Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәйекті 12705 0 пікір 7 Қыркүйек, 2016 сағат 12:58

БАҚТЫҚОЖА ӨЗ БАЛАЛАРЫН ӨЗЕККЕ ТЕПТІ МЕ?

Бұрынғы әкім, 22 маусымнан бастап VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың басы дауға қалды. Дәлдеп айтсақ, Бақтықожаның баласы бұрынғы әйелі мен үш баласынан жеріп, алимент төлеуден жалтарып жүр екен.

Жақында Бақтықожа Салахатдинұлының бұрынғы келіні Әйгерім Ізмұхамбетова «депутаттың немерелерін асырауға тиын беріңіздерші» деп, жұртшылықтан садақа сұрап, көшеге шықты.

БАҚ-қа барын жайып салған Әйгерімнің айтуынша депутаттың баласы құмар ойындарға әуес көрінеді. Сол үшін бала-шағасын тастап кеткен-мыс.

Ал сот Бақтықожа Ізмұхамбетовтың баласына қатысты  әйелінің қарауына берілген үш баласына алимент төлеу туралы шешім шығарғанымен, шенеуніктің ұлы үкімді орындаудан жалтарып жүр екен.

Жақында «Abai.kz» порталы ҚР Парламенті Мәжілісінің 68 жастағы депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетовтың келіні қайыр сұрап, көшеге шыққаны туралы мақала жазды («Бақтықожаның келіні қайыр сұрап жүр»). Онда қайын атасынан қайыр күткен Әйгерімнің Бақтықожа Салахатдинұлымен көріспек түгілі, тілдесе алмай жүргендігі айтылған еді. «Коммүшемен» байланыс орнату Әйгерім айтқандай әлек дүние ме? Әлде халықтың қалаулысы бұқарадан бұғып жүр ме?

Біржақты баға беруден аулақпыз, әрине. Сол себепті, біз мәселенің мән-жайын депутаттың өзінен сұрап білмек болып, ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне хабарластық. Бақтықожа Салахатдинұлының байланыс нөмірін алып, дереу хабарластық.

Телефон тұтқасын депутаттың жеке көмекшісі Талғат Нәбидұллаұлы Мұханов көтерді. Амандық-саулық сұрасқаннан соң диолог былай өрбіді:

-Талғат Нәбидұллаұлы, біз Бақтықожа Салахатдинұлымен тілдессек деп ек...

-Кешіріңіз, ол кісі қазір комитеттің жиналысында еді. Түстен кейін хабарлассаңыз болады.

-Біз БАҚ-та қызу талқыланып жатқан бір мәселе бойынша хабарласып отырмыз. Білетін боларсыз?

-Ол не мәселе екенін мен болжап тұрмын...

-Демек бұл ешқандай да қауесет емес қой?

-Иә, бұл жөнінде Бақтықожа Салахатдинұлы да хабардар. Естіді. Қазір түстен кейін өзі де келеді. Сол кезде сөйлессек қалай болады?

-Жақсы...

Уағдаласқан уақытта Талғат мырзаға қайта қоңырау шалдық.

- Тәке, мен жаңағы мәселе бойынша хабарласып отырмын.

-Ааа, не ғой... Ол кісі жиналыста отыр еді.

-Сіз түстен кейін келеді деп едіңіз ғой...

-Солай. Бірақ, жиналыс созылып жатқан секілді. Өзім де таба алмай отырмын.

-Ондай болса, біз "депутатпен байланыс орната алмадық" деп жаза беремін.

-Қазір сағат төрттерге таман өзім хабарласамын. Күте тұрыңыздар.

-Ондай болса, өзіңізден хабар күтемін.

Депутаттың көмекшісі уәде еткендей, сағат 16:00 болды. Ешқандай хабар болмаған соң, көмекшіге өзіміз қайта телефон шалдық.

-Алло, Таке, хабарласамын деп едіңіз...

-Ой буу, ұмытып кетіппін. Кешіріңіші. Сіздерге жауап жазу керек еді ғой...

-Сонда жауап та жоқ, депутат та жоқ па?

-Нұреке, ертеңге қалдырсақ қалай болады? Қазір қарбаласып жатыр едік.

-Тым созылып кетті. Бізге бір ауыз сөз жеткілікті. Әйгерімнің айтқандары рас па, жоқ жала ма? Депутат өз немерелерінен жерігені несі? Өзіңіз айтқандай, немерелерінің жағдайынан хабардар болса, оларды қайыр сұратып қойғаны қалай? Осы жөнінде екі ауыз сөз сұрап отырмыз ғой...

- ... (үнсіз қалды)... жазып береміз, солай дұрыс болады...

Хош, біз бұдан Бақтықожа мырзаның тым шаруа басты адам екенін білдік. Қанша жыл әкім тағында отырғанда қазақ мәдениеті мен руханиятына қолдау көрсетіп жүрген, іскерлігі мен халықшылдығы үшін көпшіліктің ықыласына ие болған Бақтықожа Салахатдинұлының сау басына күйе жағудан аулақпыз. Сондықтан, екі минут тілдесуге уақыт таппаған депутаттың жауабын бүгін тағы күттік. «Ләм-мим» деген үн естілмеді, Елорда жақтан.

Қайтадан әлгі көмекшіге хабарласып ек, телефоны байланыс аясынан тыс жерде болып шықты.

Түйін: Жоғарыдағы азды-кем сұхбаттан түйгеніміз мынау: Бақтықожа Ізмұхамбетовтың көмекшісі аталған мәселемен жіті таныс болып шықты. Депутаттың да бұл жайлы білетінін айтты. Демек, қайын атасынан қайыр болмаған соң, садақа сұрап, жанайқайын жеткізген Әйгерімнің жалғызілік пикеті жала емес екен. Ал депутат атаның қауырт жұмысынан уақыт арылмайтындықтан, баласының былығына бас ауыртпай жүрсе керек, әзірге. Десе де, Бақтықожа  Салахатдинұлының өз немерелерін өзекке теппейтініне үлкен сенім білдіріп, алдағы уақытта бұл оқиғаның немен аяқталғанын  хабарлайтын боламыз.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5598