Жұма, 22 Қараша 2024
Рух 23329 10 пікір 4 Наурыз, 2016 сағат 10:30

РЫЖИЙ АЛМАЗДЫҢ ӘКЕСІМЕН СҰХБАТ

«Мен де ұлтшылмын. Қазақтардың жақсы киінгені, жақсы өмір сүргені, жақсы машиналарды мінгені, жақсы үйде жасағаны маған ұнайды. Мен бұған рахаттанамын. ...Мен өзіме де, басқаларға да Қазақстанда жақсы өмір сүру мүмкін ғана емес, міндетті екенін дәлелдегім келеді». 

Рыжий Алмаз 

 


Болатбек НӘСЕНОВ, тарих ғылымдарының докторы, Несіпбай Нәсеновтің әкесі:

НЕСІПБАЙ ҚАЗАҚТЫҢ БАТЫР ЖІГІТІ ЕДІ

– Болатбек аға, сіз жалпы жұртқа «Рыжий Алмаз» атты бүркеншік есіммен белгілі болған Несіпбай Нәсеновтің әкесі екенсіз. Несіпбайдың балалық шағы қалай өтті?

– Несіпбай 1961 жылы дүниеге келді. Бірақ тағдырдың жазуымен баламның балалық шағы менен бөлек жерде өтті. Несіпбай бір жасқа толған жылы шешесі Бикен екеуміз айырылысып кеттік. Әрине, бастапқыда баламды қимай жиі барушы едім. Оған Несіпбайдың нағашылары қарсы болып, «балаға енді келетін болсаң, оңдырмаймыз» деп сес көрсетті. Несіпбай осылайша менің тәрбиемнен бөлек жерде өсті. Мен Несіпбайдың хабарын 1981 жылы ғана алдым. Ол кезде Қазақстан Орталық партия комитетінің қаржы бөлімінде қызмет жасайтынмын. Несіпбайдың шешесі Бикен Қазақстан Орталық партия комитетінің қаржы бөліміне «…Бес жылдан бері ұлың Красноярскіде түрмеде жатыр. Науқас екен. Ақша қажет» деп хат жазып жіберіпті. Менде қалтамнан алып бере қоятын ақша болмады. Бірақ қолдан келген көмегімді аямадым. Дереу Мәскеудегі Қаржы министрінің орынбасары марқұм Масленников пен Одақтың Кірістер мен шығыстар басқармасының бастығымен сөйлесіп, сол жігіттерге бар шындықты айттым. Солардың көмегімен Краснояр аймақтық милициясының бастығы генерал-лейтенантпен телефон арқылы сөйлестім. Ол кісі: «Ұлыңыздың денсаулығы нашар. Туберкулез дертіне шалдығыпты. Мінезі үшін жалғыз адамдық камерада отыр екен. Қазір госпитальға жатқыздым. Балаңыз жазықсыз сотталғанға ұқсайды. Жуық арада босатып қалармыз», – деді.

– Несіпбайдың түрмеге не үшін түскенін білесіз бе?

– Бішкектің вокзалында бір жігіт біреудің сөмкесін тартып әкетсе керек. Сол кезде бір топ жігітпен Несіпбайлар вокзалда жүріпті. Милиция дереу бұларды ұстап, тергей бастайды. Ақыры ешқандай тіреуі жоқ болғандықтан Несіпбайды Қырғыз елінің Ыстықкөл аудандық халық сотының үкімімен бес жылға соттап жібереді.

Ұлыңызбен ең алғаш қалай кездестіңіз?

– Краснояр аймақтық милициясының бастығымен сөйлескеннен кейін Несіпбайға хат жаздым. Одан маған үш беттік жауап келді. Хатты оқып отырсаңыз, жылағыңыз келеді. Өлеңдетіп тұрып сезімін білдіріпті. «Мен сіздің тірі екеніңізді білген жоқпын. Маған «әкең өлді» деп айтып еді. Түрмеден шыққан соң сізге келсем, қабылдайсыз ба?» депті. Осылайша ол 1986 жылдың күзінде маған келді. Жағдайы өте ауыр екен. Бізбен жарты жылдай бірге тұрды.

– Балаларыңыз Несіпбайды қалай қабылдады?

– Мен балаларға бәрін түсіндіріп айттым. Олар қарсы болған жоқ. Түрмеден келгенде Несіпбайдың жағдайы өте ауыр еді. Қалаға тіркетіп, «Қалқаман» ықшамауданындағы ауруханаға орналастырдым. Қолдан келген көмегімді бердім. Ол кезде мен Қаржы министрлігінде Кірістер мен шығыстар басқармасының бастығы, коллегия мүшесі едім. Балаларым жас, еліктегіш болғандықтан жатақхана әперуді дұрыс көрдім. Осы ойымды Несіпбай да құптай кетті.

– Несіпбай жеке кеткен соң немен шұғылданды?

Бізден кеткен соң бүгінгі «Күзет» секілді заңды фирма құрып, жұмыс істей бастады. Жазықсыз жапа шеккендер арыз-шағымын айтып алдына барады екен. Ол осылай көптеген азаматтарға қол ұшын созды. Бірақ мықты бір дөкейдің алдын кесіп кетіпті. Бір күні маған Алматыдағы Совет аудандық сотынан хабарласып, Несіпбайдың үстінен іс қозғалып жатқанын айтты. Суық қару сақтағаны, салық төлемегені және қорқытып-үркітуге қатысқаны туралы үш бап бойынша айып тағылыпты. Суық қару дегендері бір кавказдық досының сыйға тартқан қанжары екен. Мен сотқа: «Біздің үйде ондай қанжардың бірнешеуі бар. Егер қанжар суық қару болса, мені де соттаңдар!» – дедім. Қаржы министрлігінде қызмет ететіндіктен, салық туралы айыптың да негізсіз тағылып отырғанын дәлелдеп бердім. Бірақ оларға берілген тапсырма Несіпбайды соттау болатын. Соттады. Бес жылға қатаң режимде жазасын өтеуге жаза кесті. Алдымен Павлодарда, кейіннен Маңғыстаудың түрмесінде жатты.

– Ақтау түрмесін санаторийға айналдыратын кезі осы уақыт қой?

Иә, ол әңгімені мен де естігенмін. Ол кезде Ақтау колониясындағы жағдай өте нашар болыпты. Несіпбай жазасын өтеуге барған соң, достары зонаны санаторийға айналдырып жіберіпті. Несіпбай ақыры бұл түрмеден қашып кетті.

– Мұнан кейін Испанияның Барселона қаласында болды емес пе?

– Иә, ол Испанияда болды. Оған халықаралық іздеу жарияланып, тіпті Интерпол іске кірісті.

Шетелде осылай болып жатқанда, сіздерге ешкім ештеңе деген жоқ па?

– Бізде несі бар. Несіпбай шетелде жүргенде мен Өлі теңізге демалуға бардым. Ол кезде жұмыстан арнайы жолдама беретін еді. Стамбулдың әуежайында мені бір түрік «былай жүріңіз» деп өзімен әкетті. «Не болды?» деп сұрасам, «Сен террористсің» дейді. 7-8 кабинетке кіргізіп, ақыры босатты. Артынан «Ұлыңыз Испанияда қашып жүр екен. Сол үшін тексеру жүргіздік» деді. Сол жолы қайда барсам да, артымнан біреу еріп жүрді. Олар осы сапарда мені ұлыммен кездеседі деп ойласа керек.

– Жоғарыда «Мықты бір дөкейдің алдың кесіп кетіпті» дедіңіз. Ол дөкей кім?

Мұның бәрі Рахат Әлиевтің ісі. Әйтпесе кінәсі жоқ Несіпбайды Интерпол не қылсын?! Жалпы, Несіпбайдың өлімін ұйымдастырған да Рахат Әлиев болуы мүмкін. Несіпбай қайтыс болар тұста маған бір жігіттер келді. «Осылай да осылай, балаңыз ақталды. Біз отыз шақты жігіт барып, ақталуын тойлап қайттық. Құдай қаласа, сол жақтағы бизнесін қадағалайтын адам тауып, өзі елге оралады» деді. Мен қуанып қалдым. Бірақ артынша оның кісі қолынан қаза тапқанын естідік. Сол кезде «Рахат Әлиев ФСБ-мен келісім-шартқа отырып өлтіртіпті» деген әңгімелер де айтылды.

– Несіпбайды Алматыға жерледі ғой?

Иә, шетелде жан тапсырғаннан кейін Несіпбайды Алматыға әкелді. Ол кезде мен Өзбекстанның Жызақ қаласында іссапарда жүргенмін. «Сүйек келді» дегенді естіп, дереу Алматыға келдім. Мүрдені достары Кеңсайға жерлемекші еді, бірақ қалалық әкімшілік рұқсат бермеді. Сосын Бағанашылдағы және Боралдай жақтағы зираттардан орын дайындаттық. Адам көп, мыңнан аса жігіт жиналды. Патрульдер артымыздан еріп, әр қимылымызды орталыққа хабарлап жатты. Бұған шыдамаған жігіттер жолды жауып, полицияның көліктерін өткізбей тастады. Біз Несіпбайды осылай жер қойнына тапсырдық. Оның мазарын достары бір айдай уақыт күзетті. Себебі достары «Несіпбайдың сүйегін алып, лақтырып тастауы мүмкін» деп күдіктенді.

Сізді «Рыжий Алмаздың әкесі» деп сыйлайтын адамдар көп пе?

– Баламның бұл қазаққа қандай жақсылық жасағанын білмеймін. Елдің бәрі Несіпбайды жақсы көреді. Мені Несіпбайдың әкесі деп сыйлайтын адамдар да өте көп. Барлығы да оның батыр жігіт болғанын айтады. Бірде Астанаға бара жатып қу далада жол полициясы тоқтатты. Оған шопыр жігіт менің Несіпбайдың әкесі екенімді айтыпты. Әлгі жігіт жүгіріп келіп: «Сіз шынымен Рыжий Алмаздың әкесісіз бе? Рыжий жігіттің төресі еді ғой. Тоқтамай жүре беріңіздер», – деді. Мұндай оқиғалар өте көп. Оның қайсыбірін айтып тауысайын.

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329