ТОҚАЛДЫ ТӘРКІ ЕТУ
БІРІНШІ ӘЛҚИССА БІЗДІКІ: Үш жыл бұрын орындауға тиісті аманатымыз екен. Міне, қазір 2016 жылдың 24 наурызы. Қазақша Жаңа жылдың алғашқы күндері. Екі тәулік бойғы сайлаудың, сосын тағы екі күнгі Наурыздың алашапқыны аяқталған. Күндіз қызметтегі міндеттерді орындадық. Міне кешкі 20 30. Енді жеке жұмысқа екі сағат бар. Жеке жұмыс – жазу. Тек не жазамыз?
Расында не жазамыз десек, алдыдан анталап шығатын тақырып көп. Бізде Мағауиннің «Алтын дәптері» жоқ. Есесіне компьютерімізге жүздеген мақаланың сұлбасын, елесін сақтап қойғанбыз. Кез-келгенін тура қазір илектеп кетуге болады. Арысы төрт-бес күндік тырбанудан аспайды. Тоқтаңыз, өзіміздің ойлаған, тапқан тақырыптарымыздан басқа мойында бір аманат бар еді ғой. Бұл – мақала емес. Көркем әдебиет деуге тағы келмейді. Жанры анықталмаған бір жазба. Тақырыбы – ... кешіріңіздер, сол тоқал ғой.
Тек, келістіре аламыз ба? Өз басыңнан өтпеген соң қиын. Қосып жазуға – біріншіден, қиялы ұшқыр жазушы емеспіз, екіншіден – аманаттаушының алдында сөзбе-сөз қағазға түсіріп беруге уағда қылғанбыз.
Тәуекел етіп кіріспегеніміздің басты себебі содан шығар. Оның үстіне әркім алдымен өз басын күйіттейді. Ол кісі әңгімесін айтып кеткен тура үш жыл бұрынғы уақытта мемлекеттік тапсырысқа кіргізілген «ЖЕР МЕН АСПАН АРАСЫНДАҒЫ ДАСТАН» атты кітабымызды баспаға дайындап жаттық. Әрі қарай бір ағамыз қой баққан кезіміз туралы кітап жазуымызды талап етті. Және шығарып беретінін айтты. Тоқал тақырыбынан тоқты тақырыбын жанымызға жақын санап, ойымыздың арнасы бозбала кездің естеліктеріне ауып кеткен. Ол «ҚОЙ БАҚҚАН ҚИЫН» оңай жазылған соң аманатты атқарып шықпаққа ниеттенгенбіз. Ой Алла, сол кезде қоғамда тоқал тақырыбы көктемгі саңырауқұлақтай дүр етіп көтеріліп кетсін. Әлдебір бозбала әлдебір тоқалдың етегіне жабысқан ба, содан тоқалдың иесінен, оның оққағары мен арбакешінен оңбай таяқ жеген бе, әйтеуір ақпарат құралдарының беттері мен әлеуметтік желілердің жіптері жел көтерген түңдіктей желпілдеп кетті. Біз тілімізді тістей қойдық. Анандай адам сабалған, азамат қамалған, заңды бәйбіше қамыққан, дүние-мүлік хатталып-шотталған дулы тұста біздің біреуден естіген бейбіт хикаямыз ары кеткенде жанып жатқан отқа құйылған тамшы майдай ғана болып қалмақ екен. «Айқайға ұран қосу» - онсыз да қанымызда жоқ, ат басын ірке тұрдық. Жоқ, ірке тұрмаппыз, көкейді көптен түрткілеген, аңсарымызды аударған тағылымды әрі тарихи мақалаларға кірістік. Тоғыз айда кесек-кесек тоғыз мақала туды. Сөйтіп «ЖЕР МЕН АСПАН АРАСЫНДАҒЫ ДАСТАН» кітабының қисынды жалғасы іспетті «АСТАН-КЕСТЕН БАСТАН КЕШКЕН» жинағының негізгі, сүйекті туындыларын баспасөз бетіне шығардық. Төртінші рет осы 2016 жылдың басында көңілді діттеп, ішіне дендеп не де болса жазып шықпақ едік, басқа көлденең ұсыныс киліккен – белгілі қайраткер туралы ғұмырнама жазу. Бұл кітапты бізден басқа ешкім жаза алмайтынын, жазса да көздеген межеге көтере алмайтынын бұдан 15 жыл бұрын-ақ сезетінбіз. Өтініш айтқан – сыйлы таныс, кейіпкер болатын – қазаққа шынайы қызмет етіп, былық-шылыққа батпай сонау 1991 жылы қара күзде өмірден өткен адам. Бас тарта алмадық. Міне, екі айда ол да сәтімен аяқталды. Әруақтың алқалағаны шығар дейміз.
Иә, өлінің алдындағы парызды орындадық, ендігі қалғаны тірінің аманаты екен. «Аманатқа қиянат жүрмейді» ғой. Бұдан әрі қызметтен кейінгі – кешкі екі, қызметке дейінгі – тағы екі, жалпы есебі төрт сағаттық шығармашылық уақытты үш жыл бұрын уәде етілген тақырыпқа арнамақпыз.
Ал бізге аманаттап кеткен кісі күте-күте күдер үзді ме екен? Әлде «ер мойнында қыл арқан шірімесін» сезіп, күтіп жүр ме екен? Кім білсін? Міне, тәуекел етіп жазуға кіріскенімізді хабарлайық десек, сол кезде берген ұялы телефонының нөмірі қазір желіден ажыратулы көрінеді. Басқа не үй, не қызмет телефонын бермеген. Атын ғана айтқан, қазақта ондай ат жүз адамның тоғызында кездесер. Демек, іздеудің, іздетудің қисыны келмейді. Аман болса, болды. Танысқанда екі жас үлкендегі бар еді. Енді азар болса алпысқа толуы тиіс. Қуатты, күйлі кісі көрінген. Көлденең кеселге ілікпесе, аман болуы керек. Онда оқысын.
/Басы. Жалғасы бар/
Қайнар ОЛЖАЙ
Facebook-тегі парақшасынан