Сенбі, 23 Қараша 2024
Туған жерге туың тік! 20545 0 пікір 21 Шілде, 2017 сағат 09:15

Туған жер. Таудың киесі арқар

«...Арқар өрген жер ырыс дарытар киелі мекенге саналып, оны кездестірген адамның жолы болады. Бекет атаның аруағы кейбір адамдарға жылан, аққу, арқар болып Үстірттің төбесінен мұнартып көрінеді» дейді аңыздарда  және ол адамның жолы ашылады екен. Бекет мешіттеріне адамдар шын ниетімен келмесе, я болмаса, күнәлі адамдар келсе, жыландар ысылдап шығып, алдарын кес-кестеп жолатпайды. Атаның аспандағы аруағының иесі – аққулар. Оғыланды мешітінің маңындағы тау-тас арасында арқарлар бар. Адамдар жыландарға да, аққуларға да, арқарларға да тимейді, оларға зақым жасамайды, атпайды, ауламайды. Егер зұлымдық жасалса, оларды Атаның аруағы тегін жібермейді деседі көрген-білгендер. Қазақ арқарды әдетте таудың рухы деп санайды. Ендеше, жақпар тастың өркешіне құламай секіретін, қия құздың өр төсіне оп-оңай орғып шығатын арқар туралы сөз етсек...

Арқардың аталығын – құлжа, қозысын – қозықа деп атайды. Оның еркегінде де, ұрғашысында да мүйізі болады. Құлжасының мүйізі ірі, бұралып иілген, айшықты болып келеді. Ал, аналығынікі нәзік, өте қысқа, бозғылт қоңыр түсті. Олардың жасын мүйізіндегі сақинаға қарап анықтауға болады. 2,5 жаста жыныстық жағынан жетіледі. Қазан-қарашада күйлеп, 6 айдан соң аналығы, көбіне жалғыз қозы табады. Жазда көбейеді, жазда көбіне егіз туады, табиғи жағдайда 12-14 жыл тіршілік етеді.

Олар көбінесе көгалды шоқылардың арасындағы далалы өңірлерде жайылады. Қыста салқын түсе таудың етегіне, көктем мен жазда таудың субальпілік белдеуіне қарай қоныс аударады. Бұл мезгілде тікұшақтан қарасаңыз олардың еліміздің тауларында 10-15 дарақтан топтасып, үйір- үйірімен жүргенін көресіз. Сондай-ақ, «Сайдағы арқардың тұяғына тас батса, қырдағы арқардың мүйізі сырқырайды» дегендей олар өте ұйымшыл, бір-біріне жанашыр және өте сақ, сезімтал, биік тауларда тіршілік етуге бейім, аязға өте төзімді болып келеді. Қырдағы небір кәде, бидайық, қоңырбас, бетеге, қияқ, күйреуік, жусан секілді дәрілік шөптердің басымен қоректеніп, гүлдерін ғана теріп жейтін талғампаз жануар деуге болады. Жайлауға жазда таңертеңгілікте, кешкілікте, ал қыста күндіз шығады.

Арқар бір қарағанда, кәдімгі қуыс мүйізді қазақы қойға ұқсас. Бірақ, қойға қарағанда дене тұрқы үлкендеу, ешкі секілді қимылы жылдам, тау-тасты мекен ететін аша тұяқты жануар. Денесінің сымбаты да, бойының биіктігі де, салмағы да мекен еткен ортасына байланысты әрқалай болып келеді. Себебі әр таралым аймақтардағы арқарының болмысы бір-біріне ұқсас емес. Ең үлкен арқарды Алтай-Тарбағатай жақтағы таулардан кездестіруіңізге болады. «Қызыл кітаптағы» нақты деректерге көз жүгіртсек, арқарлар таралу аймағы бойынша бес түрге бөлінеді екен. Түр-сипатына мән берсек, Үстірт  арқарының  түсі қоңыр, құйрықты қой секілді, мүйізі маңдайынан тіке келіп жоғарыдан бетіне қарай иіле орналасқан, уриал қойының бір түршесі; Алтай арқарының түсі жирен-қоңыр, қысқа мүйізі сыртқа қарай қайырылған;  Қызылқұм арқарының түсі сары, денесі шағын, мүйізі мен сирағы ешкі тәріздес; Қазақстан арқарының түсі қоңыр-сары, мүйізі шағын қошқар тәріздес, Үстірт арқарына ұқсастау; Тянь-Шань арқарының түсі жирен-сары, мүйізі жалпақтау, сыртқа қарай қайырылған болып келеді. Солардың ішінде, кейіннен ашылған Қаратау қорығының арқары өзгелерге қарағанда денесі де салмағы да ірі. Сондай-ақ, дене тұрқы мен сыртқы пішіні де басқаша. Бәлкім, олардың әрқайсысының жеген шөбіне қарай, мекен ету ортасының климатына қарай көлемі мен түсі әр мезгіл сайын өзгеруі де ықтимал болар... Физиологиялық жағынан да өзіндік ерекшеліктері аңғарылады. Бір қызығы бәрінің дерлік төстері ақ түсті. Мәселен, бір ғана қозықа туатын арқар - батыс пен шығыста болады, ал оңтүстік бөлікте төлді егіз табу басымдау. Мұнысын табиғаттың жылы ауа-райына  қатысты деуге болады.

Арқар – дәмді еті бар, сапалы тері беретін кәсіптік аң. Жойылып кету қаупі туғандықтан, оны аулауға тыйым салынған. Арқардың басты жауы – қасқыр мен браконьерлер. Оны Қазақстан мен Өзбекстанның «Қызыл кітабына»  енгізген. Әр  арқардың өз мекені бар. Елімізде осындай баға жетпес асыл байлығымыз – арқарларды сақтап қалу мақсатында 1926 жылы (ең алғаш - Ақсу-Жабғылы қорығы) құрылған болатын. Бүгіндері жануарларды қорғап, сақтайтын, көбейтетін, будандастыратын 10 шақты қорық жұмыс істейді. Арқарларымыз әлі де қорғау мен сақтауды, мониторинг жасауды талап етеді.

Бір өкініштісі, арқарлар өздеріне ыңғайлы жерге қарай қоныс аудар беретін тұрақсыз жануар. Кейде шекаралас елдерге де ауып кету оқиғалары болып жатады.

Материал іздеу барысында арқарлар жүретін мұзартта бүгіндері барып жүрген альпинист Жанарбек Ақыбиден сол арқар жайлы сұрағанымда, Бесбоғда тауының шыңдарда арқардың қурап қалған бас сүйегін кездестірген. Тау биігін бағындырып, зерттеп жүргенде тауып алып түскен суретімен бөліскен болатын. Ол барған Бесбоғда мұзартындағы Малшын биігі 4020 метр. Моңғолдың батыс жақ шекарасында, яғни бүгінгі моңғол қазақтары мекендеп жатқан өңірде орналасқан. Осындай мәліметтерге қарасақ, демек, арқар жайлы жерге жайылуға жаралмаған, ешкі тәріздес биіктерге шыққанды жақсы көретін тәрізді. Сырт пішіні қой тәріздес болғанымен мінез жағынан ортекеге ұқсас деп болжадық. Альпинист – Жанарбектің айтуынша, «ертедегі сақтардың алтын киімі табылған жердегі Алтын адамның әшекейінде, әсіресе бас киімінде де арқардың мүсіндері салынған.  Сақ дәуірінде олардың қой деп асырағаны сол кездегі арқар болса керек. Сондай-ақ ол дәлел ретінде, арқарларды пайдалану әсіресе, Арал өңірі сақтары мәдениетінде көптеп кездесетіні тілге тиек етті. Сақтар мал шаруашылығымен де, егін өсірумен де, қой бағумен де айналысқан, жылқы өсірген. Сақтарда маңдай алды дөңесті ірі қойлар көп тараған. Олар қазақтың қазіргі құйрықты қойлары тұқымына жақын болған. Ол кезде түйе шаруашылығы да кеңінен дамыды. Ал сиырдың көшпелі тіршілікке бейімделген мұндай тұқымының өзгеден айырмасы  өнімділігі төмен, тірілей салмағы аз, жемшөпті көп талғамайтын. Суықта сыр бермейтін, жүні қалың, тебін малы болды. Атап айтқанда, сақтарға таудағы еркін жайылған арқарларды аулау тиімді болған» дейді мұзарт биіктерді  бағындыруды хоббиі санайтын Жанарбек Ақыбиұлы. 

Интернеттегі деректерге сілтеме жасасақ, Қалмақстанның ғалымы әрi мал дәрiгерi Батыр Бочаев былай дейдi. «Кезiнде арқар-меринос қойын Қалмақстанға көптеп алып келдi. Қалмақстан – далалы өлке. Мiне, арқар-меринос осы даланың экосистемасына үлкен зиян келтiрдi. Арқар-мериностың тұяғы өткiр әрi сүйiр болады. Арқар-мериностың тұяғы шөптi түп-тамырымен қопарып жiбередi де, ол жерге қайта шөп өспейдi. Ал байырғы қалмақтың қойлары қандай едi? Олардың тұяқтары жалпақ әрi жұмырлау болған. Мұндай тұяқ шөптiң тамырына ешқандай зиян келтiрмейдi. Сондықтан да бiз қазiр сол баяғы сиреп қалған қалмақтың қойларының тұқымын қайта жаңғыртып, қайта көбейтiп жатырмыз. Арқар-меринос қойлары Қазақстанда да аз емес. Қазақтың ғалымдары мен мал шаруашылығының мамандарына Б.Бочаев айтқан жоғарыдағы мәселенi ескергенi жөн сияқты. Өйткенi, қалмақтың қойлары мен қазақтың қойларының түбi де, тегi де бiр». Арқар – өте сирек кездесетін киелі және қасиетті жануарлардың бірі болып табылады. Мысалы, Тәжікстан Үкіметінің табиғат қорғау комитетінің пайымдауынша және басқа түрлі мәліметтерге жүгінсек, жануардың құндылығы сонша, тіпті, аң аулау саяхатының бағасы 25 мың АҚШ долларына жетеді екен, ал бір арқардың нарықтық бағасы 55 мың АҚШ долларына тең.

...Иә, «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген сөздің түп-төркініне мән берсек, бір жағынан «арқа өңірі, арқа» деген сөздердің осы арқармен байланысы жоқ па деген ой келеді. Негізі, бұл Ұлытау,  Көкшетау, Қарқаралы жақта шыққан мақал болар. Ал, Ақмола, Қостанай, Қарағанды сияқты Арқа жазығында арқар болмайды. Арқаға Семей мен Зайсан да кіреді. Арқа дегеннің өз мағынасы бар. Арқар таудың тағысы. Арқа деген тау мағынасын бермейді. Арқар тақырыбы күрделі. Бiздiн жердi негiзi Сарыарқа деп атайды. Кезінде арқар мекендеуі мүмкін. Тіпті, қазақ даласын мекендеген сақтар патшасының киімінен арқардың мүсіні табылып жатса, неге қазақ даласында арқар өріп жүрмеске?! Оған дәлел ретінде, бұрынғы 1- ғасырдан бері келе жатқан салт бойынша қазақ қайтыс болған адамға арнап мал (қой-арқар) сояды. Сонда арқар діни ұғымда да орыны бар киелі жануар екенін білдіреді. Қайтқан адамнын артынан құран бағыштап, неғұрлым көп қой сойылса, марқұмның күнәсі жеңілдей түседі деген сеніммен қаза мен асқа неғұрлым көп қой союға тырысқан елміз. Қазаға сойылған қой марқұм жанының қияметтің қыл көпірінен өтуіне көмектеседі де, кейін марқұмның о дүниеде кәдесіне жаратылады деп сенім бар. Себебі, кейбір обаларды қазғанда  айшықты мүйіз ірі қойлардың бас сүйегі шыққан.

Андронов дәуірінде арқар бейнесі тасқа қашалып салынған. Атақты Аңырақай шайқасы болған замандардан қалған Ұлы жүз қолының жиын өткізетін атақты «Құлжабасы» шоқысы осы арқар мекеннің болғанына куә. Себебі ол жерде таңертең күн шығып келе жатқанда сонадайдан ай мүйізді арқар күнге шағылысып, биік шоқыда күнді қарсы алып тұрады екен. Жамбыл облысындағы Қордайдан Алматыға қарай бара жатқан асу тұсындағы "Құлжабасы" шоқысы сол тау сiлемдерiнiң iшiнде дараланып тұрған ең биiгi. Алматыдан Қордай асуына қарай көтерілер тұсынан биік шоқы алыстан бірден көзге түседі. Ал, Оңтүстiк күнгей жағында ұзындығы 400-600 метрдей, биiктiгi 1 метрге жуық тастан қаланған қорған бар. Әрине, мұндай қорғанда көп адамның қалағаны ақиқат. Құлжабасы шоқысында кезiнде арқар, құлжаның көптігі сондай адамдармен араласып жүрген деседі.  Сол себепті, Құлжабасы шоқысы ел арасында "Құлжабасы қу шоқы" деп те аталады. Ол шоқының солтүстiк-шығысынан ғана биiкке салт атпен шығуға болады, қалған жағы тiке тасты, жартасты болып келедi. Таңсәрiден аңға шыққан мергенге шығып келе жатқан күнмен сұлу, сымбатты болып әдейi орнатқан тұғырдай арқардың құлжасы өте әдемi көрiнедi. Сол маңайдан өтіп бара жатсаңыз дәл осы ай мүйізді арқардың таудан түсіп келе жатқан мүсін-бейнесін байқайсыз.

Бүгінгі таңда елімізде 15 мыңнан астам арқар мекен етеді. Ғылыми зерттеулер мен селекциялық реттеу үшін арқар түрінің өсімін молайтуға қатыспайтын арқарлардың кәрі дарақтары іріктеп алынатын болады. Қазіргі кезде мұндай жануарлар жыртқыштар мен браконьерлердің кесірінен және табиғи қартаюдан өлуде.  Солай бола тұра, осы жұмыстарды жүргізу кезінде ғылыми жұмыстар атқаруға және күзет ұйымдастыруға пайдалану үшін бюджет қаражатын толықтыру мақсатында шетелдік аңшыларды тартуға болады.

Өткен ғасырдың 30-50 жылдары  Қазақстанда арқарларды пайдаланып, түр аралық будандастыру әдісімен тау жағдайларына, биік таудағы жайылымдарға және ойлы қырлы жерлерге жақсы бейімделген ет-жүн бағытындағы биязы жүнді қойлардың бірден бір тұқымы алынған болатын. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы, қой шаруашылығындағы селекциялық ғылым қос бағыттағы тұқымдарды алу жөніндегі жұмыстарды қайта қолға алуды қажет етіп отыр. Селекциялық жұмысты ойдағыдай жүргізген жағдайда Қазақстанның аграрлық секторында ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытудың теңдесі жоқ жобасы іске асырылатын болады. Сонымен бірге, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық паркінің жағдайында Қырғызстандық арқарды жартылай еркін жағдайда ұстауды зерделеу мүмкіндігі туып отыр.

Ал, зообақтағы, арнайы тор қоршауларда қамалып тұрған арқарлар таудағы еркіндікті аңсайтыны хақ. Мүйіздері мен тұяқтары тау тасты сағынып, ұзаққа көз тастайды. Ортекедей ойнақтар ма еді таста? Биік жартасқа шығып алып бүкіл Қазақстанның үстінен қарап тұрғанға не жетсін!     Бәлкім қанша баптасақ та, күтімдегі арқарлардың бапталу талаптары таудағы бір күндік еркіндіктеріне жетпейтін шығар. Арманы биік секілді болып көрінеді солардың. Тау самалын жұтқысы келеді. Таза ауамен демалып демін шығарғысы келеді. Тауға шер тарқатқысы келеді арқардың да. Ай мүйізін шығып келе жатқан күн нұрына шағылыстырып, мойнын созып, керілгісі келетін шығар. Өзі қалаған шөбінің басын ғана таңдап, шалып шайнағысы келетін шығар... Зообақта тұрған арқарлардың күйі сондай мұңды болып көрінді. Өздері көңілсіз, берген тамақты қанағат тұтып, қолдан жасалған тастарға секірген болады. Көздерінде тылсым бір мұң бар. Бір бірін сүзгілеп ойнаған болады. Бір-бірін аяйтындай... «Екеуміз бір кемедеміз ғой, сен кешкен күйді мен де кешіп тұрмын ғой» дегендей... Көзіңізге еріксіз жас келеді. Торда тұрған арқарлардың көбісі қартайып немесе бір жері ауырып тұрғандай көрінеді. Мүмкін еркіндікке бір жіберіп алып орнына басқа арқар әкеліп қою керек пе еді?... Бірақ тірі арқарды ұстаудың өзі қиямет. Оған бірнеше ай, тіпті жыл керек. Ол уақыт пен қаражатты талап етеді.

Әсел Назаралы, Халықаралық жазушылар одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435