Сенбі, 23 Қараша 2024
Сараптама 6513 0 пікір 8 Тамыз, 2016 сағат 07:55

АСПАЖОЛ ТЕХНОЛОГИЯСЫ ӘЛЕМДІ ӨЗГЕРТУІ МҮМКІН БЕ?

Әлемдік экономиканың бүгінгі мәнін - экономика өрлеуінің белгілі бір буыны бітіп, келесі жаңа сипатын күтудегі дағдарысы деуде. Айталық, бұған дейінгі экономика алуан қуат көздері мен ақпараттың тұтынысына тікелей қатысты болса, ендігі экономика адам мен материалдық игіліктердің жер бетіндегі орын ауысуына тікелей тәуелді болмақ.

Біз таныстырғалы отырған тақырып әлемдік экономиканың басқа сипатқа өтуіне үлесі қосарлық технологияның біріне қатысты. Ол  технология - Sky Way  ішекті аспажол  аталады.

Бүгінгі адам мен жүк тасымалы уақыт үдесіне төтеп бере алмауда.  Бүгінде жыл сайын 1,5 млн адам автоапаттан көз жұмып, 15 млн адам жарақат алады. Ал әскери қақтығыстарда жыл сайын 500 мыңдай адам ғана қаза табатынын ескерсек, адамзатқа қарсы шайқас кімнің пайдасында ееніне көз жетеді. Автожолдардың табанындағы жер көлемі  5 Англияның аумағын алып жатыр, ірі қалаларды құрсаған кептелістерді айту өз алдына. Теміржолдардың табаны да одан қалыспайды, еуропалық ірі екі мемлекеттің аумағындай жерді қолданыстан шығаруда.

Аталмыш технологияға тоқталып отыруымыздың бір себебі, бұның бүгінгі таңдағы ғылыми идея мен технология сатысынан өтіп, нақты іске асу жолындағы жоба екендігінде. Салыстырмалы түрде айтқанда, әлемге мәшкүр немістің СИМЕНС компаниясы  JR-Maglev атауымен мәлім магниттік көпшік технологиясына 66 жыл арнап, 6,5 млрд АҚШ долларын жұмсап, ақыры нәтижесіз қалып, жобаны доғарып қойды. Әзірге жолы болмаған бұл көліктің шапшаңдығы сағатына 600 шақырым екен. Дегенмен, мұның кейбір нұсқасы Жапония мен Қытайда, тағы бірқатар елдерде іске асып жатыр. Дегенмен, жүзеге асуы доғарылған бұл жобалар мен кейбір іске аса бастаған магнит жолдардың тиімсіздігі А.Юницкидің айтуы бойынша, олардың орасан қымбаттығында көрінеді. Айталық, JR-Maglev көлікті жылжытуға кететін магнит өрісін туғызу үшін қыруар қуат жұмсалады, ал қауіпсіздігінің төмендігі өз алдына, себебі, магнит өрісін құйындататын пойыздың етегіндегі қуысқа әлдебір құмалақ түсіп кетсе де оны шайқалтатындай жайт туындайды екен.

Анатолий Эдуардович Юницкий —Беларуссияда туып, Қазақстанда (Жезқазғанда) өскен ресейлік ғалым, өнертапқыш, инженер-технолог. Ресейдің Жаратылыстану ғылымдары қоғамдық академиясының мүшесі (академик). Серпінді «Юницкидің ішекті көлігі» жобасын әзірлеуші, Sky Way  (аспанжол)  технологиясын ойластырушы. БҰҰ-ның екі бірдей жобасының жетекшісі. КСРО космонавтика қауымдастығының мүшесі.  140-тан аса өнертабыстың,  18 монографияның және 200-ден аса ғылыми еңбектердің  авторы. Euroasian Rail Skyway Systems Ltd компаниясының бас директоры-бас конструкторы.


Сондай-ақ, Hyperloop – «гиперілмек» аталған, 2012—2013 жылдары америкалық венчур-капиталист Илон Маск ұсынған вакумдық пойыз жобасының жолы болмаған сыңайлы. Бұл көлік сағатына 1200 шақырымнан артық жүйткуі тиіс еді. Вакумдық құбыржолға қатысты А.Юницкий оның тіпті де адам тасуға қабылетін жоққа шығарады, оның айтуынша, бұл жол ғарышқа адам ұшырғанмен бірдей әрі адамды түтіктің ішімен «атып жіберу» оны өлтірумен тең дейді. Себебі, адам қаны ауасыз кеңіс жағдайында қайнап кететін көрінеді, кейбір ғарышкерлер осындайға ұшырап қаза тапқан. Мамандардың айтуынша, сағатына 300 километр жылдамдықтан шапшаң жүйткитін көліктің қай-қайсысына да басты дұшпан – отынның 90 пайызын шығындайтын аэродинамикалық кедергі, яғни ауа ағынының қарсы күші көрінеді. Міне осы кедергіні айналып өту үшін Илон Маск идеясы бойынша ірі құбырдың ішінен ауа сорылып алынып, соның ішіне орналасқан капсул-көлік арзан әрі шапшаң жүйткуі тиіс болатын...

Енді Юницкидің ішекті көлігіне тоқталсақ, бұның аталмыш көліктер шеше алмаған немесе қарастырмаған барлық мәселелерді кешенді түрде шешіп келе жатқандығына куә боламыз.

Ал, А.Э.Юницкий бұл мәселенің басқа шешімін тауып отырған көрінеді: оның бүгінде 120-дан аса  мамандарынан құрылған конструкторлық бюросы көліктің ауа ағынына төтеп беретін сыртқы тұрпатын ойлап шығарып, оны патенттеп үлгеріпті. Бүгінгі ең озат әуе лайнері саналатын БОЙНГ ұшақтарының  аэродинамикалық кедергі коэфициенті – 0,1 болса, әлемдегі  ең жүйрік автокөлік Bugatti Veyron көрсеткіші – 0,38, ал юнибустардың эксперимент жүзіндегі бұл коэфициенті мейлінше төмен – 0,03, әлемде әзірге бұған жеткен көрсеткіш жоқ! Bugatti ауамен «алысуға» мыңдаған ат күшін жұмсайтын көрінеді, өйткені оның аэродинамикалық тұрпаты тиімсіз – дейді  SkyWay бас конструкторы.

SkyWay көлік жүйесінің техникалық сипаттамасы.


SkyWay көлік кешені (Юницкидің ішекті көлігі) болат доғалақты автомобиль болып табылады, жолаушыларға  — «юнибус», жүк тасуға — «юнитрак», тепкіншегі бар жеңіл серуендік-саяхаттық түрі – «юнибайк» аталады. Бұлардың бәрі ішекті релстерге жайғасқан, ал релстердің өзі жердің бедері мен жағдайына қарай түрлі биіктіктегі жерге қадалған тігіңкі бетон қадаларға бекітіледі.  Көлік кешеніне  барлық инфрақұрылымдар – бекеттер, вокзалдар, терминалдар, жөндеу шеберханалары, бағыттаушы ауыстырғыштар, басқару мен қауіпсіздіктің автоматты жүйесі, қуат пен байланыс кіреді. SkyWay құрылымының мейлінше тегіс әрі сымдай тартылған қатты ішек-релстерінің арқасында сағатына 500 км   жылдамдық еңсерілмек. Ішекті-релс трасасы біржолды да, көпжолды да болмақ. Сондай-ақ көліктер — баспалы/навесными (автокөлік қос ішекті басып жүретін релске жайғастырылады) және аспалы/подвесными (көлік бір немесе қос ішекті релске асылған күйі жылжиды).

Аталмыш SkyWay көлік жүйесі тасымалдық қабылеті мен сыйымдылығына қарай: аса жеңіл, жеңіл, орташа, ауыр және аса ауыр түрлерге бөлінеді. Жылдамдық режимі бойынша – баяу (100 км/с-қа дейінгі), жылдам (200 км/с-қа дейінгі), жүйрік (300 км/с-қа дейінгі), аса жүйрік (400 км/чс-қа дейінгі) және гипержүйрік (500 км/с-қа дейінгі). Сөйтіп бұл көлік жүйесі мынадай көлік салаларын қамтитын болады: 

  • аса жылдам қалааралық жолаушы тасымалы;
  • қалаішілік жолаушы тасымалы;
  • кез келген кәсіпорынның кез келген жүгін тасымалдау.

Көлік жүйесі тау-тас, шатқал, мәңгі тоң, теңіз-көл бетімен және басқа да бүгінгі қол жеткізу қиын әрі күрделі жерлерді оңай әрі арзан жол қатынасымен қамтымақ.

SkyWay технологиясын халықаралық сараптау мен сертификаттау  жұмысы біткен соң, оны енгізу 2017 жылдың мамыр айына жоспарланып отыр. Биылғы қазан айында аса жүйрік жолдан басқасы технопаркте әзір болып, сертификацияланбақ. Бұл технологияны әлемге ресми түрде  таныстыру  барысында 140 млрд доллардан астам тұратын тапсырысқа алғашқы сатыда қол жеткізбек. Қазіргі кезде құны 300 млн фунт-стерлинг тұратын технопарк салынуда.

Технологияның басты сайманы саналатын ішекті релс құрастырылған теміржол релсінен де арзан - 1 км құны 10 мың АҚШ доллар тұратын арнайы керме релс болып  табылады.  SkyWay аспалы ішекті-релсі: релс-табан; ішектер шоғы; ішектерді релс қорабына бекіту элементі; толтырғыш (арнайы бетон); релстің корпусы, бұлардың бәрі  SkyWay технологиясының патенттелген өнертабысы.

Бұл өнімді тек қана аспажол үшін ғана емес, көпірлер мен паромдарға да қолдану мүмкіндігі зор. Ішекті релсте тігіс болмайды, біртұтас ұзына бойына созылған аспалы болат жолдың қажалуына болмаса дыбыс шығаруына себеп жоқтың қасы көрінеді.

Өйткені, әдеттегі теміржол релісінің ішкі жағын вагонның кертіш доғалағы қажауға мәжбүр, бұдан жол да, доғалақ та қажалып, жолдың сапасы мен көлік жүрісіне, залалы мол екені мәлім. Ал, Юницкий релісінің нақ бетінде ешбір кертіші жоқ доғалақ пен релстің ішкі бетін ала көлікті релстен шығармайтындай міндеті бар доғалақтар зырламақ. Бұның бәрі болат темірдің бір біріне үйкелісін болдырмайды. 

Юнибустарды жүргізуге келтіретін агрегаттың бес түрі қарастырылған:  а), г) — сәйкес түрде доғалақтарды айналдыратын жылжытқыш (қозғалтқыш) пен ауа қаңғалағы; б) — мотор-доғалақ; в) — электр желісіне қосылған жылжытқыш; д) — газ турбинасы.

SkyWay технологиясының бір қитұрқысы сонда – оның жер бетінен асылған ішекті жолға негізделуінде, бұл аэродинамикалық кедергіні мейлінше азайтады. А.Э.Юницкидің дәйектеуінше, ішекті көлік кәдімгі автокөлікке қарағанда 20-25 есе тиімді. Sky Way — тіреулер арасына керілген релстердің көмегімен жылжыйтын жерүстілік (жербетілік емес) көлік жүйесі.  Мұндай көлік сағатына 500 км  жылдамдықпен жүйткіп, оның қозғалысы автоматты түрде реттеліп отырмақ.

Аспажол жүйесінің авторы қазіргі теміржол вагоны жолаушыны емес, өзін де алып жүре алмай, оны локомотив тартатынын айта келіп, әр жолаушыға 3 тонна жүк келетінін және сол артық жүкті жылжытуға жұмсалатын отынды, қуатты келтіре отырып,сынайды. Аспажолда әр жолаушыға әрі кеткенде 120-150 кг жүк қана тиетінін салыстырып, өз технологиясының тиімін дәлелдеп отыр. Ішекті жолда жүйкитін юнибустар мен юникарларда ешбір алып мотор не дизель жоқ, доғалақтарға бекітілген шағын ғана жылжытқыш/движок бар. Аталмыш көліктің жұмсайтын шығыны рас болса, бірнеше есе аз көрінеді.  Sky Way  теміржолмен салыстырғанда мейлінше аз шикізат талап етеді, пайдаланыс барысында арнайы қызмет пен бап талғамайды, ауа райына тәуелсіз және жүктің барынша қауіпсіздігін ақтайды.

Жаңа көлік авторы бұл - технология ғана емес, барлық мәселелердің шешімін қарастырған көліктік жүйе деп есептейді. Салыстырмаға көліктің жылжу тәсілі – асфальттағы  резина доғалақ пен релстегі болат доғалақ, көлік жүйелері, аэродинамика, тасылатын жолаушы саны мен оған кететін қуат мөлшерін қарастырып, ғылыми  түрде дәйектеп Юницкий өз көлігіне шаң жуытар емес. Теміржолдың әрбір шақырымына 20 млн долларға дейін қаржы жұмсалса, аспанжолдың бір шақырымы 1-5 млн доллардан аспайды және оны жыл сайын жөндеу мен күнделікті қосымша баптау керек емес. Аспажол көліктерінің үнемділігі сонша, оның арқасында бүгінгі мешкей көліктер азайып, миллардтаған тонна отын үнемделіп, ауа мен жер тазармақ.

Дәстүрлі теміржолдар мен тасжолдар экологияны бұзуда, су мен ауа ағыны табиғи айналыстан шығып, бөгеліп, жер бетіндегі табиғи апаттарға септік етуде көрінеді. Айталық, жолдармен бөгелген алқаптың бір жағы құрғаса, енді бір жағын су басуға бейім болады. Ал аталмыш көлік жүйесі керісінше экологияны қалпына келтіруге арналған жоба болып табылады. Теміржолдар мен тасжолдардың табанына езілген миллондаған гектар жер босайды.

Аспажол неге ұзаққа созылуда? Жалпы адамзат тарихында көлік жүйесін енгізу барынша керітартпа технология көрінеді: аттың ер-тұрманын енгізуге 1000 жыл, ал мініс атты жүгендеуге 7 ғасыр жұмсалыпты... Ал жаңа технологияны енгізуге ешкім де құмартпайды, қаржы шығармайтын көрінеді. Сондықтан бұған 10 жыл бойы ақшалы алпауыттар мен шенділердің соңынан жүгіріп, түрлі қаржы көздеріне жүгінген Юницкий командасы ақша таба алмағасын, ақыры қолды бір сілтеп, Минск түбіндегі Марьина горка деген бұрынғы танк полигонынан 36 га жер алып, оған халық қаржысын тартып, краудинвестинг тәсілімен қарапайым азаматтарды инвестор ретінде жұмылдырып технопарк салуға кіріскен. Биылғы қазан айында бұл экотехнопаркте қалалық және жүк тасымалға арналған ішекті аспажол үлгісі дайын болмақ. Келесі жылы 15 шақырымды қамтитын сағатына 500 км-ге жүйткитін шапшаң көлікке арналған аспажол бітіп, әлемді жаңа көлік жүйесіне жүгіндіруді қолға алу жоспары жүзеге аспақ.

Биылдың өзінде бұған дейін тоңтеріс болып келген ресейлік ресми көлік ведомоствосы 70-ке тарта сарапшылары бар арнайы комиссиямен бұл технологияны инновация ретінде мойындапты. Ендеше келесі жылы Ресей мемлекеті бұған бюджеттен арнайы қаржы бөліп, кезінде әлемді Менделеев кестесімен, ғарышқа жөнелген Гагарин сапарымен теңдесетін, дұрысы одан да  орасан көлік жүйесін шындап қолға алатыны мәлім  бола бастады.

Ал әзірге қаржыгер сарапшылардың пессимистік болжамы жуырдағы бұл жобаның қоржынына 250 млрд доллар тартылатынына күмән келтірмейді. Қазірдің өзінде Euroasian Rail Skyway Systems Ltd компаниясы түрлі тапсырысшылармен 180 млрд долларға алдын ала шарттасып, олармен келесі  жылы бітетін экотехнопаркке көздерін жеткізген бойда аспажолдың жергілікті жобаларын салуға кіріспек.

Академик А.Юницкийдің ізбасарларының бірі - жобаның жоспарлау және стратегиялық даму жөніндегі директоры ретіндегі Сибиряков Сергей Анатольевичтің пайымына сенсек, әлемді ақпарат желісі интернет түрінде шырмады, енді алдағы 10-20 жыл ішінде адам мен жүктің ағынын кедергісіз қамтитын транснет желісі шырмайтын болады. Айтпақшы, С.Сибиряков 90-жылдары Кемер облысының губернаторы, бауырымыз Аман Төлеевтің жақын сарапшыларының бірі болғанын айта кеткен абзал. Оның айтуынша, бұл тек қана көлік жүйесі емес, болашақта адам аяғы бармайтын аумақтарды игерудің басты құралына айналмақ, өйткені, аспажол жүйесі тау мен тасты да, шатқалды да, аралды да, теңіз үстін де шырмап, әлемдік жолдар желісіне айналады. Сибиряков бұл көлік жүйесі болашақта қалалардың әлпетін де өзгертпек, өйткені қалалықтарға керек материалдық игілікті тасып жеткізу мейлінше ыңғайлы болуы үшін қалалар осындай жолдардың бойында ұзына бойы салынуы әбден мүмкін. Бұған қоса, аталмыш жол желісі көп ұзамай байланыс пен қуат желісін де өзімен бірге тасымалдайтын әмбебап желіге айналмақ. Демек, бүгінгі өркениетті өзгерту дегеніміз - осы шығар.

Skyway технологиясының міндеті жаңа жол жүйесін енгізу ғана емес, жердің экологиясын тазарту, қалпына келтіру. Қиялға бергісіз оның бекеттерінде алма ағашы мен көкөністер өсетін бау-бақтар қолға алынбақ. Қалалардағы аспажолдың бекет-тораптары бүгінгі супермаркеттер мен  базарларға бергісіз сауда, сайран орындарын қамтитын болады. Қазірдің өзінде Марьина горкада салынып жатқан Экотехнопаркта экологиялық таза көкөністер жайқалуда, тіпті өртке арналған су бөгетінде балық өсіріп, аулануда. Шамасы, технологияның экологиялық сипатына Чернобыл апатында Юницкидің туған ауылынан айырылуы себеп болған секілді.

Жоба жүзеге асып, мыңдаған аспажолдар тартыла бастағанда миллиондаған тонна мұнай жағылмайтын, жер беті қопарылып, жол үшін үйінді жасалмайтындай, адам баласы табиғатқа кесел келтірмей көшіп-қонатындай жағдайға жетіп, елдердің мемлекеттік шекарасын кесіп өтетін жол желінің адамзат үшін қаншалықты қажеттігін елеп-ескеруге де уақыт аз қалған секілді...

Аталмыш инновация ғылыми идеядан инновациялық технология ретінде мойындалып, тәжірибеден өткен. Ендігі міндет оның коммерциялық үлгісін жасап, тапсырысшылар алдында әйгілеу арқылы жер бетіне болашақ ондаған жылдар бойы салынбақшы 100 млн км жолды бастап кету.

Қазақстанға қаншалықты тиімді?

Бұрынғы қазақстандық өнертапқыш инженер-технолог Анатолий Юницкий аумағы жағынан әлемде 9-орын алатын Қазақстан  экономикасы мен халқының дамуына қажет кемінде 25 мың км теміржол салу керек деп есептейді, ал оны салу аса қымбат әрі жуық арада мүмкін емес. Оның ойынша, мұнша ұзын теміржол салу ел экономикасын орнықсыз етеді. Бұл жолды салуға 1 трлн 250 млрд доллар керек, ал 25 мың км-ге аспажолға 100 млрдтан аз қаржы жұмсалмақ. Пайдалану кезінде бұл теміржолға бір жылда 15 млн киловат қуат кетсе, аспажолға – 3 млн киловат та көп болмақ. Эксплуатация бойынша жалпы үнем жылына  50 млрд доллар екен. Аталмыш жолға 100 млн болат, 500 млн куб/м-ден аса бетон, 250 млн куб/м топырақ жұмыстары, түрлі төгінді құрылыс материалдары 1 трлн тоннадан асып кетпек. Дәстүрлі шапшаң теміржолға қазақстандық жолаушы 1000 шақырымға 10000 теңге жұмсаса, аспажолға 1000 теңгеге билет алмақ. Технолог-ғалым Қазақстан жағы ынта білдірсе, орасан бұл аумаққа тиімді стратегиялық көлік жүйесі мен жоспарын жасап беретіндігін де жасырмайды.

Қысқартып айтқанда, су жолы енгелі жолы болған елдер үшін тұйықталған аумақтардағы елдердің көрпесін тауып беретіндей технология болса, әлемдік базарға шығатын жолдың тиімдісі осы болса, ЭКСПО-2017 әлемдік көрмесінде көрсетіп, келушілердің назарын неге аудармасқа? Санаулы қалаларға шұбырған халықты осы жолдың жүйесімен апайтөс даланы көктей өтетін нағыз жібек жол етпеске деген сауалдарға бәлкім, біріге жауап іздерміз.

С.Ерғали

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1480
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475