МӘСКЕУДЕГІ БАЛА ӨЛІМІ. ПОЛИЦИЯ ҰЛТШЫЛДАРМЕН СӨЙЛЕСІП ЖАТЫР
Полицейлер Мәскеудегі баланы асқан қатыгездікпен өлтіруден кейін ұлтараздығы туып кете ме деген қауіппен ұлтшыл қозғалыс өкілдерімен алдын-ала әңгімеге тартып жатыр.
Мұндай шаралар БАҚ "Октябрьское поле" метро стансасының маңында қара киінген әйелді ұстағаны туралы хабар тарасымен қолға алынған. Ол "Аллаху акбар" деп айғайлап, өзін жарып жіберетінін айтып қорқытқан еді. Полиция ұсталған күдіктінің аты-жөні Өзбекстанның Самарқанд облысынан келген Гюльчехра Бобокулова екенін және оның өзі өлтірген баланың күтушісі болғанын хабарлады.
Федералды арналардың басым бөлігі бұл өлім туралы жақ ашпады. РБК арнасындағы дереккөз ұлтшылдар көтеріліп кете ме деген қауіппен Гюльчехра Бобокулова туралы жаңалықты эфирге бермеу туралы ұсыныс түскенін айтты. Кремль телеарналарға мұндай нұсқау бергенін жоққа шығарса да, ондай шешімді қолдйтынын білдірді.
Естеріңізге сала кетейін, 2010 жылдың желтоқсанында футбол жанкүйері Егор Свиридовтың өлімінен соң бірнеше мың адам Мәскеудің орталығындағы Манеж алаңына келіп, рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырғаны бар. Кремль қабырғасына негізінен футбол фанаттары мен радикалды ұлтшылдардан тұрған 5 мыңнан 10 мыңға дейін адам жиналған. Алаңда Солтүстік Кавказдан келген бірнеше адам соққыға жығылды. Ол кезде нөпір адам полиция шебін бұзып өтіп, әртпсіздіктер жасаған болатын. Нәтижесінде 29 адам ауруханаға жеткізілді.
Абай-ақпарат