Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Билік 9220 0 пікір 3 Наурыз, 2016 сағат 12:02

КЕНЕСАРЫНЫҢ БАСЫ ЖОҚ ЕСКЕРТКІШІН САЛУДЫ ҰСЫНАМЫН

Қазір қай қалаға, қай ауданға барсаңыз да алдыңыздан атқа мінген бір батыр "күтіп" алады. Қолында - найзасы, астында - арғымақ. Алға қарай тебіне ұмтылған бір сұлба көлбеңдеп тұрғаны. Ең сорақысы сол, сол батырлардың көбісінің ескерткіштері егіз қозыдай бір-бірінен айнымайды. Бұл бабаларға жасалған тағзым ба, жоқ әлде елден қалмайық деген желеумен тұрғызыла салған тас мүсін бе? Бұл ескерткіштерді өнер туындысы деп бағалауға бола ма?

Жалпы ескерткіш деген - қайталанбас туынды болуы керек. Бір қараған адамның жан-дүниесін жаулап, эстетикалық ләззат сыйлауы қажет. Нағыз көркем туындыны көру үшін жан-жақтан адамдар ағылып келіп, таңдай қағысып жатпағы ләзім. 

Ал біздің атқа мінген аталарымыздың бейнесі сіздің жүрегіңізді дір еткізе ала ма?

Бірге тамашалайық...

Міне, мынау үш жүздің басын қосқан Хан Абылайдың Алматы қаласындағы мүсіні. Мүсінші С.Баймағамбетов пен С.Ералиев... 2000 жылы орнатылған бұл ескерткіштегі дене бітім - жас жігіттікі, ал басы елуді еңсерген адам. Қолындағы мөр ме, басқа "бірдеме" ме, ажырату қиын...

 

Есілдің жағасындағы Кенесары... Атасы Абылайдың ескерткішіне ұқсайтын сияқты ма, қалай өзі?!...

Авторы – мүсінші Нұрлан Далбай және сәулетші Шота Уәлиханов. Ат салтшысының биіктігі – 7 м, ал созылымдылығы – 6 м тұрады. Жалпы салмағы – 10 тонна. 2001 жылы 10 мамырда ескерткіш ресми түрде ашылған.

Ағыбай батыр. 2007 жылы Балқаш қаласындағы Тәуелсіздік алаңында қойылған (мүсінші Ж. Қалиев, суретші Е. Шахиев).

Баян батыр. Қазақ Мемлекетінің ізін қалаған ұлы Абылай ханның сенімді серігі болған, өзінің алғырлығымен, тапқырлығымен ел іргесін жаудан қорғауда көзсіз ерлік көрсеткен батыр Баян Қасаболатұлының (1710/15-1757) қоладан құйылған ескерткіші Павлодар қаласының орталық алаңдарының біріне орнатылды. 

Ерейментау қаласының орталығында Қанжығалы Бөгенбай батырға қойылған ескерткіш. 2009 жылы ашылды.

Әбілқайыр хан ескерткіші – облыс әкімшілігінің үйі алдында 2000 жылы орнатылған. Тұғырдың биіктігі – 2,8м, ені – 2,1 м, ұзындығы – 5,8 м. Авторы Ескен Сергебаев – ҚР еңбек сіңірген қайраткері. Сәулетшілері – Б.Егінбаев, Н.Қожағұлов.

Қабанбай батырға арнап қойылған ескерткіштер өте көп. Соның бірі Талдықорған қаласында. Ескерткіш 2009 жылы ашылды. Ескерткіштің авторлары: архитекторы – Қабай Баулуков, мүсіншілері – Мәлік Жүнісбай, Болат Құсайынов. Биіктігі 5 метр, салмағы 5 тоннаны құрайды.

Наурызбай батырдың (2006 жылы) 300 жылдық мерейтойына орай Алматы облысының Қарасай ауданыныңаумағындағы биік төбе басына ескерткіш орнатылды. Ескерткіш жобасының авторы: Қ. Жарылқапов, мүсінші Н. Далбай, тас кесу жұмыстары - В. Черепанов. Ескерткіш 2006 жылдың 16-шы қыркүйегінде ашылды.

Қостанай облысы, Меңдіқара ауданында алыстан менмұндалап тұратын Тұрсынбай батыр ескерткіші.

Тарихта Шақшақ Жәнібек атанған батырға 1993 жылы Арқалық қаласында ескерткіш орнатылды.

Алматы облысына қарасты Қарасай ауданы, Қаскелең қаласына орнатылған Қарасай батыр ескерткіші.

Алматы қаласындағы Райымбек батыр ескерткіші...

Әрине, қазақ даласындағы атқа мінген батырлар ескерткішін түгендеп шығу мүмкін емес. Десе де, осы ескерткіштердің қайсысы санаңыздан ойып тұрып орын алды? Айта алмайсыз. Осындайда Маралтай ақынның "Махамбеттің мүсіні" деген өлеңі есіме түседі. Маралтай ақын: "Мен басы жоқ Махамбеттің ескерткішін салғым келеді. Артында Ықылас тізерлеп, кесілген басты ұстап тұрады" деген ойды айтады сол өлеңде... Ықыластың сатқындығы мен Махамбеттің батырлығын көрсететін мұнан асқан сурет бола ма? Әрине, жоқ. 

Махамбет өз алдына, атқа мінген батырларда да аласамыз жоқ. Мұның бәрін тізуде бір ғана мақсатым бар. Мың батырды атқа мінгізсеңіз де, қазақтың рухы асқақтап кетпейді. Керісінше, рушылдық, жершілдік дертін асқындырып жіберуі мүмкін. Онан да, ел болып, азаттық үшін арпалысқан Кенесары ханға қайталанбас ескерткіш тұрғызалық. Мен басы жоқ Кенесарының ескерткішін салуды ұсынамын. Қазақ сол басты қайтарған күні ғана "аттан түседі"... Батырларымыз да...

(кейбір суреттер мен мәліметтер el.kz cайтынан алынды)

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір