Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мың бір мысал 6693 0 пікір 2 Қыркүйек, 2016 сағат 11:46

МҰХТАР ШЕРІМ. БҰЛ – НОТА ҒОЙ...

Қарап отырмай, жалап отырайын, ұстаз болып, шашымды тарап отырайын деген ой олпы-солпы жүрген мені қалалық Білім басқармасына жаңадан топ ете қалған нағашыма желкелеп апарды да, бір мектептің ән-күй пәнінен дәріс беретін мұғалімі болып шыға келдім. Арнайы білімім болмаса да, сырттай агрономдық оқуды бітіріп алғаным бар, аудандағы байқауда шыңғырып ән салғаным бар, қысқасы, қылқиып киініп алып, сықиып жетінші сыныптың жүгермектерімен бетпе-бетотырмын. 

– Бүгінгі өтетін сабағымыз – нота. Нота дегеніміз – нота. Нотаны біз бұрыннан нота дейміз. Қазір де нота деп аталады. Нотаны ноқта деген сөзбен шатастырып алмаңдар, ол бәрібір нота… –деп барып әрең тоқтадым да, көзімді екінші партада отырған оқушыға сырғанатып жібердім. Ол қипақтап, бірдеңені сөмкесіне тыға бастады. 

– Әй, фәміләң кім? – деп сұрадым мен. 

– Қиқарбаев. 

– Немене тығып отырсың? 

– Пистолет… 

– Пистолет? Кәдімгі пистолет пе не? Оны мектепке неге әкеліп жүрсің? –деп орнымнан ұшып тұрдым. Иегім дірілдеп кетті. Қорқып тұрғаным рас. 

– Ағай, пистолетті әкем берді. 

– Е? 

– Бұзықтардан қорғанып жүр деп… Егер маған бес қоймасаңыз, сізді де ата саламын… – деген Қиқарбаев кәдімгі тапаншаны шығарғанда, еріксіз жымидым: 

– Қой ойбай, атылып кетеді. Сөмкеңе салып қой. Әкең кім болып істейді? 

– Полиция бастығы. 

– Жетіскен екенсің. 

Ойым ойран, қиялым қамыс болып кетті. Бүгінгі балалар жаман, ата салады. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс ушығып тұр… 

– Балалар, – дедім мен барынша жайдары болуға тырысып, – нота дегеніміз – нота. Бұл музыкаға қатысты нота до-ре-ми-фа-со-ля-си-до деген ұрпақтардан тұрады. Бұл нотаны ел мен елдің наразылық нотасымен шатастырып алмаңдар. Нотаны қара жерді айдап, екпейді, оны ән өнімін алатындар жазады, нота жазады. Сондықтан, нота дегеніміз–нота… 

Менің көзім тағы да Киқарбаевқа қарай лақтырылды. 

– Қиқарбаев! 

– Әу, ағай? 

– Не істеп отырсың? 

– Патрон санап… 

– Па-патроныңды үйге барған соң санайсың. Тұр орныңнан! 

– Ал, тұрдым. Немене, алдымда билеп бересіз бе, ағай? 

Ол осыны айтқанда, бүкіл сынып оқушыларының тырқылдап күлгені. Әсіресе, көзі сықсиған қара пұшық қыз шалқалап күлемін деп, шашалып қалды. 

– Отыр, саған екі! – дедім мен. Анау пистолетін суырып алғанда, сасқанымнан: 

– Екіге үшті қоссаң, бес! Саған бес қоямын, айналайын, анауыңды шошаңдата бермеші… –дедім мен. «Директорға барып, бәрін баяндайын…» деген оймен орнымнан тұра бергенім сол, Қиқарбаев сөмкесінен тағы бірдеңе суырып алғаны. 

– Ойбай, анау немене? 

– Гранат… 

Бүкіл сынып болып қаштық. Оқушылардан да озып бара жатқан мен. Менің алдымда мектеп директоры… Құдайым-ай, қай құдай айдап келіп еді, бұл мектепке… Нотада нем бар еді? «Нота дегеніміз – нота ғой, нота!» деп айқайлап барамын…

Abai.kz 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5578