Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәйекті 8247 0 пікір 3 Маусым, 2016 сағат 17:54

ҚАЗАҚҚА ҚАРСЫ АҚПАРАТТЫҚ СОҒЫС. КІМ ЖЕҢЕДІ?

Қазақстанның медиакеңістігіндегі Ресейдің ақпараттық өнімі аздай, енді күні кеше өткен ЕАЭО елдері басшыларының кездесуінде Ресей президенті В.Путин ортақ ақпараттық кеңістік құру идеясын тағы да ұсынды. Путин біздің  елімізге келген сайын Ресей мен Қазақстанға ортақ ақпараттық кеңістік болуы керек дегенді қайта-қайта айтуының өзінен-ақ Ресейдің бізге қарсы қандай пиғыл ұстанатынын аңғару қиын емес. Әттең, оған «Бұныңыз не, Президент мырза, біз өз болашағымыз, алға қойған өз мақсаты бар азат елміз», -  деп билік басындағы біреуі де айтар емес. Сондықтан, олар мұнда тегеурінді ақпараттық қарсылық болмаған соң, еркін қимылдауда.   

Ресейлік ақпарат дегеніміз – Ресейдің басқаларға үстемдік, зорлықшыл саясатын насихаттау. Біз қолымыздағы бүкіл ақпарат құралдары арқылы бүгінгі ұрпағымызға Ресейдің идеяларын сіңіріп жатырмыз. Ал, бізбен тілі бір, ділі бір, дүниетанымы ұқсас елдердегі жағдай мұншалықты алаңдатарлық деңгейде емес. Айталық, көршілес  Өзбекстан, Тәжістан, Түркіменстан Ресейдің империялық амбициясын айқын аңғарып, дер кезінде қарсы шаралар қабылдап үлгерген.   Бұл елдерде Ресейдің ақпараттық шабуылы тегеурінді тойтарысқа тап болды. Айталық, Тәжістанда тәуелсіз БАҚ АҚШ пен Еуроодақ елдерінің қаржылық қолдауымен құрылған, яғни, бұл елдерде Ресейдің  озбырлығына орын жоқ. Қазақстанда керісінше, ресейлік БАҚ үстем, ресейшіл пікірлер мен идеялар өтімді-ақ.

Ресейдің ақпараттық-психологиялық соғыс концепциясы КСРО құласымен-ақ, яғни 1990-жылдардың ортасында жасалған. Оның басты төрт құрамдасы бар: «қарсыластың байланыс жүйесін бұзу, хабарламаларды қағып алу,  компьютерлік желілерді бұзу, жалған ақпарат тарату арқылы қоғамдық пікірге ықпал ету» (астын сызған – Д.И.). Қазіргі Ресейдің көрші елдерге қатысты ұстанымы патшалық кезеңдегі отаршылдық саясаттың заңды жалғасы және бұл қазаққа қарсы қарулы-қарусыз, саяси, рухани-мәдени соғыс бір сәт те тоқтаған емес. Ресей қазақты  бағындырып, тұқыртып, бодандықта  ұстау мақсатынан ешқашан бас тартпайды. Қазіргі  Ресей бұл мақсатты жасырын да, Жириновский, Лимонов, Проханов сияқтыларды арсылдата сөйлетіп қою арқылы ашықтан-ашық та жүргізіп отырғаны ақиқат. Әлі де Қазақ елінің тағдырын  осыдан үш жүз жыл бұрын жоспарлағандай шешкісі келетін күштер бар. Бүгінде бұл  саясат бүкіл сыртқы мәселелерде келісімге келу (ТМД, ЕАЭО, Кедендік Одақ  және басқа ұйымдар), орасан зор табиғи ресурстарды иемдену, шикізаттық база ретінде сақтап қалу, Орталық Азия елдеріне дәліз   ашу, саудадағы артықшылықтарды пайдалану түрінде іске асырылып жатыр.

Сонымен, қазіргі Қазақстандағы ресейлік  үгіт-насихаттың негізгі формалары мыналар:

-  Алауыздық туғызу (ұлтаралық араздық, дінаралық жеккөрініш

 сезімдерінің тууына әсер ету);

- елдегі сепаратистік көңіл-күйді қолдау (негізінен БАҚ тарапынан); осы

ретте «Украинадағы майданнан соң келесі кезек Қазақстандікі» деген алыпқашпа, арандатқыш сөздер;

- орыс тілділердің мүддесін қорғауды сылтаурату («орыс мектептері

азайып бара жатыр, орыс тілінің жағдайы мүшкіл, биліктегі орыстардың үлесі аз, орыстардың Қазақстанда болашағы жоқ», т.с.с.); 

- Қазақстанның қалыптасуында Ресейдің рөлін асыра көрсету, елімізде

 «орыстар болмаса бәрі қирап қалады» деген түсінікті насихаттау, жарнамалау.  Осының бәрі 20 ғасырдағы кеңестік насихат – «Қазан төңкерісі болмағанда қазақтар жабайы болып, малын айдап жүре беретін еді» деген сандырақтың салдары;

- жемқорлықпен, авторитарлық билікпен күресуді сылтау етіп шиеленіс отын жағу және т.с.с.

Қазаққа қарсы осы мылтықсыз майданның белең алуына қазақ қоғамының жайбарақаттығы, енжарлығы, келімсек атаулының көңілін табуға дайын тұруы,  жалпақшешейлігі, шектен тыс төзімділігі кінәлі деуге толық негіз бар. Ресейге барлық жағынан адалдық танытудан қазақтар алдына жан салар емес. Оған бір мысал,   қазіргі посткеңестік кеңістікте қазақстандық тұрғындар – бүгінгі ресейлік ақпаратты ең көп тұтынушылар.    

Біздің  елімізде Ресейдің ақпараттық мүддесін іске асыратын арналарға келетін болсақ, олар тым көп және сонысымен де қауіпті:

  1. Қазақстанда таралатын ресейлік баспа және электронды БАҚ, теле-

радиоарналар, кітаптар, оқулықтар, кино, мультфильмдер.

  1. Қазақстанның ішіндегі  күштер (кейбір оппозициялық ағымдар, 

қазақфобты БАҚ, қазаққа қарсы элита, орыстілді интеллигенция, т.с.с.).

  1. Интернеттегі ресейлік домендер, әлеуметтік желілер. 
  2. Ғылыми, техникалық, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және тағы

басқа ақпараттың басты көзі ретінде ресейлік ақпаратты тұтыну.

  1. Коммерциялық емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер.
  2. Шығармашылық мамандық өкілдерінен құралған топтар қазаққа қарсы

фильмдер, кітаптар жазады, олар ынталандырылады, сыйлықтар алады, лауреат атанады және т.б.

  1. Еркін журналистер – орысшыл идеяларды тегін таратады, бұл тарихи

қалыптасқан үрдіске айналған.

  1. Келесі топ – әлеуметтік бұқара, қатардағы адамдар – орысшыл ақпаратқа көзсіз сенетін, берілген, әлеуметтік рефлекстері қатты дамыған кеңестік кезеңді аңсаушылар, бұрынғы және қазіргі коммунистер, жұмыста, т.б. жерлерде қазақ идеясының күшейгеніне наразы топ. Қазаққа қарсы ақпаратты қолдайтын, сепаратист блогерлерді насихаттайтын, ресейшіл форумдарды, әлеуметтік желілердегі негативті ақпаратты бірімен бірі бөлісіп, таратуға асығатын топ.  Орыстың қазаққа қарсы саясатына ішкі  сатқындық та едәуір көмек көрсетіп отыр  (тайшыбековтер).  
  1. Сары басылымдар, ондағы жарияланымдардың сапасы төмен болса да

өз тұтынушылары бар.

  1. Түрлі мәдени іс-шаралар  өткізу, орыс диаспорасын қолдану. Мәдени орталықтар, казактар қозғалысы, діни ұйымдар бетпердесін жамылып, орыстың империялық амбициясын қолдау, сепаратистік көңіл-күйдің шоғын үрлеу. 

Осылайша, орыстың медиамашинасы   жолындағының бәрін жайпап, өзіне бағындырғысы келеді.  Оған дем беретіндер, отқа май құятындар жеткілікті. Осы тұста кімнің аузынан шыққаны белгісіз «қазақтың жауы – қазақ» деген сандырақ сөз қазақфобтық идеялардың  таралуына ықпал етуде.

Ал енді Қазақстандық ақпараттық кеңістіктің қазіргі құрамына қарасақ, Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің деректері бойынша, елімізде 2000-ға жуық баспа БАҚ  бар, электронды БАҚ – 300-ге жуық. Тіркелген 1364 газет пен 522 журналдың 76%-ы жекеменшік. 

Отандық радиоарналар барлығы – 59, оның ішінде мемлекеттік – 6. Жеке меншік – 56 радиоарна бар. Бұл арналардың музыкалық контентін негізінен сол орыстілді әуендер құрайтыны мәлім.   

Отандық медианарықта 98 телеарна тіркелген, оның ішінде «Хабар» мен «Қазақстаннан» басқа өңірлерде хабар тарататын 7 мемлекеттік арна бар, қалғандары жеке меншікке қарайды.  «Хабар агенттігі» АҚ-на «Хабар», «24 KZ», «Kazakh TV» және «Білім және мәдениет» арналары кіреді. «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның құрамында оның облыстардағы филиалдары және «Балапан», «Kazsport» пен  «Первый канал Евразия» (!) бар.

Ал, Қазақстанда тіркелген және республика аумағында таралатын шетелдік радио және телеарналар:

Барлығы – 254, оның ішінде ресейлік арналар – 168 (!) (салыстыратын болсақ: АҚШ-тың 10 арнасы, Ұлыбританияның 24  телеарнасы хабар таратады). Бәлкім, бұны тұтынушылардың сұранысы,   орыстілділердің басым болуынан дерміз. Бірақ, бүгінгі қазақтар арасында  басты тіл орыс тілі болуы кешегі кеңестік кеңістіктің әсері дегеннен гөрі, ресейлік ақпараттың шектен тыс таралуынан десек шындыққа жақындау болар еді. Ресейлік телеарналар өздерінің  медиа-қожайындарының жеке немесе корпоративтік мүддесіне сай қазақстандық қоғамдық  сананы емін-еркін улап жатыр. Бүгінгі күні ол арналардың барлығы әлемдегі  саяси, экономикалық оқиғаларды путиндік саясат призмасынан беруде. Содан да Сириядағы, Украинадағы соғыстың орыстық нұсқалары бізде өтімді. Тіпті, таяуда Әзірбайжан-Армения арасындағы жер дауын  да орыс журналистері көрер көзге бұрмалап, өздерінше тәпсірлеген болатын.   

Қазірде жалған, өтірік тезистерді түрлі ақпарат көздері арқылы дүркін-дүркін қайталау, миға сыналай кіргізу, шегелеу үрдісі кеңінен жүріп жатыр. Осылай ақпараттық шабуыл менталдық вирусты таратып, одан әрі көбеюде. Бұл аурудың түрі тәрізді, иммунитет нашар болса, тез жұғады. Әсіресе, қазақ сияқты ұзақ уақыттық отаршылдықтан, геноцидтерден иммунитеті әлсіреген ұлт үшін қаупі орасан зор.

Осының бәрі қазіргі Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігіне  төніп тұрған басты қатер – қазақстандық БАҚ-тың ішкі нарықтан шеттетілуі, ығыстырылуы, отандық саяси, экономикалық, мәдени салалардың шетелдік, негізінен, ресейлік ақпараттық құрылымдарға тәуелділігінің күшеюі екенін көрсетеді. Бұл – өте қауіпті үрдіс, Ресейдің ақпаратына тәуелділік оның ақпараттық отарына айналдырмай қоймайды. Ақпараттық қауіпсіздік шекараны күзетуден бір де бір кем емес дүние екендігін ойласақ, бұл кемшілікті түзету уақыт күттірмейді.

Мұнда әсіресе ақпараттық шабуылға тез қарымта қайтаратын, өтіріктің бетін ашатын, сауатты қарсылық таныта алатын сарапшылардың рөлі зор.  БАҚ-тағы, ғаламтордағы, әлеуметтік желілер мен сайттардағы әрбір ақпаратқа сыни көзбен қарап, ойталқыдан өткізу, қалай болса солай бөлісуден (репост, перепост) аулақ болу теріс ақпараттың тарауын тоқтатады.  Біз әрқайсымыз ақпарат айдынында  өзімізге маңызды ақпаратқа ие болып, маңызды ақпаратты жағымсыз ақпараттан ажырата біліп, сол маңызды ақпаратты елдік мүдде тұрғысынан тарата алғанда ғана еліміздің әрбір азаматы да, мемлекет те өзін  қауіпсіз сезінуіне болады.

Сондай-ақ, қазір қазақ және ағылшын тілдеріне басымдық беру ақпараттық кеңістіктегі орыстың позициясын біршама төмендете алады. Оған  қоса, Батыс елдерінің Ресейге қарсы санкциясының салдары да орыс насихатының күш-қуатын экономикалық жағынан біршама әлсіретуі тиіс. Өйткені, кез  келген насихат қаражатты қажет етеді. (Айталық, АҚШ өзінің жағымды имиджін көтеру үшін жылына 300 млн. доллар жұмсаса, Ресей жылына 170-180 млн. рубль бөледі).

Ақпарат дәуірінде ақпарат кімнің қолында болса, жеңіс те соның қолында.  Бұқараның санасын басқару, меңгеру – қоғамды, мемлекетті басқаруға алып келеді. Сондықтан, Қазақстанның мемлекеттік ақпаратық саясаты қазақ мемлекеттілігінің, ең әуелі қазақтың ұлттық санасының дамуының дәл қазіргі кезеңдегі ерекшеліктерін негізге ала отырып әзірленуі және іске асырылуы тиіс. Ақпараттық үстемдіктен құтылудың алғышарты – шетелдің ақпаратына тәуелділіктен құтылу. Бұлай  болмаса, тәуелсіздік, ел мен жердің егемендігі туралы сөз айту жартыкеш тірлік болып қала бермек. 

Дина Имамбай

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576