Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 5948 0 пікір 1 Шілде, 2016 сағат 14:25

CАҒЫНТАЕВТІҢ ЫРЖЫҢЫНАН МЫРЗАХМЕТОВ САҚ БОЛСЫН!

Бүгінде ел арасында Жер комиссиясының экс-басшысы Бақытжан Сағынтаев жайлы әртүрлі әңгімелер гулеп тұр. Біреулер «Сағынтаев басқарған бір ай бедерінде жер комиссиясы едәуір қызмет атқарды» десе, енді біреулері бұған кереғар пікірлер айтуда. Қандай жағдай болмасын, бір шындықты мойындауымыз керек. Бақытжан Сағынтаев жер комиссиясының тізгінін ұстаған кезде әр алуан ащы пікірлердің ашық айтылуына мұрындық бола білді. Тек, Алматы облысындағы Байсеркеагро» агрокешеніндегі Сағынтаевтің «күлкісін» халық қалай бағамдарын білмей, дал болып отыр.

Неге екені белгісіз, Сағынтаевтің осы бір түсініксіз күлкісін әншейінде түймедейді түйедей ететін журналистер қауымы «ұмыт қалдырды». Халық «жерім» деп зар еңіреп отырған кезде үлкен лауазымдағы шендінің комиссия төрағалығын ыржалаңдап отырып, Асқар Мырзахметовке тапсыруының астарында не жатыр?

Сағынтаевті күлкіге кенелткен сәтті бір еске түсіріп алайық.

Мұхтар Тайжан:

– Мен сөзімді алдымен қарапайым процессуальді мәселелерден бастасам деп едім. Комиссияның жұмысы жүйелі түрде өтуі керек деп ойлаймын. Мысалы, соңғы екі аптада «жиналыс бола ма, болмай ма» деп телефонның алдында отырып күттік.

Бақытжан Сағынтаев:

– Мен комиссияның төрағасы ретінде бірден жауап берейін. Өкінішке орай ангенамен сөйлеуге шамам болмай қалды.Сол себептен жиналыс өтпей қалды. Қазақша айтқанда тамағыма суық тиіп қалды.

Мұхтар Тайжан:

– Меніңше бір жоспар сызуымыз керек. «Осы аптада мына облысқа, келесі аптада ана облысқа барамыз» деп. Сонда біз өзіміздің шаруаларды да жоспарлап отырар едік. Бұл – бір. Екіншіден, прессадан оқып жатырмыз. Сіз комиссиядан кетесіз бе, жоқ па?

Бақытжан Сағынтаев:

– Бұл мәселені жиналыстың соңынан айтайын деп отыр едім. Өздеріңіз білесіздер, Елбасының жарлығымен Асқар Исабекұлы Ауылшаруашылығы министрі қызметімен қоса Премьер-министрдің орынбасары лауазымына да тағайындалды. Негізгі жұмысы ауыл шаруашылығының кураторы болады. Келесі жиналыстан бастап, төрағалық қызмет Асқар Мырзахметовтің қолына өтеді. Мен бүгін сіздермен бірге соңғы рет жұмыс жасап отырмын. Бір айдың ішінде бес кездесу өткіздік. Жаман жұмыс істеген жоқпыз деп ойлаймын. Екі өңірге шықтық, үш жиналыс Астанада өтті. Асқар Мырзахметов жұмысты бұдан да ары дамытып, оң шешімдерге жеткізеді деп тілек білдіремін.

Мұхтар Тайжан:

– Менің ойым, өтінішім, ұсынысым деп айтсам да болады. Комиссияның жұмысын бірге бастадық па, бірге аяқтайық. Өйткені, мынандай өзгеріс...

Бақытжан Сағынтаев:

– Асқар Исабекұлына сенімсіздік көрсетіп отырсыз ба (күледі)?


Мұхтар Тайжан:

– Жоқ, мәселе онда емес. Мәселе комиссия жұмысты қалай бастаса, аяғына дейін бірге барайық деген ниетте ғана. Сіздер осы Үкіметтің мүшесіздер. Мен Асқар Мырзахметов мырзаны бұрыннан білемін. Сыйлаймын. Өз басым сенемін. Бірақ, менің ұсыным бойынша комиссия жұмысты бірге бастады ма, аяғына дейін бірге болайық. Бұл - менің  ойым. Әрине, Үкіметтің өз ойы бар шығар. Біз Асқар Мырзахметовпен де жұмыс жасауға дайынбыз. Жұмыстан кетпей, аяғына дейін жеткізейік.

Бақытжан Сағынтаев:

– Жылап қоштасатын түріміз бар ғой (тағы да күлкі).




(толығымен видеодан тамашалаңыз)

Әрине, өздеріңіз көріп отырғандай Мұхтар Құл-Мұхамед, Жақсылық Үшкемпіровтерге «езу тартпа» дей алмаймыз. Бірақ, мәселе жердің тағдыры жайлы болып жатқан кезде шенділердің «ыржалақтап» отыруы – жарамсыз іс. Ал, ол шенділерді «қытықтап» отырған комиссияның төрағасы Сағынтаевтің өзі.

Мұндай әртістік неге керек бола қалды? Бізге әзірше түсініксіз болып отырғаны осы ғана.

Бүкіл халық «Комиссияның отырысы неге болмай қалды?» жауап таппай жатқан кезде Сағынтаевтің тамағына суық тиіп жатыпты. Ендеше, сол тұста комиссия төрағасының ауырып қалғаны неге алдын-ала ескертілмеді? Оның орнын басып, жиналысты өткізетін бір адамның табылмағаны ма?

Біріншіден, «ангена» біздің ойымызша жиналыстың өтпей қалуына себеп емес. Екіншіден, халық «Сағынтаев не себепті комиссиядан кетіп жатыр?» деп абдырап отырғанда оның "Мына түрімізбен біз жылап қоштастатын сияқтымыз" деп ыржалақтағаны тым сөлекет көрінді. Жердің мәселесін қылжақтап, ортаға қыстырма сөз араластырып отырып талқылау көңілге аса қонбайды, Сағынтаев мырза. Комиссия мүшелерімен "жылып қоштастатын болдық" деп жүріп, ертең ата бабаңыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған жерлен, байтақ даладан зар еңіреп қоштасып жүрмеңіз. Бұны да қаперіңізде сақтаңыз!

Түйін

Біз бұл мәселені неге енді ғана жазып отырмыз?  Ертеңгі Қызылордада өтетін жиналысты Асқар Мырзахметов басқарады.  Сағынтаевтің түсініксіз күлкісі Асекеңе сабақ болса дейміз. Қазақ жер үшін жанын беруге дайын отыр. Ал, Үкімет комиссияның төрағаларын ары-бері «төңкерістіруден»  арыға бара алмай жатыр. Осындай кезде бос әңгіме мен күлкіге орын берілмей, нақты жұмыстар атқарылса деп тілейміз.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562