Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәйекті 4139 0 пікір 2 Маусым, 2016 сағат 12:14

ДОЛЛАРДЫ АРАШАЛАЙЫҚ...

«Бермесе де бай жақсы, жемесең де май жақсы» дейді қазақ. Өзіңде болмаса да, еліңде болсын, «елде болса, емерсің» деген де сөз бар. Сол айтқандай өзімізде болмаса да банктерде отандастарымыздың долларлық депозиті көп болғанын қалаймыз. Өйткені, дүниенің бәрі доллармен келеді. Сырттан әкелінетін сапалы дүниенің бәрі соның арқасында кіріп жатыр. Қаласақ та, қаламасақ та доллардың арқасында дүкендеріміз толып, дүниелеріміз тіреліп тұр.

Ал теңгеге... қанша жақсы көрсек те оған шеттен түк те ала алмайсың. Біз түгіл Ресейің де солай. Соңғы кезде олар дедолларизация жүргіземіз, яғни долларды айналыстан шеттетеміз деп күшене бастап еді, дүкендерінде сапалы тауарлар азайып кетті. Бізде де солай болып барады. Ақыр аяғы сапалы тұрмыстық химия бұйымдары,  іш киімдер, балалардың ойыншығы  т.с.с. бәрінің Ресей мен Қытайда олақ қолдардан шыққан сапасыз, сәнсіз түрлері ғана қалып барады. Осының бәрі қалтаңда ақшаң болса да дүкеннен түк таппайтын (сапалы дүние деген мағынада) Кеңестік кеңкелестік заманды көзіңе елестете бастады.

2016 жылдың басына дейін қазақстандықтардың долларлық депозиттері теңгеге шаққанда 7 триллион 187 млрд. екен. Алайда, Ресейден қалмаймыз деп «дедолларизация» жүргізе бастаған Ұлттық банктың олақ саясатының кесірінен үстіміздегі жылдың төрт айында ғана доллардың депозиттегі үлесі 80 пайыздан 71 пайызға дейін төмендеп кетіпті. Бұл 434 млрд. теңгеге жуық долларды халық депозиттен алып, шетке әкетті деген сөз. Сөйтіп, еліміздің банк жүйесі ай сайын 100 млрд. теңгеге жуық ресурсын жоғалтқан. Осының бәрі дедолларизацияның кесірінен доллардың депозиттік өсімін жылына 2 пайызға дейін түсіріп тастағанның кесірі. Ал көптеген шетелдерде ол 6 пайызға дейін барады. Ендеше көзі ашық халық долларын Қазақстанда сақтап қайтсын, қайтарып алып, шетелдің банктерінен депозит ашқан. Нәтижесінде қазақстандықтардың еркін айналатын валюталары шетелдіктерге қызмет етіп, солардың қазынасын толтыруда.

Осыны айтып Қазақстанның халықтық коммунистік партиясының (ҚХКП) Парламент Мәжілісіндегі фракциясы дабыл көтерді. Капитал әлемінің символына айналған долларға жан-тәнімен қарсы шығуға тиісті коммунистердің өзі оны арашалау керектігін айтып, Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышевтің атына депутаттық сауал жолдады. Оны жариялаған  банк саласының құйтырқылығын жақсы білетін депутат Айқын Қоңыров. Осы тенденция сақталатын болса, өзінің есебі бойынша, алдағы уақытта тағы да 1 триллион теңгедей доллар қазақстандық банк жүйесінен жылыстауы мүмкін. Сондықтан тиісті шара қолдану керек, дейді ол.

Долларсыз қадам баса алмайтын жаһандану дәуірінде оны тұқыртамын деудің өзі жақсылыққа апармайтынын Ұлттық банк ұғынуы керек еді-ау...

 

Серік ЕЛЕУ, сарапшы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576