Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 8478 0 пікір 19 Маусым, 2016 сағат 14:14

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН. КҮРІШ ПЕН КҮРМЕК

Қазіргі қазақ жырының жанашыры мен қамқоршысы, иесі мен киесі кім? Жанрға деген жауапкершілік қай қырқа астында қалды? Бұл сананы сансырататын сауалдар амалсыз жанды жегідей жейді. Расында да біз бұл салада қай жерде, қандай деңгейде жүрміз?!.

Жазатайым көшеде әлдекім бейтаныс бойжеткен қызды шашынан сүйреп, жазалап жатса бұл қызық пен шыжықты сыртын бақылап тұрғандардың бейбаққа араша түсетіні күмән туғызады. Өйткені, қоғамда қатыгездік пен жаһілдік қаулап барады, әлеуметтік желіден небір анайылық пен дөкір дөрекілік көрініс белең бере бастады. Заман мынадай, анадай деп соған сілтей салып, немқұрайдылық пен салғырттық танытып, «сен тимесең мен тимен, бадырақ көз» пиғылына ет өліп, бойкүйездікке түсіп, бәрін уақыт ағымына сілтеп, бұқпантайлап қол қусырып, бүгежектеп отыратын аянышты халге тап болғандаймыз, біртүрлі. Өз ішіміздегі көкейкесті мәселелеріміз шашетектен бола тұрып, шамамыз жетпейтін әлемдік шаруаларды шешкіміз келеді. Дағдарыс өміріміздің барлық жүйесін қамтыды. Бәрі сатылып біту үстінде. Тұлпарлар тұралап, сұңқарлар сұлаланып жатыр. Руханият құлдырау шегіне жетті.


Ең жоғарғы биліктен әкімқорлар ұдайы тапсырма алып жатады. Сонда олар шошқа тағалап, ай қарап жүр ме? Әр жұмыста да олқылықтар бар шығар. Бірақ, кім не істеп жатыр. Оны қадағалап отыратын тірі жан бар ма? Жоқ, сөз сөз күйі қала ма?

Телеарналардағы тұжым-татымы аз шоулар, күлдібадам дарақы күлкі, эстрада хабарларындағы жарығы неғайбыл көмескі жұлдыздар, дәстүрлі мен дәстүрсіз әнші, жанды (тірі) мен жансыз дауыс деген дүбәра екі ұшты ұғым пайда болып, күштеп сіңіріле бастағандай. Жұртқа тайыз мән-мағынасыз талғам мен талапты зорлап таңатын дәреже мен деңгейге дейін жеткенде қарағайдай шыққан мүйіз қайсы? Сондай жағымсыз жағдай ұлттық әдебиетте жылмаңдап жылт етіп, келеңсіздік көрініс тауып келеді. Қазақ поэзиясының тәңіриясын (музасын) біреу буындырып жатқан сықылды. Қылғынып қырылдап үні шығады, әйтеуір. Соған ағайыншылық білдіріп, шыр-пыр болып ара түсетін сынның азу тісін әлдебіреу қағып алған ба, мүлде жоқтың қасы. Сылдыр-сылдыр сылбыр сөз, былдыр-былдыр бөбек тілі. Егер, анда-санда суырылып шыға қалса жалпақшешей. Жалаугер жанр дәнді қауызынан ажыратып, жақсы мен жаманды, бар мен жоқты, асыл мен жасықты айырып бере алмай күйіс қайырғандай күйге түсірсе не үміт, не қайыр? (Бұл салада Б. Сарыбалаұлы, Г. Пірәлиева, Ә. Меңдеке, А. Кемелбаева, А. Кеңшілікұлы, т.б. тиіп-қашып жазған мақалалары мен зерттеулерін ешкім де жоққа шығара алмайды). Әлбетте, «Құс жолы» журналының Абай туралы, М. Қаратаевтың  С. Сейфуллин, С. Қирабаевтың Қ. Аманжолов, З. Серікқалиевтың І. Есен­берлин, С. Әшімбаевтың М. Мақатаев туралы мақалалары үлгі емес. Олар тек мерзімдік ой-сананың селкеулігін білдіреді.

Дегенмен... Мәдени жетістіктер мен құбылыстар тек Астана мен Алматыда ғана жасалмайтыны онша ескерілмей жүр. Әйтпесе, Ақжайық жағасынан Жанғали Нәбиуллин, Арыстан Нармахан Бегалыұлы, Ақтөбеден Ертай Ашықбаев, Сарыарқаның көмір орталығынан Серік Ақсұңқарұлы, Ертіс бойынан Тыныштықбек Әбдікәкімов, алыс Атыраудан Светқали Нұржан, Құланнан Қуандық Шолақ дауысына құлақ түрмей, елеусіз қалдыруға бола ма? Олар жан-жақтан өз әртүрлі әуез, нәзік нақыш, сырлы саз бен ортақ ұлы дарияға даңғазасыз-ақ құйып жатқан жыр жылғалары. Рухи өмір мұқым мүлде ұмыт қалды десек күпірлік болатын шығар. Алайда, мәңгілік ел құрамыз деп құр көп даурығып жүріп бұл жағына жөнді ықылас қоймайтынымызды несін жасырамыз. Рухи дүние керек болмаса онда біздің құнымыз көк тиын. Халықтың сөз қасиетінің қадірін білетін кез жетті.

Бәрі өткенмен өлшенбейді, әрине. Қазақияның түкпір-түрпірінен жазатындар аз емес. Гәп солар қашан, қалай, қайтіп келе жатыр деген ой мазалайды. Аламан бәйгеге қосылған бас пен жас пырақтар қайда беттеп андыздап барады? Осындай өлеусіреген өлара шақтағы әдебиеттегі базбір жан ашитын жай-күйді, бармақ тістетеін хал-ахуалды бағамдап, ақын әрі сыншы Мырзан Кенжебай «Жас Алаштағы» мақалаларында тамыр тартып келе жатқан дімкәс дертке дәлме-дәл диагноз қоймаса да тығырыққа тірелу мен тоқыраудағы сарытаптанған сырқаттың баяу жүрек соғысын ішінара тап басқандай.

Жаңа ғасырға кім не әкелді? Өткен жүз­жылдықтың жетпісінші жылдары өлең өлкесіне қанат қаққандар қатарынан Серік Ақсұңқарұлы ерекшелеу көрінеді. Тырнақ­алдысында ол не ұсынды? («Көктем тынысы», Жазушы, 1975 ж.):

Жылайды жоғалтқанда бел сағымын,

Суалса кімге айтады көл шағымын?

Гейне тек немістердің ақыны емес,

Гитлер жауы бүкіл жершарының.

Әлемнің туған кезде басына күн,

Ақын арын сақтаған, батыр әнін.

Жапонның Отырары – Хиросима,

Ал, менің Хиросима – Отырарым.

Жұлдыздарым менің!..

Жас ақын 3-3-4 буынмен ұйқастырып келеді де бірінші шумақтың төртінші жолында сүрініп 4-3-3, екінші шумақтың келесі екінші жолында қайта мүдіртеді. Кедір-бұдырлыққа қарамастан оның алғашқы аяқ алысы көңіл көншіткендей. Жүректі дір еткізетін анау айтқан басым бейнешілдік пен көркемдік келісім болмаса да кібіртіксіз көсілгендей. «Пушкинді ойлағанда» да назар салғызады. (Бұл да сонда):

Кезім еді,

Етек жауып, (Қызға ғана айтылады?)

Ес кірген,

Пушкинді оқып қилы тағдыр

                        кештім мен,

Пушкин деген жазуы бар қағазды

Құран көрдім

Жыртқызбадым ешкімге.

Сәби едім,

Сәби сырын қозғасын,

Сол кітаптан ерте есейдім өз басым.

Александр (құрдасы ма? – А.Н.)

                        өлеңдері арқылы

Өткен күннің көрдім бүкіл көз жасын.

Білте шамның нұры (жарығы болар) сөнбей бөлмеде,

Назаландым,

Толқын туып кеудемде.

Жасағым кеп бір жамандық пендеге

Дайындалдым адамдарға сенбеуге. (?)

Қиып алып марқұм ақын суретін,

Балалықты жеңдім мүлде күйретіп. (?)

Сол кездегі Россияға

Жаралы,

Мен өзімді алып бардым сүйретіп.

Көз алдымнан заулап өтті бар кескін,

Ызаландым,

Ақын үшін «қан кештім!.»

Менің досым – досы барлық Пушкиннің

Менің досым – қасы барлық Дантестің.

Қауырсыны қатпаған қалам қазақ ұғы­мына кереғар қара өлеңді сатылай бөл­шектеп, жаңсақ жолға түсіп, үйлестіру мен шендестіруді осылай жалғастыра бе­реді. Оның дарын дарағы келесі кітапта қа­лай бүршік атты? («Қарлығаш», 1981 ж.):

Жүрегім менің –

Махабаттың Меккесі ол,

Ғашықтар планетасы ол.

Жасын боп шыққан түнеткен,

Жырымен бүкіл ізгі-көңілге гүл еккен.

Аналар мен балалар елін жыр еткен.

Рухын күннің көрсетіп нан мен күректен,

Бухенвальдтарды ашу-ызамен бұрқанып,

Хиросимада дір еткен –

Мен сені сүйем, осындай  жұмыр жүрекпен!

Тәуекел алғашқы адымнан басталады. Шалажансар шумақ,ұйпадарсыз ұйқас, әлсіз әуез, іркілдек үйлесім мен ұйқас талант табиғатын, бағын ашпайды.

Өткенге салауат айтқымыз келмейді. ХХІ ғасырдың өзінде С.Ақсұңқарұлы «Қыпшақ хиссасымен» (2008 ж.) құлақ түргізіп, ой жүгірткізіп, «Қара орманның» (ну жынысын аралатып), «Ұзанға» (2014 ж.) ұшырастырып үлгерді. Бір қуаныштысы... Сия сауыты сар­қылмапты, қанаты қырқылмапты, ешкім бетін қақпапты, серпінін сақтапты. Бір жинақтан жинаққа көшіп жүрген өлеңдер, орамдар мен ішнара сезім селкеулігі болмаса ақын бар бабына келе жатқандай. Ол жарасса да, жараспаса да тұтас хас сақ, түркі, алаш, қыпшақ атынан сөйлегісі келіп, бүкіл даңғаза дүниені солар арқылы көреді.

Ей, қойшы, ей, өмір!

Сабырымды әбден сарықтың.

Қарманып жүріп қалжырап қаусап,

Қалыппын.

Өмір дегенің – өзегің кеуіп, лапылдап

Өртену екен

Жиһанды кезіп жаңа ұқтым.

Ей, қойшы, ей, өмір!

Талықтым.

Күйдім.

Зарықтым...

Ей, қойшы, ей, өмір!

Тақпағыңды айтып тақылдап,

Күлесің неге аярлықпенен сақылдап?

Түтіндеп, бықсып жатпаймын,

Кел де тез өрте,

Көз алдында кетуім, мүмкін, лапылдап.

Табытқа қарай,

Тамұққа қарай жақындап...

Тәубеге түскен табытқа мәйті енгелі,

Көргенсің талай көрсоқыр небір пендені.

Жеңімнен тартып, мені де босқа салмақсың,

Жеміт іздеген жер құрты деп пе ең

                        сен мені.

Ей, қойшы, ей, өмір!

Кісі деп сол пендені...

Мен сені көріп күн сайын

                        күйіп бүлінгем,

О баста-ақ сенің опасыз нұсқаң білінген.

Сен құдай болсаң жан берші діңгек

                                  денеме,

Сен құдай болсаң бал берші заһар тіліңнен.

Ей, қойшы, ей, өмір!

Түріңнен сенің түңілгем...

Бала жігіттей қойныңа барып еніп ем,

Сайқал екенсің!

Түсіндім әбден сені мен.

Опасыз қу деп ойлама бүкіл пеңденді,

Ойнас қатынша ойнама деймін менімен.

Ей, қойшы, ей, өмір!

Түсіндім әбден сені мен.

Долбар жобалап және ыммен сөйлеу, жалған жарықша үнмен жар салу , жыр жаратылысына жат. «Тобықтан келмей дүние мен де толғадым», «Ақымақ бүкіл адамзат – ақындары болмаса» дейтін ақын бірде «Бұлттың үстінде Бұқардай өлең сапырдым», келесіде «Сүйінбайша сайрадым», тағы да «Абайдың ұлы миынан сүзіп өткіздім» деп жаңсақ жолда жүр. Қаймананың да қаперіне: жер бетіндегі ең үлкен ми И.С.Тургеневке тән. Гиннестің рекордтар кітабына кіретін басқа да мәліметтер бар шығар. Бірақ, ми ұлылықпен өлшенбейді. Абайдың өзі ұлы болса да миы үлкен бе, кішкентай ма ешкім білмейді.     

Халық арасында жиі айтылатын «Күріш арқасында күрмек су ішеді», Ақыл азабы мен тозағынан өткен Қасымның: «Шығар­маларымның жақсылары – жа­ман-жәу­тіктерін асырайды» деп әріптес­теріне әзіл­дегені де жауһар жыр жаратылысына жарас­пайды. Өйткені, өлең – өнер ішіндегі ең бекзаты. Бұл тұста өз-өзіңді «іштен шыққан шұбар жыланмен» жұбатудың да жөні жоқ. Шабыт шыңына қарай шашасына шаң жұқтырмай тартып келе жатқан пырақтың шаужайына жармасып, мәстекке айналдырғысы келетіндерге абырой бере ме? Автор лирикалық кейіп­керінің терең жан қатпарын ашып, мі­нез-құлық, іс-әрекетіндегі титімдей болса да қозғалыстарды көрсетудің орны­на лепіріп, екпіндеп сөйлеуге әуес, жи­нақтарды парақтап, көкірек көзін жіберіп, үңілейін десең қатынқарғысқа толы сөздер мен тіркестер ой-сезімге түрпідей тиіп теткітеді: Салдақы, сайқал, әзәзіл, кәпір, шайтан, мүскін, саппас, сұм, зымиян, тексіз, аяр, кәззәп, ібіліс, малғұн т.б. ұғымдар кімге тансық? Ол әлдекімге тіс қайрап, кіжініп отыруды дағдыға енгізіп, тіпті, ұстанымына айналдырғандай. Мен ақынмын, тектімін, күштімін дегенге жиі ұрынып, соған оқырманды сендіргісі келеді. «Бесіктен біз де беліміз шықпай ақын ек», «Дүниеде менен күшті еркек жоқ»; «Рухыңды – бұлдыраған елестен – өлеңіме айналдырып жібердім», «Саған арнап сұлу жырдан гүл өрдім», «Өмірге ақын адам әкелген Ананың шерін мен ғана білем!», «Қанатты жырым жүреді сені іздеп», «Өлеңіммен өзім айтып берейін», «Абай туған Алаштан, Ақын болған не теңім?!», «Бір Ақсұңқардың шаңырағында бір ақын болса аз бола ма екен?», «Дүниеге ақын боп неге келдім?», «Ақын керек мендей бір», «Мені ақын ғып жаратқан Тәңірі», «Өмірімді – өлеңге айырбастадым», «Көк­тегі Тәңіріме сөйлестім», «Өмірім менің өлеңге кеткен айналып», «Ақын боп кет­тім». Қандай асқақ! Босқа кеуде кере беретіндей. Осындайда  С. Ақсұңқарұлының өзі пір тұтатын Қасым Аманжоловтың:

Сабыр ойла, саспашы,

Тым ертерек таспашы.

Бірден Пушкин болмай-ақ,

Баймұқанша басташы, – дейтін жолдары ойға оралады. Біз ізашарлар айтқан есті ескертпелерден тиісті қорытынды шығарып жүрміз бе?  Оңай сөз боздай тез оңады. Сөйтіп, кең дүниеге жар салып, көтеріңкі леппен, үн қататын ақын тез айнығыш, ешкіемердей (хамелеон) қайта-қайта құбылады.

Менсіз күннің көңілі – күпті,

Ай да – алаң,

Анархистен Абай болсам бір күні,

Әл-Фарабиден Әлихан Бөкейхановқа айналам!

***

Ұлы Атам – Өтеген баһадүр,

Нағашым – Қожа Ахмет Яссауи,

Ата жұртым да,

Ана жұртым да – Алтыннан.

***

Мен – Жұбанмын,

Бас имеген ұлыққа.

Маталмаған мансап деген құлыққа.

Ақын едім – жерге тастап тәжімді,

Өлгеннен соң айналамын

Рухқа.

***

 Доспанбет,

Асан Қайғы,

Шалкиіз ем,

Керей хан – әз Жәнібек заманында.

Асқақ ақын бейнесін сонша тұқыртып жербауырлатуға ешкімге құқ берілген жоқ. Ақтанберді мен Абайдың, Мағжан мен Сұлтанмахұмыттың, Ілияс пен Қасым әлемінің астар ақиқаты кез келгенге алдыра бермейтінінің тылсым сыры сонда. С.Ақсұңқарұлының бір өлеңі бар. Онда оның ақындық пен азаматтық бүкіл болмысы көрініп тұрғандай:

Сайран менің он сегізім

Аққудайын айнакөлде.

Ақтоғайға арбалды.

Орда бұзар отыз жасым,

Қамал бұзар қырық жасым

Қарқаралыда қалған-ды.

 

Қазыбек би жоқ, Әйтеке би де, Төле де.

Алдына барып бақ сынар.

Тоталитаризм – төбеде,

Төрімде кілең – қабағын түйген

                        хатшылар.

Біреуге ұнар, ұнамас,

Түнектен күнді шолғанда –

Содан да қалған мына бас

Адыра қалмас Алашы азат болғанда.

О да ойран кез еді,

Өртендім – күйдім.

Егілдім – сүйдім, лақылдап.

Жанымның жасын кезеңі

Өзімнен көшіп, өлеңде қалды –

Лапылдап!

Көзімде – сорам...

Қайтейін соны сезбес ел?

Көкірегіме көктей кеп Көктен жетті өлең.

Ел лағып (?) жүрген кезде сол

Лапылдап жанып,

Мен қалай күл боп кетпегем?!

Сөзгер осы айтқандарына өзгені сен­діре ала ма?

Ол езбелікке аса құмар. Бұны ақынның өзі тапқырлық деп есептейтін шығар. Алайда ой, сезім, бейне қайталаулары жыр жаратылысында ешкімге де абырой әпермейді. Мен өз басым С.Ақсұңқарұлының Шөже Қаржаубайұлы (1808-1895 жж.) тұлғасын тұжырымдауына түбегейлі қарсымын. Ол бірде «Шөже ақын Сарыарқада салыпты ойран», енді келесі кезекте Д.Стамбековке айналып «Жалғанға Шашубайдай салыпты ойран» болып жүр. Сонда айтыскер «ойран салып» жүретін бұзақы басбұзар ма, әлде ұрыншақ ұры-қары ма, жоқ, беті бүлк етпейтін бейбас па? Лирикалық кейіпкерлер тым астамшыл, шамшыл, шікәмшіл, кеудемсоқ. Мысал керек пе, мә: «Барыс жылы туған балықпын», «Оның сыры мәлім біздей періге», «Тобықтан келмей дүние, мен де толғадым», «Бірінен-бірі өтетін сорақысы, заманның көзбен көрдім (енді немен көреді?) не сұмдығын», «Бал – таңдайым, Жарқырап ақ маңдайым, Мен – эпостан туғанмын», «...Атша тулап, алпыс екі тамырымның бүлкілі, Сағыныштан сарғайды іздеп түркіні; Үйсін, Арғын, Адай болып алдым да, Абай болдым бір күні...».

Бізді ізгілікпен іздей қалса ізбасарлар қай ұрпаққа жатқызатынын білмеймін. Алыптар тобы базбірінің аяқ алысын көріп, өнеге – тәрбиесін аз сезгеніміз жоқ. Мағжанша «Мен жастарға сенемін» десек те бүгінгі буын мінез-құлығы мен іс-әрекеті үйлеспейтіндей. Халық үшін, оқырман үшін бітіріп, тындырғаны аз болса да бірін-бірі өзеуреп дәріптейді. Дарын дәнегі сор топыраққа сіңірілмейді. Үлгі ретінде үзінді алып жатады. Жаңсақ жол ұзаққа апармайды. Қазақ әдебиетінде құбылыстар жиі болып жатқан жоқ. Іңкәр ізденістер соған бастағаны игі.

Қаралы көштей қара бұлт торлап аспанын,

Қасқайып тұрды қатал тәңірге қарап паң!

Сталин –

Сәкен,

Бейімбет,

Ілиястарын

Әдебиеттегі әдеби иттерге талатқан.

Енді, бұл поэзияның емес, серкесөз (публицистика) жанрының оң жамбасына келетін тақырып. Қанша санамалап, ұлы ұстындарды балықтың желбезегін тізгендей етіп, жырға қосқаннан ұтарымыз не? Осыдан кейін жалпы қазаққа ақын керек пе деген ой туады. Көне Тұран топырағының батысындағы Қараойда өркеуде Махамбеттің басы қағылды. Қарамолада Абай сабалды. Сұлтанмахмұт Жасыбай желкесіндегі қоңырқай жазықта іздеусіз жатыр. Шаһкәрім жазықсыз атылып, денесі Шыңғыстау  етегіндегі құдыққа тасталды. Одан ешкімге де қарағайдай мүйіз біткен жоқ. Ұлттың рухы жасып, жаны жүдеді.

Ақын – аса күрделі елгезек тұлға. Ол суға түссе батпайды, отқа қақтаса күймей, маңдайын тауға да, тасқа да соғып, өмір өтінде жүріп, сөйтсе ғана қаймана жұрт көрмегенді көріп, естімегенді естіп, таңды таңға ұрып аласұрады. Сондықтан да, оған нар көтермейтін ауыр жүк артылады. Төлеген Айбергенов айтқандай «аузында болу жараның». Баяғыда баз кешкен Латындарда: «Ақындар арасындағы орын тек жалғыз Гомер пешенесіне жазылмаған» дейді екен. С.Ақсұңқарұлы А.Вознесенскийге тиісіп, аға замандасына зәрін төгеді:

О, Андрей, бастан сұм ғасыр өтті (?),

Өр кеудемді жаныштап басып өтті.

Менің жаным – екі есе Есениннен,

Менің жырым сенен де қасіретті!

Не дегенмен, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары А.Вознесенский, Б.Ахмадуллина, Е.Евтушенко, Р.Рожденственский буыны орыс оқырманының поэзияға қайта оралуына зор ықпал еткенін бәлеқордың ешқайсысы жоққа шығара алмайды. Оған біздің Олжас Сүлейменов, тәжік М.Қаноат, украин В.Коротич қосылды. Енді, солардың бәрін сырып тастап, тәрк етуге болмас. Қ.Мырза Әліге жазған хатында С.Ақсұңқарұлы: «Өлең техникасын өлермендікпен меңгеріп алып, поэзияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын «кітап» жазуға деген жанталасқан құмарлық көзге ұрады. Бұл бір сұрқай ағымға айналып бара жатыр» демеп пе еді. Содан бері бұл дерт дендеп тереңдемесе әлі жойылған жоқ. Әнші Меруерт Түсіпбаева соны тап басқандай: өнерді, соның ішінде эстраданы көлденең көк аттылар жайлап бара жатқанын жаны ауыра айтады: «...әнші әнін айтсын, биші биін билесін, қаржыгер ақша санасын, мемлекетіміздің рухани ақсап жатқанының бір себебі де осы», - дейді күйініп. Ол әдебиеттің поэзия саласын да осы жегіқұрт жайлап бара жатқанын білмейді дейсің бе? Жер астынан Мәді мен жік шыққандай ахуал қалыптасып келе жатқаны шындық. Шөп те өлең, шөңге де өлең дейтіндер ақын, бір-екі сөз басын құраған жазушы болып ханға да сәлем бермейтіндей күй килікті.

Қазақ Алладан дәметіп – негізінде бұйырған аз нәпақасын ынсап етіп отыра беретін қанағатшыл халық. Бар-жоғын таразылай келіп, түбінде ақиқат айтылар.

Ал, С.Ақсұңқарұлы «Анти-поэзияда» басты нысана ұстанымында айтқандай: «...Поэзия – Құдаймен сөйлесу. Басқа түк те емес. Саңқылдаған дауыс, қарқылдаған күлкі, жарқылдаған теңеу, тақылдаған ұйқас та емес. Дантенің «Тәңірінің тәлкегі» басы жұмыр пенденің Алламен арадағы диалогы ғой. Ақын Алламен сөйлесуге тиіс! Дәлдүріш пендемен ғана сөйлесе алады. Пендені Тәңірге теңеп марапаттайды. Пендеге жағынып бәйек болады, өзінің хайуандығына өзі мәз болып, өзге хайуанды да соған тәнті етеді. Мұндай «сарай ақындары» Пушкиннің кезінде де болған. Қазір күнде итше күшіктеп жатыр» болса, соны, орындай бермейтіні оқырманды опындырып ойлантады.

Қазақ сөзі, поэзиясы қилы-қилы тағдыр кешіп, үлкен жолдан өтті. Халық жанының қаһармандығы мен сұлулығын паш етіп, болашақ есігін батыл қағып тұр. Бәрекелде айтса болғандай!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053