Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 5651 0 пікір 9 Наурыз, 2016 сағат 13:53

ТҰМАНДЫ АЛЬБИОНДАҒЫ КҮМӘНДІ САРАЙ ТҰРҒЫНДАРЫ. ОЛАР КІМДЕР?

Ұлыбритания астанасында қазақстандық миллиардерлердің зәулім-зәулім сарайларын аралап, жұртқа таныстыратын арнайы турлар ұйымдастырылуда.  Лондондық қоғам белсенділерінің бұл бастамасы сарай иелерін әлеумет алдында әшкерелеу әм аталған қаланы қылмыстық  жолмен Қазақстаннан жеткізілген қашқындардан тазалау болған.

«Тheguardian.com» сайтының жазуынша қоғам белсенділері жылжымайтын мүлік нарығындағы «қашқын миллиардерлердің» күдікті ақшаларына сатылып алынған ғимараттардың бағалары да қомақты қаржыны құрайды екен. Екінің-бірі сатып ала алмайтын  бұндай сарайларды бір көргенде үй деп айта алмайсың. Құдды мұражай десеңіз де болады-мыс.

Британиялық БАҚ мәліметтеріне сүйенсек, бұл экскурциялық турларды ұйымдастырудағы негізгі мақсат – Қазақстан, Ресей, Украина секілді елдерден шыққан миллиардерлердің Лондонда қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын жалпақ жұртқа таныстыру болған.

(Лондонның орталығындағы офшорлық үйлердің бірі)

Лондондағы офшорлық қаражаттарға сатылып алынған жылжымайтын мүлік нарығындағы негізгі ойыншылар Қазақстан мен  Ресейдің және Украинаның миллиардерлері екен.

Мысалы, бір ғана Лндон қаласындағы 35 мың обьекті офшорлық жолмен келген қаражат иелерініңікі болып шыққан. Қазіргі таңда бұл зәулім сарайлардың нақты қожайындары кімдер екендігін ешкім білмейді.

Лондондық белсенділердің ұйымдастырған ерекше экскурциясына журналистер, сарапшылар мен танымал блогерлер қатысқан.

Ал қазақстандық «kapital.kz» порталының жазуынша, офшорлық алаяқтық жасауға лондондық банкирлер мен заңгерлердің, жылжымайтын мүлік агенттерінің де қатысы бар.

Қазіргі таңда әлемнің өзге де мемлекеттерінде түйені түгімен, биені бүгімен жұтатын кей азаматтардың өз қылмыстарын жасырып қалу үшін офшорлық алаяқтық жасайтыны белгілі.

Мысалы, «Deutsche Bank» зерттеулерінің қорытындыларына сүйенсек, Лондонның жылжымайтын мүлік биржасындағы ондаған миллиард фунт Ресей мен Қазақстаннан заңсыз  жолдармен жеткізіліп отырады. Бұл өз кезегінде лодондық жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаның көтерілуіне ықпал етеді.

Лондондық жылжымайтын мүлік сатумен айналысатын «Beauchamp Estates» компаниясының мәліметтеріне қарасақ, Лондонның аса ауқатты тұрғындары қоныс тепкен  элиталы аудандардағы ғимараттар құны орташа есеппен – 1 миллион фунттан басталады.

Сондай-ақ, Украина, Ресей және Қазақстаннан келген сатып алушылар көбінесе «Mayfair and Regent"s Park» секілді  орта деңгейлі аудандарға сұраныс жасайтын көрінеді. Бұл аудандардағы үйлердің төменгі бағасы 100 миллион доллардан басталады. 

(Mayfair and Regent"s Park-тегі аппартамент ішкі көрінісі)

Лодондық жылжымайтын мүлік сатумен айналысатын «Knight Frank» компаниясының ақпараттарына сүйенсек, осы күнге дейін Қазақстан мен Ресейден  барған азаматтардың Британия астанасынан сатып алған үйлерінің құны – 3,33 миллиард долларды құраған.

Қазақстандық сатып алушылар көбінесе Лондонның ең қымбат ауданы саналатын Найтсбридж, Мэйфэр және Белгравия қаланың қақ ортасында орналасқандықтан мұнда 1 бөлмелі үйлердің бағасы 1 миллион фунттан басталады.

Мысалы, Мейфэр ауданындағы «One Hyde Park» тұрғын үй кешеніндегі 1 бөлмелі үйдің орташа бағасы 6,5 миллион фунт тұрады.Ал дәл сол кешендегі 5 бөлмелі үйдің бағасы – 68 миллион фунттан асып жығылады.

Өкінішке орай, нақты қанша қазақстандық Лондоннан жылжымайтын мүлік сатып алғандығы туралы мәліметтер көрсетілмеген.

Түйін: Өткенде Премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаева қараша халықтың қалтасына салынатын салық көлемін көтеру туралы бастама көтерген еді. Дариға Нұрсұлтанқызының ұсынысы қоғамда қызу-талқыланып, азаматтық белсенділердің сынына қалған-ды.

Елбасы ерекше рақымшылық жасап, мемлекет қазынасын жымқырып, офшорлатып жүріп, шетел активтеріне тіркеп қойған мүліктерін заңдастыруға мүмкіндік берді. Егер еліміздің экономикалық әужайына орай, салық көлемін ұлғайту мұқтаждығы туа қалған жағдайда салық шетелдік нарықтың негізгі ойыншыларына айналып үлгерген қазақстандық офшормендердің мүлкіне салынуы тиіс емес пе еді...

Басқаша айтқанда, бүгінгі таңда шетелдегі жылжымайтын мүлікті сатып алатындар орта дәулетті тұрғындар емес, елдің «сүт бетіне шыққан қаймақтары» немесе «ығай мен сығайлары». Егер қазақстандықтардың меншігіндегі шетелдік мүліктің бәрін есепке алып, ортақ көрсеткіштерін анықтаса, онда олардың басым бөлігі – аса қымбат әрі элиталық мүлік екені белгілі болар еді. Мұндай мүліктердің орташа бағасы 400 мың доллардан басталып, 5 миллион долларға дейін жетеді.

Жалпы, шетелде жылжымайтын мүлкі бар азаматтар саны жарты миллионға жетіп қалса, оның ішінде 179 қазақстандық азаматтың иелегіндегі мүлік аса бағалы санатқа жататыны анықталған. «Форбс» журналының жыл сайын ел-елдегі миллиардерлердің атын атап, түсін түстейтіні белгілі. Қазақстандық миллиардерлердің саны да, олардың иелігіндегі байлық та жыл санап өсіп келе жатқанына қарағанда, мұндай болжамдарды теріске шығаруға болмас.

«Республика мақтаныштары» болып отырған миллиард пен миллион жинағандардың рейтингісіне жете алмағандарымен, жетеқабылдарын мыңдап санап алуға және болады. «Кедейлері көп бай мемлекет» деп аталатын еліміз мұнайдың басынан бақ тайып, екі-үш рет девальвация соққысын алып еді, есеңгіреген халінен айыға алмай отыр. Ал нарық күн санап ұлғаюда. «Байды жел шайқаса, баласын шетелден ізде» дегеннің кері  ғой бұл...

Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5397