Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 6292 0 пікір 10 Маусым, 2016 сағат 09:28

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ. ОРАЗАЛЫ СӘБДЕННІҢ ҰСЫНЫСЫ

Жер реформасы жөніндегі Мемлекеттік

комиссияның және халықтың назарына

 

Жер реформасы жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері,

Қазақстан Ғалымдар одағының президенті,

академик О.Сәбденнен

 

ҰСЫНЫС

 

Негізгі тұжырым: «Жерді шетелдіктерге жалға бермей,  Қазақстан азаматтарына сатпай, 49 жылға тек ҚР азаматтарына ғана жалға  беру  арқылы кооперациялау туралы заңды және басқа да тетіктерді іске қосып, жерді тиімді пайдалануға болады».

Заңдарға ұсыныстар, бағдарлама

Негіздеме

 

1

Жерді шетелге жалға беру туралы баптарын (24 бап, 1 тармақ; 37 бап, 5 тармақ, 2 тармақша) «Жер кодексінен»  алып тастау қажет.

1-ші. Ауыл азаматтарының пікіріне жүгінсек, жерді шетелдіктерге жалға  беруге бәрі қарсы. Әсіресе, халықты ушықтырған мәселе - ол шетелдіктерге 25 жылға жалға беру туралы заңға кіргізілген өзгерістер.

2-ші. Осы заңда, шетелдіктерге 25 жылға жерді жалға беруді енгізген Ауылшаруашылық министрлігі, Әділет министрлігі, Үкімет, Парламенттің 2  палатасы осы бап елде қандай үлкен резонанс туғызады-ау деп ойлау керек еді? Жер-жерде халықтың үлкен наразылығын тудыруда. Елбасы мораторий жасады, егер жасамағанда не болар еді?

3-ші. Мысалы, егер жерді 25 жылға Қытайға жалға бердік делік. 25 жылдан кейін берген жердің тамтығы қалмай, ал сол жерде қаптаған қалың қытайдың арасынан қазақты да, Қазақстан азаматын да табу қиын болар. Қытай тек бізге емес, АҚШ пен Еуропаны қоса алғанда бүкіл әлемге енуде. Біздің дана халық бәрін  біліп отыр, мінезін де көрсетті! Халықты тыңдау керек екенін. Тек халық үніне жиірек құлақ түріп тұрған абзал. Халық пен биліктің арасындағы алшақтықты осыдан байқауға болады. Қытайға уақытша жалға берілген Хабаровск өлкесі бүгінде Ресейдің бас ауруына айналды, ал жерлерін Қытай жалға беріп, топырақтары химикатпен уланған Тәжікстаннан неге сабақ алмаймыз?

4-ші. Кейбір азаматтар шетел тәжірибесіне жүгінеді. Мысалы, ең дамыған мемлекеттің бірі Ұлыбританияда жерді шетелге жалға да, өз азаматтарына сатуға да заңмен тыйым салынған. Норвегия, Италия, Финляндия және т.б елдерде шетелге жерді жалға бермейді.  Беретін мемлекеттер де бар.

Бірақ, біз ешкімге жалтақтамай, бізге, яғни қазақ мемлекетіне, Жаратушы тәңірден берген және ғасырлар бойы сақ, ғұн, түркі қағанаты, т.б. хандықтар тарихында ата-бабаларымыздың қаны төгілген жерді, ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіліп келе жатқан және келер ұрпаққа қалдыру моральдық парызымыз болып табылады. Жерді ешкімге сатуға және шетелге жалға беруге де болмайды!

2

Халықтың және мамандардың пікірлерін ескере отырып:  Жерді сату туралы (24 бап, 1 тармақ) бапты «Жер кодексінен» алып тастау керек. 

  1-ші. Ауыл азаматтары мен  мамандардың ойларына жүгінсек, олар негізінен жер-ана, жерді сатпай-ақ, «Кооперация» туралы заңын пайдалану арқылы және Үкіметтің тиімді тетіктерін қолданып, жерді  тиімді игеруге болады деген тұжырымды айтады. Мысалы, уақытысында жер үлесі ретінде берілген 5-10-20 га жерді сатып алуға да шамамыз жоқ, ал сатып алған жағдайда да, оны игеруге техника т.б жағдайымыз да келмейді. Бәрібір бір ұжым құрып, кооперацияға жүгінуге тура келеді. Ал бірен-саран қолында көптеген жері бар фермерлер жерді сатып алсақ деп те отыр.

2-ші. Халықтың қорқынышы жерді кім сатып алады: олар, Елбасы айтпақшы, латифундистер, байлар т.б. Қара халық ала алмайды, содан соң наразылық туады.

3-ші. Ашығын айту керек, сыбайлас жемқорлық шарықтап тұрған заманда, осы жерді сатудан пайда көріп қалайық деп алақанын уқалап отырған әкімдерде жетеді. Олар дегенін істейді, жақындарына, таныс бизнесмендерге, тіпті кім болса соған жеке пайдасы үшін  жерді бергізеді. Бұны кейінгі «Жер Кодексін» қабылдағалы бергі 13 жылда көріп келеміз дегенді айтады. Transparency International атты бүкіләлемдік жемқорлықпен күрес ұйымының 27.01.2016 жылғы жарияланған мәліметі бойынша сыбайлас жемқорлық көрсеткіші бойынша Қазақстан 123-орында тұр. Осындай сыбайлас жемқорлықтың өршіп тұрған заманында жерді қалайша сатуға болады?! 

3

«Жер Кодексінің» 50 бабына сәйкес 0,1 га; 0,25 га жерді және ауыл тұрғындарына  уақытысында берілген 10 га дейін жер телімдерін (үлестерін)  тегін берілсін деген бап «Жер Кодексіне» енгізілсін.

1-ші. Елді қынжылтатыны 10 соттық, 25 соттық жер учаскелерін әлі күнге дейін жүздеген, мыңдаған адамдардың  ала алмай жүргендігі. Егер осылар тезірек іске асқан уақытта көптеген азаматтар баспаналы болып, тірлік жасап, әлеуметтік тұрмысын көтеріп, билікке де салмақ түсірмес еді. Осындай келеңсіздіктерді өз қолымыздан жасағандығымызды қалай кешіруге болады?! Өткен жылдардағы Алматыдағы үлкен шуларды еске алайық.

2-ші. Тегін берген жер үлестерін өз қолымен игере алмағандары ұжымдасып, кооперация құру арқылы еңбек етуге болады. Бұл іске жергілікті жердегі қоғамдық кеңес пен мәжіліс депутаттары септігін тигізуі керек, ал әкімшілік болса көмектессін.

4

Жерді игерудегі ең түбегейлі мәселе ретінде «Кооперация туралы заңы» қалай іске асырылып жатқандығы жөнінде  осы комиссияда қарау және Парламенттік тыңдау керек.

Қазақстанда жерді игерудің ең тиімді жолы 2015 жылы 29 қазанда қабылданған «Кооперация туралы заңын» 7 айда іске асыру тетіктері неге нашар жүріп жатыр? Бұл туралы министр мен әкімдердің есебін тыңдау қажет. Бұл мәселеде жергілікті әкімшілік, мәслихатпен қатар, әсіресе қоғамдық кеңестің рөлін күшейту керек. Әкімдердің бағасын осы кооперация заңын қалай іске асыратындығымен беру керек, егер ақтамаса орнынан алу қажет. Сонда ғана іс жүреді!

5

Ауылшаруашылығын үдемелі дамытудың 2030 жылға дейінгі Мемлекеттік бағдарламасын жасау керек

(бұл ұсыныс жер кодексінің 4, 6 бабына кірсін).

Бұрынғы қабылданған тек салалық «Агробизнес-2020» бағдарлама ескірді, әлемде және елімізде көптеген өзгеріс орын алды.

Ауылшаруашылығын үдемелі дамытудың 2030 жылға дейінгі Мемлекеттік бағдарламасын қабылдап, оны үш бесжылдыққа бөлуге болады.

«Агроиндустрия-2030» бағдарламасын әзірлеу жөніндегі Ведомствоаралық комиссия, жұмыс тобы құрылсын.

Бұл жерде Қазақстан Республикасы  үшін №1 етіп «ауыл шаруашылығын үдемелі дамыту» басымдылығын қою керек. «Аргоиндустрия-2030» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы тек Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты болмауы тиіс. Өкілдері министрліктен болсын, алайда әзірлеушілерді ойдағыдай қаржыландыратын ведомствоаралық жұмыс тобы құрылуы қажет. Мәселен, аталған Мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу үшін бірнеше ай қатарынан маман ғалымдар мен практиктерді жұмылдыру қажет. Содан кейін Мемлекеттік бағдарламаны жергілікті жерлерде, осы Комиссияда, Үкіметте талқылаған жөн. Ең соңында ҚР Президенттің жарлығымен қабылдануы тиіс.

6

Мемлекеттік бағдарламаға байланысты «Салық кодексіне» қажетті көптеген өзгерістер енгізу қажет.

Елімізде көптеген игерілмей жатқан жерді қайтару тетігін іске асыру үшін игерілмеген жерлерге салықты еселеп көбейту керек.

Жер - ана қазір - сырқат. Жердің қазіргі жағдайын, саламаттығын анықтап алу қажет. Шәкәрім айтқан, «табиғат пен жердің, адамның гармониясы болған елде ғана несібе көп, бақыт бар». Сондықтан мына мәселелерді шешу керек: 2003 ж. «Жер Кодексі» қабылданғаннан бергі 13 жыл бойғы жер қалай пайдаланылып жатыр? кімнің қолында? қандай заңдылықтар бұзылып жатыр? неге латифундистердің қолында жүздеген, мыңдаған гектар жер бар? оның қаншасы игерілмей жатыр? және т.б

7

Тың жерді игеру арқылы қазақ елін жаңа белеске көтеру (Қазақ өрісі) атты авторлық жобаны іске асыру үшін ҚР Парламенті «Ауылшаруашылық экономикалық аймақ туралы» ҚР Заңын қабылдау тиіс. Бұл ұсыныс Мемлекеттік бағдарламаға және «Жер кодексіне» жеке бап ретінде енгізілсін.

1-ші.Бұл жоба Қытайға шекаралас Алматы, Талдықорған, Шығыс Қазақстан және Өзбекстанмен шекаралас Оңтүстік Қазақстан аймақтарындағы құнарлы жерлерді игеруге арналған.  Ол жерлерде «еркін экономикалық аймақ» жасап, еліміздегі мыңдаған  азаматтарды, әсіресе жастарды тың жерді игеруге жұмылдыру.  Израильдың дүниежүзіне белгілі тәжірибесін пайдаланып Кибуцтер жасалсын. Баяғы «БАМды, Целинаны»  игерудей кешенді істер болса. Мұндай мәселеде халықтың да патриоттық сезімі көтерілер еді. Жаңа ауылда жастар жаңа өмірді бастар еді. Жастар кооперациясы құрылсын. Ең маңыздысы басқа елдермен шекаралас жерлерді игеру арқылы қауіпсіздігіміз де артар еді!

2-ші.Мегажобаның іске асу тетіктері:

- мегажоба іс-шараны қаржылық қамсыздандыру мәселесін шешетін «Нұрлы жол», «Институционалдық реформалардың 100 нақты қадамы» сынды бағдарламалар бағытында жүзеге асырылуы қажет;

- халықты жұмысқа тарту, олардың жұмыспен қамтылуы осы саяси жобаға негізделіп, түзетілген «Жол картасы-2020» аясында орындалуы тиіс;

- еліміздің өркендеуі мен оның ұлттық қауіпсіздігінің нығайту жолында халықты моральдық және рухани-патриоттық тұрғыда біріктіретін «Асар» көмек және қолдау көрсету ұлттық қағидасын және елдің атынан байыған бизнесмендердің көмегін пайдалану;

- мегажобаны қаржыландырудың негізгі көздері мемлекеттік және жергілікті бюджеттер, жеке инвестициялар мен «Қазақ өрісі» атты арнаулы қорын құру қажет;

- еліміздің демографиясы, жұмыспен қамтылуы және ұлттық қауіпсіздігі жөніндегі жекелеген бағдарламалар әзірлеу;

- жастарды рухани жаңғырту және адамгершілікке тәрбиелеу жөніндегі іс-шаралар әзірлеу. 

8

 

 

 

 

 

 

 

 

Егер елімізге түбегейлі өзгеріс жасағымыз келсе, онда Жер кодексі туралы жаңа заң жасалып, Парламентте

қабылдануы тиіс.

Еліміздегі ауылды, ауылшаруашылығын көтеруді және  жерді пайдалануда бүкіл халықтың наразылығы мен қызығушылығын ескеріп   Жер кодексі туралы жаңа заң жасау қажет. Себебі, 2003 жылы қабылданған Жер кодексі туралы заң ескірді. Одан бері 13 жылда көптеген өзгерістер болды: дүниежүзілік дағдарыс, ақшаның девальвациясы, әлеуметтік-экономикалық қиындықтар, Ресейге салған санкциялардың бізге тікелей әсері, Еуразиялық одақ, Кеден одағы, Дүниежүзілік сауда ұйымына кірудегі қиындықтар мен кедергілер және т.б. Бүкіл ауылшаруашылығы, оның ішінде, жерді тиімді пайдаланудың  жаңа парадигмасын жасау керек. Мұнай мен газ да, қазба байлық та 40-50 жылда таусылады, ал ауылшаруашылығы, ата-дәстүріміз, тарихи-рухани құндылығымыз мәңгілік! Абайдың әкесі Құнанбай айтқандай, «Ел өседі, мал өседі, жер өспейді». Жердің құны жоқ. Мұны К.Марксте айтқан. Құны жоқ жерді қалай сатамыз? Жерді анамыздай қастерлеп, тиімді пайдалану арқылы, өзімізде өсеміз, елімізді де көркейтеміз!

 

ҚОРЫТЫНДЫ ҰСЫНЫС

Әрине, жоғарыдағы ұсыныстарда көтеріліп отырған мәселелер өте күрделі және де оларды бір дегеннен шешіп тастау мүмкін емес, бұларды кезең-кезеңмен шешу керек. Сол үшін Жер Комиссиясына төмендегідей ұсыныс жасаймын:

        Бірінші кезекте, Елбасының жер мәселесіне байланысты жасаған мораториясын ескеріп,  халықты тыныштандыру үшін, ел ішіндегі бірлікті сақтау үшін тез арада төмендегідей шешім қабылдау керек:

  1. Жерді шетел азаматтарына және заңды тұлғаларға жалға береміз деген (24 бап, 1 тармақ) бапты «Жер Кодексінен» алып тастау жайында Парламентте заң қабылдау қажет.
  2. Жерді Қазақстан азаматтарына сату туралы (24 бап, 1 тармақ және 37 бап, 5 тармақ, 2 тармақша) бапты «Жер Кодексінен» алып тастау жайында Парламентте заң қабылдау қажет.
  3. Үкімет 13 жылдан бері заң бойынша уәде беріп келе жатқан 10 соттық, 25 соттық жер учаскелерін және ауыл тұрғындарына  уақытысында берілген 10 га дейін жер телімдерін (үлестерін)  тез арада осылардың бәрін халыққа тегін берілсін. Бұл мәселе осы Комиссияның және жергілікті қоғамдық кеңестердің тікелей қадағалауында болсын. Ал жергілікті әкімшілік өкілдері тікелей іске асырсын! Осы іс-шаралардың іске асыруын БАҚ жариялы түрде үнемі халыққа ашық хабарлап отырсын.

       Екінші кезекте:

  1. Жер кодексінің 13 жылдағы іске асырылған нәтижелері туралы облыс әкімдерінің, Үкімет пен  Парламенттің халыққа есеп беруін тыңдау;
  2. Қазақстанда жерді игерудің ең тиімді жолы 29 қазанда қабылданған «Кооперация туралы заңын» 7 айда іске асыру тетіктері неге нашар жүріп жатқандығы туралы және тиімділігін арттыру жолдары туралы әкімдер мен Министрдің есебін тыңдау;
  3. Ауылшаруашылығын үдемелі дамытудың 2030 жылға дейінгі ҚР Мемлекеттік бағдарламасын жасау;
  4. 4.           ҚР Жер кодексі туралы жаңа заң жасау;
  5. ҚР Президентіне тікелей бағынатын, еліміздегі жер ресурстарының барлық түрлерін және тиімді пайданалу тұрғысынан ҚР жер ресурстарын басқару жөніндегі Ведомствааралық Агенттікті қайтадан құру және оның басшысына Премьер министрдің орынбасары лауазымын беру. Ауылшаруашылық және жер мәселесін тез арада дамыту үшін бюджеттерді, ішкі, сыртқы инвестицияларды, субсидия, несие тағы басқа қаражат жүйесін бір қолдан шығару үшін, жерді игеретін әр түрлі шаруашылықтарға, жеке тұлғаларға тікелей жету үшін Қазақстанда АГРОБАНК құру керек.  

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5646