Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алашорда 4489 0 пікір 12 Қыркүйек, 2016 сағат 22:03

«ҰЛТ ҰСТАЗЫНА» ӘУЛИКӨЛДЕ ЕСКЕРТКІШ-БЕЛГІ АШЫЛДЫ

Сарыала күздің алғашқы күндері алтын дәнді кең алқапқа ие Қостанайдың көлдер шоғырланған Әулиекөліне шұрқырап Алаш азаматтары жиналды. Жиынның арқауы - Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі, көрнекті ағартушы ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіш-белгі (бюст) ашу рәсімі. Қалың кісі нөпірі қатарында облыс басшылары, Астана, Алматыдан келген ғалымдар, ағартушының туған-туыстары болды. 


Ескерткіш белгіні ашу ұсынысы ұлы ағартушының Ағытаев Ибрагим сынды аға буын өкілдері бастаған ұрпақтары тарапынан көтеріліп, оны облыс әкімшілігі, академик Кенжеғали Сағадиев сияқты қоғам қайраткерлері қолдап, үлкен ауқымды шараға айналдырды. Шара барысында «Ахмет Байтұрсынұлы және Мәңгілік ел мұраты» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Конференцияға республикаға белгілі ғалымдар, атап айтқанда, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарихшы ғалым Х.Әбжанов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филолог ғалым М.Малбақов, ахметтанушы ғалым, Алматыдағы Ахаң музейінің директоры Райхан Имаханбет қатысты. 

Ахмет Байтұрсынұлы Әулиекөлде мұғалім болып қызмет жасап, қазақ балаларын оқытты. Ол қарапайым ауыл мұғалімнен «ұлт ұстазы», «Алаштың рухани көсемі» дәржесіне дейін көтерілді. Ахаң ұстаздық еткен Әулиекөлдегі мектеп көл жағасында орналасқан еді. Сол көл бүгінгі таңға дейін «Мұғалім көлі» атанып келеді.  

Аудан орталығы Әуликөлде өткен арқаулы жиынның  Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы, Қостанай облысының 80 жылдығы  қарсаңында және 5-қыркүйек күні ұйымдастырылғанның өзіндік символдық нышаны бар.  

Алдымен неге 5-қыркүйек? Қазіргі таңдағы Ахметтану ғылымында ұлы тұлғаның туған күні жайында өз шешімін тапқан пікірлер бар. Дерек көздері бірде Ахаңды қаңтар айында дүниеге келген десе, енді бірі 5- қыркүйекте туған дейді. Соңғысы - оның өз қолымен жазылған автобиографиялық дерек.  Оны қаңтар айында туған деп жазғандар - ұлы тұлғаның замандастары. Олар мұны  А.Байтұрсынұлының 50 жасқа толған мерейтойы қарсаңында жазып қалдырған еді. Әрине, Алаш азаматтарының қолына түскен дерек «аспанды түртіп» алған дерек емес екені де белгілі: олар не Ахаңның өзінен, не болмаса қандай бір биографиялық деректен алғаны анық.  

Жалпы, ХІХ ғасырда қазақ даласында туған күнді тіркейтін жазба дәстүр қалыптаспаған болатын. Оның үстіне бүгінгі таңда  жұмыс жасайтын, дүниеге келген адамды арнайы тіркейтін, біздің бүгінгі тіршілігімізге әбден үйреншікті арнайы мекеме ұйымдастырылмаған еді. Қазақ баласы өз туған жылы мен мезгілін (күнін емес) ата-аналарының, ересек кісілердің айтуы арқылы білетін. Қазақтардың күні кешегі дейін туған күнді (өзге халықтар сияқты кішігірім мереке етіп) атап өтпей келгендігін де осы себептен іздеу керек. Басқаша айтсақ, туған күнді белгілеу жоқ болғандықтан дәстүр қалыптаспаған, дәстүр болмаған соң ғұрып (рәсім) жоқ. Ахаң ғұмырнамасындағы деректердің «ала-құлалығын» осы себептен деп түсіну қажет. А.Байтұрсынұлы туған уақытын я ата-анасынан, я болмаса үлкен кісілерден естіп, сұрап білгені сөзсіз. Ал о кісінің артында қалған әрбір сөз бізге алтындай құнды дүние болғандықтан, ұлы тұлғаның өз қолымен жазған ғұмырнамалық баяны аса қастерлі дерек. Қостанайлықтардың қыркүйекте бас қосу ұйымдастыруының себебін осы ниеттен туындаған қадам деп бағалауға болады.  

Әлқисса, Әуликөлде өткізілген жиын қазақ елінің тәуелсіздігі үшін өмірін саяси күреспен өткізген, сол жолда Алаш көсемі Ә.Бөкейханға айнымас серік, дос болған Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын, оның Қостанай өңірін Қазақ автономиясы құрамында қалдыру жолындағы қызметін, жалпы, қазаққа азаттық алып беруді мақсат тұтқан Алаш қозғалысының тағылымын тануға бағытталған іс-шара ретінде тарихта қалары хақ. Бұл орайда сол шежірелі  тарихқа сәл шегініс жасағанда дұрыс сынды. 

1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін құрылған кеңес үкіметі Ресей империясының отары болған елдерді Ресей Федерациясының құрамына біріктіріп, оларға автономиялық мәртебе ұсына бастады. Мәскеуден басқарылған орталық билік қазақ даласының шет бөліктерін көршілес елдердің территориясына беруді көздейді. Биыл 80-жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан Қостанай өңірі Ресейдің Челябі облысының, ал оңтүстіктегі шұрайлы жерлер Өзбекстан құрамына берілетін болып жоспарланады. Осы бір ел-жер тағдыры «тәлкіге» салған сын сағатта қазақ жерінің шекарасын белгілеу үшін Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермековтер Лениннің, Сталиннің қабылдауында болып, 1920 жылы 26 тамыз күні Қазақстанның ұлттық мемлекеттік территориясын бекіткен декрет қабылдатады. Бұл декретке Ленин мен Сталин қол қояды. Ал сол жылдың қазан айында Ресей Федерациясының құрамындағы Қазақ Автономиялы Республикасы жарияланды. Осылайша Қазақстанның БҰҰ (ООН) арқылы бекітірген қазіргі шекарасының негізгі бөлігі сол уақытта межеленді. Алаш азаматтарының білім мен біліктілікке негізделген терең дәлелдер арқасында Қостанай уезі Қазақстан құрамында қалдырылады. Бүгінгі ұрпақ Алаш азаматтарының бұл қызметін ешқашан  ұмытпауы тиіс! 

Сөз соңында айтпағымыз, Әулиекөлде орын тепкен  ескерткіш-белгі Ахаңа керек емес, ол - өзіне,  кезінде М.Әуезов айтқандай, мәңгілік ескерткіш орнатып кеткен тұлға. Бірақ ұлы тұлғаның қызметін тану, оны насихаттау  – бүгінгі ұрпақтың  перзенттік парызы.  Өйткені қазақ халқы үшін аянбай еңбек еткен Ахаң тағылымы, Алаш зиялыларының тағылымы бүгінгі Қазақстанның тәуелсіздік тұғырнамасынан туындайтын Мәңгілік ел мұратымен үндесіп, ұштасып жатыр. Әуликөлде өткен  шара - соның бір нақ айғағы іспетті әсер қалдырды. 

Алмасбек Әбсадық, филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің проректоры 

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5632