Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Билік 6172 0 пікір 26 Ақпан, 2016 сағат 16:01

ЖЫЛЫ ЖҮЗДІ АУЫЛ БАСШЫСЫ

«Замандасым, көп уайымдама. Бұл өмірде пенде болып дүниеге келгеннен соң, басымыздан не өтпей жатыр. Сабырлы бол, бейтаныс жан! Жақында өзіңе арнайы барып, жүздесемін».

Фейсбук желісінде Күміс Тортаеваның жанайқайына алғашқылардың қатарында үн қатқан Сәуле ханым мүгедек әйелді демеп қана қоймай, шотына қаражат салуды да ұмытпады. Бір аптадан соң, пойызға отырып, бейтаныс замандасының қызына көмек қолын созбақ ниетпен Шымкентке аттанды. 
Жол бойы терезеден көзі талғанша көсілген кең далаға қараған күйі ойла­нып келеді. «Беу, зымырап бара жатқан уақыт… Не деген жылдам едің? Тоқтамайсың-ау, тоқтамайсың. Мына жүрдек пойыздайсың» деп, іштей өзімен-өзі сырласқан оның көз алдына өмір өткелдерінің неше түрлі белестері қылаң беріп өтіп жатқандай сезімді бастан өткерді. 
... Кеше ғана тұлымшағы желбіреген қыз, бүгінде ақ жаулықты ана. Отанасы ғана емес-ау, бір ауылдың қамқоршысы болғанына да он жылдан асып барады. Осы жасына дейін өмірдің ащысы мен тұщысын бір адамдай көрді. Талайлар аяқтан тартты, сүрінді, алайда жығылмады. Рухы мықты қайратты қыз дер мезгілінде ес жиып, бойын тіктеді. «Бұл­бұл гүлге, қарға күлге қонады» деген әжесінің қанатты сөзін Сәуле Әліпова жасы елуден асқанда барып ұққандай. «Әй, қайран әжем-ай, сіздің әр сөзіңізді немерелі болғанда барып түйсіндім ғой» дейді өзімен-өзі күбірлеп. 
Пойыздың тарсылдаған тақ-тұқ еткен дыбысы мен гүрілдеген дауысын елеп жатқан бұл жоқ. Ойды ой қуып, балалық шағына да саяхаттап қайтты.
Әлі есінде бесінші болып дүниеге келгенде, барлығынан бұрын әжесі марқұм қатты қуаныпты. Келіні келесі нәрестесін көтергенде әжесі түс көреді. Ақ боз атқа мініп, тұлымшағы желбіреген немересіне мейірлене қарап тұр екен. Ояна салысымен: «Келінжан, елдің алдында жүретін, жұрттың қамын ойлайтын қыз баланы дүниеге әкеледі екенсің. Өзінің жүзі жарқын, есімін «Сәуле» деп қоялық» дейді. Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы, Ақжар кеңшарында шыр етіп дүниеге келген сәби осылайша әжесінің ұсы­нысымен Сәуле атанады. «Сәулешім, Сәулетайым менің, жарық жұлдызым» деп, маңдайынан иіскеп, ерекше еміренетін анасын еске түсіріп, көз жасына ерік бергенін аңғармай да қалды... Жанында отырған жолаушының таңырқап қарағанына да аса мән берген жоқ. Өзінің өмір жолын ой елегінен өткізуді әрі қарай жалғастыра берді. 
Қарапайым отбасынан шыққан Сәуле, балалардың ортаншысы еді. Сегіз баласын ешкімнен кем етпейміз деп, демалу дегенді білмей өткен ата-анасы еңбекқор жандар болатын. Әкесі күн ұзаққа малдың соңында жүрсе, анасы құрылысшы болды. Кеш бата үйге ентігіп кіреді де, тамақ дайындап, кір жуып, үй тазалап, одан қалды мектептегі балаларына көзінің майын тауысып, әріп үйретіп отырғаны. Анасының шаршадым дегенін бір де бір рет естімепті. 
Осының барлығын көріп өскен Сәуле, Шымкент қаласындағы Қазақ химия техникалық институтының инженер химик технолог мамандығын факультеттің кешкі бөлімінде оқып, меңгеруді жөн санайды. Әке-шешесіне ауыртпалық түсіргісі келмеген Сәуленің бұл өз шешімі. Осылайша ол 17 жасынан бастап жұмысқа орналасып, еңбекке ерте араласты. Күндіз балабақшадағы бүлдіршіндерге қараса, кешкісін оқуын оқыды. Қаршадай қыз тапқан табысын үнемдеп жұмсап, әр барған сайын анасына, бауырларына сый-сыяпат жасап отыруды да ұмытпады. Мұнысына қатты сүйсінетін көршілері: «Қолқанатың келіп, көзайым болып қалдың ба?» десе, үнемі «тілкөзім тасқа» дейтін анасы, «Шүкір!, Тәубе!» деуден әсте жалыққан емес.
Содан үш жылдан соң, мамандығы бойынша Шымкент қаласындағы цемент құбырын шығаратын зауытта токарь станогын меңгеріп, бертін келе цех шебері болып қызмет ете бастайды. Алып зауыттың басшылары да, қатар­дағы жұмысшылары да осы бір қазақтың ұяң мінезді қызына қызығып та, қыз­ғанып та қарайтын. Себебі ол басқарған бригада социалистік жарыстардың алдыңғы шебінде тұратын. Жұмысты жан-тәнімен істейтін ажарлы қара қызға ауылдың талай бойдақ жігіттері сөз салды. Алайда, аяғымнан тік тұруым керек деп санайтын бойжеткеннің ойы тек жұмыста болды. 
Осылайша жүре берер ме еді, кім білсін, егер арманындағы азаматты жолықтырмаса. Бір көргеннен Радикті ұнатып, тұрмысқа шықты. Қос аққу қол ұстасып біраз жыл Алғабас ауданында тұрды. Бұл жерде Сәуле мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Сөйтіп он жыл зулап өте шықты. Жұбайының қызмет бабымен Сайрам ауданына көшіп келіп, Сайрам аудандық әскери комиссариатына «мемлекеттік тіл аудармашысы» қызметіне орналасады. Әскери қызметкерлерге қазақ тілін үйретеді. Облыс көлемінде өз саласы бойынша ең алғаш болып «қазақ тілі» кабинетін де ашты. Аудандағы мем­лекеттік мекемелерінің құжаттарын қазақ тіліне аударуға атсалысты. Мақтау мен марапаттардан да кем болмады. Тағы жұмысы дөңгеленіп келе жатқанында, ойда-жоқта жұбайы Алматыға көшетін болды. Балаларын алып, отағасымен арман Алматының жанындағы Еңбекшіқазақ ауданының Бірлік ауылына көшіп келді. Қарап отырғанды жаны қаламайтын Сәуле, ауданның еңбекпен қамту орталығына барып, жұмыс сұрайды. Екі тілде сауатты келіншекті көрген Балтабай ауылының әкімдігі құшақ жайып қарсы алды. Ілезде құжаттарды қазақшалап, ұжымның алғысына бөленіп қана қоймай, аудан, облыстың марапаттауынан да кенде болмайды. Мемлекеттік қызметін Іс жүргізуден бастаған Сәуле Әліпова, арада төрт жыл өткенде Еңбекшіқазақ ауданы, Балтабай ауыл округі әкімінің орынбасары болып көтеріледі. 
Күн-түн демей еткен адал еңбегінің арқасында қызметінде көтерілген ауылдан шыққан шынашақтай қыз қолдан келген көмегін қарапайым халыққа көрсетуден еш жалыққан емес. Өзгенің жанын өзінікіндей ұққан Сәуле, өзгенің мұңын өз мұңындай сезіне біледі. Қайырымдылық қорларымен де тығыз жұмыс жасауда. 
27 ұлт өкілдерінен құралған 9 мың халқы бар ауылда жұмыс істеу оңай емес. Күнде сол кісілердің арыздары мен наздарын тыңдауға тура келеді. Тыңдап қана қоймай, мәселелерінің оңды шешілуін басты назарда ұстайды. Отбасына шаршағанын сездіргісі келмейді. Үйіне күлімсіреп кіру оның бұлжымас әдеті. Жұмысында да жымиып жүретін жылы жүзді ауыл басшысына көпшіліктің ықыласы да ерекше. «Қиындықты жеңе білу – әркімнің өз қолында. Тек сынып кетпей, кездескен қиындыққа жігерлілік таныта білгенде ғана ұтасың» дейді ауыл әкімі Сәуле Әліпова.

Ұлбосын АЙТӨЛЕН

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1511
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3283
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5824