2021 ЖЫЛ... КҮН ШЫҒЫСТАН ҚАНДАЙ ҚАУІП БАР?
Менімен бірге істейтін бір дос жігіт: «Сен білесің бе, 2021 жылы Қытай армиясы Орта Азия мен Қазақстанға қарсы соғыс бастап түгелге жуығын басып алады екен ғой» деп айтты. Оны естіген менің төбеме жай түскендей болды. «Ойбай, оны қайдан естідің?» деп сұрап едім ол маған: «Сен Павлодар обласында 100 жыл бұрын өмір сүрген әулие Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің жазғандарын оқыған жоқсың ба?! Ол жүз жыл бұрын революция болатынын, колективизацияны, аштықты, соғыс пен 70 жылдан кейін Совет үкіметінің құлайтынын еш қателеспей дұрыс болжаған. Енді оның «2021 жылы Қытай соғыс бастап, бүкіл Орта Азияны басып алады» деген болжамы бар» деді.
Ол жігіт жалпы өтірік айтпайтын жігіт. Үйленгеніне үш жылдай болған. Мен өле жаздап Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің жазғандарын әкеп көрсетші дедім. Ол маған келесі жолы Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің болжамдарының барлық көшірмесін алып келді. Оның еңбектерінде шынында да 2021 жылы Қытай соғыс бастап, бүкіл Орта Азияны басып алатыны айтылыпты.
Одан қорғанудың бір ақ амалы бар екен. Ол «қандас туысқан, шыққан тегіміз бір ортаазиялық түркі елдері Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Түркменстан бір мемлекет болып бірігу керек» деп жазыпты. Тіпті ол жазбада Қытай армиясының Өзбекстандағы Самарқанд қаласын қай айда, қай күні басып алатыны да тура көрсетіліпті.
Ең күдіктісі сол (Қытайға ешкім соғыс ашайын деп отырмаса да): қазір Қытай әскери бюджетін жыл сайын 10 пайызға өсіріп қарулануда. Бұл шынында да біреудің жерін басып алмаққа ниеттенгендіктің белгісі емес пе? Меніңше, осыдан-ақ қауіптенуге болатын секілді. Мен осыдан кейін дереу орысша мақала жазып, «2021 жылы Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің болжауынша, Қытай Орта Азияны басып алады екен. Одан қорғану үшін Орта Азия бір мемлекет болып бірігу керек екен» деп интернет арқылы мақаламды Орта Азия елдеріне тараттым. Оны талайларыңыз оқыған шығарсыздар. Осы мақаланы бірнеше мың қазақ оқыды-ау деймін. Маған жауап хаттар жүздеп келді. Бастапқыда «менің бұл хатыма барлық қазақ қарсы шығып маған пәле сала ма?» деп ойлап едім. Маған жазған жүздеген хатта бір де бірі бізге тек тәуелсіздік қана керек деп жазыпты. Түгелге дерлігі мені қолдапты. Олардың бірі «Орта Азиядағы туысқан қандас түркілердің бір тұтас мемлекетін құру - біздің Ұлы аталарымыздың, алашордашылардың: Мағжан Жұмабаев, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұловтардың арманы болған. Енді Қытайдан болашақта қауіп төніп қалуы мүмкін болса, онда біз Орта Азиялық біртұтас Ұлы Түркістанды құрғанымыз өте дұрыс» десе, енді бірі «біз тәуелсіз Қазақстан болғанда елімізде әділеттілік, теңдік пен тәрбиелік, салт дәстүрлеріміз бен мұсылман дінін сыйлайтын халық боламыз деп ойлап едік. Олай болмады. Елді тонаған бай олигархтар ғана байыды да, басқа халықтың барлығы кедей мен қайыршы, өңшең діннен безген жезөкше, бандит, наркоман мен алқаш, не әке-шешені, не ата-енені сыйламайтын дінсіздердің еліне айландық. Ондай діннен безген тәуелсіз ел болғанша, сол ең жақын қандастармен, салт-дәстүріміз бен мұсылмандығымызды жақсы ұстаған өзбек, қырғыз, түркмен сияқты туыс түркі елдерімен бірігіп Ұлы Түркістан, біртұтас Түркістан ұлтын қайта құрайық» депті.
Расында, біз 1924 жылға дейін өзбек, қазақ, түркмен мен қырғыздар Түркістан республикасында бірге өмір сүріп, бір "Түркістан ұлты" деп есептелгенбіз. Барлығымыздың паспорттарымызда ұлтымыз түркістандық деп жазылған болатын. Бізді артынан үлкен Түркістан Ресейге қауіпті деп Сталин жеке қылып бөліп жібермесе, баяғыда-ақ бір мемлекет пен бір ұлт болып кетер едік.
Мен өмір бойы Орта Азиядағы туысқан Қазақ, Өзбек, Қырғыз, Түркмен түркі халықтарының біртұтас біріккен Ұлы Түркістан мемлекетін, біртұтас Түркістан ұлтын құруды армандап келемін. Себебі, ұлы Түркістан пайда болсыншы, онда жанымыздағы біздің жерімізге көз алартқан Қытай мен Ресей, тіпті, Америкамен бірге барлығы Иран мен Түркиядан қорқатыны сияқты, олар да бізден қалтырап қорқып отырар еді. Онымен қоймай, егер Ұлы Түркістан пайда болса, оның атын «Қазақ», ал елін «қазақ елі» деп атауға болады. Себебі ұлы Шыңғысхан - ешқандай да моңғол емес, ол таза қазақ, меркіт. Енді белгілі болған жайт, көп тарихшылардың айтуынша, «Қазақ» деген ат Шыңғысханның Империясының аты болған деп жатыр. Себебі Шыңғысхан шығарған теңге ақшалардың барлығында «Қазақ» деген сөз жазылған екен. Ол ақшаға көрінген сөз жазылмайды ғой !
Егер мұның барлығы шын болып шықса, өзбектің де, қырғыздың да, түркменнің де өткендегі тарихи негізгі мемлекеттік тілі Шағатай тілі болған. Ал Шағатай тілі біздің – қазақтың тілі. Қазақтың Шағатай тілін оларға хан болған біздің қазақ Шағатай мен Шейбани апарды. Қырғыз тілі қазаққа өте жақын болғаны сондықтан. Олардың барлығында да әлі күнге дейін шағатай тілі диалектісі кең сақталған. Өзбектің өзінде негізгі тілі Ұйғыр-Қарлұг тілі деп есептелсе де, өзбектердің үлкен бөлігі әлі Шағатай-Қазақ тілі диалектісімен сөйлейді.
Ал өзбекке «өзбек» деген ат та қазақтан барды. Өзбек – Қазақтың, Алтын орданың ханы. Яғни, өзбек ұлтының атауы Қазақ ханының атымен аталып отыр. Оларға мұнан да Шыңғысхан империясының аты Қазақ атауын алғаны көп жақсы болады ғой !
Қазақстанның бар байлығы қазір Америка мен Қытайға, Ресейге және ел тонаған олигархтарға сатылып, миллиондаған халық кедей мен қайыршы болып шыға келді. Мыңдаған ауылдарымыз жермен-жексен болып жер бетінен жоқ болды. Оқыған, білімді деген жастарымыз мың-мыңдап Қазақстанды тастап шет елдерге кетуде. Оның ішінде менің үлкен ұлым да бар. Әділеттілік пен демократия ешқашанда орнайтын түрі жоқ. Елде тек мемлекет меншігін жекешелендіріп алған миллиардерлер ғана байыды.
Келесі жылы 2017 жылғы желтоқсанның орта тұсында бізге тағы бір ерекше мерейтой келгелі тұр. Яғни, біздің тойлап жүрген Тәуелсіздік күнімен шамалас бәріміз үшін қасиетті ұлы Алаш Орда үкіметінің құрылғанына тура 100 жыл толады. Меніңше, сол тәуелсіздік күнімен бірге Алаш Орда үкіметінің құрылған күнін де тойлағанымыз жөн. Алаш Орда үкіметі Керенскийге, Ленин мен Сталинге үлкен ықпал жасап Қазақстанның қазіргі шекарасын бізге жасап беріп кетті. Қазақтың қазіргі шекарасын жасауға сол кездегі Ресей мемлекеттік Думасы депутаты, артынан Алаш Орда басшысы Ә. Бөкейханов, Үлкен Түркістан елін құруды армандаған М. Шоқай мен Ресей Қазақстан шекарасын жасайтын комисиясының басшысының бірі, профессор Ә.Ермековтер өлшеусіз үлес қосты. 2007 жылы семейліктер Семей қаласының атын «Алаш Орда» атайық деп үндеу жариялаған еді. Сол бастаманы қайта көтеру керек.
Сосын сонау ертеде Қазақстанның Тәуелсіздігін жариялаған Кенесары ханымыздың қанмен жариялаған тәуелсіздігін еш ұмытпай еске алып тұруымыз қажет.
Ерхан Мажик
Abai.kz