Жұма, 22 Қараша 2024
Анық 11065 0 пікір 26 Мамыр, 2016 сағат 09:02

ҰЛТТЫҚ БАҚ ЖҮЙЕСІН МОДЕРНИЗАЦИЯЛАУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Ақпарат және коммуникациялар

министрі Дәурен Абаев мырзаның назарына!

Еліміз үшін ерекше маңызды сала – ақпарат және коммуникация саласына Мемлекет Басшысы Н. Ә. Назарбаевтың көңіл бөліп, арнайы мемлекеттік уәкілетті орган – Ақпарат және коммуникациялар министрлігін құру туралы шешім қабылдауы –  жаңа реформаларға жол ашатын маңызды қадам деп есептейміз. Өйткені адамзат қоғамдастығы ақпараттық қоғамға өту, желілілік коммуникациялардың кең таралуы жағдайын бастан кешіп отырған қазіргідей қарқынды сапалық өзгерістер (трансформация) кезеңінде еліміздің аталған саласын соған сай құру және ХХІ ғасыр талабы алдымызға тартатын ықтимал сұраныстарды (вызов) ескеру әрі еңсеру – айрықша жауапты да өзекті міндет.

Елбасы төрағалығымен өткен күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөніндегі кеңесте (05.05.2016 ж.) Нұрсұлтан Назарбаев бұл ведомствоның алдына бірқатар нақты міндеттер қойды. Атап айтқанда, «мейлінше өткір мәселелерді жедел анықтау және әрекет ету мақсатымен кез келген меншік формасының, соның ішінде интернет ресурстар мен әлеуметтік желілердің ақпараттық кеңістігін мониторингтеу; барынша өзекті тақырыптар мен мәселелер бойынша қоғамдық пікірді зерттеу, халықтың ақпараттық сауалдары мен тілек-қалауын талдау және болжау; мемлекеттік ақпарат саясатын әзірлеу; барлық мемлекеттік органның ақпараттық қызметі мен белсенділігін үйлестіру және бақылау; мемлекеттік ақпараттық тапсырыстарды жоспарлау және мемлекет бөлген қаражаттың тиімділігін  талдау; Отандық БАҚ-ты экономиканың қазіргі заманғы сегменті ретінде дамыту үшін инвестиция және инновация тарту; Электронды және баспасөз кеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін отандық ақпараттық өнімдердің сапасын арттыру; дағдарыстық коммуникациялардың барынша пәрменді моделін құру; Халықпен, соның ішінде Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл арналарын қамтамасыз ету» (http://www.akorda.kz/).

 Яғни, Елбасының жаңа ведомоство алдына қойып отырған міндеттері ірі жүйелік өзгерістерге жол ашпақ. Өйткені осы салада жүйелік дағдарыстардың бірқатар белгілері көрініс бере бастады. Елдің ақпараттық кеңістігінің біртұтастығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің әлсіздігі, сыртқы ақпараттық ықпалдарға қарсы тұрарлық, тойтарыс берерлік тетіктердің жеткілікті деңгейде болмауы, ұлттық аудиторияның гетерогендік сипат алуы және ұлттық бұқаралық ақпарат құралдары жүйесі қызметінің бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі, т.б. жайлар мәселені ауқымды тұрғыдан қарастырып, жүйелік шешімдерді іске асыруды талап етеді. Осыны ескере отырып, біз өз тарапымыздан Ақпарат және коммуникация министрлігінің отандық бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) саласы бойынша стратегиялық бағытын тұжырымдауға қатысты бірқатар ұсыныстарымызды бөлісуді жөн көріп отырмыз.

1. Ең алдымен, ұлттық БАҚ жүйесін қазіргі заман талабына сай модернизациялаудың концептуалдық платформасын қалыптастырған жөн. Өйткені осы кезге дейін БАҚ саласы бойынша көптеген өзгерістер іске асырылғанымен, олардың ешқайсысының ғылыми тұжырымдалған концепциясы болған жоқ (Ақпараттық Қазақстан -2020», т.б. нормативтік құжаттарда БАҚ саласы ішінара ғана қамтылған). Мақсат және соған қол жеткізер ресурстар мен потенциалымыз анық болмаған соң, бұл саладағы өзгерістер негізінен стихиялық даму сипатында жүрді. Сондықтан Ұлттық БАҚ жүйесін модернизациялау концепциясын дайындаудың өзектілігі айқын.

Жасыратыны жоқ, біз әлі күнге постсоветтік қалыптан толықтай арыла алмадық. Сондықтан осынау 25 жылдық уақытты постсоветтік кезеңнің ықпалындағы сәт десек, енді бұдан былайғы кезеңді постсоветтік дәуірдің аяқталған, жаңа ұлттық кезеңнің басталған шағы деп тануымыз керек. Бұған айғақ боларлық айқын дәлелдер мен белгілер жеткілікті. Бұл процеске елдегі этнодемографиялық ахуал да оң әсерін тигізбек. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне жүгінсек, ел халқының 40%-ын 1991 жылдан кейін өмірге келген ұрпақ құрайды. Оның 85% - қазақтар. Демек, ел халқының жартысы – советтік ұғым-түсініктерден, қалыптасқан қасаң қағидалар мен қарым-қатынастардан санасы азат ұрпақ. Мүлдем жаңа буын. Этнодемографиялық, жас ерекшелігі, саналық, сапалық, ұлттық, ментальды тұрғыдан алғанда, бұлар – жаңа реформаларға дайын ұрпақ. Сонымен қатар, бұл буынның Интернет заманында, ақпараттық қоғам жағдайында, желілік қарым-қатынас (сетевая коммуникация) үстемдік еткен шақта өмір сүріп отырғанын ескерсек, онда советтік дәуірде қалыптасқан БАҚ жүйесінің бұдан былайғы кезеңде жұртшылық сұранысын қанағаттандырмайтыны дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Жаңа құбылыстарды, жаңа сананы, балама ақпарат көздері мол саланы бұрыннан қалыптасып қалған тәртіппен реттеу және басқару ақылға сыйымсыз және ол ақыр соңында жүйенің ыдырауына әкеліп соқтырады.

Сондай-ақ, мемлекетімізде жүргізіліп жатқан «Бес институционалдық реформа» алдағы уақытта президенттік-парламенттік басқару нысанына, яғни «ұжымдық басқару» нысанына көшетінімізді аңғартады. Осыған орай ендігі кезекте елімізде билік пен қоғам арасында вертикалды қарым-қатынастан горизонталды қарым-қатынастың басымдық танытатынын болжау қиын емес. Демек, желілік қарым-қатынас осыған әкеледі.

Желі (сеть) тек хабар тарату, хабар алысу, коммуникация құралы ғана емес, ол – жаңа философия, жаңа сұраныстар, жаңа қарым-қатынас мәдениеті. Осыған орай бұл процесс елде жаңа коммуникациялық мәдениеттің қалыптасуына алғышарт жасауы мүмкін. Мемлекетімізде іске асырылып жатқан «Электронды үкімет» жобасы, т.б. – осы бағыттағы игі қадамдар.

Осы жағдайды және әлемдік трендтерді ескере отырып, ақпарат және коммуникация саласындағы мемлекеттік саясат алдағы уақытта мынадай концепттерге негізделгені жөн деп есептейміз:

- мемлекеттік ақпарат саясатынан медиасаясатқа көшу;

- әр алуандылықтың үйлесімді біртұтастығына қол жеткізу;

- сенімге негізделген қарым-қатынас орнықтыру;

- біртұтас ақпараттық кеңістік қалыптастыру;

- ақпаратқа қолжетімділік және ашықтық;

- коллаборациялық мәдениет элементтерін ендіру.

Осында келтірілген және Батыс әлемінде (Еуропа, АҚШ) соңғы кездері кеңінен таралып отырған бұл қағидаттар қазақтың дәстүрлі дүниетанымында бұрыннан бар және әлі күнге бірге жасасып келе жатқан жүйе құраушы құндылықтар екендігін еске алған артық болмайды.

Жалпы, әлемдік тәжірибеде стратегиялық жоспарлаудың мынадай сатылары қолданылады:

- тұрақтылықты сақтау стратегиясы (стратегия выживания);

- инерциялық стратегия (инерционная стратегия);

- мақсатты стратегия (стратегия достижения);

- уақытты ұтып, қарыштау стратегиясы (стратегия опережения).

Еліміздің ақпараттық саласындағы ахуалын барлап қарасақ, біздің әлі күнге заман талабы туындатқан сұраныстарға сай кезеңдік шараларды жоспарлау арқылы тұрақтылықты сақтау мен инерциялық жоспарлау деңгейінде жүргеніміз байқалады. Сондықтан біз қазіргі кезде алдымыздан ашылып отырған осындай мүмкіндіктер сәтін пайдалана отырып, өзге елдердің жүріп өткен ескі сүрлеулері мен соқпақтарын шиырлай бермей, уақыттан мойын оздыратын өз жолымызды таңдағанымыз және оны батыл да табанды түрде іске асырғанымыз абзал.

2. БАҚ саласындағы жүйе құраушы ұғым – «Бұқаралық ақпарат құралы» (БАҚ) терминін қайта қарап, басқаша жаңа атау беру. Өйткені «БАҚ» термині советтік кезеңде қалыптастырылған ұғым. Мұнда «БАҚ» авторитарлық теорияға негізделіп, негізінен үгіт-насихат, тәрбиелеу құралы ретінде қарастырылады. Яғни, мұнда «БАҚ» бір жақты жоғарыдан төмен ақпарат тарататын құрал ретінде қызмет атқарады. Нақтырақ айтқанда, бұл ретте билік пен социум қарым-қатынасы, коммуникация «субъект-объектілік» басқару парадигмасы схемасы бойынша құрылады. Ал Батыс елдеріндегі «массмедиа» ұғымы «делдал», «аралық буын» ұғымы ретінде қарастырылып, екі жақты тең қарым-қатынасты бейнелейді. Мұндай қарым-қатынас либертариандық теорияға негізделіп, азаматтық қоғамдағы демократиялық құндылықтарға сай горизонталды тіл қатысуға, сұхбатқа құрылады. Бұл қарым-қатынас «субъект-субъект» парадигмасына сүйенеді.  Қазіргі дамыған елдердегі негізгі коммуникациялық модель ретінде осы үлгі есептеледі. Қазақстанда осы аталған модельге көшу процесі жүруде, соған сай құқықтық алғышарттар да қаланған. Бірақ еліміздегі нақты өмір шындығы әлі күнге екі модельдің арасында жүргенімізді, яғни аралық модель сатысында тұрғанымызды көрсетеді. Жоғарыда келтірілген дәстүрлі коммуникация үлгісі бір бағытты қарым-қатынас болып саналады. Ал Интернеттің пайда болуына орай екі бағытты немесе қос тарапты қарым-қатынас үлгісі пайда болды.

Біздің ойымызша, бұл екі модель де көпшілік (массовый) коммуникацияның үздік үлгісі бола алмайды. Адам, қауым, қоғам табиғатынан туындайтын табиғи қажеттіліктерге толықтай жауап бере алмайды. Қазіргі кезеңде ғылыми жұртшылық арасында осы мәселе бойынша бірқатар ізденістер жүріп жатқанымен, бірауыздан мойындалған бәтуалы байлам жасалған жоқ. Қалай болғанда да, советтік «БАҚ» атауынан және одан туындайтын қарым-қатынас үлгісінен бойды аулақ салу – қоғам қажеттілігі.

2009 жылы Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңына БАҚ анықтамасына қатысты енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес бұдан кейінгі кезеңде интернет-ресурстардың барлығы БАҚ-қа жатқызылды. Демек, осы анықтамаға сай Интернеттегі барша әрекет көрінісі БАҚ, ал онда қандай-да бір жазба жасаған, таратқан жандардың барлығы бірдей журналистке айналмақ. Ал БАҚ туралы заңда журналистке белгілі бір кепілдіктер қарастырылған. Олай болса, Интернет кеңістігінде әрекет еткен кез-келген тұлғаны сол кепілдіктермен қамтамасыз етуге тура келеді. Бірақ бұл мүмкін емес және ол кәсіпқой журналистің деңгейін түсіріп, таратылатын бұқаралық ақпараттың сапасын төмендетуге әкеліп соқтырады. Сондықтан бұл мәселе қайта қарауды талап етеді.

Сондай-ақ, ақпараттық технологиялар қарқынды даму кезеңінде пайда болған конвергенттік журналистика жағдайында қазіргі БАҚ анықтамасы ұғымды толық қамтамасыз ете алмайды. Бұл ретте Еуропалық Кеңес елдерінің Байланыс және бұқаралық коммуникация министрлерінің бірінші конференциясында (2009, Рейкьявик) БАҚ ұғымын жаңаша түсіну туралы ортақ тұжырым жасалған. Сөйтіп, 2011 жылы 21 қыркүйекте Еуропа Кеңесіне мүше-мемлекеттердің Министрлер комитеті Интернеттегі ақпараттық ресурсты БАҚ (жаңа медиа) ретінде санау үшін ескеруге тиіс мынадай алты сипаттама ұсынды:

1) БАҚ ретінде қызмет ету ниеті;

2) мақсаты және негізгі міндеттері;

3) редакциялық бақылау;

4) кәсіпқой стандарттар;

5) қамтитын аудиториясы және таралу аумағы;

6) қоғамның қалауы (қолжетімділік, пікір алуандығы, сенімділік, ашықтық).

Осында қамтылған белгілермен ішінара келісе отырып, мұны глобальды және локалды ерекшеліктерге сай толықтыра отырып, БАҚ атауына балама термин ұсыну және оның анықтамасын тұжырымдау өзекті міндет деп есептейміз. Сәтті атау тұжырымдалғанға дейін дәстүрлі БАҚ терминін пайдалана тұруға тура келеді.

 3. БАҚ саласын құқықтық реттеуді жетілдіру – кодификация процесін қолға алу. Елімізде соңғы жиырма бес жыл ішінде БАҚ саласын реттеуге бағытталған көптеген нормативтік-құқықтық актілер қабылданды, мол тәжірибе жинақталды. Ендігі кезекте БАҚ саласына қатысты қолданыстағы бүкіл нормативтік-құқықтық актілерді ғылыми сараптамадан өткізіп, артық-кем тұстарын зерделеу қажет. Бірқатар заң нормаларының орындалу және орындалмау жай-күйі, себептері, құқықтық тұрғыдан реттелмей қалған құбылыстар, салалық заңдардың бір-бірімен қайшылықтары, т.б. егжей-тегжейлі зерттеліп, алынған нәтижелер негізінде бұқаралық ақпарат құралдары саласын реттейтін жаңа «Көпшілік (бұқаралық) ақпараттық-коммуникациялар кодексі» әзірлену қажет деп есептейміз.

Бұл орайда назар аударуды қажет ететін маңызды бір мәселе – саланы толықтай қатаң реттеп, оны қасаң қалыпқа салып тұйықтап қоймау қажет. Яғни, оның заманмен бірге дамуына, басқаша сипатта өзгеруіне жол ашып, икемділігін қамтамасыз ететіндей саңылаулар қалдырған орынды.

4. БАҚ-ты сала (отрасль) ретінде қарап, оны құқықтық нормалармен бекіту. Бұл Елбасының жаңа министрлік алдына қойған жоғарыдағы «Отандық БАҚ-ты экономиканың қазіргі заманғы сегменті ретінде дамыту үшін инвестиция және инновация тарту» деген талабынан туындап отыр. Бұл мәселе ерекше маңызға ие. БАҚ-тың экономиканың бір секторы, өзіндік ерекшелігі бар саласы екендігі дау тудырмайды.

Сала туралы қалыптасқан классикалық анықтамаға жүгінсек, сала – бір типтес тәсілдермен бір тектес өнім өндіретін кәсіпорындар жиынтығы. Осы анықтамаға сүйенсек, еліміздегі барша БАҚ жиынтығының біртұтас сала құрайтынын байқаймыз. Яғни, олар бірдей тәcілмен біртектес өнім – ақпараттық өнім (тауар және қызмет) өндіретінін көреміз. Демек, БАҚ-ты сала ретінде қарап, оны легитимдеуге толық негіз бар. Алайда, жоғарыда Елбасы келтірген міндеттегі «инвестиция және инновация тартуды» елдің ақпараттық кеңістігіне шетелдіктерді тарту қажет деп жаңсақ түсініп, қателіктерге ұрынуға болмайды. Онсызда еліміздің қазіргі кездегі ақпараттық кеңістігінде көрші елдің БАҚ өнімдері басымдық танытып отырғаны аз емес.

Қазақстанда 1991 жылы қабылданған тұңғыш БАҚ туралы заңда пікір еркіндігі мен жеке меншікке құқық берілгені аян. Осы норма негізінде еліміздегі БАҚ жүйесінде елеулі өзгерістер болды. Жекелеген азаматтар мен заңды тұлғалардың БАҚ ұйымдастыруына, құрылтайшы болуларына жол ашылды. Сөйтіп, БАҚ саласын нарықтық қатынастарға сай дамыту жобасы іске қосылды. Сол кезге дейін мемлекеттік, партиялық БАҚ қана болса, ендігі кезекте әртүрлі құқықтық-ұйымдық нысандағы БАҚ-тар көбейді. Жарнама нарығы пайда болды. Соған сәйкес осы салада ірі қаржы айналымы іске қосылды. Сондай-ақ, БАҚ-тың типологиялық құрылымы да елеулі өзгерістерге ұшырады.

БАҚ нарығы қалыптасуының алғышарттары жасалып, оның белгілері орныға бастағанына қарамастан, түрлі объективті-субъективті факторлардың әсерінен елде нарықтық заңдылықтарға толықтай сай келетін БАҚ нарығы жұмыс істейді деп айтуға әлі ерте. Қазақстанның ақпараттық нарығы сыйымдылығының тарлығы және елдің географиялық аумағының кеңдігі, негізгі аудиторияның төлем қабілеттілігінің төмендігі мен отандық БАҚ-тың нарықтық қатынастарға толыққанды икемделе алмауы, БАҚ-тың тиімді  бизнес-моделінің қалыптаспауы секілді бірқатар факторлар әсерінен көптеген БАҚ-тың экономикалық дербестікке қол жеткізе алмау қиындықтары мемлекет пен БАҚ арасында патерналистік және протекционистік қарым-қатынасты күшейте түсті. Сол секілді бірқатар БАҚ ірі бизнес-құрылымдарының ықпалына түсуіне алып келді. Осының нәтижесінде БАҚ саласында концентрация мен холдингтендіру үдерісі артып, БАҚ монополиясының белгілері айқын көріне бастады.

БАҚ нарығындағы қаржылық көрсеткіштерге көз жүгіртсек, бір ғана 2009 жылы жарнама нарығы 134 млн. АҚШ долларын құрағанын және оның ТМД елдері ішінде Ресей мен Украина нарығынан кейін үшінші орында тұрғанын, ал Құқықтық медиа орталықтың мәліметіне сүйенсек, 2009 – 2014 жылдар аралығындағы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс бойынша бөлінген қаражаттың жиынтық көлемі – 104,7 млрд. теңге болғанын көреміз.

Мұның барлығы да, елде БАҚ-тың 1991 жылдан кейін сала ретінде жұмыс істегенін, бірақ оның құқықтық тұрғыдан легитимделмегенін көрсетеді. Соның салдарынан осы салада мынадай бірқатар мәселелер орын алды:

         - ақпараттық құқықтық жүйе салалық ерекшеліктер мен қарым-қатынастарды толық қамтымады, яғни елде жалпыға түсінікті ақпараттық «ойын тәртібі» қалыптастырылмады;

         - саланың нақты мақсаты айқындалмады;

         - салалық статистика нақты болмады. БАҚ сала ретінде қарастырылмағандықтан, осы сала бойынша статистикалық жұмыстар жүйелі жүргізілмеді, бірнеше орган бір-бірін қайталады және олардың мәліметтерінде алшақтық пайда болды (Мысалы, Ұлттық статистика агенттігі, Ақпарат министрлігі, Қазақстан Ұлттық Кітап палатасы, қалалық, облыстық ішкі саясат басқармаларының БАҚ мониторингі бөлімдері, т.б.);

         - БАҚ типологиясының жаңа классификаторы қалыптаспады;

         - БАҚ-тың тиімді бизнес-моделі қалыптаспады;

         - БАҚ-тың салалық кәсіптік стандарттары толыққанды қалыптаспады;

         - жарнама нарығында қаражаттың дұрыс және әділ бөліну тетігінің толыққанды болмады;

         - БАҚ ықпал ету құралы ретінде пайдаланылып, БАҚ монополиясы белгілерінің көрініс берді;

         - қоғамдық БАҚ құрылмады;

         - БАҚ құрылтайшылары туралы мәліметтің айқын болмады, т.б.

Осы келтірілген жайттерді ескере отырып, БАҚ-ты сала ретінде құқықтық тұрғыдан легитимдендіру аясында мынадай мәселелерді қолға алған жөн деп есептейміз:

         - мемлекеттік салалық басқару органын құру (мұндай құрылым құрылды – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі);

         - салалық мақсатты анықтау және нақтылау;

         - салалық талдама орталығын құру;

         - салалық категориялық-ұғымдық аппарат қалыптастыру;

         - салалық кәсіптер анықтамалығын түзу;

         - салалық даму бағдарламасын әзірлеу және қабылдау;

         - салалық кәсіподақ құру;

         - қоғамды БАҚ арқылы әртүрлі ықпал етуші күштердің манипуляциясынан қорғайтын салалық реттеу жүйесін қалыптастыру;

         - салалық құқықтық, ғылыми-талдау, кадрлық, экономикалық, инфрақұрылымдық платформалар қалыптастыру;

         - салалық бірыңғай статистикалық классификатор әзірлеу және іске асыру;

         - салалық ұлттық кәсіпқой стандарттар әзірлеу, қалыптастыру және қолданысқа ендіру;

         - мемлекеттік ақпараттық тапсырыс беру моделін қайта қарау.

Бұл ретте «Ұлттық ақпараттық (медиа) қор» құрып, мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа бөлінетін қаражатты, басқа көздерден түсетін инвестициялық қаражатты, т.б. осы қорға шоғырландырып, оны отандық контентті дамытуға әділ, ашық және нарықтық заңдылықтарға сай бөлу жүйесін қолға алған орынды. Ал аталған қор қаражатын басқаруды құрамына мемлекеттік уәкілетті орган мен салалық қоғамдық ұйымдар өкілдері, азаматтық қоғам тұлғалары енгізіле отырып құрылатын «Ұлттық БАҚ жөніндегі кеңес» атқарғаны жөн деп есептейміз;

         - салалық инфрақұрылымды жетілдіру;

         - салалық монополияға жол бермеу тетіктерін ендіру;

         - жарнама биржасын құру;

         - салалық ақпараттық біртұтастықты қалыптастыру тетіктерін ойластыру;

         - ұлттық біртұтас аудитория қалыптастыру тетіктерін әзірлеу және ендіру;

         - салалық ұлттық медиаөлшеу (медиаизмерение), медиарейтинг жүйелерін әзірлеу және қолданысқа ендіру. Бұл ретте отандық БАҚ рейтингімен негізінен шетелдік ұйымдар айналысатынын, олардың зерттеулерінің біржақты болатынын ескерген жөн. Сондықтан ұлттық медиаөлшем жүйесін қалыптастырудың және отандық медиарейтингтік ұйым құрудың маңызы зор. Бұл шаралар отандық медиа саласын сыртқы ықпалдардан қорғауға, бәсекелестік қабілетін арттыруға және саланың кәсіпқойлық сипат иеленуіне мүмкіндік береді;

         - ұлттық БАҚ жүйесінде қоғамдық БАҚ секторын қарастыру;

         - ұлттық БАҚ жүйесінде мемлекеттік тілдің – қазақ тілінің басымдық танытуына барынша жағдай тудыру, қазақ тіліндегі контенттің көбеюін, сапасын арттыруды көздейтін ынталандырушы іс-шаралар кешенін қолға алу. Бұл ретте ел аумағына сырттан кіретін бүкіл ақпараттық өнімге оның қазақша аудармасының болуы талап етілуі қажет. Сондай-ақ, еліміздегі тіл заңының талабын орындамаған БАҚ-тарға қатаң шара қолдану керек;

         - салалық көрсеткіштер, реттегіштер және индикаторлар жүйесін әзірлеу және ендіру;

         - отандық ақпараттық кеңістікті кеңейтіп, түркі дүниесінің ақпараттық кеңістігіне ұштастырудың тетіктерін қарастыру, т.б.

5. БАҚ мәселелері жөніндегі салалық ғылыми-зерттеу институтын ашу (ғылыми мекеме атауы нақтылауды талап етеді). Мұндай институт ТМД елдерінде жоқ. Жоғары оқу орындары жанында зерттеу орталықтары мен институттар, жекелеген орталықтар мен ғылыми мекемелер болғанымен, академиялық іргелі зерттеулер жүргізетін құрылым кездеспейді. Аталған салалық ғылыми-зерттеу институты бүкіл салалық ақпаратты жинақтайтын және пайымдайтын орталық болады. Мұндай салалық ғылыми-зерттеу институтын құрмай, саланың толыққанды қызмет ету жүйесін қалыптастыру мүмкін емес.

6. Қазақстан қоғамында қалыптасқан параллелді әлемді (қазақ және орыс тілді БАҚ) мемлекеттік тілді өзек етіп, тұтастыруға бағытталған  шараларды әзірлеу және іске асыру. Жасыратыны жоқ, Қазақстанда БАҚ саласында (өкінішке қарай, тек БАҚ саласы емес, барлық салада деуге болады) қазақ және орыс тілінде жұмыс істейтін екі түрлі әлем қалыптасты. Олардың ақпараттық күн тәртіптері, мазмұндары, ұстанған бағыттары бір-бірінен мүлдем бөлек, мүлдем бөтен екі елдің БАҚ-тары секілді қызмет етеді. Әсіресе, орыс тілді БАҚ-тардың ресейшіл бағыт ұстанып, ел мүддесіне сай келмейтін ақпарат таратуы күннен күнге үдеп барады. Бұл түбінде ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін, ақпараттық кеңістіктің тұтастығына нұқсан келтіретін теріс құбылыс деп санаймыз. Сондықтан Ұлттық біртұтас аудитория қалыптастыру, біртұтас ақпараттық кеңістікті сақтау, ұлттық-мемлекеттік бірегейлікті нығайту тетіктерін әзірлеп, ендіру қажет.

7. Қазақстанның орта және жоғары білім беру орындарында медиасауаттылықты арттыруға бағытталған медиа білім беру жүйесін жолға қою. Сондай-ақ, медиасауаттылықты көтеруге бағытталған білім беру іс-шараларын жалпы халық арасында да тарату тетіктерін ойластырған жөн.

Әлбетте, біз қазіргідей ақпараттық-коммуникациялық технологиялар заманында еркін ағылған ақпаратты тұмшалап отыра алмаймыз. Сондықтан кейбір келеңсіз сыртқы ықпалдарға қарсы ел азаматтарының интеллектуалдық-рухани иммунитетін күшейтуді қолға алуымыз керек. Ол үшін жапай медиасауаттылық және медиабілім факультативін және ағарту жұмыстарының кешенді шараларын жүзеге асырған орынды.

Медиасауаттылыққа қол жеткізген әрбір азамат, ең алдымен, медиақұралдарды сауатты пайдалануды меңгереді және оның манипулятивті ықпалына түспейді. Шынайы ақпарат пен манипулятивті мақсат көздеген деструктивті ақпараттың аражігін айыра алады. Сонымен қатар, елде ақпараттық қоғамның орнауына, желілік мәдениеттің қалыптасуына, медиаөнімдердің таралуына, сөйтіп сауатты, зияткерлік деңгейі жоғары аудиторияның артуына қол жеткіземіз. Бұл өз кезегінде медиақұралдардың да жетілуіне, контенттің көбеюі мен сапасының артуына, медианарықтың жұмыс істеуіне әсер етеді. Яғни, бұндай шараның мультипликативті эффекті осыдан көрінеді.

Осында келтірілген ұсыныстар өз кезегінде ұлттық БАҚ саласының толыққанды қалыптасып, легитимді түрде жұмыс істеуіне, ұлттық ақпараттық кеңістігіміздің біртұтастығын нығайтуға, БАҚ саласының сапалық дамуына оң әсері тиеді деп үміттенеміз.

 Нұрлан Асқаров,  

Филология ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5267