Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 4706 0 пікір 5 Қыркүйек, 2016 сағат 10:34

ФУТУРИЗМ: БОЛАШАҚТЫҢ БОЛЖАМЫ

Әлемде өзгелермен терезесі тең болуды  дамудың сара жолына түсуді көздемейтін немесе өз қатарының арасынан суырылып шығып, арындап алға кеткен мықтылардың ортасына қосылуды көксемейтін бірде-бір мемлекет жоқ десек, артық айтқандық емес.

Міне, дәл осы тұрғыдан келгенде, халқымыздың «жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың аты шықпас» немесе «қалауын тапса, қар жанар» деген аталы сөздерінің босқа айтылмағанына және кез келген субъектінің, жатпай-тұрмай ізденсе, өзіне көмек қолын созуға ықыласты әріптесті міндетті түрде таба алатынына көз жеткіземіз. Мұның дәлелі ретінде өз еліміздің ұтымды тәжірибесі мен тағылымы алдымыздан шығады.

Мәселен, экономикалық және өзге де әлеуеттерін үздіксіз өрістету мақсатында, Қазақстан бүгін геосаяси тұрғыдан күллі әлемге танымал, іргетасы мықты бірнеше халықаралық қаржы және банк институтарымен [Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры, Халықаралық Қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы, Еуропа Қайта құру және даму банкі, Азия Даму банкі, Ислам Даму банкі] тығыз байланыс орнатып, олардың сараптамалық зерттеу орталықтарының қызметін де белсенді түрде пайдаланып отыр.

Еліміздің назарында болуға тиісті өзге де халықаралық нысандардың бірі, бірі емес, бірегейі – абырой-атағы әлемге жайылған жекеменшік «Стратфор» («Stratfor») барлау-сараптамалық орталығы. Бұл нысанның негізін 1996 жылы америкалық саясаттанушы, сұңғыла стратег Джордж Фридман қалаған болатын. Кәсіби тұрғыдан өте мықты мамандандырылған бұл орталық таяу немесе ұзақ мерзімді болашақта халықаралық қатынастар мен әлемдік геосаясат векторларының қалай құбылатынын дөп басып, дәл анықтап қана қоймай, шеберлігі шыңдалған сарапшы мамандарының кәсіби білігінің арқасында бүкіл әлем ғана емес, кез келген елдің кешегі және бүгінгі болмысы мен күллі саладағы әлеуетін сол елдің ішкі ашық ақпарат көздерімен қатар, күллі әлем қоржынында жинақталған сан алуан дерек көздерінің негізінде талдап-таразылап алып, өте мұқият сүзгіден өткізген соң, сол елдің болашағына қатысты футуристік сұңғыла болжамдар жасайды. Бұл тұрғыдан келгенде, аталған орталық бүгінгі таңда алдына жан салмайды деуге лайық. Мұның нақты дәлелі ретінде «Стратфор» компаниясының 1990-2015 жылдар аралығында жасаған ондаған футуристік болжамдарының мүлт кетпегенін ерекше атап өткен жөн.

Атап айтқанда, «Стратфор» барлау-сараптамалық орталығы Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінде 1995-2005 жылдар аралығында орын алған қаржы дағдарысы, 2000 жылдардың басында, алдымен АҚШ-та басталып, соңында Еуропа аймағын күйреткен қаржы дағдарысы, 2005 жылдан бас­тап, «Әл-Каиданың» бас көтеріп, Таяу Шығыс елдерінде жиһадтық терроризмнің белең алатыны және оның 2009-2014 жылдар аралығында Арабстанға жайылуы, 2014 жылы Левант (Кипр, Мысыр, Ирак, Израиль, Иордания, Ливия, Палестина, Сирия) мемлекеттерінде радикалдық және экстремистік топтардың күшеюі, сол сияқты, Иранда, ТМД елдерінде, Сауд Арабиясы мен Иемен арасында, Аргентинада, Испанияда, Мексикада, Шығыс Африкада және Грекияда орын алатын шиеленістер мен дағдарыстарды алдын ала дәл болжаған.

Сондықтан да болар, бұл орталық қазірдің өзінде 175 мемлекетпен және оның сыртында, ең іргелі 500 трансұлттық корпорациялармен де, сондай-ақ, іргелі халықаралық қаржы институттарымен де терең әріптестік орнатып алған. Сонымен қатар, «Стратфор» бүкіл планетаны өз назарының фокусында ұстап отыр деуге де негіз бар. Себебі, Жер шарын географиялық аймақтарға бөліп-бөліп тастап, әр аймақты өз жауапкершілігіне алған жоғары білікті, кәсіби мамандар әлемнің 29 тілінде іс жүргізе алады және өз объектілеріне қатысты сараптамалық қызмет түрлерін шегіне жеткізе игеріп, ортақ кәсіптерін үлкен шеберлікпен дөңгелетіп отыр.

2015 жылы «Стратфордан» кетсе де, Джордж Фридман, көп ұзамай, қазіргі адам айтқысыз үлкен жылдамдықпен дамып келе жатқан заманауи ақпарат технологияларының мүмкіндіктерін толық пайдалана отырып, таяу болашаққа тән, бірақ жаһандық мәні бар геосаяси уақиғалар мен құбылыстар тізбегіне сараптамалық барлау жасап беруді мақсат тұтқан «Geopolitical Futures» («Геосаяси болашақ») атты жаңа консалтинг-басылым компаниясын іске қосты. Бұл компания да «Стратформен» тең түспесе, кем түспейді. Тіпті, артықшылығы да жоқ емес. Мәселен, бұл жаңа орталық өз өнімдеріне алдын ала сұраныс берген субъектілерді онлайн тәсілімен дер кезінде қамтамасыз етуге қауқарлы.

Дж.Фридман, сонымен қатар, «New York Times» газетінің ең жоғары санаттағы авторларының бірі. Оның қаламынан 2009 жылы жарық көрген «Келесі 100 жыл» («The Next 100 Years») атты футуристік монография­сы күні бүгінге дейін күллі әлемде үлкен сұранысқа ие. Өйткені, 1996 жылдан бермен қарай, «Стратфордың» әлгі монографияға топтастырған синергиялық синтездері бәсекеге аса қабілетті АҚШ, Канада, Қытай, Жапония, Ұлыбритания, Германия, Франция, Австралия сынды оза шапқан мемлекеттердің болашағына қатысты терең сараптамалық болжамдармен қатар, бүгінгі таңда айтулы қарқынмен дамып келе жатқан Мексика, Бразилия, Аргентина, Үндістан, Түркия, Ресей, сондай-ақ, Шығыс Еуропа, Балқан, Таяу Шығыс, Кавказ, Африка және Орта Азия мемлекеттерінің (оның ішінде Қазақстан да бар) де таяу бола­шақ­тағы геосаяси мүдделері мен тарихи, экономикалық, әлеуметтік, техно­логиялық, әскери және демографиялық әлеуеттерінің қалай өзгеретінін де тап басып, таразылап қойған.

Дж.Фридманның кейінгі он жыл аралығында жарық көрген кітаптарына [«Cоғыстың болашағы: Билік, технология және Американың XXI ғасырдағы әлемдік үстемдігі» («The Future of War: Power, Technology and American World Dominance in the Twenty-First Century»), 1996; «Бар­лаудың шебі» («The Intelligence Edge»),1997; «Aмериканың құпия соғы­сы» («America’s Secret War»), 2004; «Келесі он жыл» («The Next Желade»), 2011; «Шиеленіс ошақтары: Еуро­паға төніп келе жатқан дағдарыс» (Flashpoints: The Emerging Crisis in Europe»), 2015] жете мән бермеуге бол­майды. Өйткені, бұл еңбектерін қай-қайсысы да жоғарыда аталған «Стратфор» барлау-сараптамалық орталығының сүзгісінен өтіп, екшелген синтезге тұнып тұр. Тіпті, бұл сипат олардың атауларынан да айқын сезіледі және ол кітаптарда біздермен қарым-қатынас жасап отырған алыс-жақын көршілерімізбен қатар, әріптестерімізге қатысты дерек көздері де жетіп артылады.

Әділ АХМЕТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Түпнұсқадағы тақырып: ХХІ ғасыр. Футуристің көзімен

Дереккөзі: "Егемен Қазақстан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576