Сенбі, 12 Қазан 2024
Білгенге маржан 48336 1 пікір 15 Наурыз, 2016 сағат 11:42

БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ «ҚЫРЫҚ МЫСАЛЫ» НЕСІМЕН ҚҰНДЫ?

Әр нәрсенің құндылығын білу халқымыз үшін қашан да оның маңызы мен пайдалылығы ауадай қажет. Ал егер әңгіме құнды жәдігерлер туралы болса, ғибратты өмірге жол ашудың бірден-бір себебіне айналары сөзсіз.  

Ғибраттты ғұмыр демекші, өнегелі өмірді кешуді армандамайтын пендені кезіктіру әсте қиын болар. Ал ғибратты өмір адам баласына қайдан келеді? Қандай жолды таңдағанда өмірінің ғибратты боларына көзі жетеді?..

Ғибратты өмірге жол ашар бір дүние бар болса, ол құнды дүниелерге көз жіберіп, оны қастерлей білу дер едім. Себебі, біз білетін құнды кітаптар тарихта алтын әріптермен жазылып, мәдени мекемелерде орын алғалы қашан.

Құнды кітаптар шын мәнісінде несімен құнды? Көнерген қағаздардан тұратын осы бір құнды дүниелер адамзат баласы үшін тек қана мұра ретінде ғана емес, тарихи-мәдени сабақтасты байланыстырды. Адамзат баласы өз білімдерін осындай бағалы кітаптар арқылы толықтырып отырды. Бағалы саналатын бұл кітаптар ертеңгі ұрпақтың ата-бабаларының жасап кеткен жасампаз жолдарын осылайша еске салды.

 Өткен жылдың қараша айында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Құнды тарту» залы ашылғаны белгілі. Қазақ және шетел әдебиеттері ақын-жазушыларының алты мыңнан астам кітаптары орын алған. Әрбір оқырман қауым үшін бұл жердегі кітаптардың барлығы дерлік құнды жәдігерлер қатарында саналады. Солардың арасында ең бағалы қітаптардың бірі ретінде Ахмет Байтұрсыновтың «Қырық мысал» кітабы ерекше атауға тұрарлықтай. Бір қарағанда көзге шағын ғана кітапшадай болып көрінеді. Шын мәнінде оның ішінде қаншама құнды дүниелер келтірілген. Ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсыновтың өз қолымен ұстаған шағын ғана кітапшада төте жазулармен жазылғаны анық байқалады. Заманауи техникалық құралдармен жабдықталған аталмыш залда Ахмет Байтұрсынұлының осы бір шағын кітапшасына оқырмандар көз аудармай кетпейді.  

Халқының кемел болашағына алаңдаған алаш баласының төл туындыларын оқып отырып, кісінің білуге құмарлығы бірден артқанын байқауға болады. Кезінде әйгілі Америка елінің  атақты жазушысы Джордж Мартин: «Кітап оқитын адам мың өмірді көреді, кім оқымайды сол бір-ақ өмір көреді», – деген екен. Сол айтқандай кітап оқыған адамның өмірі жақсы жаққа өзгеріп қана қоймай, өмірдің сан қырларын үйренуге себін тигізеді.      

«Құнды тарту» залының кітап коллекцияларының арасынан орын алған Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» кітабы жиырмасыншы жылдардың басында жарыққа шыққан. Кітапхана залында кітаптың түпнұсқасы мен көшірмесі қойылған. Құнды кітапты емін-еркін оқуға мүмкіндік берілген. Тек  дәл осы кітапты қолымен ұстап, ертеңі туралы ойланған оқырман оқыса деген тілек те бар.  

Кісінің ойын байытып, сауатын арттыратын құнды дүниелерді біз тек кітапханадан ғана таба аламыз. Себебі, адам баласы әдебиет арқылы рухани әлемге бой алдыра алады. Өркениетті елдер қазір кітап оқуға деген ынта-ықыласты арттырудың бірнеше тәсілдерін ойластырып отырады. Ал бізде 100 кітап оқу немесе сүйікті ақын-жазушыларымыздың кітаптарын оқу іс-шаралары жиі жүргізіліп келеді.   

Жақсы кітап – қашан да рухани азық. Кітаптан болашақта алар азығымыз көп болсын деген ниетпен, «Құнды тарту» залынан  700 жыл бойы жазылып келген Құран тәпсірін, әлем бойынша жалғыз ғана данасы қолымызға жеткен атақты ағылшын заңгері әрі тарихшысы Джон Рушворттың кітабын және басқа да кітаптарды оқуға кеңес беремін.

Әсем Сағиқызы

Abai.kz

1 пікір