ШЫЖАН МЫРЗА ШЫЖЫҢДАНЫП СӨЙЛЕДІ
ҚХР-дың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Шыжан Қанқой (Чжань Ханьхой) мырза БАҚ өкілдерімен кездесуі барысында біраз ренішті сөздер айтыпты. Шыжан мырзаны Қазақстан Республикасының виза беру тәртібі қанағаттандырмайтын көрінеді. «Хансу халқы ешқашанда қазақты, қазақстандықтарды кемсіткен емес» дей келіп елші: «Ал, Қазақстан болса, джүңго азаматтарының келіп-кетуіне шектеу қойып отыр. Олар (джүңголықтар. -ред) бұнда балалары үшін, туған немерелері үшін келеді», - деді. Елші сондай-ақ, Қытай Халық Республикасы қазіргі жағдайда «әлемнің екінші экономикасына айналғанын» қазақстандық БАҚ өкілдерінің есіне салып, «міне, осындай елден сіздер қалайша бойларыңызды аулақ саласыздар?» - деп кейіді. Біз өз тарапымыздан елшінің сөзін барынша жұмсартып бердік, ал бейнебаянды тыңдасаңыз... сіз кәсіби дипломаттың емес, ҚР заңын білмейтін, білгісі де келмейтін, бұл елге жекіп-ұрсуға келген суық жүзді, қатқыл үнді адамды көресіз.
Қысқасы, айтып-айтпай не керек, дипломат мәдениетін ұрып қойған Шыжан мырза тепсініп, күшеніп, шыжынданып сөйледі. Көңіл-күйдің ырқымен отырып ол Қазақстанға келіп кетіп жатқандардың кімдер екендігін, Қазақстан тарапынан қандай «қонаққа» виза беру мәселесі қиын болып тұрғанын ашып айтпады. Осы арада елшіміздің есіне сала кеткеніміз артық етпес, ҚР-да визалар мынандай санаттарға бөлшектенеді:
1) дипломатиялық;
2) қызметтік;
3) инвесторлық;
4) іскерлік;
5) жеке;
6) туристік;
7) оқуға арналған;
8) жұмысқа арналған;
9) емделуге арналған;
10) тұрақты тұруға арналған.
Бұның ішінде жеке және туристік визалар бір айдың шегінде аяқталады. Оның өзінде де визалар «шетелдiк азаматтарға және азаматтығы жоқ тұлғаларға 30 тәулiктен көп емес мерзiмге және тек ерекше жағдайларда (туристiң науқастануы, табиғаттық катаклизмдер, төтенше жағдайлар және т.б.) Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгiнде, Астана қаласының IIБ, Алматы қаласының БIIБ және облыстардың ІІБ-да ұзартылады». Одан артық аяқты алшаң басып, «балалар үшін, туған немерелер үшін келіп алып» кердеңдеп баса беру – қанша жерден қатқыл үнді елшіңіз әм «әлемнің екінші экономикасы» дейтіндей мемлекетіңіз болса да мүмкін емес. Осындай қарапайым заңды белден басып сөйлеген елші бізді өз елімен елдестіре ме, әлде ерегестіре ме? Елшіге және бір ескертеріміз: ҚР Үкіметі инвесторлық, іскерлік визаларға арнайы рұқсат (лицензия) береді және оның уақытына да шектеу қояды. Сол шектеулер мен тәртіпке шекелеп қарайтын елшіге біздің Сыртқы істер министрілігі мен Ішкі істер министрлігі тарапынан қандай да бір ресми хат жүруі керек шығар...
Біз СІМ-ге «сондай хат түсіріп, ескерту жасай алдыңыздар ма?» деп қоңырау шалған едік, аталған органнан жауап беретін жан табылмады. Заңың жұмсақ, мемлекеттік қызметтегілерің мінәйі себептермен БАҚ өкілінің сұрағына жауап бере алмаса, әрине, шыжандар шыжынданып сөйлейді емес пе?
P.S. Елшінің "Қазақстанға жүңголықтар балалары үшін немерелері үшін келіп-кетеді" деген сөзін қалай түсінуге болады? Олар қандай ата-ана? Елші мырза бұл арада кімдер туралы айтса да, әйтеуір, этникалық-қазақтар жайында жақ ашпағаны белгілі.
Abai.kz