Созақта инватакси қызмет көрсете бастады
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады. Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады. Біздің барлық әлеуметтік институттар, үкіметтік емес ұйымдар, «Нұр Отан» партиясы осы жұмысты қолға алғандары жөн. Егер қажет болған жағдайда Үкімет бұл мәселені барлық компаниялармен бірлесе пысықтап, тиісті шешім қабылдауы керек», – деп атап көрсеткен еді.
Осы мақсатта, «АСАР» Оңтүстік Қазақстан мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі Созақ аудандық филиалының ұйымдастыруымен ауданымызда мүгедектерді тасымалдау (инватакси) қызметі тамыз айынан бастап өз жұмысына кірісті. Инватакси қызметі І топтағы, бала жастан мүмкіндігі шектеулі, жүріп-тұруы қиын, арбада отыратын жандарға жұмыс орны, оқитын орны, уәкілетті және орындаушы органдар, сот, прокуратура және де әлеуметтік салалар объектілері, әділет басқармасы, нотариус, медициналық мекемелер, автовокзал, сондай- ақ, арнайы мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелер бағыттары бойынша қызметін ұсынуда.
Қазіргі таңда аудан әкімінің бастамасымен мүгедектер қоғамына берілген ғимараттан 2 бөлме беріліп, жұмыс жолға қойылды. Атап айтсақ, бізге өтініш жазып, құжат өткізген мүмкіндігі шектеулі І топтағы азаматтар саны 15-ке жуықтады. Олар аталмыш қызметті бір күн бұрын тапсырыс беріп, жоғарыда аталған бағыттар бойынша күніне бірнеше рет пайдалана алады. Тіркелген азаматтардың атаған бағыттары бойынша арнайы жол парағы толтырылып, инватакси қызметін пайдаланғаны жайында дәлелдеме ретінде қол қояды. Осы қызмет арқылы жұмыссыз мүмкіндігі шектеулі 5 азамат жұмыспен қамтамасыз етілді. Атап айтсақ, инватакси қызметінің жауапты жетекшісі, 2 диспетчер, автокөлік жүргізушісі және еден жуушы қызмет етеді. Аудан басшылығы тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қамқорлығының бір парасы осындай. Олар қай кезде, қай жаққа барамын десе де көлігі дайын.
Abai.kz