Жексенбі, 24 Қараша 2024
Сараптама 5759 0 пікір 21 Маусым, 2016 сағат 13:54

БИЛІКТЕГІ АУЫС-ТҮЙІС ПАРЛАМЕНТТІК БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНЕ ЖАСАЛҒАН ҚАДАМ БОЛУЫ МҮМКІН

Бүгін ҚР Президент Әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулин қызметінен босатылды. Әзірге Нұрлан Зайроллаұлының орынтағына кімнің тағайындалатыны белгісіз. Дегенмен бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы Нұрлан Нығматулинді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде тіркеді.

Нұрлан Зайроллаұлының осы реткі  тағайындалуы елімізде үлкен саяси өзгерістер болып қалуының нышаны дейтін болжамдар да айтылуда. Бейресми дереккөздерінің айтуынша, Нығматулиннің ендігі «креслосы» Мәжілістің спикерлігі-міс. 

Қазақстандағы алдыңғы үштікке кіретін саяси «фигураның» қызметтік лауазымының төмендеп, депутат болуы нені аңғартады? Астанадағы ақ жағалылардың арасындағы ауыс-түйістің астарында не жатыр? Біз саясаткерлердің пікірін білген едік.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

- Нұргелді, шынымды айтсам, дәл қазір қандай да бір болжам жасауға қиын. Әсіресе, елімізде орын алып жатқан кадрлық мәселелердің көбісі түсініксіз болып барады. Неге қоятынын, кімді қоятынын, қалай қоятынын өздері шешіп жатады. Сондықтан кімді қай жерге тағайындаймын десе  биліктің өз қолында ғой. Әуелгі қателік те осында жатыр. Билік мұндай тағайындаулардың себебін ашық түсіндіру керек. Кімді не үшін ауыстырып жатқанын халық біліп отыруы керек. Бізде жасырын түрде жасалады. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деген сияқты ғой.  Әлемдік практикада тағайындаулар ашық жүргізіледі. Ал бізде астыртын жүргізіліп жатады. Сондықтан біз мұнда отрып алып, құмалақ ашқандай боламыз.

Ермұрат Бапи, журналист, саяси шолушы:

- Нұрлан Нығматулиннің аяқ астынан осылай ауысуының астарында екі мәселе жатуы мүмкін. Біріншісі - біздің елде бұған дейін айтылып жүрген, «парламенттік-президенттік» республикаға ауысуы. Яғни биліктің транзиттік ауысу жүйесінің бастапқы нышандары болуы мүмкін.  Негізінде, осы бүгін-ертең  Нұрлан Нығматулин Мәжілістің спикері орнына сайлана қалатын болса, онда осы «парламенттік басқару» жүйесіне ауысу жөніндегі болжам шындыққа әбден жанасады деп айтуымызға болады. Екіншіден, Нығматулиннің Парламентке келуіне соңғы кездегі елімізде орын алып жатқан Жерге қатысты жағдайлар, одан кейін Ақтөбедегі оқиғалар, жалпы қоғамдағы әлеуметтік-саяси жағдайдың ушығуы себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар, бұл жағдайлардың барлығына ҚР Президент Әкімшілігі тарапынан қандай да бір алдын-алу алғы-шарттарының жасалмауы, нақты сараптамалардың жүргізілмеуі, мүмкін болатын оқиғалардың, әлде бір толқулардың жорамалының күні бұрын жасалмауы да негізгі себептердің бірі. Сондай-ақ, күш көрсетуші органдармен арадағы байланыстың үзілуі деген сияқты факторлар Нығматуллинді орнынан алып тастауға итермелегені рас. Мен осындай  екі версияны көріп отырмын. Ал егер алғашқы болжам тура келетін болса, әрине Ізмұхамбетовтің қызметі ауысады. Ол қайда баруы мүмкін? Бәлкім «Нұр Отанға» баратын шығар. Ал енді Нығматулиннің орнына Президент Әкімшілігінің жетекшісі етіп Ізмұхамбетовты тағайындай қоюы екіталай жағдай деп ойлаймын. Себебі, елдегі толқулардың бәрі Батыс жақтан шығып жатқандықтан, ол лауазымға Батыстың өкілін тағайындау қисынсыз. Керісінше, қарама-қарсы «кландардың» өкілін, мысалы Оңтүстік Қазақстан жақтан немесе Орталық Қазақстан жақтан, тіпті Астананың қазіргі әкімі Әділбек  Жақсыбековті қайтадан әкеліп тағайындауы да ғажап емес. Оны көре жатармыз.

Дос Көшім, саясаткер:

- Шындығында мұндай қызметкерлерді ауыстырғанда белгілі бір жоспар болуы мүмкін. Ондай жоспардың бірі – еліміздегі басқару жүйесін ауыстыру. Көптен бері айтылып жүрген «парламентік басқару жүйесіне» өтудің, билік транзитінің бастапқы қадамы болуы да мүмкін. Егер солай болып, Парламенттің құзыретін күшейтетін болса, онда сол жерде Президенттің сенім артатын өкілі, адамы болуы керек. Өйткені біз Президенттік мемлекет болайық, Парламенттік мемлекет болайық бәрі-бір билік бір адамның қолында қалады. Қазіргі біздің Парламентіміз - сол орталыққа бағынышты Парламент. Сондықтан қандай жүеге өтетін болсақ та, ол формалды түрде ғана болатыны анық. Тек қана декарацияның өзгеруін, құрылым атының өзгеруін ғана күтуге болады. Ал дефакті -  билік ешқандай өзгеріске түспейді. Себебі, қазіргі билік басындағы адамдарға осы жүйе ыңғайлы.

Бірақ екінші мәселе бар. Нығматулиннің бұлай болып кетуі күтпеген жағдай. Шеттетілу. Осыған дейінгі қызметтеріне қарағанда, Президент аппаратынан бірден депутаттыққа төмендетілу бұл – биліктен ақырындап шеттетілуі мүмкін деген болжам жасауға болады. Мүмкін, бір нәрселерге кінәлі болып қалды ма?! Кім білсін?! Қызметінің сынға ұшырауына байланысты төмендеуі мүмкін. Ал жаңағыдай жүйеге өтетін болсақ, онда қазір Нығматулин кеңесші болып тұра-тұрады да, кейіннен ол спикерлікке бірақ тағайындалуы мүмкін еді. Меніңше осы жері түсініксіз болып отыр.  Бұндай жағдайды мен есіме түсіре алмай отырмын. Рас, Президент аппаратының басшысын бір күннің ішінде қарапайым депутаттар қатарына қосылуы, бұрын болып па еді? Есімде жоқ!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5583