Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 7514 0 пікір 16 Шілде, 2016 сағат 13:07

ЕРДОҒАНЫҢ БАСТЫ ҚАРСЫЛАСЫ ГҮЛЕН ДЕГЕН КІМ?

Ердоған Ыстамбұл әуежайында тілшілердің алдына шығып, Түркияда төңкеріс жасамақ болғандарды ең қатал жазаның күтіп тұрғанын мәлімдеді. Ердоған бүлік шығарды деп белгілі ғалым, "Хизмет" ұйымының жетекшісі Фетхуллах Гүленді айыптады. Ол, президенттің айтуынша, Пенсильваниядан бұйрық беріп отырған. Түркия президенті айыптаған Фетуллах Гүлен кім?

Біз бұл сұраққа жауап табу үшін wikipedia.org сайтындағы мәліметтерді пайдалануды жөн санап отырмыз.

Фетхулаһ Гүлен – түрік халқының ойшылы саналады. Ислам ғалымы, көптеген кітаптың авторы. Ғалым діни төзімділікке, кешірімділікке, білім беру жүйесін түбегейлі жетілдіруге бағытталған ұстанымдары арқылы әлемге танылған. Оның қайырымдылық іске негізделген жұмысы қазіргі уақытта тек түрік қоғамын ғана емес, әлемнің көптеген аймақтарын қамтып отыр.

Фетуллаһ Гүлен 1938 (кей деректерде 1941) жылы Түркияның Эрзурум аймағына қарасты Қорыжық ауылында дүниеге келген. Әкесі Рамиз Гүлен (Ramiz Gülen) имам, мемлекет қызметкері болып жұмыс істеген. 14 жасында алғашқы дәрісін бере бастаған. Анасы Рәфиға ханым балаларының тәрбие ісімен айналысты. Гүлен тек бастауыш мектепті тәмәмдаған. Төрт жасында Құран Кәрімді  оқуды шешесінен үйренген ол он бір жасында қари атанады. Оның оқуға, үйренуге деген құлшынысы ұстаздарын таңғалдырған.

1957 жылы дін істері басқармасының сынынан сүрінбей өтіп, мемлекеттік қызметке ауысады. 1957 жылы Амася, Тоқат, Сивас, 1959 жылы Едірне 1965 жылы Қырықларели қалаларында бас уағызшы болып жұмыс істейді. 1966 жылы Измирге қоныс аударып, сонда бас уағызшы болып жұмыс істейді. 1981 жылы денсаулығына байланысты уағызшылдық қызметінен босайды. 1989 бен 1992 жылдары қайта қызметке кіріскенмен, тағы да денсаулығы көтермей уағыз айтуды тоқтатады. Содан кейін Гүлен қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайту мақсатында алдымен Түркияда тұратын басқа ұлт өкілдерінің діни лидерлерімен диалог бастап, Ватиканда Папа Иоанн Павел ІІ-мен кездеседі. Бұл жүздесу Түркияның бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихатталған.

Гүлен 1994-1999 жылдар аралығында Түркияның беделді телеарналары мен газет-журналдарына көптеген сұхбаттар беріп, сол тұстағы Түркия президенттері Тұрғыт Өзал, Сүлеймен Демирел және премьер-министрлері Тансу Чиллер, Бүлент Эжевит, Месүт Йылмаздың әлденеше рет қабылдауында болды. Ол атқарып жүрген рухани жұмыстарын мемлекеттің тиісті органдарымен ақылдасып, іске асыруды жөн санады. Ел пікірімен санасып отырды.

1999 жылы денсаулығына байланысты Америкаға барып, бірнеше рет жүрегіне операция жасатты. Қазір дәрігерлердің бақылауында. Ұшақпен ұзақ ұшуға дәрігерлердің рұқсат бермеуінен өз Отанына келе алмай жүр. Десе де, Гүленнің Түркиядан кетуіне саяси ұстанымы әсер еткені жиі айтылады.

Фетуллаһ Гүленнің өмірін зерделеген кезде оның уағыз айтудағы әдіс-тәсілдеріне қарап, жай адам емес екенін бірден байқауға болады. Ол қоғамдағы рухани құлдырауды тоқтатуға күш салды. Гүлен біріншіден, мешітке жиналған жамағатты өзіне тарта білу қабілетімен, екіншіден, тыңдаушы қажет еткен тақырыпты тап басуымен көзге түсті. Мысалы, Алланы тану, білу және оған деген сүйіспеншілік, ақырзаман, имани құндылықтар, отбасы, Құран, хадис, намаз, зекет, қажылық, ғибадаттар, ислами тәлім-тәрбие және Пайғамбарға құрмет сияқты құнды тақырыптарды мешіттің мінбесінен халыққа сүйіспеншілікпен жеткізді. Оның әр уағызы бейнетаспалармен көбейтіліп, Түркияның барлық қалаларына, аудандарына, ауылдарына дейін тарады. Халық оны мәжіліс залдарында, шайханаларда сүйсіне тыңдады. Жұртпен жүздескенде олардың сұрақтарына нанымды да терең мағынада жауап бере білді. 

2008 жылы әлемдегі аса беделді басылымдар «Prospect» және «Foreign Affairs» журналдары Гүленді «Әлемнің  ең ықпалды  интеллектуалы»  деп  жариялағанда  да  оның  интеллектуалдық  қырымен қоса қоғамдық қайраткерлігіне де баса назар аударған болатын.

Дегенмен, кейбір  бұқаралық  ақпарат  құралдарында Гүленге  қатысты  бірқатар  күдікті  ойлар да ара–кідік айтылып  жүр.  Мәселен, Түркиядағы  Гүленге  қарсы  топтардың  айыптаулары, Гүленнің елінен жырақта  АҚШ–та  өмір  сүріп  жатқандығы,  Түркияда  Гүленге  қатысты сот ісінің мән–жайы, т.б. мәселелер. 

Гүлен жамағаты қалай пайда болды? Енді осы сауалға жауап табу үшін Еркебұлан Әлімханұлының "Түрік діни ағымдары туралы не білеміз?" атты мақаласынан үзінді оқысақ.

1923 жылы Мұстафа Кемал Ататүрік Түркия Республикасын жариялады. Ататүрік, Осман империясының дамымай қалу себебін шығысытық дәстүрмен және дінмен байланыстырды. Сондықтан жаңа құрылған мемлекеттің зайырлы болуын және дамыған Батыс мемлекеттерінен үлгі алып олармен тығыз байланыс құруын қалады. Дін мемлекеттен бөлініп, діндарлардың мемлекет істеріне араласуын шектеді. Ататүріктен кейін мемлекет басшылығына келген Исмет Инөнү, бұл реформаны одан ары қарай тереңдетті. Осы кезеңде дінге қатысты төмендегідей үлкен шешімдер қабылданды:

— Құранды оқытуға тиым салынды;

— Мемлекет астанасы Анкараға орамал таққан қыз-келіншектердің кіруі шектелді;

— Азан-түрікше айтылатын болды тб.

Жоғарыдағы үкімге бағынғысы келмеген дін қайраткерлері қудаланды. Мұндай саясаттан кейін бірнеше ғасыр бойы ең үлкен тарикаттар болып келген діни ағымдардың көбі жойылды немесе жойылуға шақ қалды.

Мемлекеттің бұл саясатына қарамай жасырын жүріп немесе астыртын халыққа дінді түсіндірумен, оқытумен айналысқан тұлғалар болды. Осы тұлғалардың соңынан ерушілер Түркияда жаңа жамағаттардың негізін қалады.

Бүгінгі күні Түркияда ең кең таралған жамағат Сайд Нұр Сейттің жолын ұстаушылар. Жамағаттың негізін қалаған Сайд Нұр Сейт (1878-1960) «Рисале-и Нұр» (Нұрдан хаттар) кітаптар жинағының авторы. Осы жинақты негізге ала отырып жұмыс жасайтын бұл жамағат былайғы қауымға «Нұршылар» атымен танымал. Бұл жамағатты ұстаушылар қазіргі таңда әлемнің көптеген елдеріне жайылып үлгерді. Дегенмен жамағат өз ішінде бірнеше тармақтарға айырылған. Бұл тармақтардың саны оншақты болып табылады. Бұл тармақтардың ішінде ең танымалы және кең ауқымда жұмыс жасап жатқаны Мұхаммед Фетхуллах Гүлен жетекшілігіндегі топ. Мұсылман әлемінің артта қалу себебі білім мен ғылымда кенжелеп қалуында деп түсінетін Гүлен тобы білім саласында жүргізген жұмыстарымен танымал. Өздерінің қызметі жүрген барлық елде білім ордаларын ашуда, жамағаттың жұмысын солар арқылы жүргізуде. Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлері де осы жамағаттың білім ошақтары болып табылады. Әлемнің жүзден астам елдерінде мектептер ашқан бұл жамағат жылда Түркияда дәстүрлі «түрік тілі олимпиадаларын» өткізеді.

Пантүркизмді және панисламизмді уағыздайды деп Нұр жамағаты Ресей Федерациясында тиым салынған. Сондай-ақ Өзбекстан билігі де бұл жамағатқа қырын қарайды.

Түйін

Қош! Феттуллах Гүлен әлемнің бірқатар елдерінде түрік лицейлерін ашып, білімді ұрпақ тәрбиелеуге де күш салған адам. Қазір елімізде негізін Гүлен қалаған қазақ-түрік лицейлерінде мыңдаған қазақ балалары оқуда. Гүленнің халықаралық "Хизмет" ұйымының өкілдері еліміздегі іргелі қоғамдық ұйымдармен байланыс жасап, түрлі жобаларды іске асырып жатыр. 

Біздің билік Түркиядағы жағдайды қалай саралайды? Ендігі қойылар сауал осы болса керек.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1501
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3271
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5686