Бейсенбі, 16 Шілде 2026
Ақмылтық 245 0 пікір 16 Шілде, 2026 сағат 15:22

Азаматтық қоғамның қазақстандық моделі қандай?

Сурет: eurasia.travel сайтынан алынды.

Қазіргі Қазақстан азаматтық қоғамның іргетасын тезірек қалыптастыру мақсатында жиі‑жиі саяси реформаларға баруда. Оның себебі түсінікті, өйткені, осыған дейінгі отыз жылдан астам үстемдік еткен авторитарлы билік қоғамдық дамудың ретроспективалық, яғни, қазақ тілімен айтсақ – мақсатсыз (үмітсіз) қоғам үлгісін қалыптастырып үлгерген болатын.

Мақсатсыз қоғамда небір сәуегейлік, құрғақ уәделер, алдап‑арбаушылық, діни соқыр сенімдер, әрекетсіздік, қатыгездік пен қорғансыздық, патернализм сияқты келеңсіз құбылыстар қаулап өсетіні – әлімсақтан белгілі жайт. Мәселен, көне заманда дүрілдеп дамыған Хазар мемлекеті де осындай себептермен тарихтан жойылып кеткенін қазір ғалымдар дәлелдеді.

Міне, Қазақстанда тәуелсіздіктен кейін отыз жылға жуықтағанда алғаш рет биліктің алмасуы – еліміздің алдына осындай мәселені көлденеңінен қойды: қазіргі заманда табысты дамушы мемлекеттердің тұрақты дамуының бір ғана жолы бар, ол – азаматтық қоғамды қалыптастыру екенін ескере отырып, оның «қазақстандық моделін» жасап шығу! 

Неге «қазақстандық модель»?

Себебі, азаматтық қоғам тек қана демократиялық принциптерге сүйенгенде пайда болады. Ал, демократия болса – мемлекеттің іргетасын құрайтын халықтың, яғни, көпшіліктің мүддесін алға шығару. Олай болса, өзін «унитарлы мемлекет» деп жариялаған Қазақстанда «мемлекет құраушы ұлт» ретінде Қазақ ұлты Конституцияда айқындалған. Ендеше, біздегі демократиялық құндылықтар да қазақ халқының мәдениетін, тілін, салт‑дәстүрін ескере отырып, өзге диаспоралар мен этностарды қазақтың ұлттық мәдениетіне топтастыра отырып қана жүзеге аса алады. Бұндай даму үрдісі қазіргі әлемдеге барлық унитарлы мемлекеттерге ғана емес, азаматтық һәм авторитарлы қоғамдарға да тән: Жапония,  Қытай, Израиль, Түркия, Польша, Франция, Англия, АҚШ, Ресей және т.т. Сол себепті, біз де – қаласақ та, қаламасақ та – осы жолды таңдауға мәжбүрміз. 

Қазақ қоғамы оған дайын ба? 

Бұл мәселе қазір күрделі сұрақ қатарында тұр. Олай болуының себебі де белгілі, ол – жоғарыда атап өткен «қазақстандық диктатуралық авторитаризмнің» зардабы! Міне, сол кезде біздің ұлттық мінезге небір жат құбылыстар жамалды, кейбірі – «төл болмыс» деп қабылданып, эпидемия сияқты тарала бастады,..

Бірақ, бұл бәрібір мыңдаған жылдар халқымызды небір апатттардан сақтап келген терең мәдени қалыбымызды, түпкілікті салт‑дәстүріміз бен ұлттық тәрбиеміздің негізін жоя алмады. Мысалы, «авторитарлық жағымпаздық» атты қоғамдық кеселді біздің халқымыз еш қабылдай алмай қойды, өйткені, ол қазақ болмысына жат дүние болатын...

(Әрине, оны жақсы «меңгергендер» жеткілікті болды. Олар материалдық тұрғыда табысқа кенелсе де, өздерінің ұлттық негіздерін жоғалтты. Ондайлардың бірқатары билік режимі ауысқанда әрі‑сәрі күйге түскені де рас. Көбі шет елдерге ауып кетті...).

Ендеше, осы фактіден біз қазақ қоғамының салт‑дәстүрі, терең тарихы мен мәдениеті, ұлттық тәрбие жүйесі ежелден қоғамдық даму практикасын бастан өткерген және қазіргі қалыбында да жалпыадамзаттық демократиялық және азаматтық құндылықтарға толық сай екендігін көреміз.

Міне, бүгінде біздің Әділеттілік принципін таңдауымыздың да басты себебі осы болса керек: өйткені, Әділеттілік – демократиялық дамудың шыңы, ең басты ұстанымы! Ал, ол, өз кезегінде, қазақтың Ұлттық болмысының тамыры! 

Енді не істеу керек? 

Біз алдымен, өткеннің «жағымсыз жүгінен» арылу үшін ел басқару принциптеріне бірнеше өзгерісмтер енгіздік. Оның алғашқысы «еститін үкімет» деген қағида болды. Әрине, осы қағиданы енгізе салумен үкіметтің де «құлағы қалқайып» кеткен жоқ – үкімет те өзінің ескі қалыбынан ауытқымауға жанталасты. Өйткені, ел басқару принципінің өзгеруі – басшылықта отырған тұлғалардың да өзгеруін білдірмейді: олар өзінің бұрынғы қалыбында қала беруді қалайды.

Сондықтан, біздегі басқару жүйесінде дуализм пайда болды: «еститін құлақ» ‑ халықтың мүддесіне сай, ал, билік тұтқасынан ажырамаған консерватор шенеунік – авторитаризмнің астыртын қолдаушысы – оған «құлақ керек емес».

Дегенмен, осы принцип енген соң елде азаматтық даму үрдісі біршама қарқын алды. Ол, өз кезегінде, бұрынғы тотальді коррупцияны шектей бастады. Жер‑жерде жергілікті мүдде мен адам құқын қорғайтын белсенді азаматтар шыға бастады. Бұл, өз кезегінде экономикалық және әлеуметтік дамудың мемлекеттік жобаларына да тиімділік тұрғыда әсер ете бастады. Елімізде дамудың жаңа модельдері пайда бола бастады. Қалай дегенмен де, еліміз өзінің «авторитарлық тарихынан» басыбүтін арылуға қарай бет бұрды.

Ол тілдік саясатта, ұлттық тарихты қайта қарауда, адам капиталын жаңа технологиялық дәуірге бейімдеуде көрініс табуда.

Мәселен, авторитаризм – қазақ қоғамын мейлінше басып ұстаса, азаматтық қоғам – қазақ қоғамының сапасын еселеп арттыруға мүдделі екендігін көреміз.

Ол қалай жүзеге асып жатыр? 

Біз, алдымен, сайлау жүйесінде можитарлық және пропорционалдық тәртіпті енгіздік. Әрине, осы бойынша жеке сайлау округтерінде жеке белсенді азаматтар айда болды. Олар әрбір азаматтың, егер ынта‑жігері болса, депутаттыққа өту мүкіндігі бар екеніне көптің көзін жеткізді.

Сонымен бірге, партиялар да ендігі кезде азаматтық қоғамға бет бұрудың қаншалықты тиімді екеніне назар аудара бастады. (Иә, әзірге оның көбі декорациялық сипатта екенін де жасырмау керек). Бірақ, осының өзі қоғамда жалпыазаматтық құндылықтардың дамуына түрткі болатыны белгілі.

Бірақ, можитарлы жүйе көбіне эпизодтық сипатта болатындықтан, оның азаматтық қоғамды дамытуға тигізер әсері стихийлы, кездейсоқ болып келеді. Мұнда шешуші рольді партиялар атқаратыны – дамыған елдердің тәжірибесінде бар. Біз де сол жүйеге осы сайлауда қайтып оралдық... Әрине, кейде бұл тым асығыс шешім болған жоқ па деген де сұрақ көкейге келеді. Өйткені, біз әлі азаматтықтың толық қалыбына келген жоқпыз, оған кедергі келтіретін жүйе де әлі орнынан кеткен жоқ...  Енді, міне, сол жүйе өззгермесе ‑ онда біз әлі де «декорациялық азаматтық» күйде қала береміз. Бізді осы алаңдатады.

Бірақ, бізде бұрыннан да, қазір де «төменнен құрылған партиялық жүйе» болған емес. Мүмкін, бұл біздің ұлттық болмысымыздан туатын шығар. Өйткені, елі мен жерін қорғаумен өткен тарихымызда, халық үнемі жауынгерлік тәртіпке бағынған ғой! Ендеше, бізгі керек схема мынадай болуы мүмкін: Ұлттық мүдде үшін ерлікке баруға даяр, кемеңгер Басшы, Ұлт үшін жанпидаға даяр Батырлар легі, елі мен жерін жерұйыққа айналдырғысы келетін, табиғаты түзу, ынталы, ақылды, еңбекқор халқы.

Мінеки, біздегі «далалық демократияның» ең басты мазмұны осында. «Елін сүйген Ер болса, Елі оны көкке көтереді, Ерін сүйген Ел болса – Ері ол үшін жанын береді! Бұл – біздегі азаматтық қоғамның жалпы ғана емес, жалқы моделі болып табылады! Бұл ереже бәрімізге ортақ!

Әбдірашит Бәкірұлы, философ‑публицист

Abai kz

0 пікір