Еуропа репортерлерінің салқынқандылығы мен қазақ тілінің кестелікөркем өрнегінде өрілген кітап мазмұны қазақ баласының көкжиек танымын кеңейтіп, әлем футболы, жалпы әлем туралы түсінігін кемелдендіре түсеріне кәміл сенімдіміз.
Әрине, біз «Ала доптың аламанын» түгелдей әңгімелеп беруге міндетті емеспіз және ол қажет те емес. Өйткені, бұл – Сәкен Сыбанбайдың сыйы. Ол сыйды қадірлі оқырман, жаны жайсаң жанкүйер өзінше тамашалап, өзінше иеленуі керек.
Суреттер "Ала доптың аламаны" кітабынан алынды.
Дәурен ҚУАТ
Abai.kz