ОРЫС ТІЛІНІҢ РЕСМИ ТІЛ БОЛАРЛЫҚ ҚАУҚАРЫ ҚАЛМАДЫ
Қазір Қазақстанда орыс жұртшылығының үлесі салмағы төмендей келе бар болғаны 20 пайызды ғана құрап отыр. Мұндай жағдайда "орыс тілі қалай ресми тіл болады?" деген заңды сауал қойылары хақ...
Қазақстанда орыс жұртшылығының кері сальдосы, яғни еліміздегі (кеткендердің келгендерден азаюы) орыс ұлты өкілдерінің азаюы 1970 жылдардан басталған болатын. Кеңес заманында қозғалған осы сең бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Кеңес дәуірінде жылма жыл кетушілердің келгендерден артықтығы орта есеппен 30-35 мың адамды құраған болатын. Осының алдын алу үшін Кеңестер Одағы Қарақалпақстанға көшетіндерге бір "Жигули" автокөлігінің құнын беретін, бірақ көшірілген орыс ол жақта көп тұрақтамай, ақша зая кететін. Яғни деколонизация үрдісі 1970 жылдан басталды десек болады, бұл стихиялық түрде жүрді. Осылайша, орыс билігі дүркіреп, КСРО да бәрі орыстанып жатқан, орысқа ешбір жергілікті ұлт өкілі тіс батыра алмайтын шақтың өзінде орыс жұртшылығы өзін ұлт респуликаларында дискомфорт сезінді-ді. Орыстың Ресейдің Қиыр Шығысынан, Қазақстан, Өзбекстаннан кетуіне Ресей мен өзге елдердегі тұрмыс деңгейдің айырмашылығы себеп болды. Мәселен, Ресейдің Еуропалық бөлігінде тұрмыс Қазақстаннан едәуір жоғары болды, соны білген жергілікті жұрт сол жаққа көше берді. Екінші фактор: Өзбекстанда еңбекақы бізден де төмен еді, ал Тәжікстанның жағдайы Өзбекстаннан да мүшкіл болды. Сондықтан алдымен орыс қауымы Тәжікстаннан, сосын Өзбекстаннан үдіре көшті.
1990 жылдарда ұлттық республикаларға орыстарды көшіретін қаржы тым азайып кетті. КСРО-ның мемлекетттік жопарлау органдары бұл шараларға қаржы талап еткенімен, нәтиже болмады. Осылайша, ақша бөлу азая берді. Қазақстанның егемендік жылдары дағдарыстан шығу үшін Қажыгелдин «шоковая терапия» әдісін пайдаланды. Ол кезде бұдан басқа амал жоқ еді. Осылайша, аз уақыттың ішінде ескі әміршілдік жоспарлық экономикалық жүйе жойылып, орнына нарықтық қатынастар орнады. Бұл игі іс еді. Бірақ, елімізде тұрмыс денгейі тым қатты төмендеп кетті. 1994 жылы кері миграциялық сальдо 410 мыңға көтерілді. Бірақ бірте бірте Қазақстанның эмиграциялық үрдісі бәсеңдей берді. Негізінен Қазақстанды тастап көшкен орыс, украин, неміс ұлт өкілдерінен болатын. Олардың орнын 1989-1994 жылдары алдымен моңгол қазақтары, кейін қытай қазақтары көшіп келіп, баса бастады.
1989 жылдан бастап КСРО үкіметі тарапынан әр ұлтқа өз ата мекендеріне көшіп кетуге рұқсат берілгені белгілі. Соның нәтижесінде сол жылдары эмиграция мөлшері 23-25 мың адам, ал орыс депопуляциясы 20 мыңға жеткен. Эмигранттардың құрамы негізінен жастар мен орта жастағылар еді. Студент жастар арасында қыздар көп. Осының арқасында еліміздегі орыс тұрғындарының саны 43-45 мыңға азайып отырды. 1992 жылдан бастап орыс, украин, белорус, татар арасында депопуляция үрдісі орын алып, бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Бұл орайда қазір туған орыстың санынан өлген орыстың саны көбірек болып тұрғанын да ұмытпауымыз керек. Яғни, тәуелсіздік алған соң, еліміздегі бірқатар этностар табиғи жолмен де азая бастады. Бұл үрдіс посткеңестік мемлекеттердің бәрінде, соның ішінде Ресейде де жүргені белгілі. Осындай түрлі үрдістер себебінен, еліміздегі орыс жұртшылығының үлес салмағы төмендей келе 20% жетті, ал қазақ үлесі 67% денгейіне дейін өсті. Демографиялық арақатынас пен арасалмақтың өзгеруі ұлт саясатының, тіл саясатының приоритеттерінің өзгеруін керек етеді. Демек, орыс үлесі бар болғаны 20% болса, орыс тілі ресми тіл рөлін қалай атқарады? Ұлттық азшылық тіліне қалай басымгерлік беріледі?Олай болса бұл саясатттың қисынын айқындайтын кез келді деп ойлаймын.
Әзімбай Ғали
Abai.kz