МҰРАТ ӘБЕНОВ: КӨПШІЛІКТІҢ ҚАЛАУЫ - ӘДІЛ ШЕШІМ
Президент пәрменімен құрылған Жер комиссиясының мүшесі Мұрат Әбенов жер реформасының қазақстандықтарға тигізетін пайдасы туралы журналистерге баяндап берді.
«Қазір бізде Қазақстанның жерлері кімдердің меншігінде екендігі туралы мәліметтер аз әрі жасырын. Жерді заңсыз жолмен кімдер иеленді? Кімдер өз жерлерін игермей отыр? Қандай шетелдік азаматтар мен компаниялар Қазақстан жерлерін алып үлгерді? Және қандай жолмен? Әуелі осы мәселелерді анықтап алуымыз керек»,-деді Мұрат Әбенов.
Экс-вице-министр Мұрат Әбенов мырза жер комиссиясы жер кодексіне өзгертулер енгізер алдында әуелі ол туралы толық зерттеу жүргізу керектігін айтты.
«Өкінішке орай қазір бізде мұндай мәліметтер мүлде жоқ. Реформадан не күтеміз? Қанша жұмыс орындары ашылады? Еліміздің экономикасы қалай және қай бағытта дамитын болады? Бұл реформаның бізге, қазақстандықтарға, қандай пайдасы болмақ? Бізде ешқандай ақпарат жоқ. Сондықтан қандай да бір шешім шығару, қабылдау қиын»,-дейді Әбенов.
«Біз ең әуелі ұсыныстардың барлығын халыққа жеткізуіміз керек, әрбір қазақстандықтың пікірімен санасуымыз керек. Себебі, қазір барлық аймақтарда комиссиялар құрылған. Енді сол арқылы халықпен байланыс орнатуымыз керек, тікелей тілдесуіміз керек. Бұл - ең бірінші және ең маңызды шаруа болуы тиіс. Қазақстан азаматтары Жер комиссиясы жұмысының ашық жүргізіліп жатқандығын көріп, біліп отыруы қажет. Олардың комиссияға өз ұсыныс, пікірлерін жазбаша немесе электронды жүйе арқылы айтып, жүгінулеріне мүмкіндік болуы тиіс»,-деді экс-вице-министр.
«Бүгін біздің азаматтарымыздың мұндай мүмкіндігі жоқ. Жер комиссиясына мүше азаматтар қандай ұсыныстар айтты және қазір қандай жоба әзірленуде - оны ешкім білмейді. Біз, Жер реформасы жөніндегі комиссия мүшелері, халықпен ашық байланыс орнатуымыз керек. Бұл көпшіліктің қалауы. Сонда ғана соңғы шешім әділ болмақ»,-дейді Мұрат Әбенов.
Білім және ғылым министрлігінің экс-вице-министрі, IV шақырылым депутаты Мұрат мырза осы мақсатта «Фейсбук» желісінде арнайы парақша ашып, онда жер мәселесіне қатысты ұсыныс, пікірлер жинастырып жатқан көрінеді.
Естеріңізде болса, Мәсімов тізгінін ұстап отырған Үкімет ауылшаруашылық мақсаттарына тиесілі 2 миллионға жуық гектар жерді меншік пен шетелдіктерге жалға беріп, кен орындарын аукцион арқылы сатылымға шығармақ болды. Ел ішінің наразылығы артқан соң, Мемлекет басшысы бұл бастамаға мораторий жариялап, арнайы Жер комиссиясын құрған еді.
Жаңа құрылған комиссияның екінші отырысы өткен сенбіде өтті. Онда ақын, жазушы Мұхтар Шаханов 21-мамырдағы оқиғаларға саяси сипат бере отырып, комиисия жұмысында бұл мәселені де ескеру керектігін айтқан. Ал Жер комиссиясының алғашқы отырысында премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мырза комиссия «халықтың наразылығын тудырмайтын» шешім қабылдауы тиістігін айтқан еді.
Нұрзат Тоғжан
Abai.kz