ӘЛЕМНІҢ МӘНІ - ӘЙЕЛДЕ
Дүйім дүниенің, жалпақ жалғанның бар асылын, бар ғаламатын сыйласақ та, ана алдындағы қарызымыз өтелмес. Ана – жанымыздың бір бөлшегі іспетті. Қиналғанда, қуанғанда есімізге ең алдымен абзал ана түседі. Анадан туған ақындар ең асыл сөздерді анаға арнаған! "Ақынның сөзі – халықтың сөзі". 8 наурыз мерекесінде ғазиз анаға арналған өлең шумақтарын оқи отырайық. 8 наурыз мейрамы құтты болсын, ана!
Жүрсін ЕРМАН
Қай жерде, мейлі, қай елде,
Әлемнің мәні - әйелде.
Мықтымын десең ойыңды,
Әйелге барып дәлелде.
Әйелсіз айтпан әнді мен,
Әйелмен дәмді әңгімем.
Сүйкімді болсаң шынымен,
Әйелің сүйсін алдымен.
Әйелге мәлім көп сырың,
Сүрінсең - әйел деп сүрін.
Халыққа сыйлы болмайсың,
Әйелге болсаң жексұрын.
Әйелсіз қонды бақ қашан,
Әйел деп түстік отқа сан.
Әлемнің тілін таппайсың,
Әйелдің тілін таппасаң!
Ананың сорып емшегін,
Басылған талай келсегің.
Бәдік боп өмір кешесің,
Бермесе әйел женьшенін.
Болмасын әйел назалы,
Болмасын әйел жазалы.
Кеудесін қаққан талайдың,
Әйелден болған ажалы!
Әйелден ыстық от бар ма?
Әйел деп түстік көкпарға.
Қарғағың келсе біреуді,
Әйелің өлсін деп қарға.
Әйелмен құның өлшенер,
Құдайдан кейін сол - шебер.
Бақытты сен де болмайсың,
Әйелің сорлы болса егер.
Сырыңды соған ашасың,
Шөліңді содан басасың.
Адамның күні - Әйелмен,
Әйелдер мәңгі жасасын!
Нұрлан Оразалин
Мен жоқта желменен сырласпа,
жүрегім желді күн жылаған.
Жазбақ боп тумысы жыр басқа,
жаза алмай жастыққа құлағам.
Айтатын арман көп әлі де,
Сен жәйлі бұл жырым - бастама;
бастама сөзімнің бәрі де,
басылар күні ертең баспаға.
Айтамын бір сөзді қиылып:
«Жанымда сен еккен жаз қалсын.
О, Ана! Кеудемнің күйін ұк,
сол күймен жүректер маздансын!..»
Сол күймен саналар оянсын,
толқысын аппақ Ай төбемде;
омырау жаспенен боялсын,
тіл бітсін қарағай, еменге.
Мен жоқта желменен сырласпа,
мен саған желсіз де жетемін.
Жазылар көп әлі жыр басқа,
тербетер тауымның шетенін.
Мен саған желсіз де жетемін.
Ақберен Елгезек
Мен сені Тәңірден сұрадым, мама,
Осы арудың құрсағына бітемін деп.
Мен сен үшін талай жыладым, мама,
Ақынның анасы боп өтеді деп.
Мен сені жұбата алмаймын, мама,
Арайлы бір таңың атады деп.
Мен бұл өмірді ұната алмаймын, мама,
Қабырғама бар мұңы батады кеп.
Мен өмірді сонда да сүйіппін, мама,
Сыздайды тек іште, жарам ғана.
Мен бар мұңнан биікпін, мама,
Мен үшін алаңдама!
Бұл өмірде қай ақын жарыған, мама?
Жүрген соң тағдырдың өтінде көп.
Бар болмысым өзіңнен дарыған, мама,
Сен ғарышты туғаныңа өкінбе тек.
Сен мені қазаққа сыйладың, мама,
Ғажаптардан қағылсаң да.
Мен сені азапқа қимадым, мама,
Қанша жыл сағынсам да.
Әйтпесе, білсең ғой, жаным, мама,
Ішім менің – шексіз әлем.
Бұл менің сорым әрі бағым, мама,
Жанарымдағы өксік өлең.
Ішім менің гүлдерге толы ғой, мама,
Нұрға да толы жүрегім ақ.
Біздің тағдыр – азап жолы ғой, мама,
Әйтеуір тілегім ақ.
Әкем – Тәңір, өзің – Ұмайсың, мама,
Ал, мен – Құдайдың баласымын.
Сен бәрібір маған ұнайсың, мама,
Көзімдегі қарашығым..!
Қалқаман Сарин
Асыл ана! Түсімде көрем сені,
Бұрынғыдай емессің неге еңселі?
Мен білсем, саған деген сағыныштың,
Осынау жұмыр жерде жоқ өлшемі.
Тербеп сол сағыныштың күшті ырғағы,
Елжіреп елесіңді құштым тағы.
Хат байлап қанатына жіберер ем,
Бармайды-ау, біздің жаққа құстың бәрі.
Не таптым, белден кетіп бетегелі?!
Қалаға қаңғыбас ой жетеледі.
Жақұттап жазу үшін осы өлеңді,
Он жылдық білімім де жетер еді.
Дүние шыр айналып шарайнадай,
Жолыма қала бердің қарай-қарай.
Қайырымсыз қалаға, мейірімді,
Қалдырып кете бергем қалай ғана-ай?!
Ал, бүгін ақын болды ақылды ұлың,
Жанымды жегідей жеп жатыр мұңым.
Ардақтап арнамасам саған өлең,
Адыра қалатындай ақындығым.
Білмеймін, бұл қаладан бақ табам ба?
Жабығып жүргендеймін жат ғаламда.
...Тарылған көшелері тас қаладан,
Тарыдай бір мейірім таппағанда,
Сені сағынып кетем, анашым!
Abai.kz