Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәйекті 7209 0 пікір 4 Маусым, 2016 сағат 19:53

ЖЕР ТЕЛІМДЕРІН САТУ – ЕЛДІ САТУ ЕМЕС

 Редакциядан: Журналист Жақсыбай Самраттың төмендегі мақаласында «Жер сатылмасын, жалға да берілмесін» деп мәселе қойып, Үкіметті «үркітіп» тұрған көпшіліктің талабына қатысты көлденең ой айтылыпты. Әдетте біздің оқырман мұндай мақаланы «жоғары жақтың тапсырысы» деген пайымда қабылдайды. Алайда, автор аталған тақырыпқа қалам тербегенде «мәселенің осы жағына да қарайықшы» деп, мақаланы байыппен жазғанын байқатады. Соны мықтап ескергендіктен әріптесіміздің мақаласы Жер мәселесіндегі бүгінгі байламымызды байыта түсуі мүмкін деген оймен оқырман талқысына ұсынуды жөн көрдік. Ал, асықпай оқып көрелік.

 ------------------------------

Жер мәселесі қоғамымызда дүркін-дүркін шығып тұратын тұрақты дау болып отыр. Өйткені, біздің халқымыз бей-жай емес, жеріне жаны қатты ашиды.

Алайда, халықтың көбі жер дегенге өзектері өзеуреп, жүректері суырылып кетейін деп тұрса да оның мәселесіне терең бойламай, «құр айғай бақырған» байбаламның шуымен өрекпіп жүр. Жер мәселесін айыру үшін алдымен оның мақсаттарын білу керек. Бізде жер жеті түрлі мақсатқа қолданылады.  Оларды атап өтетін болсақ:

  1. Ауыл шаруашылығына қолданатын жерлер. Егіс егетін, мал жаятын, пішен оратын жердің бәрі осы;
  2. Елдімекендердің жерлері; Оған қала, кент, ауылдық елді мекендер тұрған аудандар енеді, картасы өкілетті орган мен жергілікті әкімдіктерде сызулы;
  3. Өнеркәсіп, көлік, байланыс, ғарыш, қорғаныс және т.б. ауылшаруашылығы үшін қолданылмайтын жерлер; Олардың да біразының билігі орталық атқарушы органдар мен өкілетті органдардың құзыретінде;
  4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері;
  5. Орман қорының жері;
  6. Су қорының жері;
  7.  Запастағы жерлер;

Осылардың бәрінің картасы бар, егер жерді бір мақсаттан екінші мақсатқа ауыстыру керек болса, оны аудандық, облыстық әкімдіктер мәслихатпен келісіп, Үкімет өзінің арнайы өкімімен өз құзыреті шегінде іске асырады. Әркім жалға жер алса, оны өз қалауынша көрсетілмеген мақсатқа қолдануға заң рұқсат етпейді.           

Бүгінгі күні де, бұрын да бізде дау туғызып тұрған ауылшаруашылығына қолданылатын жерлер. Оның жалпы ауданы 272 млн. гектар болғанымен егістікке жарамдысы 94 млн. гектардай ғана. Қалғаны жайылым мен шабындықтар. Сату туралы әңгіме осы жерлердің төңірегінде айтылуда.

Ғасырлар бойы осы жерде туған, ата-бабаларымыздың қаны мен тері сіңген, өзіміздің де кіндік қанымыз тамған жерлер қазақ өмірінің ажырамас бөлігі, денесінің бір бөлшегі сияқты. Оны жәй ғана жер емес - Жер-ана деп атаймыз. Енді сол жерлерді жат біреулер меншіктеніп кете ме деп халықтың оған алаң болып жүргеніне риза болу керек. «Бұл болмаса күл болсын» деп немқұрайлылық білдірсе қайтер едік? Ең жаманы сол ғой. Президент Н.Назарбаев та осыған риза болғанын Ақордадағы 5 мамырда өткен кеңесте атап өтті.

Алайда жер сату мәселесін сылтау қылып, халықты қайтсе де қоздандырып, елдегі тұрақтылықты сілкінтуді аңсап, әр баспаның тұсында бас бағып жүргендер де бар екен.  Алдымен Атырау халқының көтерілгені соның айғағы. Басқа аймақтарға қарағанда егістік жерлері мүлде жоқ осы өңірдің алдымен өрекпулері сол, баспадан бас бұғып, аңдып жүргендердің айдап салуының салқыны екені көрініп тұр. «Националисты перестали существовать в РК как респектабельная политическая сила два года назад. Поэтому оппозиции, которая могла бы бросить вызов власти, там нет», деп өкініш білдіріпті А.Костин деген Ресейдің Ұлттық стратегия институтының қызметкері (365 info.kz) қазақстандықтардың 21 мамырда ірі толқу жасай алмағандығы туралы сұхбатында. Осындай «жанашыр» сарапшылар, эксперттер, аналитиктер көп. Ұлтшылдардың намысына тиіп қоятын ондайлардың бәріне Қазақстанның кемесін толқын ұрып, қатты шайқалғаны керек еді.

Нарық талабы бойынша біз жерді барынша тиімді пайдалануымыз керек. Әйтпесе, жәй жатқан жерден немесе өнімділігі өте төмен егістен не пайда? «Шөп қорыған төбет» деген сияқты оның пайдасын өзіміз де көре алмай, біреудің күшімен де тиімді қолдана алмай жатсақ, ең өкініштісі сол. Бүгінгі күні біздің ауылшаруашылығымыз ІЖӨ-нің 5-6 пайызын ғана береді. Академик Кенжеғали Сағадиев оны 15-16 пайызға жеткізуге болар еді дейді.

Жерді тиімді пайдалану ісімен мемлекет тәуелсіздік алған жылдардан бері айналысып келеді. Үлкен даумен, айғай-шумен 2003 жылы Жер кодексі қабылданды. Соған сәйкес жерді пайдалану құқы  сатылатын болды. Сайып келгенде бұл жер сатуға рұқсат болды деген сөз еді.

Ауылдың барлық тұрғындарына бұрынғы кеңшар тарағанда оған қараған егістік, жайылымдық және шабындық жерлер актымен («көк қағаз» аталып кеткен) бөлініп берілді. Кейбір ауыл тұрғындары 5-6, кейбірі тіпті 9-10 гектардан егістік жер үлесін алып, мәз болып қалды. Отбасында 6-7 адам болса 60-70 гектар жеріміз бар деп ауызын толтыра айтып жүргендер сол кезде көп болып еді. Жайылым мен шабындық та солай бөлінді. Алайда өздерінің жері нақты қайсы екенін, қай маңнан алғанын ешкім де білмейтін. Тек қолдарында жері бар деген қағаз ғана бар. 

Содан әрі, Кодекс қабылданған соң, жерді нақтылау процесі басталды. Әркімнің қолындағы актысының негізінде жерін карта бойынша нақтылап, қолдарына 49 жылдық «жерді пайдалану құқы» деп аталатын жаңа қосымша құжат берілді. Енді ауыл адамдары өздерінің жері нақты қай жазықта екенін біліп, ен тағып, жіп байлап жүретін болды. Бірақ солай болғанымен ол жерге егіс салуға күші жоқ еді, сондықтан оны астық егетін компанияларға сата бастады.

Астық компаниялары бағасына келісіп, ауыл тұрғындарына ақшасын шытырлатып санап берген екен ғой деп ойласаңыз, қатты қателесесіз. Ауылдықтардың аңқаулығын, заңға жүйрік еместігін пайдаланған олар жердің құнын бірнеше жылға (10-15) созып сатып алу туралы келісім-шарт ұсынған. Онда да тұрғындарға ақша емес, егіс өнімділігіне байланысты пай деп аталатын астық үлесін беріп отырмақшы болған. Мұның өзі іс жүзінде жалдау ақысы еді, бірақ соны жердің ақысына беріп отырған төлем деп ауылдағы аңқау ағайынның ауызын аңқитып кеткен. Шаруаның жерлеріне еккен астықтан 15 жыл бойы шөкімдей үлес беріп отырған жалғаншы ақырында жерді иемдену құқығына ие болып шыға келетін болған.

Осындайды көзі ашық адамдар көрсеткен соң көптеген ауылдарда дау туып, сот арқылы әлгі келісімшартты бұзғызып, жер иелену құқығын қайтарған елдімекендер де болды. Сондайдың бірін осы жолдардың авторы бастап, туған ауылының жерін «Голден грейн» деген алпауыт астық компаниясынан сот арқылы тартып әперген еді. Бұл туралы кезінде «Егеменге» және т.б. басылымдарға  бірнеше рет жазылған.

Артынан ауылдастарымыз біршама әділеттікпен қабылдаған астық компанияларына бәрібір сол жерлерін қайтадан берді. Өйткені, өздері егуге техникалық, қаржылық және т.б. күш керек, ондай ауыл адамында қайдан болсын?

Осындай әдіспен жер иелену құқын 49 жылға алған компаниялар, фермерлер, ЖШС-лар бірнеше жыл астық егіп келеді. Бірақ көбінің өнімділігі төмен. Өйткені, жаңа технологиялар енгізе алмайды, жерді құнарландыру жұмыстарын жүргізбейді. Ондайға құлқы да жоқ, өйткені 49 жылдан кейін бәрібір тастап кетеді, өзінікі емес. Кезінде ашкөздікпен көп жерді қамтыған кейбіреулер қазірдің өзінде көп жеріне екпей, қара қурайға бастырып, тастап кетіп жатыр.

Мәселенің мәнісі

 Соңғы кезде дау тудырып, жер жекеменшікке сатылсын деген әңгімені оны осындай пайдаланушылар бастаған жоқ. Өйткені, 49 жыл бойы өздерін ешкім алаңдатпайтынын біледі.

Жер телімін сатуды былтырғы қараша айында Кодекске енгізілген өзгертулердің биылғы шілде айында күшіне енуіне орай алғашқы болып шенеуніктер көтерді. Ұлттық қорды толтыру керек деп оларға да бұйрық берілген болуы керек, әйтеуір арендаторларға жалға алынған жерлерді сатып алыңдар деп әңгіртаяқ ойната бастайды. Қай күнгідей бұл істің көрсеткіштері бойынша да аудандар мен аудандар, облыстар мен облыстар арасында жарыс жасауды да қолға алған. Есімдерін көрсетпеуді өтінген бірнеше ірі арендаторлар осыны айтты.

Рас, шенеуніктердің әрекетін де түсінуге болады. Кейбіреулер арендаға алған жерін, жоғарыда айтқанымыздай, дұрыс пайдаланбай, біраз бөлігін арам шөпке бастыртып, бос тастаған. Жерді құнарландыру жұмыстары да жүргізілмейді, ауыспалы егіс сияқты бұрыннан келе жатқан технологиялық әдістер де қолданылмайды. Ал жер өзінікі болса, бәлки жанашырлық білдірер, оның болашағына алаңдаушылық жасар деген ой да жер ресурсын басқару қызметінің бір бүйірінде жатқан секілді. Сондықтан да олар әлгіндей, арендаторлар екпей қалдырған 1,7 млн гектар жерді тізімдеп, оны шілде айында аукционнан сатпақшы еді... Бұл туралы алғашқы болып сол кезде жер мәселесі қарайтын Ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы басшысы Е.Досаев 30 наурызда ресми мәлімдеме жасады. 

Осы кезде шу көтерілді. Алғашқы болып оны Мәжіліс депутаты В.Косарев көтерді. Ол тізімделген жер участоктарын аукционнан сатпас бұрын жер алушыға жасалатын шарттарды анықтаған заң қабылдап алайық деді. Бұл алушыны жердің құнарын түсірмеуге, химиялық улы заттарды шектен тыс қолданбауға және т.с.с. міндеттерді қарастырған заң болуы керек, жерді сосын ғана сатайық деген ұсыныс еді. Осындай дұрыс ұсынысты жұрттың бәрі қолдап, оның қолын алды.

Алайда... Халық арасында жер сатылайын деп жатыр екен, соның ішінде шетелдіктерге сатылғалы жатыр екен деген дақпырт қаулап кетті. Оны үрлеп жібергендер, жоғарыда біз айтқан, Қазақстанның тыныштығы мен тұрақтылығын шайқалтуды көздеп жүргендер де сияқты. Ештеңені түсінуге, байыпты талқылауға құлақ қоймаған бір тобырлардың шыққанын да көрдік... «Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап» деп Абай айтқандай ештеңенің байыбына бармай, байбалам салатындарға бұл көктен іздегені жерден табылғандай болды. Әрине, елдің, жердің тұтастығын ойлап, түн ұйқысы төрт бөлінетін патриот ағаларымыз бен апаларымыз, іні-қарындастарымыздың да жандары шырылдап кетті. Олардың қанын қыздырған басты мәселе – жерді Қытай азаматтарының сатып алу мүмкіндігі еді.

Алдымен айтарымыз, Кодекстің 24 бабының 1 тармағында былай жазылған: Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жиырма бес жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығымен ғана иелене алады. Демек,  шетелдіктерге жер сатылмайды. Тек жалдау мерзімі 15 жылдан 25 жылға дейін ұзартылады. Оның себебін мамандар былай түсіндіреді: «Ауыл шаруашылығы бизнесі көп қаржы салуды талап етеді және өзін-өзі ақтауына ұзақ мерзім қажет етеді. Сондықтан жобаларға салынған қаражаттардың өзін өзі ақтауына 13-15 жыл қажет. Инвестордың салған қаржысын өндіріп, алдағы 10 жылда табыс табуы үшін жалға беру мерзімі ұзартылды», деседі. Бұған қарсы уәж айту қиын. Инфрақұрылымы төмен, астық немесе басқа дақылдар егу тәуекелі өте зор елдің ауылшаруашылығы бизнесіне миллиондаған доллар ақшасын салған адамның табыс тапқаны да дұрыс.

Осы жерде күрт құбылмалы ауа райы өте жиі болып тұратын біздің астық өсіретін солтүстік аймақтарымыздағы шаруаның көрген күнін итке берсін десек артық емес. Алдымен көктем жайлы бола қоймайды, жиі жағдайда ылғалы өте мол  болады, ондайда егіске трактор кіре алмайды, уақыт болса қысып бара жатады, 30 мамырға дейін сеуіп болу керек. Ылғал тіпті жоқ болатын жылдар да болып тұрады, ондайда еккен тұқым өнбей қалмас па екен деп түн ұйқың төртке бөлінеді. Одан... жаз бойы арам шөпке қарсы гербицид, пестицид дегендерді себесің. Қазір оның сапалысын табу да оңай емес, түрлі ресейлік, қытайлық алаяқтар ондайдың жасандыларын сатып, талай шаруаны отырғызып кеткенін де жиі естідік. Амал жоқ, бәрібір себуің керек, олай етпесең арамшөп басып, қара қурай (бурьян) қаптап кетеді. Осы жұмыстарға да ауа райы жиі қолбайлау жасайды. Алдымен жаңбыр тілесең, артынан астық пісу үшін күннің ыстық болуын тілеп, әйтеуір жаз бойы диқан ұйқы көрмейді ғой.

Одан, әупіріммен күзге жетесің. Алладан күннің ашық болуын күндіз-түні тілеп, ораққа кіріседі. Жайлы күз болса жақсы ғой, жауыны тоқтамай себелеп, кейде құйып кетіп, еш жұмыс істетпей, орақты қарашаның қара суығына дейін созатын жылдар да жиі болады. Ол ол ма, көздің жасы, маңдайдың терімен еккен астықтың қар астында қалып қоюы да соңғы жылдары жиі қайталанып келеді.

 Астық егудің осындай соры барын зерттеген (ал зерттемей олар кіріспейді) шетелдіктер біздің жерімізге соншалық құштар да емес. Әлемде астық егуге жайлы жүздеген елдерде жер участоктары сатылады, ақшасы бар адам солардан-ақ сатып  алмай ма? Жуырда жазушы, ауылшаруашылығының білгірі, экономика ғылымдарының докторы Мырзагелді Кемелдің «Егеменде»  жазған мақаласында алыс шет елдер түгіл Ресей, Украина, Армения, Латвия, Литва, Эстония сияқты посткеңестік елдерде де ауылшаруашылығы жерлері жекеменшікке берілетіндігі айтылған. («ЕҚ», 13.05.2016 ж). Демек, осылардың бәрінде жер сатылады. Қытайда жер мемлекет меншігі болып есептелінгенімен пайдалану құқы саудаға салынады. Ол жақтан келген талай оралман  ағайындарымыз осы құқықтарын қытайлықтарға сатып, қалталарын толтырып келгендерін де білеміз.                    

 Жердің сатылуын ойлағанда халқымызды алаңдататын ең басты мәселе, түптеп келгенде, елдің қауіпсіздігі. Жер сатылып, оны басқа мемлекеттің азаматтары иеленіп кетсе, олар көбейіп алып, елімізді басып ала ма деп халық қорқады. Өте заңды, өте орынды алаңдаушылық. Енді осы алаңдаушылықтарға өз білгенімізше жауап беріп көрелік. 

Алдымен Қазақстан Республикасының барлық жері тұтастай мемлекеттікі екенін ескерткіміз келеді. Қазақстан жерінің тұтастығын, оған қол сұғылмаушылығын және бөлінбеушілігін мемлекет қамтамасыз етеді. Оны іске асыратын әлеуетті құрылымдары, құдайға шүкір, жеткілікті. Бұл туралы Конституцияда жазылған. Ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалынатын жеке телімдер, яғни бөліктер жеке азаматтардың меншігіне сатылса, ол Қазақстан мемлекетінің тұтас аумағынан шықпай, сол жерге иелік етіп, ел заңының шеңберінде еңбек ететінін де ескергеніміз жөн. Тіпті басқа елдің азаматы, соның ішінде Қытай азаматы сатып алса да ол жерге Қытайдың туын тігуге қақысы жоқ. Олай істесе Қазақстанның тұтастығына қол сұққан болып табылады.

Қазақстан Республикасының тұтастығын БҰҰ таныған, оған сырттан қол сұғылатын болса осы ұйым оны агрессия деп танып, оған қарсы халықаралық әрекеттер жасалады. Одан басқа аймақтық Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының мүшелері (ҰҚШҰ) қатарындағы Армения, Беларуссия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан мемлекеттері сырттан агрессия болса бірлесіп қорғанады. Осыны да кейбіреулер біле бермейтін сияқты. Ұйымның күшеюіне, ықпалының артуына Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың қосып жүрген үлесі де өте зор екенін айта кетуіміз керек.

Сондықтан ауылшаруашылығы жер телімдерінің жеке азаматтарымыз түгілі аламын деген шетелдіктерге де сатылуынан  қорқып-үркудің қажеті жоқ. Бәрібір, өзіміздің азаматтарға жекеменшікке сатылған дүние түрлі жолдармен, алғысы келсе шетелдіктерге сатылары да сөзсіз. Мысалы, өзіміздің бір іскер азамат ЖШС ашып, оған 1 млн. га ауылшаруашылығы мақсатына пайдаланылатын жер алған екен дейік. Біршама уақыттан кейін сол ЖШС-ның 50 пайыз үлесін шетелдікке сатса, соның ішінде жерінің 50 пайызы да болса, оған кім қарсы тұрады? Өйткені, шетелдік жерді мемлекеттен емес, жеке адамнан сатып алып жатыр ғой және мәміледе жер сату деп емес, «ЖШС-ның 50 пайызын сату» деп көрсетеді ғой. Ал жекеменшік иесі кімге не сатқысы келсе де өзі біледі. Осындай қитұрқы жолдардың мың түрлісін ойлап табуға болады. Сөйтіп, шетелдік азаматтар мен фирмалар алғысы келсе – жолдарын табады.  Бірақ алғысы келе ме? Гәп сонда?

Жоғарыда 2003 жылдан бері жер сатуға рұқсат берілді дедік. «Пайдалану құқы» дегеннің өзі сол – жер телімін сату деген сөз ғой. Содан бергі 13 жылда 1,3 млн. га ғана жер сатылыпты. Бұл егістік жер көлемінің 1,3 пайызы ғана. Осының ішінде қаншасын шетелдіктер алыпты деген дерек те ешқайда айтылмайды. Демек, ондайлар жоқ.  

 Сондықтан жерден айрылып қаламыз деп босқа өрекпудің қажеті жоқ, сабырмен байыптайық.

Алайда... алайда бүгін жер алғысы келмесе де ертең технологиясын жетілдірген шетелдік емін-еркін сатылатын жер болса, қаптап келуі ғажап емес. Әсіресе, жер жетпей жатқан Қытай азаматтары көп келіп қалуы мүмкін. Мұндай алаңдаушылықты қаперден шығармауымыз керек. Ал оған қарсы біздің негізгі әрекетіміз – заңдарымыздың нақты және мықты болуы. Мәселен онда әрбір аймақтағы сатылатын ауылшаруашылығы жер телімінің шегі нақтылануы керек. Ол терістікте көбірек (2-3 мың га), түстікте аз болуы шарт. Бір ауданның аумағында тек 2 немесе 3 жер телімі ғана сатылсын. Сатылған жерде агротехникалық шаралардың сақталуы, химияның шектен тыс қолданылмауы, құнарының төмендемеуі, саудаға түскен кезіндегі бонитеттік балының төмендемеуі, жұмысшылар арасындағы шетелдік азаматтар санының шекті болуы және т.б. нақты көрсетілуі керек. Әрине соңғы, сырттан келетін жұмысшылар квотасы біздің өзге заңдарда қарастырылған, бірақ нақ ауылшаруашылығы мақсатындағы жерде жұмыс істейтіндер саны нақтыланбаған. Ондайлар 1 мың га жер алғанға осынша, 3 мың га жер алғанға осынша деп нақтылануы керек. Өйткені, мұндағы жұмыстар маусымдық сипатта болғандықтан күз бен көктемде сырттан келетіндер дереу қаптап кетуі мүмкін... Көші-қон полициясының жұмысы да осы заңға сәйкес ширатыла түсуі шарт.

Сөйтіп, заңымыз бен заңды қадағалаушыларымыздың жұмысын барынша ширатсақ, жер телімінің тиімділігін көре түсер едік. Айта кететін жайт, бұл заң адамзат қолымен құнарланбайтын, еңбек сіңірілмейтін жайылым мен шабындық жерлерге ешқандай қатысы болмауы керек. Оларды сатуды бүгінгі таңда мүлде қарастыруға болмайды. Өйткені, оны өз шаруаларымыз да тиімді қолдана алады.  

Қорыта айтарымыз, өңештегендердің сөзіне өрекпімей, санаға салып салмақтасақ, оң шешілмейтін мәселе жоқ екенін ұмытпайық.

Жақсыбай САМРАТ, журналист

Abai.kz

 

 

   

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572