Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 12321 0 пікір 9 Наурыз, 2016 сағат 09:23

КІМ ЗИЯЛЫ?

«Зиялы» деп кімді айтамыз? Бұл сұраққа жауап табудың мәні зор. Себебі зиялылар қай қоғамда, қай кезеңде болмасын мемлекеттің  дамып, өркендеп, өсуі үшін елеулі үлес қосып, маңызды қызмет атқарған. Айталық, қазақтың атақты билеушілері мен айбынды хандары кеңесшілерінің ақылына сүйенген. Бұл дәстүр көнеден бері қалыптасып, қазіргі қоғамға дейін жеткен.

Даңқты Күлтегін бабамыз түркі жұртын «от-су қылмаудың» амалын іздеп, жанына Тоныкөк жырауды ақылшы етіп сайлаған. Салиқалы хандарымыз Асан қайғы, Бұқар, Жиембет сынды жырауларға арқа сүйесе,  келелі жиындарда қара қылды қақ жарған әділдігімен елді бітімге  шақырған  Төле, Қазыбек, Әйтеке билер де әз-Тәукенің сенімді серіктері болғаны бізге тарихтан белгілі. Бұл аталған тұлғалар халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап халық пен билік арасында алтын көпір болып, билеушілерге дер кезінде орынды тоқтау, айлалы ақыл айта білген.

Ал ХХ ғасырда зиялы деген ұғымның мағынасы кеңейіп, өрісі өсті. Әлбетте, бұл қоғамдық-саяси, әлеуметтік өзгерістерге байланысты, халықтың көзі ашылып, көзқарасы өскен шағына орай жаңа сипатқа ие болды. Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған алаш қайраткерлері «Оян, қазақ» деп жар салып, халқын ғылым-білімге шағырған бастамалары, еркіндік пен бостандыққа үндеген озық идеялары, құнды еңбектері мен қыруар істері алаш жұртының жадында мәңгілік мақтанышпен жаңғырып тұратыны сөзсіз.

Зиялы болу үшін тұлға қандай қасиеттерге ие болу керек? Жалпы түсінік бойынша сауаттылық, білімділік, парасаттылық зиялылықтың басты белгілері. Алайда, бұл жеткіліксіз. Бір ғұламаның: «Зиялылық дегеніміз – күн сайын, тіпті сағат сайын ерлік жасау деген сөз»  деген ойының астарында терең мағына жатыр. Демек, зиялы атану үшін ұлттық мүддені жеке мүддеден жоғары қойып, халыққа қалтықсыз қызмет етуді білдіреді. Бұл ар мен ұяты бар адамның қолынан ғана келе алады. Әлихан Бөкейханұлының: «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген ұлағатты пікірін осы тұста атап өту әбден орынды. Осылайша, зиялы ұлтына жанымен, рухымен берілген, пайда ойламай, ар ойлаған  тұлға болуы тиіс.  Себебі зиялыларға жүктелген жауапкершіліктің жүгі ауыр. Бұл орайда, белгілі қайраткер Мұстафа Шоқай: «Халықты ұлт деңгейіне көтеру яғни жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізу де ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлігі зиялылардың үстіне жүктеледі» деген өсиетін естен шығармағанымыз ләзім.

ХХІ ғасырдың зиялылары деген атаққа лайық тұлғалардан кім бар? Елбасымыздың айналасында Бұқардай қазақтың қамын жейтін «жыраулар» жүр ме? Бұл сұраққа әркім әрқалай жауап береді. Біреулер Олжас Сүлейменов нағыз зиялы десе, енді біреулері Мырзатай Жолдасбековті ұлттың нарқасқа ұлы екенін айтады. Біздің ойымызша Күлтегіннің қасындағы Тоныкөгіміз Әбіш Кекілбаев болатын. Әбіш ата мәңгілік мекеніне кетті. Енді кім қалды? Биліктегі қандай тұлға зиялы деуге лайық? Сіз бұл сұраққа не деп жауап бересіз?

Гүлсезім Теміртас

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371