Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 4923 0 пікір 12 Қыркүйек, 2016 сағат 22:15

Серік ЕРҒАЛИ: ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫН «АЗАТСЫЗ» ЕЛЕСТЕТУ МҮМКІН ЕМЕС

– Секе, аталмай өткен «Азаттың» жиырма жылдығы мен алдағы аталатын Тәуелсіздіктің 25 жылдығы орайында, қазақ демократиясының бастауында болғандардың бірі ретінде, оның тарихына бір шолу жасайтын, атап айтқанда өткен ғасырдың 90-жылдардың басындағы «Азат» бастаған қазақ демократиясының кейбір оқиғалары, қазақ демократтары жайлы ашығын айтатын, ашып айтатын уақыт жетті деп санайсыз ба?

– Бұл – мен үшін жаныма өте жайлы сауал. Айтатын уақыт келмек түгілі өтіп барады. Өйткені, ресми тарих елдің жаңаша тарихын жартылай немесе бұрмалаушылықпен шұғылданып бара жатқан үрдіс бар.

«Қазақ демократтары» деген ұғымға абай болып қарау керек, себебі, демократ болу үшін ішкі рух пен жігерінің, әрі елге деген шынайы сезімінің күштілігімен бағаланатын адамдарды іріктесек, тұйыққа тіреліп қалуымыз мүм​кін. Алайда, «Азат» қозғалысының құндылығы – оның алғашқы демократиялық қадамдарында ғана емес, ең әуелі ұлтты егемендікке жетелеген, оны тәуелсіздікке даярлаған әрекеті мен тәжірибесінде! Бір қызығы, сол әрекетті демократиялық тәсілмен атқаруында еді. Яғни, «Азат» қауқарды да, білікті де халықтың өзінен алды, ал қазіргі демократтар халықтан өздерін жоғары санап, менсінбей, оған «ұстаз» болумен уақытты да, әлеуетті де бекер рәсуә етумен жүр. Мен бұл салыстыруды бүгінгі оппозицияны мінеу үшін емес, саяси құндылықты аша түсу үшін келтіріп отырмын.

«Азат» өз лидерлерін де шыңдады, өсірді, тактикасын таңдады. Олар әлдебір бизнестік, лауазымдық адамдар ретінде емес, ең әуелі ұлтқа жарамды азаматтар табиғи жолмен іріктелді. Сондықтан да, бір апта бойғы Семей полигонын жабу митингісі тәуелсіздік алып үлгермеген елде осыдан 25 жыл бұрын «Аттанайық Семейге!» ұранымен жиналған «азаттықтар» Жоғарғы Кеңестің сайлауымен президент болған Н.Назарбаевқа қызыл империя басшылығының шешімін жойуға тұрткі болды емес пе?! Қазбалай берсек, бұл заңсыз болатын, полигонды жабу жөніндегі шешімді сол кездегі КСРО президенті, немесе оның мұрагері болып табылатын Ресей басшысы Ельцин шығаруы керек еді. Бірақ тарихтың құдыретіне қарамайсыз ба? Енді не болар екен деп КСРО болашағына бас қатырып жүрген республика басшылығының назарын әлемдік әрекетке баруға итермелеген қазақ халқы, ал оны жұмылдырған «Азат» болатын. Әрине, полигонды жабу идеясы мен көптеген шара «Невада-Семей» қозғалысына тиесілі, бірақ сол жолғы дүлей әрекеттің «Азат» қозғалысының араласуымен болғаны рас. Мұндай өлермендік тек қана ұлт болашағына қатты алаңдаудан туады.

Жарайды, мұны кездейсоқтық дейік, ол шараға «Азаттан» басқа да қозғалыстар мен топтар қатысты дейік. Ал, республиканың аумағына көз салу қаупін сейілткен Орал көтерілісі ше?! Ол да кездейсоқ па? Жоқ! Оған Семей шарасында «Аттанайық Жайыққа!» ұранына біріккен «азаттықтардың» аттанысымен әзірлік аяқталды. Нәтижесі белгілі. Сол кезде кәзіргі байыған жігіттердің кейбірі туралы естідік. Бірақ олардан ешбір көмек болмады. Олар бұл шараларға мысқылмен қарап жүрді. Ақырында, өздерінің билікке келуіне, сол үшін күресулеріне кейін тура келді. Ол үшін демократияны желеу ету қажет болды. Ал, біз үшін әруақытта да желеу ұлттың қамы болып қалды және қала береді.

«Азатқа» қатысты тарих ғылымы тарапынан ештеңе де айтылған жоқ! Тек қана оның құрамында болып, Қазақстанның жаңаша тарихын жасақтауға қатысқан азаматтардың өздерінің ғана пікірлері жарық көріп жүр. Мысалы, ардагер «азатшыл» ақсақал Орынбай Жәкібаев «Азаттық» атты үш томдық, марқұм Батырхан Дәрімбет «Азат қозғалысы» кітабын, Сағат Жүсіп ағамыз «Азат» пен аманат» еңбегін, дәрігер, тарихшы Нұрлыбай Сисенбай екі бірдей кітабын жазды. Ал,ғылыми зерттеме жоқ, тарих оқулығында «Азатқа» орын жоқ, болар пиғыл да көрінбейді. Көзімізге Есбол Өміржанов деген жас ғалымның шағын «Азат» қозғалысы және ұлттық идея» мақаласы ілікті.

Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын «Азатсыз» елестету ұлт тарихына обал және көрсоқырлық. Оның үстіне ұлттың егемендікке ұмтылған қауқарын жоққа шығарғандай күнә! «Азат» қозғалысын айтқанда, елдегі демократиялық дағды мен саяси тактиканың алғашқы үлгілері соған тиесілі екенін және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы романтикалық демократия «Азатсыз» өтпегеніне көз жетер еді. Өкінішке қарай, «Азат» феномені әлі зерттемелік нысанға айналмай отыр. Бірақ, «Азатты» алаштың тарихы мен тағдырынан ешкім де сылып тастай алмайды. Соның өзінде жұрт «Азаттың» нағыз қаһармандарын бүгінде білмейтіні рас. Абыройды қызғанбай-ақ қоюға болады, бірақ әлгі кездейсоқ адамдарға қарап, «Азат» қозғалысына баға беріліп жүргенін көргенде қиналатынымыз рас.

Бір ғана Жайық көтерілісі арқылы «Азат» қазақтың егемендікке және өз жеріне қожайын бола алатын халық екенін мойындатты емес пе?! Ол болмаса, кәзіргі Астананың орнында Ресейдің Целиноград қаласы тұруы мүмкін еді! Айтылу уақыты айтатын адамның өз дайындығына қатысты, біреу бүгіннен именеді, біреу уақытында айта біледі. Бірақ жастарға жаңа тарихты жеткізуде кешігіп жатырмыз, олар одан мақұрым қалып отыр. Жуырда менің Орал оқиғасы туралы мақаламды оқыған интернет оқырмандары комментте жағаларын ұстап, өздерінің ештеңе білмейтініне опынды. «Азат» жайында шындықты айту, бүгінгі ұрпақ үшін – рух, саясатшылар үшін – тәжірибе! Ұлт үшін – тарих.

«Азат» қозғалысы, қысқасы, елдегі демократиялық үдерістің бастамасын жасаған, отаншылдық көріністің үлгісін көрсеткен және ресми билікке балама позициясын қысылмай, ашық жеткізіп, өз электоратын қалыптастыру жолынан өткен саяси күш болды. Сол электораттың арқасында «Азаттың» алғашқы әкімдерін халық сайлай бастаған еді. Қызылорда облысы Сексеуіл қыстағының әкімі Уәлихан Жұмағұлов тұңғыш «азаттық» әкім ретінде солай сайланды. Шынын айту керек, саяси күреспен жүріп, өзімізді билікке дайындамағанымызды кейін сездік. Соның зардабын бүгін тартып жүрміз. Билікке барған азаматтардың өздерін дұрыс көрсете алмағаны да содан еді.

Егер де, соңынан «туылып», ес жиған демократтар сол кезде «Азаттың» шынайы болмысына назар аударғанда елдің саяси ахуалы кәзіргіден әлдеқайда өзгеше болар еді. Енді «азатшылдарды» ойыншыққа айналдыру ниетінен ештеңе де шықпайды және ешкім де өтірік ойынның қолжаулығы бола алмайды. «Азатшылдардың» феномендік табиғаты да сонда! «Азат» жайында айту «азатшылдар» туралы әңгімелеу емес, сол кезеңдегі ел тарихын бағамдау деген сөз. Сондықтан оны қолға алу ұлт тарихы үшін қай кезде де өзектілігін жоймайтын тақырып болып қала бермек.

-Азаттың» туу, қалыптасу тарихы төңірегінде айтылуға тиіс нәрселер түгел айтылды ма? «Азат» жоқ жерден туған жоқ қой. Азатшылдардың көпшілігі «Қазақ тілінің» шекпенінен, мысалы Ақтөбеде – «Алдаспаннан»,Батыс Қазақстанда – «Қазақ тілінен», Қызылордада – «Тамшы», Ақмолада «Тәл және мәдениет» ұйымы мен басқа да тіл жанашырларынан бастау алып артынан  «Азаттың» туының астына жиналды емес пе?

-Жалпы, бұл жағынан мойындалатын бір жайт, «Азаттың» құрылуына ресми биліктің о баста қатысы болғандығы. Бірақ жергілікті «бейформалдарсыз» (сол кездегі «оппозиция» ұғымының баламасы), шамасы оның одан әрі қалыптасып кетуі қиынға соқса керек. Сол себептен де, сол кезде Сәбетқазы ағамыз бастаған «Азатты» құрушылардың әр аймақта «Азатқа» дейін қалыптасқан жергілікті ұйымдарды біріктіруден басқа амалы қалмады. Ол кезде Ақтөбеде «Алдаспан», Қызылорданың Аралында «Тамшы», Маңғыстауда «Парасат», Целиноградта «Тіл және мәдениет» сияқты дербес қоғамдық ұйымдар құрылып, қалыптасып, өз өңірлерінде біршама абыройға ие болған еді. Сонымен бірге, ол кезде «Қазақ тілі» қоғамының да облыстық бөлімшелері құрылып, іске кірісіп ұлттық бағыттағы күрескерлерді жинап жатқан. Бұл құрылымдар жергілікті баскерлерді (лидер) іріктеп, кімнің кім екенін халыққа танытып қана қоймай, ұлттың жігеріне жігер қосып, тәуелсіздікке деген құлшынысын үстемелеген факторға айналған болатын. Сөйтіп, «асыранды» болуға тиісті «Азат» уыстан шығып кетті де нағыз ұлт-азаттық қозғалысқа айналды.

Ол кезде «Азат» шаруашылығын Алматы қаласының атқару комитетін басқарған Марат Шорманов қозғалыстың атқару комитетін басқару арқылы қуатты ұйымға жетелей бастаған. Мені Батыс аймаққа, Қажыбай Қабылов ағамызды Солтүстік аймаққа үйлестіруші етті. «Азат» газеті іркілместен шығып, Батырхан Дәрімбет оның бас редакторы болды. Сөйтіп, шашыраған ұлттық әлеует бір ұйымға бірігіп, ықпалды саяси күшке айналады. Орал оқиғасынан кейін билік қозғалыстың «уысынан» шығып бара жатқанын байқап оған қарсы ашық күрес жүргізе бастады. Қозғалыстың басшылығына жік салынды, нәтижесінде сенделіс басталды. Қозғалысқа кім болса сол кірді, басшылықта береке болмады. Қысқасы, қозғалысты астана ретіне Алматы одан әрі басқара алмады. Тіпті, бас қаламызда қозғалыстың бөлімшесі ең соңынан әупірімдеп құрылғаны рас.

Осыған байланысты өңірлік қозғалыс мүшелерінде Алматыға деген көзқарас өзгере бастады. Әсіресе, Жайық көтерілісінен кейін Алматының астана ретіндегі тиімділігі «азаттықтар» арасында қызу пікір туғызды. Оның географиялық және саяси жағынан елдің барлық өңіріне ықпал ету мүмкіндігі жоқтығы байқалып қалды.Сол кезде бірқатар «азатшылдар» ауызша да, жазбаша да астананы орталық өңірге көшіру мәселесін көтере бастады. Солардың қатарында 1992 жылғы күзде мен де Солженицынға еліктеп, «Көсеге қайтсе көгерер?» мақаласын жазып, сол кездегі «Егеменнің» бас редакторы Ә.Кекілбаев ағамызға жөнелткенмін. Бірақ материал жарияланбады. Ол кісі бір айдың ішінде бұл лауазымнан мемлекеттік кеңесші дәрежесіне көтерілді де,1993 жылдан бастап, астананы жаңа қонысқа көшіру туралы материалдар БАҚ-та қаптап кетті. Мұнымен астананы көшіру идеясы әуелде «азаттықтардан» шыққанын айтқым келеді. Ол кезде ұлтқа қажетті не болса да іске жаратуға, қолдауға тырыстық, тіпті, билік атқарса да риза болатынбыз. Себебі, ол мезгіл ұлттың тәуелсіздену кезеңі болатын, ал биліктің қалыптасу шағында оны қолдау дұрыс деп санадық. Біз жеке басымыздың емес, қоғамның, мемлекеттің жалпылама жеңісі мен жемісінен ләззат алып жүрдік. Кейіннен мемлекеттік ресурс жекелеген топтың қалтасына түсіп кетеді-ау деген ой тіпті болған емес!

-Дүниеден өткен «Азаттың» ардагерлері С.Ақатай, М.Есенәлиев, С.Шапағатов, Б.Дәрімбет сияқты тарихитұлғалар төңірегінде не айтар едіңіз? Ертең олар жайлы шындықты қазірдің өзінде басталған аңыз бен қоспаға толы әңгімелерден аршып ала алмай жүрмейміз бе?

– «Азат» ардагерлеріне пенделіктен арылып, жас ұрпақ алдындағы парызды, тәрбиені қолға алатын уақыт туды. Ол үшін жоқты-барды қопсыту да кері әсерін тигізеді. «Азат» қозғалысына объективтік баға беріліп, қасиетті саяси мұра екенін бәріміз де мойындағанымыз абзал. Және ұлтқа саяси тәжірбелі ұйым болғанымызды әйгілейтін бір шара керек. «Азаттың» мұрасына таласатындай дәнеңе жоқ. Онсыз да саяси алаңнан ығысып қалдық емес пе?! «Азаттықтардың» көпшілігі дерлік тәуелсіздік жылдарындағы саясаттың күрестік сипатынан арыла алмады, тіпті, арыла алмай жүр. Бізге күрестің орнына саясатпен айналысу керек еді. Дүниеден өткен, аталған азаматтар мүмкіндігінше ұлтқа қызмет етті. Олардың пенделік ғұмырына қол сұғу - ардың ісі. Ал, тарихи тараптан талдау мамандардың шаруасы. Қандыкөйлек адам ретінде бізге көп нәрсені аша беріп қажеті шамалы. Тек қана ұлтқа жарайтын тарихи тәжірибелік құндылық жағынан қарамасақ, «өткенге – салауат» деп бекер айтылмайды ғой. Онан да «азатшылдардың» жалпы қатесі мен осалдығы неде деген сауалға бас қатырған дұрыс.

Саяси тарих пен оған қатысушылардың рөлін сол адамдардың жеке кейпімен шатастыруға болмайды. Адам болып туылған соң қате де, пенделік те болуы заңды. Тіпті, пайғамбарлардың талайы Жаратқаниенің қадесіне жарай бермеген! Біз айтқанда, «Азатшылдардың» жекелей қосқан үлесі мен қатесін айтуға болар, бірақ, оқырман жиіркенетіндей пенделік арға тиетіндей шекараға тиіспеген абзал. Рас, «азаттықтар» да ет пен сүйектен жаралған жандар, уақыттың ығына тығылып, өздерінше күнкөріске түскендері де, принциптен таймай, бірақ жанұясына жағдай жасай алмай жүргендері де бар. Оларды тілге тиек ету, біздің халқымыз алдындағы миссиямызға көлеңкесін түсіреді ғой. Және де «Азатта» кездейсоқ келген, арнайы органның міндетімен жүрген де жігіттер болды емес пе? Халық кімнің кім екенін өзі бағаласын.

Кейде біздің ұлтшылдар принцип пен тактиканы шатастыратын секілді. Күрескерлікті саясат жасауға айырбастауды принципке деген сатқындықпен шатастыратындай. Принцип – мақсатқа адал болу, содан тайқымау ғой. Ал, тактика нәтижеге жетудің ұтымды жолдары. Осындай тактиканың жоқтығынан біз шілдің қиындай шашылып қалдық! Мемлекеттің тәуелсіздігі қарсаңында азаткер ретінде қалыптасып, мемлекеттің қалыптасу кезеңіне саясатшы ретінде даяр болмай шықтық. Ал, бұл кезеңге даяр болғандар мақсатқа жетуге әзір болмай шықты. Оны кейінгі оппозиция толқындарының әрекетінен көрдік.

Сіз Ақтөбеде «Алдаспан» ұйымын «Азат» қозғалысынан бұрын құрғандардың бірісіз... Сол ұйым туралы айтсаңыз.

-Мен Ақтөбеде «Алдаспан» ұйымын құрғанда 28-де едім. Ондай кезде адамда қыруар күш-жігер мен интуиция пайда болады да, әлгі ұмтылыс бойдан кеткенде жыны қашқан бақсыдай болады екенсің.  Кейін өзім «Азаттың» орталық үйлестіру кеңесіне мүше болып, Батыс аймақ бойынша үйлестіруші болғанымда, ақтөбелік «Азатты» алдаспандық азаматтар дөңгелетіп әкетті. «Алдаспан» кезінде қалыптасып қалған демократиялық үрдіс, мәдениетті пікірталас өз жалғасын тауып жүрді. «Азат» қозғалысының қандай акциялары мен әрекеттерінде де ақтөбелік «азатшылдардың» орны бөлек екені өз кезінде де бағаланды. Соның нәтижесі – Ақтөбе қалалық мәслихатына сегіз бірдей депутат өткізгеніміз еді, бұл – мәслихат құрамының үштен бірі болатын және өңірдегі аса ықпалды ұйымға айналды. Тіпті, 1993 жылғы Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің соңғы шақырылымына Жасарал Қуанышәлин ағамыздың, Ізімғали Көбеновтың депутат болуы – сол жемістің жарқын көрінісі еді.

- Тәуелсіз Қазақстан тарихында осыншама орны бар ұйымның қоғамда ізі қалмай бара жатқаны, оның аты мен затын әлдекімдердің иеленетіні өкіндірмей ме?

- Опындырады. Әсіресе, елдің талай мерейлі мерекелері мен жас астананың тойларында кім көрінгенге таратылған өңірдектер мен бір жапырақ мадақтама қағаздың «азаттықтарға» тимеуі ең алдымен бізге емес, елге деген құрметтің төмендігінен. Тәуелсіздіктің тәу етілу құнының мөлшерінен! Оған біз кінәлі емеспіз. Біз өз орнымызды қайтарамыз! Бірақ әр нәрсе өз уақытында болса – құнды! «Азаттың» құнсыздығы – алаштың құнсыздығы. Бірақ өмір - алда, бізді керексінетін тарих пен бізге иек артатын ұрпақ туып жатыр! Ұлттық өнегені қасақан түрде қаншалықты құртқанмен, халық өзіне керегін бәрібір қалпына келтіреді.

Сұхбаттасқан Г.ТӨРЕДИНҚЫЗЫ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052