ҚАЗАҚСТАННЫҢ КЕН ОРЫНДАРЫ САТЫЛА МА? МИНИСТРЛІКТІҢ ЖАУАБЫ
Мәсімов Үкіметі қазір Қазақстанның кен орындарын аукцоионға шығарып жатыр. Бұл туралы «КТК арнасы» хабарлады.
Жерден бөлек оның қойнауындағы қазына да аукцион арқылы сатыла бастады. Еліміздегі пайдалы қазбаға толы 100-ден астам кен орындары 2016 жылдың 16-маусымында ашық саудаға шығарылмақ.
Демек, есеп-шотында миллиондары, тіптті миллиардтары бар кез-келген қалталы Қазақстан азаматы немесе «шетелдік инвесторлар» аукционға қатысып, бағалы, түрлі-түсті металл, алтын, мыс, тіпті алмазы бар кен орнын сатып алуға құқығы бар. Аукционның алғашқы кезеңі бойынша, Ақмола облысындағы «Комсомол» кен орны саудаға түседі. Оның бастапқы құны 9,5 миллион. Ал, Солтүстік Қазақстандағы алмазы бар «Қаратал» кен орнының бастапқы бағасы 600 мың теңге.
Аукционға қатысуға ниетті инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлер 26-шы мамырға дейін өтініш жазуы тиіс екен.
Естеріңізде болса, жер қойнауындағы байлықты жаппай сату науқаны былтыр басталған болатын. Ол кезде саудаға қойылған 100 кен орнының 49-ы сатылып, бюджетке 1,5 миллиард теңге түскенін Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев мырза сүйіншілеп тұрып хабарлаған. Ол кезде профильді бөлімінде түсіндірілгендей, ең қымбат аукцион лоттар алтын бар жерлер болды. Олар Қарағанды облысында Мыстөбе 240 млн теңгеге өтсе, тағы сол өңірдегі Наурызбай және Алтынсай – 280 миллион теңгеге өтті. Сонымен қатар осы ауданда тағы да мыс кендері мен мыс барлау кені 50 және 55 млн теңгеге сатып алынды. Инвесторлар арасында Ақмола облысында асыл металл көздерін зерттеуге пайдалану үлкен сұраныс туғызды.
Халық «бос жатқан» жердің шетелдіктерге сатылуы мен жалға берілуіне жаппай наразылық танытып жатқанда, оның қойнауындағы қыруар қазба-байлықты қазақстандық кәсіпкерлермен қатар шетелдіктерге ұстатып жіберуіне мүмкіндік жасап отырған Үкіметтің Инвестиция министрлігінің бұл әрекеті мәселені одан сайын ушықтыра түспей ме?
Бастама авторы - Қазақстанның Инвестициялар және даму министрлігі екен.
(ҚР Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев)
Содан біз мәселенің мән-жайын сұрап, ҚР Инвестиция және даму министрлігіне хабарластық. Бірқатар телефон желілерінен соң (бір-біріне сілтеп, «Abai.kz» сұрақтарына жауап беруден бас тартты), соңында бізге министрліктің дәл қазба байлықтарды аукционға шығару жұмыстарына жауапты «Жер қойнауын пайдалану» департаменті директорының орынбасары Азамат Жеңісұлы жауап берді.
- Азамат Жеңісұлы, мәселеге бірден көшсек, сіздердің министрлік бастамашы болып, Қазақстанның жер қойнауындағы қазынаны аукцион арқылы сатылымға шығарғалы жатыр екен. Бұған қандай мұқтаждық түрткі болып отыр?
- Түсіндім, осы мәселеге қатысты нақты ақпаратты біздің баспасөз хатшыдан ала аласыз да. Негізі біздің сайтта барлық мәліметтер жарияланған еді.
- Енді осы мәселемен тікелей сіздер айналысып отырған соң, нақты жауап сіздерден болмай ма?! (Үзіліс.) Сонымен, кен орындары аукцион арқылы сатылымға шығарылатын болды ма?
- Біріншіден, кен орындары сатылмайды. «Предостовление прав» дейді, яғни жер қойнауымен айналысуға құқық беріледі. Жер қойнауымен айналысу, Заңға сәйкес – уақытша болып табылады. Яғни, «барлауға» - 6 жылға дейін алуға болады, «қазба жұмыстарына» - 25 жылға дейін пайдалану құқығына ие болады. Демек, кен орындары сатылмайды. Тек уақытша пайдалануға белгілі бір мерзімдерге беріледі.
- Осы жолы аукционға шығарып отырған кен орындары қай мақсаттарға көзделіп отыр? «Барлау жұмыстарына» ма? Әлде, дайын кен орындары ма?
- Енді жаңағы біз аукционға шығарып отырған 100 нысанның 90 пайызы ол – барлау жұмыстарына көзделген. Ол жерлерге сол бұрынғы Сәбет өкіметі кезінде барлау жұмыстары нақты жүргізілмеген. Яғни, қорлары жоқ жер қойнауы бөлімшелері.
- Осы кезге дейін жекеменшікке сатылған кен орындары национализацияланып, мемлекет меншігіне қайтарыла ма? Меншік иелері жариялана ма?
- Иә, негізі бұл аукцион деген дүниежүзіндегі тәжірбие бойынша, ең оңай және ең ашық сауда болып табылады. Сондықтан бәрі ашық жүргізіледі. Оның үстіне бұл әдіс қазір инвесторларды шақыру үшін тиімді болып отыр. Бұрын тендерлар болатын. Бұл бізде сол Сәбет өкіметінен бері келе жатқан жүйе ғой. Ол енді қиындау. Ол жерде арнайы комиссия болады, ол жабық түрде жүргізіледі. Қосымша шарттары да көп. Сондықтан бір сөзбен айтқанда тиімсіз. Ал аукционды дүниежүзінде пайдаланылатын әдіс деп түсінгеніміз абзал.
- Сізден осыған дейін де аукцион арқылы біршама кен орындарын саудаға шығардыңыздар. Одан түскен қаражат та белгілі, 1,5 миллиардды құрады. Кейбір кен орындары өз бағасынан әлде неше төмен бағаға берілді...
- Рас бұл бірінші аукцион емес. Осыдан бір жыл бұрын біз алғашқы аукционды жүргіздік. Ол кезде ашық жүргізілді, оған журналистер де қатысты. Аукцонға қатысушы ең бірінші жаңағы «подписной бонус» дейді, соны ең көп бергені алды. Ол кен орынға құқық алу үшін төлейтін ең бірінші салым болды деп айтуға болады. Одан кейінгі қаражаттар келісімшартқа отырған соң белгіленді.
- Былтыр, аукционға шығарылған кен орындары қай мақсаттарға берілді? 6 жылға ма әлде 25 жылға ма?
- Иә, барлауға да, іштерінде қазба жұмыстарына көзделген кен орындары берілді. Бірақ, ол енді бірең-сараң ғана. Себебі, бізде ондай дайын нысандар жоқ деп айтуға болады. Содан кейін, мына Аустралия, Канада секілді мемлекеттердегі статистика бойынша 1 шаршы шақырым ауданда 200 доллардан барлау жұмыстарына шығын жұмсалады. Бізде статистика бойынша 3 доллар ғана. Яғни, аз зерттеледі. Енді сол кен орындары толық зерттелуі, жаңа кен орындары ашылуы үшін біз осындай қадамға барып отырмыз.
- Заң бойынша, кен орындарын қазақстандық кәсіпкерлер мен қатар шетелдік инвесторлар да иелене алады ғой, солай ма?
- Енді, сізде сұрақтар күрделі сұрақтар көбейіп жатыр ғой (күлді.). Телефонмен көп сұраққа жауап беруге болмайды негізі. Ол ақпаратты растаймын. Сатылмайды деп айттым ғой, тек пайдалануға 6 жылдан 25 жылға дейін құқық береді. Заң бойынша ол уақытша ғана. Бұдан түскен ақша бюджетке түседі. Одан сескеніп, үркудің керегі жоқ. Бұл өз кезегінде жаңадан жұмыс орындарының ашуға мүмкіндік береді. Ең бастысы ол инвестиция тарту ғой.
- Жақсы, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
- Сіздерге де үлкен рахмет!
Сұхбаттасқан – Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz