Жексенбі, 24 Қараша 2024
Не дейді?! 8648 0 пікір 22 Шілде, 2016 сағат 10:50

ШАШ ПЕН ТЫРНАҚ ҚАЛЫПҚА КЕЛМЕЙ, ҰЛЫ ҚАЗАҚ ЕЛІ БОЛА АЛМАЙМЫЗ

Әжемнің шашы ұзын болатын. Шашын мұрнының қырымен тарақпен туралап алып, маңдайынан түп-түзу етіп екіге қақ жарып, өріп қоятын. Өргенде де ұшына дейін өретін. Тарқатылып кетпесін дегені. Алдымен ірі жүзді тарағымен, содан соң мүйіз майда тарақпен тарайды. Онысы – арасында бит-сіркелері болса, шаң-тозаңы болса түссін дегені. Ақ орамалды алдына жайып қояды. Соны шұқылап, қарап отырады. Қарап болғасын орамалын пештің алдына апарып қағып, орамалын тағады да пештің алдын сыпырып, отқа лақтырады. Шашын күнде бұрқыратып тарап, өріп жатпайды ғой. Жуған соң бір тексеріп алғаны. Тастай қылып бір рет өріп алып, шашының артына доғал мүйіз тарағын қадап, басына ақ шыт орамалын байлай салатын, болды. Орамалын шалының алдында ешқашан шешкен емес. Кейде басын жуып болып, тарап жатқанда, ар жағынан шалы көрінсе, «ойбай әні шал келе жатыр, орамалымды әпер» деп шашын тарамастан жия салып, орамалын байлап қояды.

Маған ылғи «Шашыңды жинап, маңдайыңды әрдайым ашып жүр жарқыратып, болашағың жарқын болады» дейтін маңдайымнан сипап.

Кейіннен қалың қара шашы сұйылып, азая бастады. Басына орамалы тұрмай, сырғып шешіле беретін болды. Доғал тарақты екі шашты қосып шашты түюге пайдаланды. Өзі азғантай ғана ағарған шаш. Неге шашын бір шаш қылып өріп, түймейді екен? Ыңғайлы ғой деп ойлайтынмын. Кейіннен шашын маған өргізе бастады. Тастай қылып екіге бөліп өр дегені.

– Апа, (әжемізді апа деп кеткенбіз) сізге бір шаш қылып өріп берейін бе? Сонда орамал тұрады. «Екі аша найзамен» түйреп қоясыз» дедім бірде көкейімде жүрген сұрақты қойып.

– Қой, түстен кейін мына кемпір құтырыпты дер жұрт. Керегі жоқ. Төбеме шашымды шошайтып, орамал тақпай-ақ қойдым Ұлжалғас құсап. Шалы жоқ, жесір қатындар ғана шашын біреу қылып өреді. Төбесіне қоқайтады. Болмаса жайып жібереді. Ондайды екінші қайтара естіртпе.  Екі шаш қылып өру – біз мәңгі екеуміз дегеннің белгісі. Жалғыз емеспін деген сөз. Шалым жоқ болса да, жалғыз шаш қылып өрмеймін. Шашымды кеспеймін де, боямаймын да, осы кеткенім кеткен. Ұзын шаш әйел адам қайтыс болған кезде омырауын жауып тұру үшін керек. Кейін солай етерсіңдер, – деп тарағаннан түскен бір уыс шашын қолымен жинап, түйдектеп-түйдектеп тарағына қыстырып, басына түйрей салды. «от жаққанда пешке салып жіберермін, жерге тастасаң торғай іліп әкетеді де ұясына салады. Содан адамның басы ауыратын болады, тастама» деді де орамалын шаршылап басына тақты.

Одан кейін үндегем жоқ. Не деген адалдық!

Кеше автобуста бір қыздың құлағында «наушник», боялған шашын жайып алған екен, шашы бір кемпірдің қолына ілініп қалды. Адам көп, күн ыстық. Одан қасында тұрған адамның бетін жыбырлатты. Содан әлгі апам шыдамаса керек: «Қарағым, бойжеткен қыз бала екенсің, шашыңды жинап жүрсеңші. Қаншама энергия бар мына жерде.  Шашыңа шайтан ұялайды ғой. Шаң болады. Шаштың да жаятын жері бар. Оның өз жөні бар. Қатты айтты деме айналайын, сен де қазақтың баласысың ғой, біз айтпасақ, кім айтады. Бөтен деме, апаңбыз, жинақы жүр, жаным» деп арқасынан қағып қойды.

«Осылар шаштарын жайып жүреді, ей, құдды бір дискотекада жүргендей, жинаса қайтеді екен?!» деген ар жағынан біреулердің дауыстары шықты. «Құлақтарында наушник бізді тыңдап жатқан да жоқ» деді орысшалап біреу. Онсыз да жұмыстан шаршап келе жатқан жұрттың жүйкесі тағы тозды. Автобустың іші у-шу.

Жұрттың бәрі қызға қарайды. Әлгі қыз қызарақтап, шашын әрі-бері орап тұрды да, жинақтап, алдыңғы жағына салып қойып, бір-екі аялдама жүрген соң түсіп қалды.

 

Тырнағыңды бояп қой, не біржола өшіріп таста!

Негізі қоғамдық орындарда шашты да, тырнақты да дұрыстап жүру керек. Автобусқа мінген адам алдымен қолыңызға қарайды. Қолына қарап-ақ ол адамның мәдениетінің қаншалықты екенін көре салуға болады. Таңертең мінсеңіз автобустан, ойбой, неше түрлі қолдарды көресіз. Жартылай өшіп қалған тырнақтар, тырнақтарының асты кір-кір. Жарылып кеткен, тілім-тілімі шыққан құрылысшылардың қолдары... Кейбіреуі сүп-сүйкімді, боялған сүйрік қызыл тырнақ, қолдан жапсырылған тырнақ-саусақтар...жараспаса да қып-қызыл қылып, бадырайтын алатын сүйкімсіз бадана қолдар.

Сосын автобустан түсіп, жұмысқа келе жатсаңыз, үстінде қалың, бұттарында капроны жоқ юбка кие салған жалаңаш аяқтарды көресіз. Аяғының тырнағын бояп алады, онымен қоймай. Күн жаз ғой, дұрыс. Бірақ жалаңаяқ қалай жүреді көшеде, біреудің үйіне бара қалса жалаңаяқ кіріп барудың өзі ерсі емес пе? Тіпті мешітке де жалаңаяқ кіру ыңғайсыз, қыз бала. Мекемеде қызмет жасайтын әрбір қыз-келіншек осыны ескерсе екен.

Бізде жұмыс істейтін орысшалау бір жігіт бар еді, сол бірде бір қызға «ойбай, жалаңаяқ отырсыз ба? аяғыңыз терлемей ма, сасып кетеді ғой туфлиіңіз» дегені, аяғына қарап. Әлгі қыз сасып қалып, «сейчас же лето, нәски киіп алайын еще» деді күліп. Бәріміз мырс етіп күлдік. Шынында да жұмысқа келгенде саусақтарын жылтыңдатып, сүйретпе киіп алатындар бар. Мемлекеттік қызметте болғасын басы жабық туфли мен аяғын сойталдай қылмай жұқа капрон кию керек дегені шығар... Бұл адамды сынау емес. Қоғамдық орында көзге қисық көрініп тұрған нәрсе.

Әсілі, Германия, АҚШ, Ресей, Корея, Жапония секілді мемлекеттердің офистерінде, банктерінде, лауазымды қызмет орындарында өз мемлекеті халқының сырт сипатына ерекше тәртіп енгізілген. Тырнақтарын 2-3 см артық өсіруге, сақал-шаштарының ұштанып кетуіне, жинамай жүруіне, қысқа немесе ұзын, ашық-шашық киім киюіне жол берілмейді. Тіпті, көбісі қызмет орындарында бірдей форма киіп отыруды әдетке айналдырған. Тізеден сәл ғана жоғары юбка-костьюм, ақ жағалы жейде, офисінің эмблеммасына сай галстук. Болды. Әр мекеменің өз формасы, өз белгісі бар. Бұл дұрыс бір жағынан. Өз мемлекетінің тұрғындарын тәртіпке келтіру, бетімен жібермеу.

Кеше аялдамадан бір қызды көрдім. Тап-тұйнақтай. Сұр костьюмінің жағасына көзім бірден түсті. Жағасында қазақтың оюы бар екен. Әдеміленіп боянып, шашын түйіп алыпты. Ойпырмай, мынау бір көп те болса «Қазақстан» телеарнасының журналисті шығар деп ойладым. Бірақ түрі таныс емес. Бір жағасына кішкентай ғана «AIR ASTANA» деген  белгісі бар жазу тұр. Қандай жақсы. Юбкасы юбка, туфлиі-туфли-ақ екен! Тіпті сүйсінесің. Неге біздің барлық мекемеміз осындай формалар жасауды, осындай темір тәртіпті қолға алмасқа!

Жұртты тәрбиелей алмайсың, әрине. Бірақ әрбір мекеме басшысы осыны алдымен қолға алса болады ғой. Әр мекеменің өз формасы болса жақсы емес пе? Артық киім де сатып алмайсың. Мемлекеттен мүмкін осыған қаржы бөлуді талап етерміз? Артық сақал-шаш та өсірмейсің. Әбіржімей, тап-таза болып, мәдени өмір сүресің. Дініміздің де, тіліміздің де түзелуіне септігі тие ме деп ойлаймын кейде. Қайта мектептегілер мен автобус жүргізушілерінің киімін қалпына келтіргені дұрыс болған. Олардың киіміне қарап, автобусымыз да бұрынғыдан тазарақ, тәртіптірек болған секілді болып көрінеді. Әлі де кемшін тұстары бар, олардың да тырнақ-шаштарын түзету керек. Оған салтымыз бен дінімізді, салтымызды қосуымыз керек. Кешегі дәстүр мен дінді, тіл мен тәрбиені, ата-әжеміз берген ырым-тыйымдар мен тәлім-тәрбиені әлде де мықтап қолға алсақ нағыз Ұлы Қазақ елі болар едік!

Әсел Назаралы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5592