«СВЕЖЫЙ» ДЕПУТАТ
Барболдың қойнында жатқан... тфу!.. қойын қалтасындағы телефоны қаңғырлай қалды. Дереу алып, бетін ашса, «Көкбұлақ» шипажайына кеткен ағасы Көпболдың қалтателефонының нөмірі жетіп келіпті! Түртіп қалды – Көпекең сөйлей жөнеліп: «Уа, інішегім! Мәжілісімізге «свежый» депутат болып сайланғаныңмен құттықтаймын! Ал енді сен маған осы қазір қайыра шылдырлат, мен – ескі депутатпын, маған ақша проблема бола бастады, сен – жаңа депутатсың, саған ақша проблема болмайды, давай шылдырлат!» деді де, жоқ болды, «...көрген түстей, сағымдай».
Кісі бойы айнаның алдында тұрған Барбол да, «егізі» де жымыңдасып, көз қысысты да, Барбол бұрылып, іргелес бөлмеге беттеп, сондағы диванға жантая кетіп, ағасының айтқанын істеді, давай шылдырлатты.
Інісі:
- Аға, мен...
Ағасы:
- Иә, сенсің. Мен сені жаңа құттықтадым, енді, інішегім, аузыңды жап та, мені тыңда. Сен Мәжілістің депутаты мандатын әлі алған жоқсың, менен қалған жылы орынға әлі қонжиған жоқсың, оған дейін, иә, депутаттық төрт жүз мың теңге айлығыңның авансын әлі уыстап үлгірген жоқсың, сондықтан, сен, сірә, алып жүрген 65 мың теңге айлығыңның жартысын асап та қойған шығарсың, қалған жартысын үнемде, яғни телефоныңды тұралатпа, сөзімді бөлме, айтқанымды көкейіңе кілкітіп құйып ал. Дүрекең сенің көзіңше маған берген уәдесін жүз пайыз орындады, сені депутат қылды! Енді Астанаға, парламентке барасың, оның мына мен сегіз жыл отырған Мәжілісінде отырасың, менің орнымда. Егер менше сегіз жыл, тіпті, егер Мәжіліс осы жолғыша мерзімінен бұрын таратылып жібермесе, он екі жыл отырғың келсе, мендей сабырлы бол, депутатқа сабырлылық ақ нан мен сары майдай, сүт пен қызыл шайдай қажет. Сен алғашқы бір айда ешқандай сөзге, іске араласпа. Мәжілістің төрағасы да, екі жағындағылары да: «Барбол Жайдақұлы мырза, сіз бұған не дейсіз?» деп мазалай қоймас. Жалпы онда не мәселе қаралса да, мазасыздану, мазалау бола бермейді, себебі өңкей сабырлылар жиналады. Сен залдың ішін шолып, ол кең де әдемі, әбден көріп ал, одан кейін төңірегіңде тізіліп отырғандардың бет-ауыздарына қарап, олар да саған ұқсас, яғни дүрекеңдері депутат қылған еркектер мен ұрғашылар, тойыст, дұрыстап қарап, долбарлап меже жасап ал, одан кейін үзілістерде сәлемдесіп, танысып үйрен. Танысқанда, өзің білесің, бала емессің, «әй, осы мықты-ау, бірде болмаса бірде керек болады-ау!» деп жобалағандарыңмен бұрынырақ таныс. Ол жағын өзгеден сұрай қоймайсың, мен білем ғой, так што... Отырыста қай күні нендей проблеманы талқылау болатынын Мәжілістің төрағасы немесе оның екі орынбасарының біреуі күнде таңертең ауызша хабарлайды, жазбаша таратып та береді. Мен сегіз жыл стажым барын айттым ғой, өзің де жақсы білесің, сол сегіз жылда біздің күнтәртібімізге депутаттар жақ-жақ болатын мәселе, егер мен тарс ұмытып қалмасам, қойылған емес. «Мәжілістің міндеті – заң қабылдау» дейді. Бізде не көп, қабылданбай жатқан заң көп. Біз күн сайын солардың он шақтысын бірауыздан қабылдап жүрдік. Төраға: «пәлен заң», «түглен заң» дейді. Түске дейін баяндама жасалады да, түстен кейін оны талқылау басталады. Бізде не көп, «сөйлеп үйренген ауыз көп», еркегі бар, ұрғашысы бар, бірі трибунаға шығып, бірі орнында отырып сөйлейді. Мені өзің білесің, мен – сөздің адамы емеспін, істің адамымын. Төраға немесе орынбасары: «Давайте голосовать! Кто за?» деп қолын көтергенде мен де көтере саламын. Көтермесем де, бірауыздан қабылданатынын білем. Сол білгендігімнің арқасында сол сегіз жылда трибунаға шығып төрт рет, орнымда отырып бір рет сөйледім. Сонда нені айтқаным қазір есімде жоқ. Сөздің адамы емеспін, істің адамымын ғой. Ал есімде қалғаны – біздің қазақша бірауыздан қабылдап, орысша қатырып жазған қалың қаулылардың Сенатқа жіберілгендері. Одан ары қарай қайда жіберілгендерін білмеймін. «Біз қабылдаған пәлен қаулының нәтижесі пәлендей болды» дегенді естіген емеспіз, естімеген соң қалай білеміз? Мен мұны саған неге айтып отырмын? Білсін, ұқсын деп ағалықпен айтып отырмын. Сен де сөзге салынба. Талқыланатын проблема сенсіз де талқыланады, қабылданатыны сенсіз де қабылданады. Әлдекімше желікпей, килікпей отыра біл. Атамыз қазақ: «Бірінші байлық – денсаулық» деді емес пе, сен соны бір минөт те ұмытпа. Депутаттықты әйтіп-бүйтіп, аударып-төңкеріп, айналып, орап өтіп дегендей, алуға болады, мәселен, Дүрекеңнің арқасында, ал денсаулықты қайдан, қайтіп, кімнен, кімнің арқасында ала аласың? Ешкімнен и ешқашан! Так что... тағы не ақыл айтайын деп едім... Ә, иә, атамыз қазақ: «Екінші байлық – ақ жаулық» деген, өзің білесің. Сен, інішек, соны ойлап көрші! Ауылдағы келінді екі баламен Астанаға сүйреп қайтесің? Ол ауылда отыра берер. Төрт жүз мың теңге айлығыңның, ол биыл мүмкін бес жүз мың теңге болып қалар, бізге әлгі дағдарыс дегеннің пұты беш тиын деп жүрміз ғой, соның жүз мың теңгесін салып тұрсаң, мұндағыларға сол жетеді, ал сен сол жақтан бір мықтының қызын... тоқта, тоқтай тұр, сонсоң айтарсың, егер айтарың болса, иә, бір мықтының қызын, кем дегенде министрдің қызын, тіпті күйеуден қайтып кеп отырғаны болса да, немесе туған қарындасы болса да, егер материалдық жағдайыңның жақсы, өте жақсы болғаны керектігін адамша ойлай білсең, солардың бірін иемденіп ал да, Астанада қал! Кейін қызметің де қатып кетеді. Тәуекел етпей іс бітпейді. Біздің депутаттардың арасында өзі Астанада тұрып, Алматыда, Шымкентте тоқал ұстап, оларына пәтер, иномарка аутомәшін алып бергендер болған, ондай іскерлер сендерден де шығады, так што... Атаң қазақ айтқан: «Үшінші байлық – он саулық» деген, «қатын алма, қайын ал!» деген, өзің білесің, сонда ол мәселе де ойдағыдай шешіледі. Солай, қымбатты інім, «Мәжілістің депутатымын!» деп қопаңдаушы болма, тыныш отыр. Менсіз де өркендеген Қазақстан сенсіз де өркендейді. Міне, сайлау өтті. Сен сайландың, айтпақшы, Дүрекеңнің жақсылығына жақсылық жасауды ұмытпа, ол жағын менімен ақылдас. Ә, иә, сен залға кіргеніңде оның оң қол жақтағы орындықтарының алтыншы қатардағы нөмір жетіншісіне отыруды ұмытпа. Онда мен сегіз жыл отырғанмын. Өте «удобный» жер. Ішің пыса бастағанда не «Жас алашты», не «Датты» жасырын оқып отыруға оңтайлы-ақ! Ал, айналайын, мен болдым. Телефоның талай теңгеңді қылғытқан шығар, ренжіме, сау бол! Сұрағың болса, тағы хабарласарсың. Мен қазір анализ тапсыруға барамын. Сайлаудың қорытындысы бүгін-ертең шығатын болар, сендер парламент жаққа бүрсүгүні аттанарсыңдар, жолың болсын! Алтыншы қатардағы жетінші нөмірлі орынды ұмытпа! Давай сау бол!..
Барболдың құлағына жапсырған қалтателефонының жағы қарысты.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ
Abai.kz