ABAI.KZ ЗЕРТТЕУІ. "БІРТҮРЛІ" БЮЛЕТЕНЬДЕР ТУРАЛЫ БҮКПЕСІЗ ӘҢГІМЕ
Сайлаудан соңғы деректер қазір әлеуметтік желілер мен қоғамдық ортада қызу талқыға түсіп жатыр. Әуелгі топ кешегі сайлаудағы «Нұр Отан» партиясының жеңісін мойындап, сайлаудың әділ әм ашық өткенін айтса, енді біреулер мұндай пікірмен мүлде келіспейді.
Ал кеше ғана Қазақстан жұмхуриеті жұмылып жатып өткізген Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы туралы қортындыны осының алдында жариялаған болатынбыз (http://abai.kz/post/view?id=7195).
Ендігі мәселе мынадай: Наурыздың 20-сы күні Алматы қаласындағы № 232 сайлау учаскесінде өрескел заң бұзушылық орын алды. Сайлауға тәуелсіз бақылаушы ретінде қатысқан «Қазақстанның Жастары ақпараттық қызметінің» өкілдері Темірбек Жүргенов атындағы колледж ғимаратында орналасқан № 232-сайлау учаскесінде белгісіз азаматтың «пломбыланып» бекітілген сайлау жәшігіне 8 бюлетеньді салып жатқанын жариялады.
Әлгі бейне жазба әлеуметтік желіге таралған соң, Алматы қалалық әкімшілігі сол бір сайлау учаскесіндегі былықтың мән-жайын түсіндірді. «Бұл сайлау процессіндегі әлдекімдердің арандатушылық (провокациялық) әрекеті болуы мүмкін» деді әкімшілік өкілдері.
Мәселенің мән-жайын анықтап, сайлау бюлетендерін санауға Abai.kz ақпараттық порталының тілшісі де қатысып келді.
Сонымен, әлгі даулы бейне жазбаны таратқан бақылаушы да, сайлау комиссиясы мүшелері мен төрағасы да, бажайлап жатқан БАҚ өкілдері де № 232-учаскеге жиналды.
Аталған сайлау учаскесіндегі комиссия төрайымы Гүлфайрус Ибраева ханым бастап, әуелі қолданылмаған дауыс парақшаларын санады. Мәжіліс бойынша 2176, ал мәслихат бойынша 2186 бюлетень қолданылмапты.
Сайлауға күндіз келген электораттың дауыстары белгіленген жәшіктегі пломба камера алдында шешілді. Сайлаушылардың бюлетеньдері саналды. Мәжіліс бойынша, партиялардың реттік нөмірлері мен атаулары жазылған ашық көк бюлетендер саны 2831 екен. Оның ішінде 39 парақша дұрыс белгіленбегендіктен, жарамсыз деп танылды. Ал тағы 22 бюлетеньде учаскелік комиссия төрағасының қолы жоқ болып шықты.
Дәл осындай жағдай мәслихат депутаттығына үміткерлердің де сайлау бюлетеньдерінде бар екен. Мәслихат бойынша жалпы 2831 парақшаның 65-і жарамсыз деп танылды. Соның ішінде тағы 21 бюлетеньде төрайымның қолы жоқ болып шықты.
Сондай-ақ, жәшіктегі парақшаларды санау барысында 6 көшірме (ксерокопия) бюлетень анықталды.
Гүлфайрус Ибраева, № 232-сайлау учаскесі комиссиясының төрайымы:
-Өкінішке орай біздің 232-сайлау учаскесінде осындай келеңсіз жағдай болып қалды. Бұл өте ауыр жағдай. Жаңа ғана дауыстар санау кезінде өзіңіз көргендей әлде бір провокаторлардың салған бюлетеньдерін біз жойдық. Менің ойымша, біздің сайлау комиссиясы тарапынан ешқандай да кемшіліктер болған жоқ. Бұл әлдекімдердің бізге жасап отырған қастандығы болуы мүмкін немесе ашық арандату деп бағалаймын. Өйткені міне, көріп отырғаныңыздай, көшірмеден өткізілген бюлетеньдер мен комиссия қолы қойылмаған қағаздар шықты. Бұл бюлетеньдер заң бойынша жарамсыз деп танылады және біз бұл парақшаларды есепке алмаймыз. Өкінішке орай мен қазір бұл мәселеге қатысты не айтарымды да білмей тұрмын. Бұндай жағдай біздің учаскеде бірінші рет орын алып отыр.
- Жаңағы ақ қағаздар қайдан шықты? Қол қойылмаған бюлетеньдер жұрттың қолына қалай тиіп жүр?
- Дәл сол қағаздар жәшікке салынып жатқан кезде мен сол жерде болмадым. Бұл жағдай туралы естіген де жоқпын. Егер осы мәселеге қатысты үлкен дау, шу шығып жатса, мен келіп көретін едім ғой.
- Сіз комиссия төрайымы ретінде сайлау процессін жіті бақылып отыруыңыз керек қой. Сонда қайда кетіп қалып едіңіз?
- Дәл осы уақытта бізге бір үлкен кісілер келіп, сол кісілерге түсіндіру үшін сыртқа шығып кетіп едім. Бірақ келген соң да, мен ешқандай келеңсіз жағдайды естіген жоқпын. Тек кейіннен барып маған осындай жағдай болғанын айтты. Сосын мен бақылаушы болып қатысып отырған Малика есімді қыздан сұрадым. Ол осындай жағдайдың болғанын айтты. Және оны ұялы телефонына түсіріп алғанын мойындады. Бірақ оны біздің сайлау учаскесінің қыздары да көрген жоқ, мен де көрген жоқпын. Мүмкін алдағы уақытта анықталады деп үміттенемін. Ал түсіріп алған Малика деген қыз дәл сол кезде біздің қасымызға келген жоқ, айтып, ескерткен жоқ. Алды да әлеуметтік желіге таратып жіберді.
- Енді жаңағы сіздің қолыңыз жоқ бюлетеньдерді не істейсіздер?
- Білмеймін, мүмкін өртеп тастаймыз. Ол дауыстар саналмайды. Ол қағаздар жарамсыз деп танылады.
Түйін: Айтпақшы жәшіктегі жарамсыз парақшалардың ішінен сайлаушылар тарапынан агрессивтілік байқалатын парақшалар да табылды.
Мысалы, кейбір бюлетеньдердегі барлық партия атауларын сызып тастаған немесе төменгі жағына «ешқайсына дауыс бермеймін», «лайықты үміткерлер жоқ» деген жазулар жазылған дауыс парақшалары да болды.
Рас, жоғарыда айтып кеткеніміздей, сайлаудан соңғы сандарға қатысты додаға қатысқан партиялар пікірлері де екіге жарылған. Мысалы, осы сайлауда 2 пайыз дауыс жинаған «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев мырза «Нұр Отанның» дара жеңісін мойындайтынын айтса, бар болғаны 1,18 пайыз дауыс жинаған демократ-социалдар сайлау соңы сандарына күмән келтірді. Иә, оппозициялық ЖСДП бұл сайлауды легитимді деп есептемейді екен және сандармен мүлде келіспейді. Қалай дегенмен, біз барған учаскедегі сайлау нәтижесінде «Нұр Отан» партиясы – 483 дауыс, «Ақ Жол» ҚДП – 28 дауыс, ҚХКП – 30 дауыс, «Ауыл» партиясы – 42 дауыс, ЖСДП – 26 дауыс және «Бірлік» партиясы – 7 дауыс жинаған. Осылайша дауыс санау процессі – 20 наурыздың түнгі 23:00-не дейін жалғасты. Сайлаудан соңғы деректер осындай болды. Қорытынды шықты. Нәтиже жұртқа таныстырылды. Келісіп-келіспеу өз еншіңізде.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz