Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қауіп еткеннен айтамын 7110 1 пікір 22 Маусым, 2016 сағат 10:04

ҚАЗАҚҚА ҮЛГІ БОЛАРЛЫҚ ҰЛТ АРАБТАР МА?

Шариғат туралы сөз қозғап, Алла туралы әңгіме өрбісе арабтарды үлгі етіп ағынан жарылатындар жетіп артылады. Кейбіреуі өзінің ұлттық құндылығы мен ерекшелігін жат санап шариғатқа қарсы екенін дәлелдеуге тырысып бағады. Зерттеу нәтижесінде мұндай әсіре діншіл топтардың басым бөлігін  қазақ дәстүрі мен шариғаттан хабары жоқ сауатсыз  адамдар құрайтынын көрсетіп берді. Олардың қоғамдық пікірлері  «ең құрметті тіл – араб тілі, үлгі аларлық ұлт – арабтар» деген секілді панарабистік көзқарас қалыптасқаны байқалады.

Мұндай топтар ұлттық идеологияға төнген үлкен қасірет, арты панарабистік қозғалысқа ұласып, қазақ жерін араптардың ығына жығып беретін өте қауіпті  саяси процеске ұласуы бек мүмкін. Әсіредіншіл топтардың ислам хаққында түсінігі өте төмен. Басты қателігі ислам діні мен араб халқының  жергілікті дәстүрін айыра алмайды. Олардың дін етіп жүргені – арабтардың дәстүрі. Шариғат деп жүргені – жабайы арабтардың күнделікті қарым-қатынасынан пайда болған ережелер жиындығы.

Шын мәнінде жер бетінде қазаққа (мұсылманға) үлгі боларлық таңдаулы халық арабтар ма?

Ислам дінінің мәйегі қасиетті Құран кәрімнің  Хұжұрат сүресінің 13 аятында: «Әй адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден  жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттарға және руларға жіктеп қойдық. Шынында, Алланың құзырында құрметтілерің тақуа болғандарың. Алла шексіз білгір, бәрінен хабардар» делінген. Аятта анық көрсеткендей адам баласын бір атадан жаратып түрлі ұлыстарға бөлудің хикметі олардың дәрежелерін бір-бірінен арттыру емес, бірін-бірі танып білулері үшін көрсетіп тұрғанын байқауға болады. Әрі қарай аяттың екінші бөлігінде «Аллаға жақындарың тақуаларың» деп айқын әрі ұғынықты етіп көрсетіп береді. Яғни араб болғаның үшін емес тақуалығың үшін Аллаға жақындай аласың дегенді меңзейді. Технология дамып, ғылым қарыштап өсіп жатқан заманда араб ұлтын қазаққа ұстаз етіп жүрген топтар араб тарихы мен ислам тарихының парқына жете алмай араб дәстүрінің көлеңкесінде қалып қойған дүмше діндарлар көбейді. Мұндай адасушы топтар  араб халқы болмаса ислам діні жер бетіне жайылмайтын еді деп есептейді.

Тарих куә ислам дінін жер бетіне таратуда арабтардың емес қазақтың түп атасы батыр түріктердің алар орыны ерекше. Орта Азия мен Балқанға, Солтүстік Африкаға дейін ислам дінін таратып, жабайы халықтарды мұсылман еткен түріктер екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Арабтар болса араб түбегінен әрі аспай құмды далада өз ара жанжалдасып жікке бөлініп кетті. Олар араб атының тұяғы Пиринейге дейін жетіп, Батыс Еуропада Кордова халифатын  құрғанымен мақтанады. Бірақ, ХІ-ғасырда бұл халифаттың тас талқаны шығып, христиандардың қолына өтіп кетті. Парсы шығанағы мен Кавказ аймақтары халифалыққа талас барысында өзара шаһари жауласып, шииттік сектаға бөлініп кетті. Соның салдарынан қазірге дейін өздерін мұсылман санайтын шииттер суннитермен біріге алмай отыр.

Арабтар қан мен кикілжіңге құмар, бір тұтастықты қолда ұстай алмайтын халық екенін тарих дәлелдеп берген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеден өте салысымен халифалыққа таласып  пайғамбарымыз жұмақпен сүйіншілеп кеткен, хазіретті халифа  Османға он үш түрлі жала жауып, Әлиді  кәпір деп айыптап қастандықпен өлтіреді. Жауыздықтың кең тарағаны сонша әзіз сахаба Абдулла ибн Хубабты қастандықпен өлтіріп, жүкті әйелінің қарнын аяусы ақтарып тастайды. Ислам тарихында өзара жікке бөлініп, «шынайы мұсылман мемлекетін құрамыз» деген жалған ұранмен сахабаларды қырғынға ұшыратқан екі үлкен қанды оқиғаны жасайды. Бұл шайқастар тарихта Жамал және Сиффин деген атпен қалғаны белгілі. Бұдан бөлек екі саяси топтың ымырасыздығынан пайғамбарымыздың сүйікті немересі Хусейінді Кербала қаласында азаптап өлтіреді. Осындай қанды оқиғаларды жасап, пайғамбарымыз с.ғ.с. немересін өлтіруден тайынбаған ұлттарды үлгі етуіміз сауатсыздықтан басқа ештеңеде емес. Тұтастыққа жаны қас, бүлікке құмар араб халқы бүгінге дейін «тура дін ұстану» мен «халифа орнату» сынды жалған ұранмен өзара қырық пышақ болып шиит, ғулат, алауит, зейдит, муғтазалия, имамия, исмаилия, қадария, харажит, уаһабия, хизбут-тахрир, таблиғ, тәкфир уәл хиджра, мадхали, сурури сынды түрлі жамағаттарға бөлініп кетті. Мұсылмандар әлемінде пайда болып жатқан осындай діни, саяси топтардың барлығы дерлік араб мемлекеттері арасында, немесе араб тілділер арасында ортаға шыққан, және бұл процес бүгінге дейін үздіксіз жалғасып келе жатыр. Бүлікке бір қадам жақын арабтар халифат үшін келісім шартты бұзып дінді өзгертуге дейін барады. Мысалға Сауд  ұрпақтары билік құрып отырған Арабстанда ресми мазһаб ағылшындарға қызмет еткен Абдул Уаһабтың  идеологиясына негізделген және бұл идеология араб сахарасына күштеп енгізілген. Себебі Сауд ұрпақтарының билікке келуіне бірден бір себепкер ағылшын отаршылдарына қызмет еткен Абдул Уаһабтың ықпалы болған. Абдул Уаһабтың діни сенімі мен шариғи ұстанымы ислам әлемі мойындаған төрт мазһабпен үйлесім таппайтын «бесінші мазһаб» болып саналады (асылында 5-ші мазһаб жоқ).

Қазіргі кезде тілі мен діні бір араб халықтары 22 мемлекетке бөлініп кеткен. Бір тілде сөйлеген бірнеше араб елі бір халифатқа бірікпей отырғанда, тілі мен дәстүрі бөлек түркі халықтарына «халифат орнатамыз» деп ұрандап жүрген саяси топтардың негізгі мақсаты халифат емес тұтас мемлекетті бөлуге негізделген теріс идеология екенін есте ұстағанымыз жөн.

Әсіре діншілдердің айтып жүрген осындай жалған ұрандарынан сақ болып, ұлттық болмысымызды жоғалтпай, Алладан алған аманатты жоғалтпай өзіне қайтарсақ, осының өзі үлкен сауапты іс болатыны хақ.

Марат Ержігітов

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588