ҚТЛ ШӘКІРТТЕРІН "ГҮЛЕНШІЛІККЕ" ҮГІТТЕП ЖАТҚАН ЖОҚ ПА?
Қазір Қазақтанда да даулы мәселе қазақ-түрік лицейлерінің жайы болып отыр. Түркия Президенті Ердоған "Олар қауіпті, жауып тастау керек" десе, Қазақстан жағы "Ол мектептер бізге керек, сапалы білім береді, оның түлектері халықаралық олимпиадаларда медалдарды көптеп алуда. Және мұғалімдері 90 пайыз қазақ, сондықтан жаппаймыз" дейді. Бұл дұрыс көзқарас. Түркия басқа ел, Қазақстан басқа ел. Сонан соң екі елдің жағдайлары да өзгеше. Расында да бұл мектептердің берген білім және ғылымына айтар уәжіміз жоқ.
Гүлен Фетхуллаһ
Егер, бұл мектептер таза ғылым мен білім беріп жатса, оларда ешкімнің шаруасы болмас еді. Бірақ сол мектептердегі жеткіншектерге оқуды бітіріп түрлі қызметтерге көтерілгенде, Гүленге құл болу, соның айтқанын бұлжытпай орындау жайында үгіт насихат беріліп жатса, онда ол қауіпті.
15 шілдедегі оқиғаға дейін Түркиядағы ең басты оппозициялық партиялар бірігіп, Ердоғанның Гүленге орынсыз шүйлігіп жатқаны туралы айтып, кінәлаған еді. Бірақ мұның шындық екені 15 шілде күні белгілі болды. Оның негізгі ұйымдастырушысы және орындаушыларының Гүлен мен Гүлен мектептерінің түлектері екеніне оппозицияның да, басқалардың да көзі жетіп отыр.
Гүлен мектептері бір адамға құлшылық етуді, тек Түркияда, яғни өз елінде ғана үгіттеп, өзге елдерде таза ғылыммен, біліммен шұғылданып жатқан шығар. Мұны өз басым білмеймін, көп адам да білмейтін шығар. Міне, Елбасы да Анкарадағы сөзінде осыны айтқан еді. “Мұны тексереміз, егер ондай мақсаттары бар болып жатса, тиісті шараларды қабылдаймыз" деді. Елбасының "қазақ-түрік лицейлерін тексереміз" дегені тегіннен тегін айтыла салған сөз емес деп ойлаймын. Біздің тілегіміз қазақ-түрік лицейлерінде жеке басқа табынушылыққа үгіттейтін мақсат болмауы керек. Қазақстанның төңкерістік әрекеттерден аман және тыныш болуын қалаймыз!
Әбдіуақап Қара,
Мимар Синан Көркем Өнер Университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы
Abai.kz