Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 15220 0 пікір 15 Наурыз, 2016 сағат 11:52

КӨКЖАЛДАР ӨМІРІНІҢ ҚҰПИЯСЫ

Қасқырлар – тумысынан аңшы. Аш кездерінде бір жегенде 10 келі ет жей алады. Олар жеті қараңғы түнде анық көре алатын, 16 шақырым жердегі дыбысты ести алатын, 200 миллион иісті ажырата алатын қасиетке ие. Киелі бабаларымыздың тотемі болған жыртқыштың сіз бен біз біле бермейтін ерекшеліктерін "Алауинформ" сайт жазыпты.

Қасқыр еркіндікті жақсы көретін аң. Тумысынан өте төзімді келеді және өз аумағында ең қаһарлы жыртқыш саналады. Олар өзіндік құпияларымен ерекшеленеді. Еркек қасқырлардың салмағы мекен ететін жеріне байланысты 50-80 келі аралығында болады. Неғұрлым солтүстікке жақын мекендесе, соғұрлым ірі келеді. Кейбірінің салмағы 100 келіге дейін жетеді екен.

Әдетте, отбасында 5-6 күшіктен болады. Олар кейде 10-13, тіпті, 17-ге дейін жетуі мүмкін екен. Алайда, мұндай жағдай сирек кездеседі. Ұрғашы қасқыр күшіктерін 65 күндей көтереді. Бөлтіріктері соқыр, саңырау болып туылады. Алғашқыда көздері көкшіл келеді. Есейе келе ғана сарғыш түске айналады. Екінші аптаның соңғы күндерінде дыбыс есту қабілетіне ие болса, үш аптадан кейін бірінші рет апаннан шығып, еттің дәмін көре бастайды екен. Жалпы, мамандар бөлтіріктің дамуын 5 кезеңге бөліп қарастырады:

1)     Туғаннан, көзін ашқанға дейінгі кезең;

2)     Көзін ашқаннан, ең алғашқы дыбыс естуге дейінгі кезең;

3)     Апаннан шығу және ет тағамына ауысу кезеңі;

4)     Күшіктердің ең алғашқы ұзақ экскурсиясы, аумақтарды игерушілік кезеңі;

5)     Жыныстық кәмелет кезеңі.

Неонтальді кезеңде бөлтірік әлсіздеу келеді. Сол себепті, анасының көмегіне зәру болады. Олардың тез жетілуі үшінші аптаның басында білінеді. Бұл кезде естиді, жортады және көре алады. Тіпті, бір-бірімен ойнауды бастайды.

Биология ғылымдарының докторы Я. К. Бадризе өзінің жиырма жылдай өмірінде қасқырлардың іс-әрекетін зерттеумен айналысты. Сенесіз бе? Бұл адам екі жыл ғұмырын қасқырлардың үйірінде өткізеді. Жүз шақты қасқырларды өз қолымен тамақтандырды және тәрбиеледі. Жабайы аңдарды бейімдеп, табиғатқа жіберуге әзірледі. Бадризенің зерттеу нәтижелері бойынша, ұрғашы қасқыр бөлтіріктерді 6 сағаттан – 68 сағатқа дейін тастап кетеді екен.

Бұл бөлтіріктердің 3 тәулік бойы тамақтанбай жүре алатындығын білдірсе керек.

Бір қызығы, қасқырлар бөлтіріктерін өмірдің барлық қиындықтарымен күресуге үйретеді екен. Барынша еркелетіп, оларды тәрбиелеуде асқан төзімділік танытады.

Күшіктері артық кеткенде немесе өздерінің бауырларын ренжіткенде оларды жазалайды.

 Ал, мұндай жағдайда кінәлілер өздерінің қателіктері үшін жазаланғандарын түсінеді. Қасқырлардың өзара қатынасы өте қатты реттеліп отырады.

Мына қызыққа назар аударайықшы! Бір топ қасқыр. Ең алдында үш әлсіз қасқыр келеді. Егер алда бір төтенше жағдай бола қалса, алдымен олар құрбан болады. Сондай-ақ, бұл үшеуі жол таптап, кейінгілердің күшін сақтап қалуына ықпал етеді. Одан кейін 5 еркек қасқыр келеді. Бұл – негізгі топтың басы. Ортада 11 ұрғашы қасқыр кетіп барады.

 Олардан соң тағы 5 еркек қасқыр, ал ең соңында – басшы бөрі келеді. Ол топтың жүру барысын қадағалап, бақылап әрі реттейді. Сол үшін топтың артында жүреді. Айта кететін бір жайт, қасқырлар өздеріне апан қазып әуреленбей, өздерінен әлсіз аңдарға шабуыл жасып, апандарын иемденеді.

Шілдеде барлық қасқырлар ұли бастайды. Ұлыған дауыстарына қарап, олардың жас ерекшелігін анықтауға болады деседі. Басқа аңдардан коммуникация мүмкіндігінің жоғарлылығымен ерекшеленеді. Олар бет әлпеті арқылы бірнеше эмоция білдіре алады. Ал, үру, ұлу, ырылдау арқылы өздерінің қайда тұрғанын немесе қай жерде жемтік барын аңғартады. Бұл туралы қасқырлардың қыр-сырын жақсы меңгерген Фарли Моуэт: «Қасқырлар өздерінің ұлуы арқылы ұзақ арақашықтықтан ақпараттарды тез жеткізеді», – дейді. Қасқырлардың отбасымен бірге ұлығаны хормен айтылған ән болмаса да, өзіндік бір үйлесімділігін табады.

Тіпті, Канаданың Алгонкин саябағына мыңдаған туристер «бөріліктер концертін» тыңдау үшін ғана жиналады екен. Ал олардың қорықпастан, не үшін ән салып тұратындықтары белгісіз…

Оларды алғаш қызыл кітапқа енгізген – Германия мемлекеті. Бұл шешім 1934 жылы Фридрих Нидцше мен Освольд Шпенглердің ықпалымен қабылданған. Қызыл кітапқа енген жануарлардың ең алғашқысы осы қасқырлар болып табылады. Оларды үй күзетуге мәжбүрлеу мүмкін емес. «Қасқырдың күшігін қанша асырасаңда, орманға қарап ұлиды» – деген сөз бекер айтылмаса керек.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2050