Жексенбі, 24 Қараша 2024
Сұхбаттар 18655 0 пікір 11 Қыркүйек, 2016 сағат 21:47

Жанұзақ ӘКІМ: «ЖАҢА ҮКІМЕТ НАҚТЫ ІСПЕН АЙНАЛЫСУЫ ТИІС»

 

Аптаның аяғында Үкімет ауысты. Прьемер-министр креслосында ең ұзақ отырған Кәрім Мәсімов ҰҚК төрағалығына ауысып, жаңа Үкімет басшысы болып Бақытжан Сағынтаев тағайындалды. Оның кандидатурасын Мәжіліс депутаттары қолдады. Прьемер-министрдің ауысуы қоғамда да қызу талқыланып жатыр. Сарапшылардың дені Сағынтаевты іскер, экономиканы білетін, халықтың мұң-мұқтажын тыңдай отырып, дұрыс шешім қабылдап, Үкімет жұмысын жандандыратын Прьемер-министр болады деп топшылайды. Тоғызыншы қыркүйек күні Ел Үкіметінің тізгінін ұстаған Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев еліміздің тарихындағы 9-Премьер-министр болды.  Оны жақсы ырымға балап жатқандар да бар.

Біз осы орайда Халықаралық адам институтының президенті, экономист Жанұзақ Әкім мырзамен ауыс-түйіс жөнінде аз-кем сұхбат құрған едік.


- Өткен жолғы Мәжіліс сайлауынан кейін жаңа Үкімет жасақталуы тиіс еді. Бірақ, олай болмады. Енді міне, арада айлар өткенде, күзде болып жатқан бұл өзгерістер нені білдіреді?

-  Иә, Мәсімов Үкіметі өткен көктемде отставкаға кетуі керек еді. Заңды белшеден басып, ойына келгенді істей беруге болмайды ғой. Бізде бәрі жасанды. Десе де, «Ештен кеш жақсы». Ақыры көптен күткен өзгеріс болып, Үкімет  ауысты.

Мәсімовтың отставкаға кетуінің бірден бір себебі - жер мәселесі. 2008 жылы қазанның 24-і күні Мәсімов қытайдың екі бірдей ірі компаниясының өкілдерін қабылдады. Кейін ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану үшін қытайлық компанияларға миллион гектар бермек болып, қаулы қабылдады. Міне, осыдан басталды бәрі. Содан қоғамдық ұйымдар, ел азаматтары белсенділік танытып, мәселе көтеруімен бұл әңгіме біраз тынышталып, Президенттің өзі "осымен тоқтатамыз" деген сыңай танытқан  еді. Бірақ, Мәсімов Үкіметі оған да тоқтамай, үкіметтік бағдарламаларға енгізіп жіберді.

Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысының тоқтағанына бір айдай уақыт болды. Алайда, жер мәселесі тағы да ушығып, қайта көтеріліп жатыр. Міне, Мәсімовтың отставкаға кетуінің басты себебі осы.

Екінші мәселе, Үкіметті ұзақ жылдар басқарса да Мәсімовтың ел алдында беделі болмады. Үнемі сынға ұшырап отырды. Ақыр аяғында Мәсімовтың өзі мазаққа, Үкіметі қуыршаққа айналды. Үкімет дерек жинаумен айналысатын статистикалық органға айналды. Қазіргі таңда ел экономиканың төрттен үш бөлігін шетел компаниялары басқарады. Қалған 20-25 пайызы ғана өзіміздің еншімізде. Бірақ, соның өзін дұрыс басқара алмады ғой. Мәсімов Үкіметінде өнеркәсіпті білмейтін, халықпен жұмыс жүргізе алмайтын, іске икемсіз, қоғам тарапынан сынға ұшыраған министрлер көп болды. Мәсімовтың өзінің де аймақтарды аралауы көзбояушылықпен өтетін. Шынын айтқанда Үкімет, министрлер әлеуметтік-экономикалық мәселелермен, ішкі саясатпен айналыспайтын. Бір ауыздан айтқанда халықпен шаруасы жоқ еді. Өйткені, олардың бәрінің де жеке кәсіптері бар, өз шаруаларымен айналысып жүрді ғой. Үкімет өзімен өзі халықтан алыс болды. Оның бір мысалы, 2003 жылы қабылданған Жер кодексінде қалалықтарға 10, ауылдықтарға 25 бау-бақша және саяжай бірлестіктеріне 12 соттықтан жер берілу керектігі қарастырылған. 13 жыл бойы Үкімет осының біреуінде іске асырған жоқ. Жалғыз Қызылорда облысы ғана 660 гектар жерді 48 мың адамға берді. Ал, Алматы облысы "жер жоқ" деп басын алып қашты. Жер жоқ емес, бар. Оны Үкіметтің ішіндегі немесе Үкіметке жақын адамдар заңсыз жолдармен алып алған. Сол жерлерді мемлекеттік қажеттілік үшін деп қайтарып, елге беру керек.

Содан кейін дағдарыс басталды деді. Қазақстан үшін бұл дағдарыстың өзі жасанды дағдарыс. Қараңыз, «Қазмұнайгаз» 18 млрд, «Қазақстан Темір жолы» 7 млрд қарыз еді, ол компанияның басшысын Прьемер министрдің бірінші орынбасары етіп қойды. Ол жұмыс істейтін адам ба?!

Үкіметтің осындай шаруаға қырсыздығына қарап отыруға болмайтындығын түсініп, біз 1 шілдеден бастап, Үкімет отставкаға кетсін, әкімдер де кетсін деп мәселе көтергенбіз. Міне, Үкімет ауысты. Алайда, Үкімет басшысы ауысты екен деп, біз көтерген мәселелерімізді аяқсыз қалдырмаймыз.

- Үкімет ауысқанмен бәрі сол баяғы айналып келе беретін ескі кадрлар. Осы ескі адамдар өздерімен бірге келе жатқан ескі - экономикадағы, ішкі-сыртқы саясаттағы мәселелерді шеше алады деп үміттенуге бола ма?

- Қазіргі жағдаймен кете берсе, ештеңе өзгермейді. Мәселен, Ислам Кәрімов Өзбекстанды 27 жыл басқарды. Әйтеуір сыртқы қарызы жоқ демесең, Өзбекстанның жағдайы мәз емес. Халықтың тұрмыс деңгейі төмен. Қазақстанда да тап сондай. Өзгеріс болу үшін қоғам белсенді, талапшыл болуы шарт. Қоғам сайлаудағы дауысының дұрыс әрі әділ есептелуінен бастап, экономиканы билеу ісіне белсене араласып, шетел компанияларына берілген кен орындары, мұнай-газ, өнеркәсіптердің барлығының мемлекетке қайтарылуын талап етуі керек.

- Десе де Сағынтаевтың Үкімет басына келуін көптеген сарапшылар дұрыс қадам деп есептеп, жақсы бағалап жатыр ғой.

-  Иә, Бақытжан Сағынтаевтың Прьемер-министр болып тағайындалуы жақсы нышан. Бақытжан Әбдірұлын жиырма жылдан бері білемін. Біріншіден, іскер жігіт. Екіншіден, басқаларға қарағанда, халықты түсінеді. Үшіншіден, бұл кісінің қаржылық-коррупциялық былықтарға қатысы бар дегенді естіген емеспін. Таза адам. Және екі айдай уақыт жер реформасы жөніндегі комиссияда бірге жұмыс істедік. Сонда білгеніміз, ашық адам. Кез келген мәселені талқылаудан қашпайтын әрі содан қортынды шығара алатын адам. Енді бұл кісіге жұмыс істейтін мүмкіндік беру керек. Сағынтаевтың жұмыс істеуіне қоғамдық ұйымдар, журналисттер, үкіметтік емес ұйымдар бәрі де көмектескені жақсы. Өйткені, Үкіметтің жақсы жұмыс істеуі бәрімізге байланысты. Таза адамды біз қолдауымыз керек. Үкіметтің ішіндегі саусақпен санарлық таза адамдардың бірі осы – Сағынтаев.

- Енді Үкімет қайта жасақталады. Қай саланың министрлері ауысуы керек деп ойлайсыз?

- Құқық саласындағы министрлер Имашев, Қасымовтар ауысуы керек. Олар түк жұмыс істеп отырған жоқ. Бұл қатарға білім министрі де бар. Сағадиев күні кеше салықтан жалтарған «Панама тізімінде» жүрген  адам. Бюджетке салық төлеуден қашып жүрген, ұры-қарыны министр етіп қою деген масқара ғой. Одан тірлік бола ма?! Осындай адамдар Президенттің айналасында да көп қой өзі... Осындай адамдардан Президент те айналасын тазартып, Үкімет те тазаруы тиіс. Мәденит министрі де орнын бостатуы керек-ақ. Басқа мәселе құрып қалғандай, Иса пайғамбар туралы фильм түсіремін деуі, Ресейде жұмыс істеп жүрген қырғыз азаматтары туралы айтқандары – қарапайым мәдениетінің жоқтығын көрсетті. Ұлттық мәдениетті дамытуда, ұлттық өнерді қолдау да мәдениет министрлігі қарыс қадам  жасамады. Мәдениет министрі қызметінен кетуі керектігін ақпан айында-ақ айтқанбыз. Істі білмейді, мәдениеттен хабары жоқ. Міне, осындай бірқатар министрлерді көп созбай қызметінен алу керек.  Сонымен қатар, ұлттық компания басшылары мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшысы Өмірзақ Шөкеев те орын босатқаны жөн. «Самұрық-Қазына» экономиканы құртып отырған мекеме. Халықтың зейнетақы қорындағы ақшаға қол салғаннан кейін қандай экономика болады.

- Сағынтаев Үкімет ең алдымен экономикадағы қандай мәселелерді шешуі керек деп ойлайсыз?

- Біріншіден, дағдарыстың себеп-салдары анықталуы тиіс. Экономикада жіберілген қателіктерді тап басып тауып, жұмыс істемей, іске кедергі болып, қаражатты негізсіз әрі бос іске жіберген, іс мәнісін білмейтін министрлер, ұлттық компания басшылары, әкімдер жұмыстан шығарылуы керек. Екіншіден, дағдарыстан шығатын нақты бағдарлама қабылдануы тиіс. Ол бағдарлама шикізатқа емес, инновацияға, адам капиталына негізделіп жасалуы шарт. Үшіншіден, ауыл мәселесі. Ел халқының қырық пайызы ауылда тұрады. Олар экономикалық-қаржылық мүмкіндіктерден шет қалған. Ең аяғы төлем карталары жоқ. Ауыл халқының еңбек өнімділігі өте төмен: Белоруссиядан 8 есе, Ресейден 3 есе, батыс елдерінен 20 есе кем. Әр аймақтағы экономикалық басым салаларды қайта керек. Егін шаруашылығы саласын да қайта қарамаса болмайды. Қаншама қаражат субсидияға шашылып жатыр. Одан кейін мынау индустриялық бағдараламаның ішінде «Мега Парк» сияқты ірі ойын-сауық орталықтарын қолдау жүр. Ондайдың бәрін тоқтату керек. Сосын бізде экономиканы жол салу, құрылыс салу деп ойлайды. Өйткені, дәл осы салаларда пара беру, жемқорлық өте көп. Сол үшін істейді. Бұл – экономика емес. Артық қалған ақшаға жол, құрылыс салуға болады. Ал, бізде ақша жетпей жатқанда барып жол салады. Ол – пара алудың жолы.

Қорыта айтқанда, Үкімет әлеуметтік-экономикалық жауапкершілікті өз мойнына алып, нақты іспен айналысуы тиіс.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Нұра Матай

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5625