Жексенбі, 24 Қараша 2024
Үміт пен күдік 6548 0 пікір 20 Маусым, 2016 сағат 12:56

ҚАЗАҚСТАН ШЕТЕЛ ҚАРЖЫСЫНА ТӘУЕЛДІ БОЛЫП ҚАЛҒАН "НАРКОМАН" СИЯҚТЫ

Өткен сенбіде Алматының іргесіндегі «Байрсерке агро» аргохолдингінде Жер реформасы туралы комиссияның көшпелі отырысы өтті. Сарапшылардың пікірінше, Астанадан келген алқа-қотан отырсытың бұл реттегі жиыны – дәстүрлі сценарий бойынша өткен-міс.

Әкімшіліктегі атқамінерлер арнайы ауыздарына сөз салып беріп, «жерді шетелдіктерге жалға беру керек» деген позицияны астыртын айтпақ болғаны рас дегенімізбен, Алматыдағы комиссия отырысында өткір-өткір пікірлер де айтылды. Талқыға салған тақырып – жерді сату емес – жалға беру болды. Шаруалардың айтуынша шетелдік «шеберлерге» жалға беру. Жә, аталған комиссияға қатысып, өз ойларын ортақ мінберде жеткізген көп жақсының жиналысы қорытындыланды. Ой түйілді.  Елді елең еткізердей мәселе айтылмаса да, осыған дейінгі отырыстардың нобайы қайталанды. «Дубльяжды» оқығандар мен, сценарий авторлары да,  ақ жағалы алқа-қотан да дән риза тарасты.

Рысбек Сәрсенбайұлы, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы:

- «Жас Алаш» газеті «жер сатылмасын және шетелдіктерге мүлде жалға берілмесін» деген бастама көтерді. Тек «Жас Алаш» газеті емес, сондай-ақ, «Тасжарған», «Трибуна», «Алтын орда», «Ақ жайық» газеттері мен «Abai.kz» порталы бар. Қазірдің өзінде бірнеше мың адам осы талапты қолдап отыр. Бұл нені көрсетеді?!  Бұл - халықтың жерді сатуға қарсы екендіктерін көрсетеді. Енді, мәселе түсінікті ғой... неге бір нәрсені қайталап айта береміз?! Ол сүт емес қой, сапыра беріп, майын алатын. Әзіз деген журналист болды, «Социалистік Қазақстан» газетінде. Соған бас редактор Ержұман Смайлов тапсырма береді, Астанада отырып алып. «Сен ана, үгіт пойызына ілесіп, Президенттің жолдауын түсіндіріп қайт» деп. Сонда Әзіз: «Не, ол түсініксіз жолдау ма?» деген еді. Сол секілді мынадай «заборда» жасалған қаулы да, жолдау да, басқасы да түсініксіз бола береді. Сондықтан, осылай «түсіндіру керек» деп мыжғылап отырамыз. Неге Үкімет пен Парламенттегі депутаттар дұрыс заң жасамайды? Себебі, олар өздерінің, бай-манаптардың сосын латифундистердің т.б. мүддесін ойлайды. Содан кейін барып, халыққа қарсы заң шығады. Және оны әдемілеп, әспеттейді ғой, «жерге меншік иесі болуы керек», деп. Қазақстанның азаматтары сол жерлерді 49 жылға жалға алса, меншік иесі деген сол. Қайдан шықты ол сату деген?!

Екінші мәселе – жерді банкке кепілдікке қойылуы. Оған да мысалы бар. Мына Райымбек ауданында 23 мың гектар жер кепілдікке банкке қойылды. 5-6 жылдан бері босқа жатыр, қазір. Оны банк игере алмайды. Оны не қылсын?! Жерді тауарға айналдырғаннан кейін осылай болады.

Үшінші бір жақсы сылтау – инвестиция. Жерге инвестициясыз-ақ, Қазақстан – Қазақстан болғалы күн көріп келді ғой. Жерді жалға бермей-ақ, сатпай-ақ, күн көріп келді ғой. Инвестиция дегеніңіз бар ғой – наркоман секілді. Қазір Қазақстан – наркоман болып қалған. Инеге, шетелдік инесіне, ақшасына тәуелді болып қалдық. Накоман – өзі дәрменсіз, шамасы жоқ, жұмыс істей алмайды. Сондықтан Қазақстанды «наркомандықтан» құтқарайық. Инвестиция денген – шеттен келетін ақша ғой. Оның альтернативті жолдары да толып жатыр емес пе? Ақша керек болса – офшорлық зонадағы Қазақстанның миллиардтаған қаржысын қайтартайық. Үкіметтегі, парламенттегі мырзалар соған қатаң заң жасаңыздар. Ақша дегеніңіз миллиардтап жемқорлардың өңешінен кетіп жатыр. Миллиардтаған ақша әр облыстарда игерілмей қалып жатыр. Міне, соларды тірілтуге болады ғой. Әбден болады.

Ермек Келемсейіт, Алматы облысы ақсақалдар алқасының төрағасы:

Бұл комиссия үлкен миссиямен келіп отыр. Елді толғандырып отырған, Елбасын толғандырып отырған мәселелерді талқыға салып отыр. Осы ретте аталған комиссияның келісіп, ел мүддесінен шығатын шешімді қабылдау ойларында бар. Біз оны жақсы түсінеміз. Қазақ айтады ғой, «келісіп пішкен тон келте боламйды» деп. Сондықтан ақылдасып, бәріміз ортаға салсақ, шешімін табуға болатын жағдай деп ойлаймын. Енді,  «осы жер кімнің иелігінде болды», «бұрын қандай еді» деген мәселелерге келетін болсақ, кезінде біз де осының басында тұрдық, білеміз, жердің жағдайымен таныспыз.  2003 жылғы қабылданған Жер туралы заңда – ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер мен жер телімдері жеке меншік құқығында бола алады деген мәселе көтерілді. Содан бері міне, 13 жыл өтті. Енді келіп есептейтін болсақ, жалпы Республикамыздағы 272 миллион гектар жер болса, соның ауылшаруашылық бағытына  тиесілісі -  200 миллиондай жердің 100 миллионнан астамы бүгін айналымда жүр екен. Сол айналымдағы жердің 1,3 миллионы ғана, яғни 1 пайызы ғана жеке меншікке сатылған екен. Қалған жерлер бұрынғы қалпында тұр. Бұл нені көрсетеді, бұл ауылдың мешеулеп, дамымай тұрғанының көрінісі. Инвестиция келмей жатыр, Үкіметтің бергені оның жылма-жыл шығатын шығынымен ғана шектеліп отыр. Яғни ауылды, ауылшаруашылығын дамытамыз десек, өткен жолғы қабылданған өзгертулерді қайта қарап шығуымыз керек. Әрине, ол өзгертулердің артық кеткен жерлері де бар. Сонымен қатар, дер кезінде халыққа түсіндірілмегендіктен, ел ішінде толқу туғазған мәселелер де болды. Ал енді бүгін алып қарасаңыз, сол жерлерді пайға алып отырған азаматтарға жер сатылмасын дейді. Мен осыны түсінбеймін... Жеке меншік скважинасы бар елдер бар, мұнай ағызып отырған, жеке меншік ауруханасы, жеке меншік зауыты бар адамдар бар. Ал енді өзінің пай үлесіне тиесілі азаматтарға жерді меншіктеп беруге біз неге қарсы боламыз?! Сол жерде оның әкесі, атасы еңбек еткен, ертең баласы да сол шаруаны игереді... Меніңше осы дұрыс емес, осыған дұрыс көңіл бөлу керек. Бірақ, берілген соң, оған бақылау болуы керек. Егер меншік иесі – алып отырған жерді игере алмайтын болса, оны қайтарып алуға да болатындай тетіктерді қарастыруымыз керек. Сонымен қатар, Мемлекеттік қауіпсіздік мәселесін де ескергеніміз жоқ. Шекаралас аймақтардан мүлде жер берілмеуі керек. Мұнда шетелдіктер туралы әңгіме жоқ. Шетелге жер сату, жалға беру деген мәселе болмайды. Болмауы керек! Сол шекаралас аймақтардан Қазақстан азаматтарына да жер берілмеуі керек. Міне, осындай қорғаныс механизмдерін жақсылап қарастыратын болсақ, меніңше қорқатын ештеңе болмайды.

Түйін: Алматы – асау мінезді қала. Жер реформасы туралы комиссияның да қаланың қақ ішінде емес (қоғам белсенділері, аграрлық ғылымның ақсақалдары мен профессорлар, сарапшылар шоғырланған), іргесінен қайтуына да осы асау мінез себеп болса керек. Бұған бірінші себеп – ЖК мүшелерін өңірдегі қарқынды жұмыс жасап отырған бір ғана агрофирмаға апару арқылы – облыстағы барлық ауылшаруашылық қожалықтарының ортақ сипатын көрсету. Бұл өз кезегінде «альтернативтік нұсқасы» жоқ, жерді сату және шетелдіктерге жалға беру идеясына үгіттеу.

Екіншіден, биліктің өз позициясын қорғай алатын нақты аргументі жоқ. Сондықтан да Жер реформасы туралы комиссия өткір сын айта алатын сыншылар шоғырланған қала ішінде емес, облыста, шалғай жатқан агрофирма кеңсесінде өтті.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5624