Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 6327 0 пікір 7 Шілде, 2016 сағат 12:05

АМАНГЕЛДІ КЕҢШІЛІКҰЛЫ. РУМИДІҢ ӨМІРІ

(Алғысөз орнына)

Шығыс әлемі адамзаттық өркениеттің өрлеуіне зор шарапатын тигізген, талай ұлы ғұламалар мен шайырларды өмірге әкелді. Тамырын сонау ежелгі заманғы діни аңыздардан тартып, Шығыс даналығымен суарылған сөз өнері жүздеген жылдардан соң Батыс елдеріне де сүйіншілеп жетіп, кейінгі орта  ғасыр мен Қайта Өрлеу дәуіріндегі әдебиеттің гүлденуіне даңғыл жол салып берді.   ХІ-ХІІ ғасырларда грек және латын қайнарларын зерттеп, мөлдір бұлағынан қанып ішкен Еуропа назарының, мәдениеттер алмасуының өліарасындағы бір кезеңдерде біржолата Шығысқа ауғаны да шындық. Ең әуелі Испанияда, содан кейін, Франция, Италия, Англияда мұсылман ойшылдарының еңбектері тәржімаланып,  ол туындылар, аузымыздың суы құрып мақтап жүрген көптеген ұлы ақын-жазушылардың қиял бесігін тербеп, шабытын оятып, Еуропа төрінде адамзат баласының ортақ игілігіне айналған таңғажайып туындылар өмірге келіп, кіндігі кесілді.   

Жарты ғасыр бұрын ғана Американың әйгілі  ғалымы Филип Хитти «Таяу Шығыстың қысқаша тарихы: үш континенттің алтын көпірі» деген монографиялық еңбегінде ежелгі трубадурлардың махаббат жырларының – Орта ғасырлардағы араб лирикасының аудармалары екенін, ал, Орта ғасырлардағы Мария қыз бен «асқан сұлу әйел» культінің крест жорығынан соң  Шығыс мәдениетінің ықпалымен дүниеге  келгенін бұлтартпас деректермен дәлелдеп берген-тұғын. Тіпті, исламға  дейінгі VІІ ғасырдағы узра тайпасындағы махаббат культінің Еуропадан бұрын арабтардың мистикалық поэзиясында көрініс тапқанын бір сәт  есімізге түсіріп көрейікші. Кейбір зерттеушілер әйгілі  Фрейд пен Юнгтің идеяларын, олардан бұрын айтқан деп жүрген атақты сопы, теоретик, арабтың терең ойшылы және психолог Ибн әл-Арабидің  ХІІІ ғасырдың басында өнерде бірінші болып «Әдемі әйелден Құдайды көруді» үйреткенін неге ұмытып қалдық, біз осы?  Ғасырдан ғасырға жетіп, жүздеген жылдар бойы әлемдік әдебиеттің алтын қазығына байланған махаббат тақырыбының «Ләйлә мен Мәжнүн» жайлы араб аңызынан бастау алып, Шекспирдің «Ромео мен Джуллетта» шығармасында дамытылып,  Блоктың «сулу әйел туралы» әйгілі жырында кемелдене түскені  әдебиет тарихынан білетін мысалдарымыз емес пе еді.  Корнельдің  «Сид» драмасының жазылуына таза араб сюжетінің немесе Шиллердің «Турандот ханшайымының» тууына шығыс шайыры Низамидің «Жеті сұлу» поэмасының негіз болғанын ой таразысына салып салмақтасақ, әңгімеміздің тым ұзаққа созылып кететін сыңайы  бар. Дегенмен, біз осы жерде айтылған сөзімізге ықыласы ауған  оқырманнан әңгімеміздің төркінін дұрыс түсінуін сұраймыз.  Әлбетте, біз Шығыс әдебиетінің артықшылығын көрсету үшін ғана тарих қойнауының тереңіндегі мысалдарға ой қыдыртып жатқан жоқпыз. Мәселе, өнердің тигізген ықпалы немесе тіпті, «махаббат тақырыбының классикалық үлгісінің» ең алдымен Шығыста  дүниеге келіп, адамзат  мәдениетінің рухани алқабына тарыдай шашылғанында да емес.  Әлемдік әдебиеттің құнарлы топырағына бір  шыбықтай қадалып, бүгінде жалғыз  ұлттың ғана емес, барлық адамзат баласының ортақ мақтанышы болып, жайқалған бәйтерегіне  айналған Шекспирді, Корнель мен Шиллерді жоққа шығарғысы келген ниеттен де аулақпыз.  Әйтсе де,  Шығыс пен Батыс мәдениетінің бір-бірімен араласа отырып, жарыса жапырағын жайып, өзара тығыз қарым-қатынас негізінде дамығанын естен шығармасақ үлкен олжа болар еді.  Құдайдың кенже баласындай болып дүние есігін ашып, адамзаттық рухтың кіндік шешесіндей болып кеткен әдебиеттің өмірге қалай келіп, қалай кемелденгенін білмегендіктен, біз бүгін осындай бір шалағайлықтың жаппай белең алуына жол беріп алдық.  

Таяуда Астанадағы кітап дүкендерінің бірінен Ресей баспаларынан шыққан «100 ұлы ақын» және «Қара сөздің 100 ұлы шебері» деген танымдық кітаптар көзіме оттай басылып, қызығып сатып алдым. Бір өкініштісі қалыңдығы кірпіштей, безендірілуі кісі қызығарлық  екі томдықта Шығыс түгіл, тұтастай алғандағы Азия елдерінің поэзиясы мен прозасы жайлы келтірілген деректер көңілімізді көншітпеді.   Әдеби мұрасы көл-көсір Қытайдан бар-жоғы Ли Бо мен Ду Фу секілді бірен-саран ақындардың шығармашылығы ғана қамтылғанына көңіліміз толмады.  Таң дәуіріндегі әдебиет алыптары Ван Вэй, Мын Хао-Жань, Бо-Цзюйлар шығармашылығы жөнінде бір ауыз сөз айтылмағанына қарнымыз ашыды.  Жапон ақындарынан тек Басеге ғана тоқталғандарына разы болмадық.  Oтомо-но Якомоти, Аривара –но Нарихира, Oсикoти-нo Мицунэ, Сайгелердің шығармашылығы туралы неге ештеңе айтылмағанының себебін түсінбедік. Бәрін болмаса да жапон поэзиясының дамуына зор ықпалын тигізген Сайгені елеуге  болатын еді ғой.  Шығыстың ұлы шайырлары Санаи, Аттар, Шәмсаддин, Руми мен Физулилер туралы да біз бұл жинақтан мәлімет таба алмадық.  Ал, «Қара сөздің 100 ұлы шебері» деген тағы бір том еңбекті оқып шыққанымда, оны құрастырған Т.В.Грудкина, Н.П.Кубарева, В.П.Мещеряков, М.Н.Сербулдардың танымдарына қарным ашып, кітаптың мазмұндық сапасынан түңіліп кете жаздадым.  Проза жанры тек Еуропа елдерінде ғана бүршік атып, тек, сонда ғана көктеп-көгеріп, жемісін бергендей әсер қалдырады екен, бұл қалың кітап.  Қазақ пен қырғыздың мақтанышына айналған Әуезов пен Айтматовтарды тілге тиек етпегенде, ең болмағанда Нобель сыйлығын алып, әлемді мойындатқан Нагиб Махфуз, Ясунари Кавабата мен Кэндзабуро Оэларды  еске алуды  қажет деп те таппапты, кітапты жазушылар.   

Малтабарлық мақсатпен жарық көрген  мұндай дүниелер   өнердің өлшемі болмайды дегенімізбен, кітап дүкендеріміздің сөрелерінде сіресіп тұрған жаңағыдай еңбектердің арқасында бүгінгі оқырман  талғамының қалыптасып жатқанын мойындамасқа болмайды.   Әсіресе, бір қайнауы әлі жетпей тұрған, осындай шикі дүниелердің әлемдік  әдебиетті тереңірек білуге жаны құмар жастарымызды адасушылыққа ұрындырып, сөз өнерінің құдіретін жан-жақты танудағы ізденісіне тұсау салатынын мойындамасқа амал кем.  Бүгінгі күннің ойлы оқырманы Шығыс пен Батысқа, Азия мен Еуропаға, Африка мен Америкаға бөлмей, шығармалары адамзат баласының ортақ рухани қазынасына айналған әдебиет алыптары туралы кітаптың жазылуын   сағына күтіп жүр.

Әдебиет - адамның жаны. Ол Күннің алтын сәулесіндей бөлшектеуге келмейтін және болмайтын Құдайдың баға жетпес қазынасы, адам баласына аманат етіп кеткен ұлы мұрасы. Жаратушының пенде баласына тарту еткен ең ұлы сыйын Оңтүстік пен Солтүстікке, Шығыс пен Батысқа бөле берсек күндердің күнінде біз әдебиет арқылы да бір-бірімізге сүйсініп, бір-бірімізді түсіну қабілетінен айырыламыз. Жалынымыз өшіп, «адамзаттың бәрін сүйгісі» келетін бауырмалдық сезімімізді жоғалтып,  алға қарай ұмтылмайтын, әдебиеттің лаулаған отынан рухтана алмайтын бейшара хәлге түсеміз.

Аллаға мың да бір шүкір, біздің мемлекетімізде Ресей мен Батыс әдебиеті классиктерінің туындыларын насихаттау ісі жүйелі жолға қойылған. Алайда, Құдай қосқан көршіміз өзбек, қырғыз, татар, тәжік, тіпті, жергілікті тұрғындарының саны 2 миллиардқа жетіп қалған қытай халқының әдебиеті жайлы біз осындай сөздерді мақтанышпен айта алмаймыз.  Бір күн уақыт тауып Астана қаласындағы кітап дүкендерін аралап, онда әлемдік әдебиеттің қандай жауһар туындыларының  сатылып жатқанын көріп қайтыңызшы,  біздің сөзіміздің шындық екеніне көзіңіз анық жетеді.  Насихаты кемшін түсіп жатқандықтан, адам саны 7 млрд. жақындап қалған Жер тұрғындарының   4,5 млрд. астамы еншісіне тиесілі Азия елдері, оның ішінде, Шығыстың бай мәдениеті мен сөз өнері жайлы қазақ оқырмандарының білетін дерегі де, қайыршыға тастаған садақадай ойдан-қырдан жинаған болмашы бірдеңелер ғана. Көзімізге үңірейіп көрініп тұрған осы олқылықтың орнын толтыра алмасақ та, келешекте оның жойылуына себепкер  болсын деген ізгі ниетпен елі мен жері, нәсілі мен ұлтына бөлмей, әлем әдебиетінің классиктері жайында Қазақ радиосынан «Шетел әдебиеті» бағдарламасын жүргізіп келе жатқанымызға бірнеше жылдың жүзі болып қалды. Келешекте осы хабарларды дайындау барысында жинаған материалдар негізінде «Жүз жауһар» атты, әр кітаптың көлемі кем дегенде 25 баспа табақ болатын, алты томнан тұратын әлем әдебиетінің жүз ұлы ақыны мен жүз ұлы жазушысының шығармашылығын талдаған үлкен еңбек жазу жоспарымызда бар. Биылғы жылы бір Аллаға сыйынып, ойға алған ісімізді бастап Шығыс шайырлары жайлы бір үлкен кітап жазуға тәуекел етпекшіміз.  Келешек ұрпақ үшін рухани азық болатын осы еңбегіміздің тезірек жазылуына ықпал етіп, алаңсыз жұмыс жасауымызға шығармашылық жағдай туғызып, көмек көрсеткісі келетін, әдебиетіміз бен мәдениетімізге шын жаны ашитын  ұлтжанды азаматтар табылып жатса - қуана-қуана қолын қысуға дайынбыз. Табылмаса – өкпелемейміз.

Бір діндар адамнан Алланың адамға талантты несиеге беретінін естігенім бар. Жасым жер ортасына таяп қалған шақта бойымда Құдай берген таланттың бар екеніне көзім шын жете бастады. Ендеше Жаратушының берген қарызын өзіне қайтаратын уақыт та келген сияқты. Өйткені, елу шығармашылық адамы үшін аз жас емес. Қырыққа да толмай өмірден озған  Пушкин мен Белинскийлердің әдебиет үшін қаншама қыруар еңбек етіп, оны қандай заңғар биіккке көтеріп кеткені есіңе түскенде,  елуге келіп қалған жасыңнан еріксіз ұялады екенсің.

«Ештен де кеш жақсы» деген алдамшы үмітке малданып, күйбең тіршілікпен біраз уақытымызды босқа өткізіп алыппыз. Енді еш нәрсеге  қарайламай, шамамыз келгенше ойға алған ісімізді  қарға адым болса да алға жылжыта беруге белімізді бекем будық. Дегенмен, бұл жазған дүниелерімізді  ғылыми еңбек ретінде емес, әңгімемізге арқау еткелі отырған ұлы ақындар мен жазушылардың  туындыларымен танысқаннан алған әсерімізді, олардың шығармашылығы жайлы оқыған кітаптар мен жүздеген мақалаларды шолып шыққан соң түйген ойларымызды нәзира үлгісінде баяндап берген әңгімеміз ретінде қабыл алыңыз.   

                                    ***                            

Шығыс топырағында дүниеге келген ұлы шайырлардың ішінен Руми жырларының жұлдызы ерекше жарқырайды. Ақын туындыларының даралығы мен сұлулығын, шынайылығы мен тереңдігін жүрегің сезгенмен,  түсіндіріп беруге тіл құдіреті жетпейді. Қандай ғаламат ой мен таза сезім, биік рух пен мол мағына жатыр ақын жырларында! Румиді оқыған сайын ішкі әлеміңе бір мол, игі сәуле кіргендей жан сарайың жаңғырып қоя береді.  Ақылың жетпейтін, жүрегің ғана сезетін бір ерекше құдірет бар, ақын поэзиясында.  Сана-сезіміңді билеп алып, жан әлеміңді біресе аспанда қалықтатып, біресе тұңғиықа батырып жіберетін Руми поэзиясына теңеу табу шынымен де қиын.  Шығармашылық мұрасын жұрт Құранға теңеген кемеңгердің   туындыларын аспандағы Күнмен ғана салыстыруға болатын шығар;  себебі, Руми поэзиясы гуманизмінің тереңдігімен, идеяларының толеранттығымен, халықтар мен ұлттарды достыққа шақыратын, өзге діндерді құрметтеуге уағыздайтын мейірімділігімен Жер бетіндегі барлық адамзат баласының жүрегіне ізгіліктің алтын шуағын шашқан  -  құдіретті өнер. Егер де шайырдың артына қалдырған бай мұрасы жан-жақты насихатталып, әлемдік әдебиеттегі өзіне лайық орнын алғанда Руми туындылары Шекспир мен Гете шығармаларындай  бүкіл адамзат баласының  рухани игілігіне айналар еді.  Бір қуанарлығы ұлы ақынның  өмірі мен артына қалдырған мол мұрасы жөнінде кезінде біраз зерттеулер жазылып, оқырман еншісіне бұйырыпты. Келешекте осы дүниелерді ана тілімізге аудару ісін қолға алсақ, қазақ оқырманының санасына парасат сәулесін шашатын игілікті істі атқарған болар едік. Ғалымдар бұл еңбектерді екі топқа бөліп, мазмұнына сәйкес орындарын да белгілеп қойды.  Румитану ғылымында соның бірінші тобына ақынның өмірі мен қызметі туралы деректер келтірілген орта ғасырлардағы антологиялар, екіншісіне – шайырдың өмірі мен шығармашылығын сарапқа салған зерттеулер, сопылық көзқарасын сараптаған талдаулар жатқызылып жүр.  

Берілген мүмкіндікті пайдаланып, батыстық шығыстану ғылымындағы осыған қатысты жазылып, оқырман көзайымына айналған Р. Никольсон, А.Дж.. Арберри, Виль Дюранта, Дж.С. Трименгема, У. Читтика, А.М. Шиммель, Х. Бюргеля, Е. Мейерович, К. Хакима, К. Эрнеста, М. Фахри, А. Гюльпинарли, Ш. Озкула, А. Кабаклы, М. Ондера және т.б. еңбектерінің маңызы зор екенін атап өткенді парыз  санадым.     

1995 жылы орыс тіліне аударылған Линн Вилкокстың «Сопылық және психология» кітабы бүгінгі таңдағы әлемдегі ең өзекті тақырыптардың бірі – сопылыққа арналған. Ал, Джон. А.Субхананың «Сопылық пен оның құндылықтары» ( «Суфизм: Его святые и святыни») кітабы да осы тақырыпты жан-жақты талдаған - құнды зерттеу. Аталған еңбектердің де Руми шығармашылығының кілтін тауып, жұмбағын  түсінуге тигізетін көмегі көп. 

Румидің өмірі мен мұрасын зерттеуге Иран ғалымдары да  сүбелі үлес қосты. Әсіресе, ақын өмірбаянын нақтылап, оның барлық туындыларын жарыққа шығарған ғалым Б. Фрузонфарудың оның  шығармашылығын насихаттауға көп еңбек сіңіргенін айта кеткен ләзім. Иран ғалымдары Сайид Нафиси, Забеуллох Сафо, Р. Шафак, М. Махджуба, Р. Хидоят. К. Гани, М.Мунаввара, Алии Дашти, Абдулхусайни Зарринкуб, М.Шарафа, Б. Фрузонфара, Муртазо Мутаххари, A.M. Бахтиёри, К. Замони, А. Тадаюна, М. Муваххада еңбектері де Руми поэзиясын тереңірек тануға жол бастайтын баспалдақтар.

Ресейде ұлы ақынның мұрасы XIX ғасырда-ақ А. Крымский, Е.Э. Бертельс, В.В.Бартольд, В.А.Жуковский, В.Гордлевский, М.Ф.Ахундова зерттеулері арқылы кеңінен танымал бола бастады. Руми туралы жазған мақаламызда ол еңбектерге де көз қырымызды салып өттік.  Бұл зерттеулер бізге ақын тағдырын ғана емес, сонымен қатар оның өмір сүрген уақытындағы тарихи және мәдени жағдайлармен де кеңірек  танысуға мол мүмкіндік берді.

Тәжікістанда жарық көрген Н.Ф.Одилолованың «Джалаладдин Румидің дүниетанымы», Х.М.Зиеваның «Мавлавия сопылық ордені, М.Т.Мамаджонованың «Джалаладдин Румидің философиясы» еңбектерінің румитану ғылымына қосқан жаңалығы да орасан зор. Ал,  Қадыров Кәрімжанның «Сопылықтың педагогикалық және дидактикалық идеялары: қалыптасуы мен дамуының идеялық қайнары» атты докторлық диссертациясында Санаи, Низами, Аттар, Руми, Ғазали, Саади мен Джамидің педагогикалық және дидактикалық идеялары зерттелген. Сондай-ақ, Х.Афзалов, К.Қадыров, М. Лутфуллоев, Ф. Шарифзода, И.Х.Каримова, А.Пахлавонов, С.Сулаймонидің тәжік-парсы классиктерінің педагогикалық көзқарастарына қатысты талдаулары да Шығыс мәдениетінің сырына  тереңірек үңілуімізге көп пайдасын тигізді.  

Дегенмен, қаншама зерттеулер жазылғанымен, Румидің педагогикалық көзқарасын жан-жақты ашып берген еңбек әлі күнге дейін жазылмапты. Ұлы ақынның педагогикалық көзқарасы, оның теоретикалық және дидактикалық аспектілері толық зерттелмепті. Сондықтан да Руми кемеңгерлігінің осы бір қырына келешекте назар аударылса нұр үстіне нұр болар еді.

Қысқаша қайырғанда әлемдік румитану ғылымының бүгінгі таңдағы жай-жапсары осындай. Енді уақытты соза бермей, негізгі әңгімемізге көшіп, қымбатты оқушымызды Румидің өмірі және шығармашылығымен таныстыруымызды бастайық.   

                                           ***

Ұлы ақындар жайлы барлық уақытта да халық арасына тараған аңыздар көп.  Ғүлама Платон «Егер нағыз ақын болғыңыз келсе, өзің туралы аңыз туғыза біл», - деген екен, бір сөзінде. Сократтың шәкірті, Аристотельдің ұстазы Платонның дуалы аузынан осы бір қанатты сөздің шыққанына екі мың жылдан астам уақыт тасқыны ағып өтсе де, кәрі тарих оның өмірдің айнымас қағидасы мен мәңгіліктің заңдылығына айналғанын қайта-қайта дәлелдеумен келеді.

 Аңызды ақынға деген халықтың сүйіспеншілігі мен  махаббаты туғызатыны әмбеге аян.  Уақыт өте  берген сайын олар ақынның өмір тарихымен қол ұстасып кетіп, ойдан шығарылған аңыз бен өмірлік шындықтың ара жігін ажырата алмай қалатын жағдайымыз да бар.   Мысалды алыстан іздеп, әуре болып қайтеміз.   Бақилық болғанына жарты ғасыр да толмаған Мұқағали жөнінде айтылып жүрген талай әңгімелердің қайсысы шындық  екенін ажырата алмай, бүгінгі таңда ақын бейнесінің аңызға айналып кеткенін бір сәт есімізге түсірсек,  ел ішіндегі кейде бір-біріне қайшы келетін әңгімелердің расы мен өтірігін айырудың жылдар өткен сайын күрделе түскенін мойындауға тура келеді.  Ендеше тоғыз ғасыр топырағының астында көміліп қалған Румидің өмірі туралы нағыз шындықты іздеудің  «бір мая шөптің ішінен иненің сынығын іздегенмен» пара-пар әрекет екеніне ешкім күмән келтіре қоймас.  

Көне заманнан бізге жеткен сондай аңыз-әңгімелердің бірінде ақынның әкесі Бахааддин Валадтың  (шын аты-жөні Мұхаммед ибн Хусейн әл-Хатиби әл-Балқи) белгілі бір себептермен туған жері  Балқыдан кетіп,  Мекке мен Мединедегі қасиетті жерлерге  тағзым етуге бел буып  сапарлап шыққанда Нишапур қаласына аялдағаны айтылады. Бұл қалада ол парсының атақты сопы ақыны Фариддадин Аттарды жолықтырады.

Ақынның әкесі өз заманындағы көзі ашық, көкірегі ояу зиялылардың бірі болды.  Еліне сыйлы ақынмен әңгімелесу бақыты бұйырған  әкесінің қуаныштан көңілі толқып, екеуінің әңгімесі жарасып, ұзақ жылдар бойы көріспеген достардай ұзақ сырласады.  Әңгімесінің түйінін тарқатқан Аттардың көзі бір уақытта  жанары жәудіреп, екеуінің сұхбаттасуын тапжылмай тыңдап отырған Валадтың ұлына түсіп кетеді. Алла жаратқан ерекше болмысында ақындықпен бірге көріпкелдік қасиет те бар Аттар баланың бойындағы үлкен таланттың ұшқынын әңгімені тыңдаған сәттегі оттай жанған жанарынан байқап қалып, әкесінің жүзіне мейірлене қарап: «Құдай қаласа, сенің артыңнан ерген ұлыңның атағы шығып, мыңдаған адамдардың жүрегіне шоқ тастап, дүйім жұрттың мақтанышына айналатын күні  алыс емес», -  деп сәуегейлік жасап, таяуда ғана жазып бітірген, қаламының сиясы әлі кебе қоймаған «Асрар-наме» («Құпиялардың кітабы») поэмасын сыйлап, батасын береді. 

Бақыттан басы айналған бала дастанды көзінің қарашығындай сақтап,  ең киелі мүлкіндей қастерлеп ұстайды. Мәні терең, мағынасы шыңыраудай шығарманы қайта-қайта оқып, өмір бойы одан тағылым алады. Көңіліне қонақтаған күдіктің тұманын сейілткен сәулелі сөздің шуағын да, тыныштық бермей жанын мазалаған күрмеуі күрделі сауалдардың жауабын да ол осы шығармадан табады.  Есейе келе баланың жүрегінен таңғажайып  жырлар туып, расында да ол мыңдаған адамдардың жан әлеміне жол тапқан Аттардан да даңқы асқан ғажайып ақын болды.     

Руми ақынның қалың бұқараға танымал болған лақап аты. «Румнан шыққан» деген ұғымды білдіретін сөздің шығу төркінін әдебиет зерттеушілері шайырдың туып-өскен мекенімен байланыстырады. Ақынның шын аты-жөнінің Джалладдин Мұхаммед екенін бүгінгі таңда жұрттың көбі біле бермейді. Көзі тірісінде аңызға айналған Румидің шығармашылығы мен діни-философиялық көзқарасы Таяу және Орта Шығыс халықтарының әдебиетіне қатты әсер етіп, ойлау жүйесінде терең ізін қалдырды. 

Біреулер, әулие санап, ұлылығын сипаттауға теңеу таба алмай қиналған,  екіншілері, оның ұлылығын мойындығысы келмей, жоққа шығаруға тырысқан Руми есімімен әдебиет тарихында мәңгі аты қалған  ақын 1207 жылдың 30 қыркүйегінде, Балқы қаласында дүниеге келді. Бүгінгі күні Ауғанстанның солтүстігіндегі елеусіз ғана қалашық Балқының  бір кездері Қытай мен Үнді, Иран мен Мауреннахрдың керуен жолдарының тоғысындағы гүлденген алып шаһар болғанына қазіргі уақытта біреуді сендіру қиын-ау!  Қиын! Сонау алыс заманда бұл қала  Хорезмшах билігін жүргізген Алааддин Мұхаммедке бағынды.

Адам баласының тұлға болуының іргетасы әке-шешесінің бауырында жүргенде-ақ қалана бастайды. Румидің дүниетанымының қалыптасуына әкесінің көрсеткен тәлім-тәрбиесінің тигізген шарапаты мол. Әкесі Бахааддин Валад  қоғамда сыйлы, мұсылмандық дін ілімі, Құран мен Мұхаммед пайғамбар туралы хикаяларды жақсы білген көзі ашық, сауатты адам болды.   Ғажайып шешендігімен де көзге түскен ол сол заманда үлкен дәреже болып саналған, дін уағызшысы жоғары мәртебесін иеленген адам.  Соған қарамастан әкесінің бүйрегі сопылық – діни мистицизмге бұрып тұрды. Бірақ Бахааддин оны жалпақ жұрттан жасырмады  және өзін зияткер-сопы Ахмад әл-Ғазалидің рухани шәкірті санап, замандасы, тәжірибешіл-сопы Наджмаддин Кубрдың көзқарасын жақтады.  Басқаша сөзбен айтсақ,  жан-жақты теологиялық білімі, сол заманға сай ғалымдығы оның  діни тәлімгер мен ұстаз ретіндегі беделін қалыптастырды.   Жұрт алдында сөйлеген дәрістерімен ол жиналған тыңдаушылардың  жүректерін елжіретіп, көңілдерін баурап, сезімдерін ұйытты. Кейін әкесі жұртқа айтқан  уағыздарын «әл Ма’ариф» («Таным») атты жинаққа топтастырды. Сол жылдары  Таяу Шығыста үстемдік еткен,  құдайды тану мүмкіндігі туралы сопылық доктринаны баяндаған қағидалармен үйлесім тапқан  исламдық діни дүниетаным тұжырымы болып табылатын бұл жинақ,  әкесінің еңбегін оқып үйренген Джалаладдиннің көзқарасының қалыптасуына да әсер ете бастады.   

«әл Ма’ариф» («Таным») жинағындағы кездесетін, кейбір тұспалды әңгімелерге қарағанда  Румидің әкесі Бахааддин Валад пен дін маманы, Хорезмшаз сарайының жанындағы сенім мәселелеріне байланысты талай айтыс-тартыстардың жеңімпазы  Фахраддин Разидің арасында пікір қайшылығы туып, оның аяғы өзара өшпенділік пен жауласуға ұласқанға ұқсайды. Әулет пен оның сарайы Разиді қолдады. Жүз жерден оқымысты болсаң да сарай жанындағы ықпалы күшті діни қызметкермен өштесу өте қауіпті еді, ол заманда.

Білімінен гөрі айлакерлігі басым, оның үстіне билікке де басқалардан гөрі бір табан жақын Разиді жұрттың бәрі жек көргенімен, ұстасып қалудан қатты қаймығатын. Қарсы келген адамының көзін құртып жіберуге Разидің залымдығы молынан жететін.  1209 жылы Фахриддин Разидің жымысқы әрекетінің арқасында Хорезмшахтың бұйрығымен дәруіш Маджаддадин Бағдади дін бұзарлығы үшін айыпталып, Әмурдарияға батырып өлтірілген соң, онымен сөз таластыруға ешкімнің жүрегі дауаламайтын. Ендеше тісін қайрап жүрген дұшпанына мінез көрсетіп, адам түгіл жел тимеген бетіне қарсы келіп қалған  Бахааддиннің басына  елінен кету туралы ойдың келуі соншалықты бір таң қаларлық  нәрсе емес. Дегенмен, көңіліне алған  ойын ол Рази өмірден өткеннен кейін ғана іске  асыра алды. Хорезмшах пен бағдат халифтерімен арасындағы қарым-қатынасының үзілуі, халифтің жақтастарына қарсы қудалаулардың өрши түсуінің салдарынан, ақыр соңында Бахааддин қажылықты сылтау етіп, туған жерін тастап, көшуге мәжбүр болды. Румидің әкесінің дәл қай күні Балқыдан кеткені беймәлім. Шамасы ол жанұясын алып, 40 шәкірті және ізбасарларымен бірге 1214 пен 1216 жылдардың аралығында елден жүріп кеткен болуы әбден ықтимал. Өйткені, 1217 жылы оның Румға  (Кіші Азия) келіп, румдық Селжұқтар мемлекетіндегі қалалардың бірі Малатьяға орналасқанын растайтын деректер  бар, ғылымда.  Малатьяға жеткенде  Джалаладдиннің  он жастан енді ғана асқан шағы болатын.   

                                            ***

Руми өмір сүрген дәуірдегі  Кіші Азияның саяси картасы алашұбар еді.  Орталығында Конья астанасы бой көтерген (ежелгі Икониум) Селжұқтардың румдық сұлтанаты (1077-1307) орналасты. Ол Алладдин Кайкубада І-ші  (1219-1236) мен Гийасадин Кайхосрав (1236-1245) басқарған дәуірлерде экономикасы мен мәдениеті өркендеген, күшті мемлекеттік құрылым болды. Шыңғыс ханның жетегіне ерген дала шапқыншыларының зорлық-зомбылығынан қатты шаршап, одан құтылуды аңсаған Мауреннахрдан Иранға қарай ағылған босқындардың көздеріне алыстағы осы сұлтанат  жерұйықтың мекеніндей болып елестеді. Толас таппаған босқындардың легі оған  қарай сарқыраған өзендей болып ағылды. Шеберлігімен дүйім жұртты тамсандырған талай-талай қолөнершілер, дүниенің сырын зерттеген талай-талай ғалымдар, ғажайып ғазалдарымен жүректерді тебіренткен  талай-талай шайырлар сұлтанаттағы  қалалардан пана  тапты. Дегенмен, мұсылман әлемінің бұл бөлігіндегі тыныштық салтанатының шын мәнісінде алдамшы ғана құбылыс  екенін олар қайдан білсін.

 Іс жүзінде Рум сұлтанатының саяси-экономикалық іргетасы екі құрылымнан тұрды: шалғай аймақта орналасқан көшпелі тайпалар мен елдегі қалалар және жер иеленуші аудандарда үстемдігін жүргізген  отырықшы тұрғындар. Бұл екі құрылымның арасындағы теке-тірес  феодалдандыру процесінде шиеленесе түсіп, келіспеушілікке ұласты. Тайпалар отырықшылық өмірге өтудің түрлі сатысында болатын,   сондықтан да тайпалық-туыстық байланыстың әлсіреуі мен олардың ішіне феодалдық қарым-қатынастардың  орнығуы ауыртпалықсыз өткен жоқ. Орталық биліктің бақылауға алғысы келген әрекеттерінен де еш нәтиже шықпады, көшпенді еріктілер бақылауда болуға көнбеді. Сұлтанатқа Ұлы Селжұқтар мемлекетінен мұрагерлікке қалған әскер отырықшы шаруашылығы мен қолөнер өндірісі бар қалалардағы әулеттердің маңайына шоғырланып, феодал шонжарлардың ғана мүддесін қорғады. Әлеуметтік ахуал күрделеніп, түрлі қоғамдық құрылымдардың арасындағы теке-тірестердің  салдарынан аяқ астынан Баба Исхактың  (1239) жетекшілік етуімен бастаған көтеріліс бұрқ ете қалып, сұлтанаттың жағдайын шатқаяқтатып тастады. Билік халықтың ашу-ызасынан туған  көтерілісті әупірімдеп жүріп әрең басқанда, Рум сұлтанатының шекарасында татар-моңғол басқыншылары пайда бола қалды. Кеседағ маңындағы шайқаста олар селжұқ әскерінің быт-шытын шығарып талқандап, сұлтанат өзінің бағыныштылығын мойындап, тәуелсіздігінен айырылды, барлық билік моңғол билеушілерінің қолына өтті. Үш айдан кейін татар-моңғол жаулаушылары Иранға бағыт алып, Румды ойрандады, елдің көптеген қалаларын жермен-жексен қылды, мыңдаған адамдарды аяусыздықпен өлтіріп, ондаған мың тұрғындарды тұтқынға алды. Міне осылайша бір кездері гүлденген Рум сұлтанатының іргесі сөгіліп, ХІІІ ғасырдың аяғында ондаған хандықтарға бөлініп кетіп, 1307 жылдары өмір сүруін біржола тоқтатты.

                                                    ***

Румға келе салысымен Бахаадин отбасы әуелі Малатядан Сивасқа (1219 жылы), сосын Ақшекірге көшіп ол жерде үш жылдай тұрақтады.  Шамамен 1222 жылы Ларенда (қазіргі Қараман) қаласына қоныс аударып, онда жеті жылдай өмір сүрді. Ларендада  Джалаладдиннің шешесі Мүмін-Ханым дүние салды, осы жерде ол 1225 жылы Шарафаддин Лала Самарқанидің қызы Жауһар Ханымға үйленіп, бір жылдан кейін тұңғыш перзенті Сұлтан-Велед өмірге келді. Кейін ақынның ұлы «Валад-наме» поэмасында («Валад туралы кітап») аталарының өмірбаядық шежіресін өлең үлгісімен жазып шығып, әкесінің бірден-бір шырақшысына айналып, артына қалдырған рухани мұрасына ие болып қалды.

Ларендідегі өмір қалыпша ағып жатқан уақытта  бұл қаладан да кетуге тура келді: кенеттен Бахаадинге Рум сұлтанатының әміршісі Алааддин Кайкуба І-дің дербес елшісі келіп, Коньядағы атақты медреселердің біріндегі құрметті және  лауазымды қызметті ұсынды.  Ұсынысты қабыл алған әкесі 1228 жылы Коньяға тартып отырып,  1231 жылдың 23 ақпанында сонда дүние салды.   Араб аңызы бойынша,  ол жерде ежелгі грек философы Платон да қайтыс болған екен. Ол жылдары Конья сұлтанаттың астанасы болды. 1220 жылы әмірші  Кайкубад осыдан біраз уақыт бұрын оның ізбасары Кайкаус І-дің кезінде құрылысы басталған жаңа мешітті салып бітіреді. Жақсы абаттандырылған және сәулетті медреселерімен даңқы шыққан үлкен шаһарға Египеттен,  Сириядан және Ирактан ағылған студенттердің легі   толастамай, мәдени және діни өмір астанада қайнап жатты.

          Әкесі өмірден өткен соң, жиырма төрт жасқа енді ғана толған Джалаладдин медреседегі оның орнын басып, жергілікті діни беделділердің тобына қосылды. Бірақ,  сол замандағы қалыптасқан түсінік  бойынша үлкен мешітте жұма сайын уағыз айту, жергілікті ақсүйектер мен ауқатты қалалықтардың балаларына дін мамандығы мен дін құқығының негіздерін оқыту және  Құранды түсіндіру үшін ол тым жас болып саналды. Өкінішке қарай, сол жылдардағы Джалаладдиннің қаншалықты білімді болғаны туралы деректер ғылымда сақталмаған. Жиі-жиі көшуге тура келгендіктен оны тәрбиелеу және оқыту ісімен әкесі айналысқан болуы керек.  

Бірақ, кенеттен Коньяда, Джалаладдиннің маңына, оған қолдау көрсету үшін марқұм әкесінің ізбасарлары, ықпалды және беделді шәкірттері жинала қалды. 1232 жылы Термезден әкесінің ниеттесі, «Кубравийа» мистикалық бауырластығының мүшесі Сейид Бурханаддин Мухаккик арнайы келіп, өзін толықтай Джалаладдиннің рухани тәрбиесіне арнап, болашақ ақын тоғыз жыл бойы оның мүрит-шәкірті болды. Бурханаддин оған  «мистикалық» жолдың маңызды құпияларын үйретіп, сырт көзге аса байқалмайтын сопылық ілімнің мәнісін түсіндірді.  Бірақ,  дәл сол жылдары Джалаладдинді ұстазының тағылымы аса қызықтыра қоймады.  Ол материалдық жағдайын жақсартуға көбірек көңіл бөліп, оған қол жеткізетін толық және жүйелі білім алуды армандады. Көздеген мақсатына жету үшін Сирияға аттанып, мұсылман ғылымы мен діни білімнің орталығы Алеппо мен Дамаскіде жеті жылдай уақытын өткізді. Еліне қайтып оралғанда таяуда ғана таққа отырған Гийасаддин Кайхосрав ІІ-ші оны медресенің басшысы етіп тағайындады.

Биік мәртебеге қол жеткізген Джалаладдиннің одан кейінгі бес жыл бойғы өмірі өз арнасымен қалыпты ағып, әл-ауқаты жақсарып, барақат тіршілік кешіп жатты. Үйлі-баранды болып, медреселерде дәріс, үлкен мешіттерде уағыз оқыды. Құрмет көрсеткен шәкірттері мен студенттері де көп болды.

Бір қарағанда адам баласына осыдан артық қандай тыныштық пен бақыт керек. Бақытты өмірден басы айналған Джалаладдин сол уақыттағы елін алаңдатқан әлеуметтік және саяси дауылдарға аса назар да аудара қоймады. Әлеуметтік теңсіздіктерге қарсы Баба-Исхактың бастауымен болған көтеріліс те, монғол  атты әскерлерінің шабуылдары да, құлдыққа айдалған отандастарының көз жасы оны аса алаңдата қоймады. Шайыр шығармашылығымен танысқан адам оның көл-көсір мұрасынан жоғарыда айтылған оқиғалар жөнінде бір ауыз сөз таба алмайды. Ақын дүние салғаннан кейін оның ізбасарлары мен өмірбаянын зерттеушілері осы бір олқылықты байқап қалып,  Джалаладдин жөнінде неше түрлі ақылға сыймайтын аңыздарды ойлап шығарғаны да әдебиет тарихынан белгілі. 

 Джалаладдин болса, сол замандағы жоғары мансап саналатын, қоғамда қатты құрметтелетін діни қайраткер болудың  жолы ашылғанына шын көңілімен разы еді.  Дін ісіне беріліп Құранға арнап түсініктемелерін жазғысы және  кең мағыналы түсініктемелермен қамтылған, әдеби тілмен кестеленген Пайғамбар сөздерінің жинағын шығарғысы келді. Ақын боламын деген ой ол кездері Джалаладдиннің үш ұйықтаса түсіне кірген жоқ.  Поэзиямен шұғылдану діни адамдардың арасында ол заманда жағымсыз іс болып саналды.  

Бірақ тағдырдың жазуымен, азғантай ғана уақыттың ішінде оның өмірі күрт өзгеріп сала берді. Кезбе сопы Шәмсаддин Мұхаммед Тәбрізімен кездескен бір сәт оның ойын мүлде басқа арнаға бұрып, бүкіл өмірін өзгертіп жіберді.  

                                   ***

Екі ұлы ғұламаның кездесуін мен өз басым тағдырдың ісі деп ұғамын.  Жұмыр басты пенденің жарық дүниеге келгеннен, жер қойнына енгенше  қасынан бір елі қалмайтын серігі бар. Ол –тағдыр. Адам баласының бағының жануы мен қайғы-қасіретке белшесінен батуы, сара жолды таңдауы немесе өмір орманында адасуының бәрі де осы тағдырдың  жұмса жұдырығында, ашса алақанында.  Талант  Алланың  сыйы дегенімізбен, ақындық  сол Құдайдың  қалауымен  – адамның маңдайына жазылған тағдыры болса керек.  

Шығыстың ұлы перзенті Румиді ақын еткен де - тағдырдың құдіреті болатын. Егер ол өмір сапарында Шәмсаддинді жолықтырмағанда Руми есімді ұлы ақынның тарихта болмауы, оның жалындаған жанынан тамаша туындылардың тумауы да әбден ықтимал  еді.   

Екі кемеңгерді тағдыр жолықтырған оқиға 1244 жылдың 26 қарашасында болды. Сол күні Тәбрізде туып-өскен кезбе дәруіш Шәмсаддин Дамаскіден сапарлап келе жатып Коньяға аялдап, қант сатушы саудагердің үйіне аялдайды.  Біраз уақыттан кейін таза ауамен тыныстау үшін сыртқа шығып, шәкірттері мен студенттерінің ортасында қошеметке бөленіп, оған қарай келе жатқан дін қызметшісін алыстан көзі шалады. Адамдардың қарасы өзіне жақындап қалғанда ол шәкірттерінің қошеметіне бөленген Джалаладдинге қарап: «Егер білсең, айтшы маған, Құдайдың құлдарының қайсысы ұлырақ: Мұхаммед пайғамбар ма, әлде Бистамнан шыққан Баязит па?», -  деп күтпеген жерден, оған тосын сауал қояды.   «Әрине, Мұхаммед, өйткені Құранда оның адамдарға жіберілген соңғы пайғамбар екені айтылған», - деген мағынадағы Джалаладдиннің берген жауабына қанағаттанбаған Шәмсаддин: «Ендеше Мұхаммедтің «О, Алла біз сенің шын мәнісінде қандай екеніңді білмейміз деген сөзін қалай түсінеміз? Ал, Баязит болса «Мен даңқтымын. Мен даңқтымын! Менің құдіретім соншалықты ұлы» деп жар салған-тұғын»,- дейді, аспандағы Күнге қарап күлімсіреп.

Данышпанның дүние сырын өзгеше саралап, басқаша таразылайтын терең танымы Джалаладдинді таң-тамаша қалдырып, аузын ашып, көзін жұмғызады.  Жасы біразға келіп қалған дәруіштен  ол басқа ешкімге ұқсамайтын болмысы бөлек жаратылған тұлғаны көреді. Бұрын-соңды Джалаладдин тап осындай ерекше болып туған  адамды жолықтырмапты. Ол еліне сапарлап келген дәруішті  медресенің жанындағы үйіне қонаққа шақырып, сол күннен бастап сыртқы әлемнен қол үзіп, 16 ай бойы Шәмсаддинмен сырласып, ұлағатынан ғибрат алады. Шәмсаддин ілімі ол үшін дүниенің бәрі қамтылған Махаббаттың сәулесіне  айналады. Ұлы достықтың арқасында ол бұрын соңды байқамаған жаңа әлемнің есігін ашып, оның сырын түсінгендей өзгеше көңіл-күйге бөленеді.

Жасы алпысқа таяп қалған Шәмсаддин Тәбрізі  көп адам түсіне бермейтін жұмбақ жан болатын.  Бізге жеткен дереккөздерінде де оның бейнесі ылғи да бір құпиямен тұманданған: ол кенеттен пайда болып, сосын көзге көрінбей аяқ астынан жоғалып кетеді. Көптеген зерттеушілер Шәмсаддиннің ғайып болуы Джалаладдиннің жанын жаралаған трагедиясына айналып, өмірін түбегейлі өзгертіп жібергенін айтады. Ол жөнінде парсы әдебиетінен бізге жеткен аңыздар да көп.

Шәмсаддин Тәбрізі  - тарихи тұлға. Дүниеге көзқарасы календарлық ағайындығына жақын дәруіштің сопылық идеясын насихаттап Таяу Шығыс елдерін кезіп жүргені мәлім. Ол кез-келген салттық және діні ұйғарымдарды жоққа шығарды, адамдарды рухани тазалыққа шақырды және халықтан тамырыңды үзбей, онымен тікелей қарым-қатынаста болу керек екенін  дәріптеді. Дін ілімінің рационализмі мен тәжірибеден қол үзген философияға қарсы шықты, діни өзгешелікті мойындамады және түрлі діндердің арасындағы адамдардың достығын қолдап, кез-келген діннің мәнісі салттық рәсімді сақтауда емес, Аллаға деген шынайы махабатта жататынын уағыздады.

          Шәмсаддиннің идеялары мен көзқарасының дәні құнарлы топыраққа түсіп, өз жемісін бере бастады. Джалаладдиннің дәруіштің іліміне деген шынайы іңкәрлігі күннен күнге арта түсті. Сопымен кездескен күннен бастап ол медреседегі оқуын тастап, шәкірттерінен қол үзіп, үй-ішіндегілермен де сирек араласатын болды. Әрине Джалаладдиннің кенеттен өзгеріп кетуі, көпшіліктің наразылығын туғызды. Олар ашықтан-ашық қорқытуға көшіп, Шәмсаддинің өміріне қастандық та жасай жаздады. Қатты ашуланған надан тобырды тоқтата алмайтынын сезген  Шәмсаддин 1246 жылдың 11 наурызында Коньяны тастап, Дамаскіге кетіп қалды.

Рухани сырласын жоғалтып, жалғыздыққа ұшырап, қапа болған Джалаладдин жанын қоярға жер таппай шарқ ұрып, іздеу салды. Ұстазының  Дамаскіде екенін анықтап біліп, оны елге  қайтару үшін оған шын көңілімен сенетін, ең жақсы көретін  ұлы Сұлтан-Веледті жібереді.  Ол сұрау салып жүріп Шәмсаддинді  тауып алып, екеуі жаяу жүріп Коньяға  оралады.

 Джалаладдиннің шәкірттері Шәмасадиннің оралуын жақтырған жоқ.  Жүректеріндегі дәруішке деген өшпенділіктері  бұрынғыдан бетер күшейіп, оған төнген  қауіп-қатердің бұлты бұрынғыдан бетер қоюлана түсті.

Сүйікті ұстазы, һәм рухани сырласымен қайта қауышқан Джалаладдиннің бақыттан басы айналып, қуанышы қойнына сыймайды. Дүние қайтадан жадырап сала беріп, көңілі шаттыққа кенелді.

Ал, Шәмсаддинге қатты өшіккен дұшпандары қарап жатпай, жүзеге асырғалы жатқан залым істерін ойластырып та қойған болатын.  Шәмсаддинді –өлім, ал, Джалаладдинді  өмірінен де артық сүйген  адамынан айырылу  бақытсыздығы күтіп тұрғанын сол мезгілде екеуі де сезген жоқ. Бір-бірімен сырласып, екі ұлы кемеңгер бірінің танымын екіншісі тереңдетіп, рухани сырласудың шын бақыты мен ләззатына  бөленіп жатты.

 1247 жылы Шәмсаддин аяқ астынан мәңгілікке жоғалып кетті. Бүгінгі күнге жеткен кейбір деректерге жүгінсек, ол  Джалаладдиннің кіші ұлының арандатуымен пышақтап өлтіріліп, мүрдесі құдыққа лақтырылған. Дәруіштің сүйегін Джалладдиннің сүйікті ұлы Сұлтан-Велед іздестіріп тауып, зиратқа апарып жерлейді. Бірақ Шәмсаддиннің өлімі жөніндегі жан түршігерлік оқиғаны ол әкесіне естіртпейді. 

Джалладдин  қайтадан  күйзеліп, қайғыдан қамығып, жанын қоярға жер таппай ұстазын іздеп екі рет Дамаскіге барады. Шәмсаддиннің қайғылы жағдайға ұшырағанын сезген Джалаладдиннің өмір сүргісі келмей, көңілі құлазып, сезімі мұз құрсанады.

Ұлы махабаттың сәулесі мәңгілікке сөнді. Енді өмір сүруде де еш мағына қалмағандай. Жанды жаншыған қасіретті, жүректі жаралаған қайғыны кім емдей алады? Кім?  Адамдар, не деген қатыгезсіңдер. Алланың жерге жіберген елшісіне, дәттерің шыдап, қалай сендердің қолдарың көтерілді? Қалай? Арыстан еді ғой, Шәмсаддин!  Асқар таудан да биік еді ғой - оның рухы!  Телегей теңізден де терең еді ғой- оның танымы! Аспандағы Күннен де мейірімді еді ғой - оның жүрегінің сәулесі.  Асқар тауларыңды шөктіріп, телегей теңіздеріңді суалтып, атқан күндеріңді батырып –армандарыңа жеттіңдер ме, бейшаралар?

 Джалаладдиннің рухани ізашары, әрі сырласын жоқтап, қалай күйзелгені жайында оның ұлы Сұлтан-Веледттің «Валад-наме» поэмасында  шебер  суреттелген жолдар көп.  

Рухани сырласын мәңгі жоғалтқанын сезген үрей Джалаладдиннің ақылынан адастырғандай күйге түсірді. Жұрт енді оны жынданып кете ме деп те шошыды.   Құдай сақтап, қайғы қабырғасына қанша батса да Джалаладдин ақыл-есін жоғалтқан жоқ, бұрынғы қызметіне де қайтып бармады.  Өміріне шуағын шашып, жанын нұрландырған  адамынан  айырылған Джалаладдин оның рухани ізбасары болуға бел буып, біржолта ақындық жолға түсті...

                                                      ***   

Шамасы Джалаладдин бұрын-соңды да поэзияда бағын сынап көрген болуы тиіс. Бірақ Шәмсаддинмен достығы, кенеттен одан айырылып жанының  қиналуы,  ақынның жүрегін оттай жандырып, кемеңгерлік қабілетін оятты. Ол шынайы адамгершілік сезімнің сәулесі төгілген, мағынасы терең, бояуы құлпырған ойлы жырлар жаза бастады. Ақынның «Диванына» енген бұл ғазалдардың көбісіне ол Шәмсі деп те қол қойып, осындай жолмен рухани сырласының мәңгілікке жоғалмағанын, жан әлемінде өмір сүріп жатқанын көрсеткісі келді.

Джалаладдин талантының тағы бір қыры - музыкалық дарыны. Ақынның сыбызғы тартуға ерекше бейімі болды. Шәмсаддин жоғалып кеткеннен кейін ол жалпыға ортақ мінажаттар ұйымдастырып, музыканың ырғағымен осы салт үшін арнайы шығарылған ғазелдерді жырлады. Кейін Джалаладдин бұл салтқа ол үшін Шәмсаддинді іздеу мен сол нәзік үмітінің үзілгенін білдірудің көрінісі болып табылатын биді де енгізді. Мұндай зікір салулар сама деген атқа ие болды. Сопылар қауымының күнделікті тәжірибесінде ол Руми саманы өзінің ағайындығына енгізгенге дейін де бар-тұғын.  Сопылар музыка құдіретінің адамдардың сезімі мен көңіл-күйін қалай баурай алатынын жақсы түсінді. Джалаладдин Коньядағы дәруіштердің жалпы жиындарының салтына бірінші рет музыка мен биді енгізді және тұңғыш рет оны медреседе қолданды. Румидің қуанышқа толы көңіл күйінің жемісі іспетті поэтикалық мұрасы оның зікір салу барысында дүниеге келген шығармалары болып табылатынын да айта кеткен ләзім.    

Зікір салу салты ағайындықта бірте-бірте қалыптасты да Румидің әулеті Пир Адиле Челеби (1460 жылы дүние салған) кезінде заңдастырылды. Зікір салу тұрақты режиссурасы мен сценарийі, кезектесіп келетін әнмен сүйемелденетін билердің ырғағы бар өзінше бір театрландырылған көрініске айналды. Егжей-тегжейлі дайындалған бұл күрделі рәсімде ұйымдастырушылардың өздерімен бірге көрермендер де жаппай желігу мен еліруге түсіп, өзін-өзі билей алмай жатты. Батыс Еуропада мұндай зікір салушылықты қолданған «Мавлави» ағайындығы «дөңгеленген дәруіштердің ордені» деп аталды.

Джалаладдинге оның көңілін шабыттандыратын, жан досын еске салатын адамсыз өмір сүру қиынға соқты. Сондықтан да ол 1249 жылы Шәмсаддиннің басқа бір адамның, атап айтсақ, Коньядан шыққан өз ісінің алтын шебері Салахаддин Фаридун Заркубаның шәкірті бейнесінде өмірге қайтып оралғанын жалпақ жұртқа жариялады.  Сөйтіп, еш білімі жоқ, сыпайы, әрі сүйкімді жас жігітті ол аға шәкірті, яғни, өзінің орынбасары (халифа) етіп тағайындады. Бұл оқиға шәкірттерінің нарызылығын туғызып, оны өлтіруге астыртын әрекет те ойластырыла  бастады. Олардың зымиян әрекеттерін сезіп қалған  Джалаладдин егер де Фариддунға қандай да бір зұлымдық жасалса, Коньяны мәңгілікке тастап кететінін ескертіп, тұтанып бара жатқан жанжалды тоқтатты. 1258 жылдың 29 желтоқсанында Салахаддин кенеттен қайтыс болды. Жаны жабырқап, қайтадан қайғының теңізіне батқан ақын жүрегінен мұңлы жырлар төгілді.  «Күн ұясына батты, ай көтерілді, оны да бұлттар жауып тастады» деп жазды ол сол жылдары туған бір өлеңінде.  Ақынның бұл атақты жыры «бірақ жұлдыз туды» деп аяқталады. Джалаладдин сәуегейлік танытып болжаған жұлдыз Хусамаддин Хасан еді. Ол ақынның нағыз досы мен көмекшісіне айналды. Парсы әдебиеті алты бөлімнен тұратын «Мәснави» поэмасының дүниеге келгені үшін ең алдымен осы адамға қарыздар. Шәкірттерінің атынан өтініш жасап ол Джалаладдинді атақты  поэманы жазуға көндірді. Көлеңкесі сияқты артынан қалмай,  аузынан шыққан сөздерінің бәрін қағазға түсіріп отырды. «Мәснави» поэмасын Руми  1258 жылы бастап, бірінші бөлімін 1261 жылы аяқтады.

Аяқ астынан әйелі дүние салып, ақын екі жылдай поэманы жазудан қол үзіп қалды. 1263 жылы жұмыс қайтадан жалғасын тауып, ол күні-түні еңбектенді. Соңғы 6 дәптерді 1270 жылы аяқтады. Бұл үлкен туындысын жазуға ақынның 12 жыл өмірі кетті. Қайтыс боларының алдында ақын поэмасын қайта қарап шығып, көп жерлерін түзетті. Ұлы мен Хусамаддин кезектесіп оған поэманы оқып беріп, ақын кейбір түсініксіз тұстарды өңдеді.  

Шығыстың ұлы шайыры Руми артына мол мұра қалдырды. Шайырдың өмірбаянын зерттеушілердің айтуынша 26 640 бәйіттен тұратын атақты поэмасынан бөлек (белгілі ағылшын шығыстанушысы Р.Никольсонның жариялағысы келген сегіз томнан тұратын ғылымы басылымы 25 632 бәйіттен тұрады) бізге жеткен біраз мұрасы бар. Атап айтсақ олар: 1) «Диван және Шәмс» («Шәмсаддиннің өлеңдер жинағы»). Руми шығармашылығының білгірі ирандық Бади аз-Заман Фарузанфардың арқасында 1957-1963 жылдары Теһранда жарық көрген сегіз томнан тұратын жинақта 60 мың өлең жолдары бар. 2) Ұлы жазып алған үш томды құрайтын прозалық шығармалары. Бұл туындылар да әр жылдары Теһран мен Стамбулда жарық көрді.

Джалаладдин Руми 1273 жылдың 17 желтоқсанында Коньяда қайтыс болып, Алладдин Кайкуба І-дің кезінде салынған мазардағы әкесінің жанына жерленді.

                                  ***

Жарық дүниеге келген пенде баласының бәрі де өзі өмір сүрген дәуірдің перзенті болғандықтан сол заманда қалыптасқан танымды рухани азық етеді.  Сондықтан да айдарынын жел есіп тұрмаған уақытта өмір сүрген  Румидің діни идеология үстемдік еткен кезеңде шығармашылықпен айналысқанын естен шығармаған абзал. Орта ғасырдағы сондай дүниетанымдардың бір түрі мұсылмандық мистицизм- суфизм  (сопылық) болды.

Джалладдин Руми сопылық поэзияның атасы, ал, шайырдың «Мәснави» поэмасы оның шыңы болып саналады. Сопылық дүниетанымның өмірге қалай келгенін және оның қалай дамығанын білмей жатып шайыр шығармашылығына терең үңіліп, тұңғиығына бойлай алмайтынымыз да ақиқат.  Сол себептен де бұл жөнінде жазған ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, осы бір күрмеуі күрделі ағымның тарихымен таныстырып, шамамыз жеткенше оның түйінін тарқатып беруді оқырман алдындағы парызымыз санадық.

Бүкіл мұсылман елдеріне тарап, Испания, Сицилия мен Балқанға дейін жеткен құрылымы күрделі, көп қырлы бұл ағым жөнінде әлі күнге ғылымда бірыңғай көзқарас жоқ. Біздің білетініміз өз дамуының алғашқы кезеңінде сопылық (VІІІ – ІХ ғасырдың ортасы) тақуалықтан іргесін аулақ салып, дербес діни-философиялық-этикалық ғылымға айналды. Әсіресе, бұл ерекшелік сопылық ағымының дамуының екінші және одан кейінгі кезеңдерінің  (Х-ХІ мен ХІ –ХІV ғасырдың аяғы) еншісіне тиесілі. Бұл мезгілде сопылық ежелгі идеалистік мистикалық философия мен христиандық теологияны жергілікті ғибадаттық дәстүрмен үйлестіре отырып, оны бойына сіңіріп, өзіне икемдеп алды. Сондықтан сопылық дегенімізде оны бір ғана емес, барлығын да бір үлкен мақсат біріктірген   бірнеше ағымдар мен мектептің құйындысы  ретінде қабылдау қажет. Олардың көздеген мақсаттарына жетуінің тәсілдері де әр түрлі болды (психотренинг, дене жаттығулары).  Басқаша айтқанда сопылық дегеніміз – ислам шеңберіндегі ерекше діни-философиялық дүниетаным. Ағымның өкілдері өзін өзі ұмыту мен жүректегі махаббат арқылы, құдайды іздеген  пендеге шуағын шашатын ішкі нұрлану жолымен адамның  ұлы Жаратушымен рухани сырласа алатынына кәміл сенді. Орта ғасырда мұндай ағымдар көп болғандықтан, мистика сол кездегі  ірі діни жүйелердің (иудаизм, христиандық, буддизм, индуизм) бәріне еніп кетті.

Мұсылман сопыларының мақсаты – мистикалық жолмен құдайды тану.  Осындай діни идеалға олар өздерінің барлық пейілдері мен мінез-құлықтарын бағындырды. Ал, мистикалық «жол» тұжырымының идеясы  адамның ізгілікті тұрғыдан тазаруы мен кемелденуіне негізделген.   Ресми дін басыларының ашық қарсылығына ұшырағанына қарамастан сопылық идеясы әлемдегі  мұсылман елдерінің бәріне тез тарап, тамырын тереңге жіберді. Аталған  идеялар исламның қатқыл  рационализмін жұмсартып, белгілі бір дәрежеде оған руханилық та алып келді, адам және оның қоғам мен табиғаттағы орнын басқаша саралауға жол ашты. Осыған орай көптеген зерттеушілер сопылықтан тек діни философияны ғана емес, сондай-ақ, исламның бұқаралық дінін көруге бейім тұрады. Ел арасына тараған сондай, кеңінен тараған бағыттардың бірі «бірыңғай болмыс» пен «бірыңғай мән» (вахдат ал-вуджуд) тұжырымына негізделген бағыт. Аталған бағыттың   философиялық зерттемесінің түйінін жасап берген адам, өмір бойы Таяу Шығыстағы араб елдерінде өмір сүрген Джалаладдин Румидің ізашары - Андалузиядан шыққан мистик Ибн әл-Араби.

Негізінде бұл ағымның пантеизмнің*  емес, «мистикалық монизмнің»** теософиялық***тұжырымы болып табылатыны тайға таңба басқандай көрініп тұр. Өйткені, пантеизм құдайлықтың табиғатта, табиғаттың құдайлықта ажырымай өмір сүретінін мойындайды. Ал, Ибн әл-Арабиде болса жаратушы бірыңғай мағыналық жоғары шындық ретінде екі түрлі қырынан түсіндіріледі: анықталуы мүмкін емес және көптікке жол бермейтін жасырын, білінбейтін және танылмайтын үлгіде (батин), сонан-соң  осы шындық өзі секілді етіп жаратқан әр алуандығымен, сондай-ақ мәнінің көптігімен көрініс тапқан (захир) үлгісінде. Яғни, егер де Алла әлемді өзінің қалауы бойынша жаратқан дербес жаратушы болса, құдай мен табиғаттың бір  бірінде өмір сүруі мүмкін емес, құдай мүлде танылмайтын, адам санасынан жоғары тұрған, ал табиғат пенде баласының көз алдындағы құбылыс. Бұндай зияткерлік сопылық - идеалистік теорияның негізі болып саналады.  

Зияткерліктен басқа, негізі екі мектептен тұратын, көптеген ағымдар мен бағыттар ұсынған «тәжірибелік» сопылық та бар.   Олардың екі мектебі де құдаймен байланысу мүмкіндігі идеясын дамытты. Біріншілері қуанышты күйдегі еліру жағдайында, тереңдетілген медитация мен құдайдың атын қайталау нәтижесінің көмегімен адамның жаны жаратушымен байланыса алатынына шәк келтірген жоқ.  Сонымен бірге олар  жанның қас-қағым сәтке сыртқы әлеммен байланысы үзілгенімен, ол өзінің түп негізінің сапасын жоғалтпайтынына иланды. Екінші мектеп болса, жан осындай сәтте жаратушылықпен тұтасып онымен теңеседі, өзінің дербес белгілерін ғана емес, сондай-ақ, түп негізінен айырылып, құдайлық мәнге ие болады деп есептеді.  Өзінің қуанышты күйіне парасат биігінен қарай алған және оны бақылай алған бірінші мектеп «парасаттылық» мектебі деген атқа ие болды. Өмірге деген көзқарастарында ауытқушылық жоқ адамдар да оны  мойындады. Ал,  «мастану» мен «қуаныш күйінің шаттығы» аталған екінші мектеп дін басыларының қатты наразылығын туғызып, олардың өкілдерін дінбұзарларғы үшін айыптады.

Кедейлер мен қаланың орташа топтары: шағын саудагерлер, орташа көпестер, қолөнершілер, кіші-гірім шенеуніктер, төменгі дәрежелі дін адамдары, студенттер сопылықтың әлеуметтік арқауы

* құдаймен табиғатты қатар қоятын діни философиялық ағым

**дүниенің негізінде бір ғана бастама бар деп танитын философиялық бағыт

***ана дүниемен» қатынасудың мүмкіншілігі туралы; жоқты-барға сенушілікті қуаттайтын діни-мистикалық ілім

болып қызмет етті. Сопылық қауымның қолөнершілер және көпестік бірлестіктермен тығыз қарым-қатынаста болуы оларға көпшіліктің материалдық қолдауына ие болып, әлеуметтік тірек табуын қамтамасыз етті. Осылайша сопылық кедейлер және орташа топтардың идеологиясына айналды. Сондықтан да халықтың басым бөлігінің қолдауына қол жеткізген бұл ағым ресми билікке қарсы оппозицияда болды.

Көптеген ағайындықтар мен қауымдар билікпен қандай да бір қарым-қатынас ұстаудан бас тартуды  өздерінің парызы санады. ХІІ-ХІV ғасырлардағы Кіші Азиядағы, Иран мен Мауреннахрдағы көтерілістердің көбісіне сопылар жетекшілік жасады. Ал, Джалаладдин өмір сүрген және шығармашылықпен айналысқан замандағы Рум сұлтанатындағы мистикалық қозғалыстың жай-жапсарына келсек,  қалалық топтардың кең қолдауын иеленген және қолөнершілердің құпия кәсіби бірлестіктерімен (футувва) байланыс ұстаған сопылықтың   феодалдыққа қарсы көңіл-күйге берілген, ықпалды діни қозғалыс болғанын толық сеніммен айта аламыз. Алайда, ХVІ ғасырға дейін сопылық кертарпта  діни ағымға айнала қойған жоқ.

                                ***

Дүние жаратылғаннан бері адам баласы Мәңгіліктің сырын зерттеп - Құдай мен Ақиқатты іздеумен келеді. Ақиқат пен Құдай  пенде түгіл, пайғамбарлық зерденің де түсіндіріп бере алмайтын құдіреті екенін біле тұрсақ та, сол бір тылсым құбылыстың құпиясын танығымыз келген ынтызарлығымыз, адамдық санамыз оянған күннен бері толастаған емес.  

Бір ғажабы, Құдайды іздеген сайын адам баласы өз болмысын  тереңірек танып,  Алланың жұмбағы бұрынғыдан да бетер күрделене түсті.    

Бір ғажабы, Ақиқатты іздеген сайын адам баласының ашқан шындығы көбейіп, Ақиқаттың ауылы күннен-күнге бізден алыстап барады.  

Екі ұлы жұмбақтың сырын іздеп, ашқарақ сезімін қанағаттандыра алмаған саналы тіршілік иесінің  Ақиқат пен Құдайлық сәулені сағынып, ақын жырларына үңілетін себебі де сондықтан болса керек.  Өйткені, жазған жырлары Алланың қазынасы болып табылатын ақындар  бізден гөрі Ақиқат пен Құдайға бір табан жақын тұр.

Мүмкін, содан ба екен, Руми жырларын оқығанымда  ақылым жетпей жүрген Ақиқаттың елесін  көріп, Құдайдың рухани дидарын сезгендей ерекше бір көңіл-күйдің құшағында балқығаным, адамзат баласының бәрін де сүюге құдіреті жететін Алланың махаббатына бөленгендей шаттанғаным да, сондықтан ба екен.  

«Махаббат үшін бәріне де тәуекел ет» - дейді шайыр. Өйткені, өмірдің мәні – махаббатта. Ұлы ақын Аллаға берілген шынайы махаббаты арқылы өмір бойы Құдайлық мәнді іздеді.  

Руми өз ұлтының әдебиетіне шеберлік пен сұлулықтың үлгісі болып қалған, сымбаты бөлек поэтикалық стиль қалыптастырып кеткен – парсы поэзиясының пайғамбары.  Әрине, шайыр тақыр жерге өсіп шыққан бәйтерек емес. Поэзия әлемінің алып шыңына көтеріле отырып, ол Санаи мен Аттардың жырларынан тағылым алғанын жасырмайды.  «Аттар – бұл менің жаным, ал, Санаи болса - менің рухани жанарым», -дейді ол бір жырында, ұстаздарына деген шексіз сүйіспеншілігін жасыра алмай.    

Бір қызығы жұрттың бәрі де мойындаған кемеңгер бола тұра Руми өзін ақындардың да, философтардың да, даналардың да қатарына жатқызған жоқ.  Жүрегінен туған жырлары арқылы ол өмір бойы Құдайға берілген  махаббатын дәлелдеуді өмірлік мұратына айналдырды.   

Румидің түсінігінде адам баласы Жаратушысын тану үшін үнемі өзінің материалдық бағыныштылығынан биік болуға ұмтылып келеді. Адам тек тән мен жанның ғана құйындысы емес. Тәннің, жанның, сана-сезімнің және жиі-жиі оған Құдайдың сәулесі түсіп тұратын «нәзік рухтан»  жаратылған құбылыс. Бастапқы  үшеуі адам баласының бәрінің де бойында бар қасиет болғанымен, соңғысы, тек пайғамбарлар мен «Құдайдың назары түскендердің» ғана еншісіне бұйырған құзірет.

Руми Алланың қалаулыларын «Құдайдың қырандарына» теңейді. Ұлы Жаратушы адамдардың есіне Құдайдың заңдарын салып тұру үшін оқтын-оқтын оларды Жерге жіберіп тұрады. Олардың әр қайсысы елі мен жеріне адал қызмет ете жүріп, адам баласына оның рухани тереңдігін қайтарып беріп отырады. Діни міндеттерді ықыласпен орындау адамның Жаратушыға деген - адалдығының көрінісі. Тақуалық іс пен Аллаға құлшылықты Руми ерекше бағалайды.  

Румидің пікірінше, адамның Құдайлық мәнге мистикалық жолмен құйылып кетуі (Фана) шексіз. Күннің көз шағылыстыратын нұрына қарамастан, шырақтың жалыны өзінің маздауын тоқтатпайтынындай мистик те Құдай бар кезде өзінің даралық қасиетін жоғалтпайды. Жан түсінігі Румидің ұғымында -  Құдай патшалығындағы адамның ой санасы.  

«Сенің бейнеңнің сәулесі, басқалар көрмейтін жүрек соғысындай – менің жанымның жарқылы. Сенің сұлулығың арқылы  – махабаттан тағылым алдым. Сенің аузың менің жырымды туғызып жатқан». (Аудармамның нашарлығы үшін оқушымнан кешірім сұраймын).

Адамға қажетті рухани байлықтың бәрі де жүрегіміз сезгенмен, мағынасын аша алмай жатқан күрделі ұғымдардың астарында жасырынған. Осыны терең түсінген Румидің нәзік жанынан Алланың нұрындай шалқыған таңғажайып жырлардың тасқыны төгілді.  

Румидің Тәңірлік сұлулықты тануға ұмтылған құлшынысы шайырдың Шәмсаддин Тәбрізіге берілген шексіз махаббатында айрықша көрініс тапты. Дж.Ходжсонның атап өткеніндей, «Шәмсаддин Тәбрізіге табынуы арқылы Руми өзінің Құдайға деген шынайы махаббатын тапты».  Ал, Шәмсаддин шексіз махабаттың Ұлы Жаратушыға апаратын дұрыс жол және ол туралы нағыз ілім болып табылатынын өсиет етіп кеткен болатын. Сондықтан да оны жұрт «Махабаттың әміршісі» деп атаған.  

Ақиқат дегеніміз адам табиғатында жасырынған - Алланың жұмбағы. Ол жұмбақтың сырын  тек махаббат арқылы ғана түсіне аламыз. Басқа ешкім де дәл Руми сияқты мистикалық ғибадаттың тереңде жасырынған жұмбағын аша алған жоқ.

Адам баласының Жаратушыға құлшылық еткен әр ғибадаты жұмақ бағына апаратын  - Алланың игілігі. Жан әлеміндегі рухани көзі  ашылған күні адам бүкіл әлемнің Алланың сыйы екенін  түсінеді.  Дүние жалғанның қызығын қуып ұзақ жылдар бойы сенің адасуың мүмкін, бірақ, Құдайдың назары түскен күні сен жүректің қазынасы болып табылатын нағыз махабаттың мекенін табасың. Ошо айтпақшы, махаббат сенің адамдық табиғатыңды өзіңе қайтарып береді. Ол саған ұлы қуаныш және оны мәңгілік ету бақытын сыйлайды.

Руми поэзиясын оқығанда теңіздің тұзды суындай  сол махабаттың дәмін сезесің. Ақын сөздің сыртқы әсемдігіне  аса қызықпайды, ол үшін сөз құдайлық мәнге ие болған махаббатын жеткізудің құралы ғана.  Ақын қурайдан жасалған сыбызғының әуенімен үйлесім тапқан тілдің тұтас бір теориясын да ойлап шығарды. Өлең ол тек қана сөздік және мағыналық жарасым ғана емес. Музыкалық та үйлесім. Нағыз поэзияны адамның жанында ойнаған  әуен туғызады.

Руми шығармаларының стильі де ерекше болып келеді. Ақын шығармашылық процесі барысында өлеңдерін әндетіп оқып,  ізбасарлары оның шығарған жырларын музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен әндетіп айтуға тиіс болыпты.  Ел арасында кеңінен тараған бір аңызда Румидің өз одаларын билеп жүріп шығарғаны айтылады. Осыған орай Румидің сүйікті шәкірті Салахаддин Заркубамен тұңғыш рет кездескендегі болған оқиға есімізге түсіп отырғаны.  

Бір күні Руми көшеде келе жатып Салахаддиннің үйінің қасынан өте беріп, бойындағы сезімін тежей алмай, оның балғасының тықылына қарап қимыл жасай бастайды. Сол күннен бастап өлең шығарарда оған қандай да бір әуен іздеуді ол дағды қылады. Ақын жырларының сезім ырғағы көп жағдайда дәстүрлік классикалық парсылық өлшемге сәйкес келе бермейді.

Руми махаббат тақырыбын жеріне жеткізіп жырлаған ақын. Ақынның махаббат құдіретімен нұрланған жырларын оқығанда жаның тазарып, рухың биіктей түседі, Алланың мейірімін сезгендей боласың. Біз оны адамдарға адал қызмет етіп,  Аллаға жан-тәнімен берілген ақын болғаны үшін ерекше құрметтейміз.  

                                          ***

Әрине, Руми жайлы сөз болған соң, ақынның атақты шығармасы «Мәснави» поэмасына тоқталмай кете алмаймыз. Ауқымы жағынан  Фирдоусидің «Шах-наме» дастанымен теңесе алмағанымен,  Гомердің «Иллиада» және «Одиссея» поэмаларын қосқандағы көлеміне пара-пар, Дантенің «Құдайлық коммедиясынан» екі есе үлкен туынды ол.

Ақын шығармасының қалай өмірге келгені жайлы бүгінге күнге жеткен мынандай бір аңыз бар.

Джалаладдиннің шәкірттерінің көңіл-күйлері мен ойларынан жақсы хабардар Хусаммадин бір күні сәтін тауып ұстазына былай дейді: «Аса құрметті мырзамыз, сіз өз шәкірттеріңізге дәріс пен сұхбат барысындағы әңгімелеріңіздегі айтылатын ойларыңызды жинақтап, Санаи мен Аттардың поэмаларындай туынды жаза алар ма едіңіз? Сіздің ғазелдеріңізде ол бар, алайда, мистикалық жолдың ережелері рет-ретімен бір кітапта баяндалса нұр үстіне нұр болар еді». Ақын сол сәтте қоржынан қағаз алып, өз қолымен «Мәснавидің» 18 бейітін бір демде жазып тастап,  оны Хусамаддиннің қолына ұстатыпты.  Шығыстың ұлы шайырының атақты туындысындағы  «Сыбызғының әні» деп аталатын кіріспесі осылай жазылған екен.  Әрине, бұл әңгіме сол дәуірден  жеткен аңыз болғанымен, шындыққа бір табан жақын. Өйткені, Руми поэмасының жазылу тарихын баяндайтын деректердің бәрінде де осы  әңгіме айтылады.

«Мәснави» - ақын шығармашылығының ең ұлы шыңы. Бұл шығармаға «парсы тілінде жазылған Құран» ретінде баға берілгеннен бері «Мавлави» бауырластығының мүшелері мен оның ілімін қолдаушылар оған тамсанып, мадақтаумен келеді. Сопылық ілімге мойынсұнғандардың  ішінде талай-талай талантты туындыларды өмірге әкелген ақындар аз емес. Бірақ солардың ешқайсысы да Румидің «Мәснави» поэмасындай кеңінен тарап, жан-жақты зерттеліп, түрлі пікірлер туғыза алған жоқ. Қолжазба күйінде ғана бұл поэманың 500-ге жуық данасы бізде жетті.  Мағынасы терең, тағылымы мол поэманың даралық табиғатын егжей-тегжейлі талдаған ғылыми еңбектердің бәріне тоқталатын болсақ,  әңгімеміз бүгін бітпейді.  Сондықтан да біз Румидің «Мәснави» поэмасын жан-жақты зерттеген еңбектерге шолу жасамай-ақ, белгілі ғалым Олег Феодорович Акумишкиннің ғылыми еңбегіне сүйене отырып, шамамыз жеткенше бұл туындының ерекшелігін оқырманға қысқаша түсіндіріп беруге  тырысып көрейік. 

«Мәснави» поэмасын оқығанда ақынның табиғи зердесі мен білімінің тереңдігі таң қалдырады. Поэмасындағы әңгімелерге сюжет табу үшін ақын жүзден астам шығармаларға үңілген. Мысалы, асыраушы-шыбын жайлы сюжетті ХІ ғасырда өмір сүрген араб ақыны сатирасынан алған. Ақын бұл шығармасын қолмен жазған жоқ, көңіл-күйі тасып, шабыты қозған уақытта ауызша шығарды. Сондықтан да поэмадан шығармашылық өнердегі суырып-салмалықтың ықпалы айқын байқалады. «Мәснави» поэмасының құрылымы да күрделі. Әдебиеттегі ізашарлары Санаи мен Аттарға еліктеп. Руми өз шығармасын аңыз бен тағылымдық әңгімелер түріндегі дидактикалық формада жазды. Сонымен қатар «Мәснави» поэмасын жазған шайырдың шәкірттерінің мұсылмандық мистицизмге қатысты өтінішін қанағаттандырып, әлеуметтік тапсырысты орындағанын да ұмытпаған абзал. Сол себептен де ол өз шығармасында мұсылмандық эзотеризмнің іргетасы болып саналатын Құран мен Мұхаммед пайғамбар туралы хадистерге  жиі жүгінді.  Құранды парсы тіліне аудара отырып,  одан 760 рет өлең жолын, хадистен 745  мысал келтірген.  Құрандағы жыр жолдарын аллегориялық жолмен түсіндіре келіп, өзінің хадистерге байланысты түсініктерін дәлелдей түсу мақсатымен оқырманға арнап Құрандағы жекелеген өлеңдер мен пайғамбарлар туралы аңыздардың құпия мағынасын аша түседі.

 «Мәснави» поэмасындағы қандай да бір моральдық-этикалық немесе сопылық ережелердің түсіндірудің жүйесі төмендегідей болып келеді: теза (мистикалық постулат), содан кейін оны дәлелдеу (құраннан өлең немесе хадис), сосын жарқын мысал (аңыз, әңгіме, миниатюралық новелла), сонан соң тұжырым (сентенция немесе уағыз күйінде).

Соңғы жылдары поэмада баяндалған негізгі идеялар мен сопылық доктриналарының бейберекетсіздігі жайлы да әңгіме айтыла бастады.  Еуропа ориенталисі Ю.Баликтің пікіріне сүйенсек, «Мәснави» өзінің құрылымы жағынан Аттардың «Иллахи-наме» («Құдайлық туралы кітап») поэмасын еске түсіретін туынды.  Бұл поэма да шекарасын Румидің өзі белгілеп берген үш дербес бөлімнен тұрады.  Ю.Балдиктің осы айтқандарын дәлделдеу үшін келтіретін дәлелдері мынандай: «Мәснавидің» бірінші бөлімі, Құдай мен Ақиқатты іздеудің жолына түскен адам арылуға тиіс адамның құмарлық сезімдеріне арналған (бірінші дәптердің мазмұны), өйткені, зұлымдық пен жалғандық, Сайтанға елігу көңіл пәстігінің көрінісі (екінші дәптердің мазмұны). Үшінші және төртінші дәптерлер екінші бөлімді құрайды. Ондағы әңгімелердің мағынасын Руми сертін бұзған ғашық пен Мұса пайғамбар туралы әңгімемен түйіндейді. Сайтанды періште алмастыратын бұл бөлімнің негізгі тақырыбы – абсолютті Сана, адамның ақылы мен білімнің қарым-қатынасы. Үшінші бөлімде  (бесінші және алтыншы дәптерлер) бірыңғай мәндік Болмысты дәлелдеп, адамдық болмысты терістейтін тақырып мазмұндалған. Онда абсолюттік Рух пен Ақиқаттың мистикалық тұжырымы түсіндіріледі.

Руми поэмасы халықтың ыстық ықыласына бөленген, даңқы жер жарған  бірегей туындыға айналды. Бұл шығарманың зор табысқа қол жеткізуінің басты себебі ақынның мистикалық теория мен тәжірибені ұштастырғанында ғана емес, күрмеуі күрделі философиялық тұжырымдарды өте қарапайым, ұғынықты тілмен баяндап беріп, оқырман жүрегіне жол таба білуінде. 

Ол поэтикалық ойлау жүйесі ешкімге ұқсамайтын нағыз ақын. Шайыр поэзиясының тілінде әсіре бояулар мен жасанды сұлулық жоқ. Бәрі де қарапайым және бәрі де онда шынайы сезімнің жібімен кестеленген. Ақын жырларының бояуын анық, нәшін айқын етіп жазады.  Дегенмен, «Мәснави» поэмасының өмірге келуі оңай, жазылуы жеңіл болды деп айта алмаймыз.

Поэманы жазу барысында, біресе ақын шаршап-шалдығуды білмей, жүрегінен туған жырлардың тасқынын Хусаммаддинге ауызша айтып шабыт патшалығында шалқыса, енді бірде терең ойын жеткізетін сөз бен оған лайық ұйқас таба алмай айлар бойы шығармашылық тозақтың азабын шегіп, жаны ауырып, қатты қиналды. «Сөздер менің жауым, олар маған бағынбай қойды» деген ақын сөздерін оқығанда нағыз ұлы дүние туғызудың қандай ауыр қасірет екенін жан-тәніңмен түсінгендей боласың.    

«Мәснави» мұсылмандық мистицизмнің нағыз энциклопедиясы. Таяу және Орта Шығыс елдерінің бәрі де оны жатқа оқып, тағылым алды.  Әсіресе, бұл туынды Иранда, Солтүстік Үнді елі, Пәкістан мен Түркияда кеңінен насихатталып, әдебиеттің жаңаша бағытқа бет бұруына себепкер болды. Мысалы, Түркияда ХХ ғасырға дейін Румидің бұл атақты поэмасы сол үшін арнайы салынған аудиторияларда талқыланып, оның мағынасы жалпақ жұртқа насихаталып келгені аян, Ал, мұсылман әлемінің бір бөлігі болып саналатын Шығыс Түркістанда «Накшбанди-ходжаган-и-актаглик» дәруіштерінің ағайындығында ақынның осы поэмасының жеті жүздей бәйітін білу міндет болып саналған.

«Мәснави» сопылардың талай ұрпақтары рухани шөлін қандырған сопылық энциклопедия мен мистикалық идеялардың қайнар бұлағы ғана емес. Өзінің мәнісі терең, тағылымы мол, бояуы құлпырған мысалдарымен ақын өмір сүріп отырған қоғамының бейнесін шебер жеткізген.  Шығарманың өзегі болып табылатын көптеген әңгімелерінің кейіпкерлерін ақын нағыз өмірден алынғандай етіп, соншалықты шынайы және нанымды етіп суреттеген.

Сопыларға арналып қана жазылған бұл поэма жылдар өткеннен кейін барлық қоғамның, ғасырлар өткеннен кейін барша адамзаттың рухани игілігіне айналды. Тоғыз ғасырдан бері талай дүние ескіріп, күресінге лақтырылса да  «Мәснави» поэмасының жұлдызы бұрынғыдан да арайлы болып жарқырап, әлемге шуағын шашып тұр.  

                          ***

Шығыстың ұлы ақыны Румидің өмірі мен шығармашылығы жөніндегі  әңгімеміздің созылып бара жатқанын өзіміз де сезіп отырмыз, қымбатты оқушым. Шайырдың шығармашылық тұлғасын көрсету үшін өмір сүрген дәуірі мен ондағы орын алған  оқиғалар, тіршілік сапарында Шәмсаддинді жолықтыруы мен рухани сырласынан айырылып қайғының отына өртеніп кете жаздап ақындық жолға түсуі т.с.с бәріне тоқталуға мәжбүр болдық.  Оның үстіне Руми сопылық поэзияның көрнекті өкілі болғандықтан, бұл ағымның тарихымен де таныстыра кетуге тура келді.  Бірақ  жүз жерден тырысқанымызбен біз Румидің шығармашылық талантының сырын ашып бердік деп айта алмаймыз.

Немістің ұлы ақыны Гетенің «Фаустында» Жер рухының «Сен өзің танығың келген рухқа теңсің» деп айтатыны бар емес пе еді. Біз өзіміздің танымымыз жеткен жерге дейін ғана Румидің шығармашылығының тереңіне  бойлауға  тырыстық. Мүмкін, біз оны сіз ойлағандай терең тани алмаған да шығармыз. Ең бастысы жазған дүниеміз қазақ оқырманының Руми шығармашылығын тануға деген ықыласын оятып жатса, осы мақаланы жазуға шығындалған уақытымыз бен еңбегіміздің  зая кетпегені.

Шынымды айтсам, мақаланы жазарда Руми туындыларының бағасын бергісі келген мақсатты да көздеген жоқпын.  Өйткені оны Уақыт баяғыда беріп қойған. Ол бағаның аты – Мәңгілік.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5602