Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 5081 0 пікір 15 Маусым, 2016 сағат 00:55

«ЖҮРЕКСІЗ ҒҰЛАМАЛАР»

Мен бүгінгі қазақты түсіне алмай-ақ қойдым...

Қазақ жайлы сөз бола қалса, «ұлтаралық татулыққа сына қағып жатырсыз» деп дүр ете түседі.

Жібі түзу сөз айтылса, «мұны кім қаржыландырып отыр?» деп тіксіне қалады.

Билікті мақтасаң «мақтадың», даттасаң «даттадың» деп жүніңді жұлып жеуге дайын тұр.

Абыройлы болам десең, тіл, дін, діл жайлы жақ ашпау керек. Өйткені, қойныңдағы қатынға сенбейтін заман туды.

Қазақ қазір біріне-бірі масадай тұмсығын салып,  қанын ішеді, екіншісі екіншісін ара болып шағады, тіпті бірі ешбір кінәсіз адамның асын шыбынша ыламайлап кете барады.

Өз ұлтын өзі менсінейтін, өзінің тегін өзі мақтан тұтпайтын «жүрексіз ғұламалар» пайда болды.

Ақтөбедегі ланкестік әрекеттен кейін тағы да біздің қоғамның абыройын жапқан көйлек дар-дар жыртылды.

Ең алғашқы сөзді де қоғам мүшелері шегелеп тұрып айта салды. «Ату керек».

Ешкімге ешкім ешқандай тапсырма бермесе де қазір салафиттерді жазалау опперациясы басталып кетті.

Міне, қызық! Әлеуметтік желілерде әркімді бір табалап, «сен салафи, сен уахаб» деп бір-бірінің үстіне «домалақ арызды» топырлата бастады.

Осыдан алты-жеті жыл бұрын, сол салафтар мен уахабтар сопыларды дәл осылай қанжығасына салып еді.

Дүние алма кезек деген тегінде рас болса керек...

Демек, сопы мен салафқа туған күн бүгінгі табалаушының да басына келуі мүмкін екенін жоққа шығара алмайсыз...

Бүгінгіні қойшы, кезінде бірін-бірі «халық жауы» еткен бабаларымыздың күйі еске түссе, өмірден түңілесің...

Сол заман қайта келді.

Мұндай кезде «жүрексіз ғұламалар» пәтуасы тым қатал болатыны өкінішті.

Әлемге белгілі ғалым Саят Ыбырайды алты жылға темір торға тоғытқан күштер өзгелерді де аямасы хақ.

Ал, ол «өзгелердің» бәрі экстремистік, я террористік деңгейге шарықтап кетті ме, жоқ па? Жүрексіз ғұламалар соны ескерсе екен дейсің.

Себебі, қазір әрқайсымыздың екі туып, бір қалғанымыз сақалын өсіріп, балағын кесіп тастап жүр. Олардың бәрін жау деп білсек, досымыз кім болмақ?

Бірақ, ақиқатын айту керек, еліміздегі салафиттер қоғамды дел-сал күйге түсірді. Ұлтығымызға қауіп төндіріп, бәрімізді биік жардың шетіне шығарып алды. Енді міне, итереді. Сосын жоқ боламыз.

Бізді, біздің рухымызды, біздің сенімімізді «өлім жазасына» кескен діни ағымдарды жазалаудың тың жолын қалай таппақ керек?

Дағауатшылар мен сопылардың басы түрмеге тоғытылғанмен, тілдері әлі сайрап тұрған жоқ па? Яғни, салафтардың басы қолды болса да, жүректері «соғуын» тоқтатпасы хақ.

Сондықтан мен айтқан жазалаудың бейбіт жолын (бәлкім заңмен шектеу, ағартушылық, т.б) табу қажет.

Өткенде бір лауазымды қызметте істейтін танысым Сириядағы жиһадтан қайтқандарды біздің құзырлы органдар әуежайдан күтіп алып, темір торға тоғытып жатқанын айтты. Олар Қазақстан аумағында қылмыс жасамағандықтан, түрлі сылтаулар тауып, жамап-жасқап қылмысты еткен болады-мыс. Әрі кеткені төрт жыл, қалғаны бір жарым, екі жылды арқалап, «демалысқа» шығып жатқан көрінеді.

Енді міне, олардың алғашқы легі ашумен бостандық ала бастайды.

Сол ашулы қауым жүректері уахаббизм деп соғатындармен бірігіп кетсе не болмақ?

Ойланудың өзі қорқынышты...

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1502
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3273
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5701