НҰРЖАН ӘЛТАЕВ: «ШАҒЫН НЕСИЕ – ШАҒЫН КӘСІПТІҢ БАСТАУЫ»
Шағын несие бағдарламасы ауылдағы өз кәсібімді ашсам деген талай жанды қуантып, жүрегінде үміт отын маздатты. Орасан көп сомада болмаса да, нақты беріліп жатқан көмек қаржы алтын бесік ауылдағы ағайынның ертеңгі күнге деген сенімін нығайтып, еңсесін тіктеуі тиіс. «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевпен сұхбатымыз ауыл кәсіпкерлігін қолдау бағытында жүргізіліп отырған шағын несие беру жобасы төңірегінде өрбіді.
- Нұржан Бауыржанұлы, әңгімені бірден төмен пайызды несиеге қол жеткізіп үлгерген ауыл кәсіпкерлігі мысалдарынан бастасақ.
- Пилоттық жоба ретінде бастау алған аймақтың бірі – Қызылорда облысы. Бұл Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бүгінгі таңда жүзеге асырып отырған игілікті істің бірі. Мұнда ауылшаруашылық кооперативінің айқын үлгісі, ортақ арнада күш қосқан қызылордалық шаруа шағын несиеге екі аптада қол жеткізді. Алғашқы жетістіктер жайында айтар болсақ, қызылордалық «Жамбыл» ауылшаруашылық тұтынушылық кооперативі күріштің «Айсәуле» сұрыбын енгізумен айналысуда. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бөлген 300 миллион теңгелік қаражаттан алғашқы транш ретінде 6 ай жеңілдігімен 36 ай ауқымында қайтаратындай 4,5 миллион теңгеге жуық қарыз сомасын алған «Жамбыл» АТК» ӨК басшысы Болатбек Рүстемов өтінішінің бұлай тез қаралып, қажетті қаражат көлемінің шапшаң беріле қоятынын күтпегенін жасырмайды. Бүгінде іскер кәсіп иесі кепілге тұрарлық мүлік түрін әзірлеп, жалпы болжанған 10 млн теңгенің келесі қалған бөлігін алуға дайындалуда. Күріш егуге ден қойған 3 шаруа қожалығы бірігіп, көктемгі егістік жұмыстарына қаржы іздеген. Екінші деңгейлі банктер болса, ауылдағы ұсақ қожалықтарды қаржыландырмайды. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы тек жұмыссыз жүрген жандарға қол ұшын созатыны аян. «ҚазАгро» сияқты ұйымдар құжаттарды ұзақ қарайтыны тағы белгілі. Содан «Атамекен» мен Қызылорда облысы әкімдігі құрған «Қызылорда» аймақтық инвестициялық орталығына барып, өңірлік Кәсіпкерлер палатасы мамандарының атсалысуымен екі аптаның ішінде несие қолға тиді. Жаңа күріш сұрпын егіп, 20 адамды жұмыспен қамтыды.
- Сонда бұл шағын несие елдегі қалыптасқан әлеуметтік ахуалды жақсартуға да белгілі бір деңгейде септігін тигізе ме?
- Басты мақсат та сол, алыс, шалғай елді-мекендердегі отандастарымызды жұмыспен қамтып, қарапайым еңбек адамдарының мұң-тілегіне құлақ асу, бейнелеп айтқанда, «қолына қармақ ұстатып», өз ортасын көркейтуге жігерлендіру. Жұмыссыз сенделген, не бизнесі, не қаржысы жоқ болып тығырыққа тірелген жастар жағы да мемлекет тарапынан қамқорлықты сезінсе, кәсібін ашса, жаппай бизнеске жұмылса, қоғамды дүрліктірген келеңсіздіктер де азаяр еді.
Шынтуайтына келгенде, ел экономикасы жүйеқұраушы алпауыт кәсіпорындар мен ірі өндірістерден ғана тұрмайды ғой. Шағын және орта бизнес негізгі экономиканы тұрақты ұстап тұратын тірек. Адамның қызықты да пайдалы жұмысы яки шаруасы болса, түрлі ағымдарға еріп кетуге, түсініксіз тірліктермен айналысуға мұршасы да болмай қалады. Біз оларға тек қаржыны ұстата салмай, ынталы жанды алдын ала кәсіпкерлік негіздеріне оқытамыз, жеке кәсіпкерлік ашуға үйретеміз, жергілікті жерлердегі мамандарымыз кәсіби кеңесін аямайды. Тіпті дайын бизнес-жоспар жасап, тәуекелдерді бағамдап, әрдайым көмектесуге әзір екенімізді білдіреміз. Жеке кәсіпкерлік тіркеген соң, салық төлеу әуре-сарсаңы, есебін сауатты толтыру, бәрін егжей-тегжейлі сараптап береміз. Бұдан ұғатынымыз, бағдарламаның әлеуметтік ықпалы өте зор. Қаражат тапшы ма, еліміздің барлық аймағында «Атамекеннің» 188 кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары жұмыс жүргізуде, осында кел, бірақ жауапкершілікті де сезін. Қарыз ақшаны қайтару керек мәселен. Кейбір банк саласындағыдай кепілге қоятын мүлкін ескі, құны төмен деп мұрын шүйіріп қарамаймыз. Табыс әкеліп тұрған кәсіптің, тәжірибенің жоғын да елемеуге тырысамыз. Несие алушының өтінішті қанағаттандыруға лайықтығын ауылдастарының кескін-келбетіне тереңінен қанық жергілікті Кәсіпкерлер кеңесі шешеді.
Осы орайда биылғы жылы ғана «Атамекен» ҰКП аясында тұсауы кесілген Агробіліктілік орталықтары өзге қызмет бағыттарымен үндестік табуда. Себебі, Орталық өкілдері ұйымдастыратын оқу семинарларына тәжірибелі дәріскер ғалымдар мен іс басындағы шаруалар тартылып, олар шағын бизнесін енді бастаған әріптестеріне кіріске кенелудің қыр-сырымен бөліседі. Жақын арада Ақмола облысындағы Шортанды ауданында өткен арнайы оқыту семинарына қатысып қайттым, байқағаным, фермерлер семинарлардың қажеттілігін оң бағалап, дән ризалық танытуда.
- Бағдарламаға қаражат қайдан бөлінді?
- Шарапатты жобаға «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев ең бірінші болып демеушілік көрсетіп, тың бастама көтеріп, өзге белді бизнесмендерге елге жанашырлықтың озық өнегесін байқатты. «Алмэкс» компаниялар тобы бөлген жеке салымнан нөл пайызбен 1 миллиард 200 миллион теңге шағын несие ұйымдары арқылы төрт облысқа тең бөлініп, әкімдіктер де осындай көлемдегі қаржы тағайындады. «ЕRC» сауда үйі» ЖШС қосқан 300 млн теңгені де атап өткен абзал. «Атамекен» қосқан 5 жылға дейінгі мерзімдегі 6-7% үстемақы филиалдардағы қызметкерлердің жалақысы сияқты шығындарды жабуға қажет. Қазіргі кезде бұл сыйақы мөлшерлемесі коммерциялық құрылымдардағыдан әлдеқайда аз. Тегін ақша десек те қателеспеспіз.
Жалпы несиелендіру қызу жүргізіліп жатқан Қызылорда, Ақтөбе, Алматы облыстарынан бөлек, Қостанай, Маңғыстау, Жамбыл облыстарын таңдадық. Жоғарыда келтіргендей, мақсат – ауылдық жерлердегі және шағын қалалардағы кәсіпкерлік қызметті дамыту, өндірісті қосымша ынталандыру жолында тиімді жүйе құру, кәсібін енді бастаған бизнесмендерге қол ұшын созу. Сонымен қатар, банк саласы назарынан тыс қалған ауылдық елді мекендер жобаларын демеу, нақты жас кәсіп иелерін оқытып, несиелеу, бизнестің орнықтылығын арттыру мұратында қызметтерді сервистік қамтамасыз ету көзделуде. Нәтижесінде салықтық төлемдер артып, жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Шағын кәсіпкерлік санатына кіретін шаруа қожалықтары өкілдері, жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалар, аймақтағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына немесе Кәсіпкерлер палатасына жүгінсе болады. Бұл мекемелерде жеңілдіктер, несиелік өтінімді жылжымайтын яки жылжымалы мүлікпен, жер телімімен, автокөлікпен, ауыл шаруашылығы техникасымен, белгілі бір құрал-жабдықпен қамтамасыз ету, кепілдік, үшінші жақтың кепілгерлік етуі сынды маңызды жайттарды егжей-тегжейлі түсіндіріп, құжат жинауға көмектеседі.
- Арзан несие қаражаты неліктен тек шағын бизнеске беріледі?
- «Атамекен» қолға алған шағын несиелеу бағдарламасы, қайталар болсақ, әлеуметтік мазмұнға ие. Шағын несие халықтың қаржыға қолжетімділігін қамтамасыз етеді. «Неге шаруасы мығым, ақшасы мол ірі кәсіпорындармен жұмыс істей бермейсіңдер, шағын бизнестің әуресі көп, алып жүру қиын, ауыр ғой» деп сынағандар кездесті. Бірақ, мұндай рөлді біреу алу керек еді. Біз соған бел будық. Қазір нәтижесі анық аңғарылуда. Әлемде шағын несиелеу кедейшілікпен күрестің тегеурінді тетігі ретінде кеңінен тараған дүние. Ең жарқын үлгісі 2006 жылы Нобель сыйлығын алған Мұхаммед Юнус аумағында Grameen Bank жүйесін құрған Бангладеш елі. АҚШ пен Еуропа құрлығында да солай, шағын несие құралының өрісі кең.
- Бүгінгі таңда несиені игеруде қай аймақтар алға шықты?
- Күні бүгін бизнес идеяны қаржыландыру туралы 285 өтініш түсті. Бұл жобаларға 1 млрд 560 млн теңге көлемінде қаражат бөлу қажет. Әрбір өтініш бойынша біздің мамандарымыз сараптама жасап, лайықты жобаларға қаражат бөлу мақсатындағы жұмыстарды жүйелі атқарып отыр. 165 бизнес жоба бойынша нақты шешім қабылданды. 684 млн теңге бөлініп, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, қызмет көрсету бағытындағы және наубайхана ашу тәрізді жобаларға шағын несиелеу бағдарламасының қаржысы бөлініп қойды.
Айталық, ақтөбелік бір азаматтың өсімдік шаруашылығы бағытындағы жобасын жүзеге асыруда жас көшеттер, тамшылатып суару жүйесін орнату үшін 25 млн теңге шағын несие берілді. Қызылорда облысында 20 млн теңгеге асыл тұқымды сүтті ешкі малын өсіру, бал өндірісі, еттен жасалатын жартылай фабрикаттар өндірісін жолға қою үшін несие бөлінді. Осындай мысалдар өте көп.
Елбасының ауыл шаруашылығындағы бизнесті дамытудағы кедергілерді жою тапсырмасына сай, «Атамекен» ҰКП белсенді іс-қимыл атқаруда. Елімізде 2 мыңнан астам ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген болса, 130-ның қызметін ҰКП сүйемелдеп, жандандырып отыр. Осы тұста қаржыға қолжетімділік, өндірісті жаңғырту, техниканы жаңарту, жаңа жұмыс орындарын құру тармақтарында шағын несие көмекке келіп, Үкіметпен де осы мәселе жөнінде тыңғылықты жұмыс істеудеміз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, шағын несиелеу бағдарламасы – шағын да болса кәсіптің бастауы боларына сенеміз.
- Әңгімеңізге рахмет! Ауыл тірлігін көркейтудегі еңбектеріңіз өнімді болсын!
Алдаберген КЕМПІРБАЕВ
Abai.kz