Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әкім мен халық 6725 0 пікір 28 Шілде, 2016 сағат 22:08

АТАМҚҰЛОВТЫҢ ӨЗГЕЛЕРДЕН АРТЫҚШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

Елдің көзінің алдында жүрген басшы жөнінде көпшіліктің пікірінің екіұдай болуы жазылмаған заңдылық. Басшы да кіршіксіз періште емес. Талай басшыны көрдік, көріп те жүрміз. Көңілімізге жағатыны немесе көңілімізге теріс әсер ететіндері де бар. Біз өзіміз бүгін шағын ғана пікіріміздің басты кейіпкері етіп алып отырған азамат – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Бәкірұлы Атамқұловқа осыдан бір жылға таяу уақыт бұрын ол кісіге Оңтүстік өңірін басқару бақыты бұйырды. Сырғып күндер, жылжып айлар өтті. Жылдық есеп беретін мезгіл де таяқ тастам жерде тұр. «Не атқарылды?» деген көкейдегі негізгі сауалға осы жыл ішіндегі жасалынған барлық тірлік сыйып кетеді. Ал енді «Не істелінбек?» деген келер күндердің мәселесін қамтитын сауалдың жауабы бүгінге дейінгі тірлікті түйіндеп, бағасын бергеннен кейін өзі-ақ белгілі болып жатады.



Бейбіт Бәкірұлы турасында баспасөзде сыни пікірлер мүлдем жоқ дерлік. Тек бар нәрсені батыл айтатын «Уақыт» газеті ол кісінің жақсы істерін қамти отырып, кемшіліктері жөнінде орынды үш бірдей сын мақаланы қауымның назарына ұсынды. Біздіңше, мұны әрқайсысымыз теріс ниеттен қалыссыз, шынайы достық рәуіштегі, жанашыр пейілден айтылған сын деп қабылдағанымыз жөн. Байқағанымыз сол кемшіліктерді қамтыған мақалалар облыс басшысының назарынан тыс қалмаған сыңайлы. Оны орынды деп қабылдағандығына редакцияға арнайы хатпен жауап бергендігін естігенде кәдімгідей ішіміз жылыды. Нағыз халықтың қамын жеген басшы ғана – халықтың адамына айналуы тиіс.

Атамқұловтың көпке танымал болған жақсы қасиеттерінен халық та қалыс қалмапты. Жұрттың аузындағы әңгімеге құлақ түрсең, оның арасынан көптеген орынды пікірлерді, жылы лебіздерді естисің. Соның ең бастысы ретінде инвестиция төңірегіндегі жасалынып жатқан жақсы істер ілкі сәтте ауызға алынады. Қарап отырсаңыз облысқа шет жақтан тартылған инвестиция, кәсіби байланысқа түскен мемлекеттер саны бұрын-соңды болмаған дәрежеге жетіпті. 24 мемлекеттің 700-ден астам ірі кәсіпкерлері Оңтүстікке ынта қойып, құны 2 миллиард АҚШ долларының көлеміндегі инвестицияның тартылуында облыс басшысы Бейбіт Атамқұловтың үлкен үлесі бар екендігін ашық айтумен қатар, оның тындырымды тірлігін мойындауымыз керек. Өзі ғана белсенділік танытпай, орынбасарлары мен басқарма басшыларын құрылықтың сан тарабын жіберіп, бітімгершілік әңгімесін ұйымдастыруының өзі бір кездегі дипломатиялық жұмыстағы бай тәжірибесі деп есептегеніміз жөн. Қазір сол алыс-беріс, барыс-келіс өз нәтижесін беріп, облыс аумағында 24 жоба тыңнан жүзеге асырылуда. Өңіріміздің ірі кәсіпкерлері бүгінде дүниеге аты танымал алпауыт бренд иелерімен кәсіптік қарым-қатынас жасауға жол жеткізді. Бұл мынандай аумалы төкпелі заманда қол жетіп отырған үлкен табыс болып саналады.

Әкім Б.Атамқұлов уақыт өткен сайын қарапайым халыққа жақындай түсуде. Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Өңірдің қай нүктесінде жылт еткен кішкене бір жаңалық болып жатса, өңір басшысын сол жерден көретін болдық. Оңтүстік Қазақстан облысында аудандар мен қалалар арасында бүкіл ауылын, елді-мекендерін «көгілдір отынмен» тұңғыш рет толық қамтамасыз еткен сәттегі Түлкібас ауданының шалғайдағы ауылында әкімді тағы кездестірдік. Ақсақалының қолын алып, аналарының жағдайын сұрап, келіндерімен бірге газ пешінің отын тұтатысып жүрген әкімді көргенде жылы көңілімізде тағы бір нұрлы шуақ пайда болды.



Өрімдей жастардың басқосуына барып, форумда сөз сөйлеп, тек әкім ретінде емес, аға, ата болып әңгіме толғау, ақыл беріп, бағыт сілтеу, сәттілік тілеу секілді игілікті істің ортасында жүру Бейбіт Бәкірұлының күнделікті дағдылы ісіне айналып келеді. Облыс өңірінде басшы ретінде талай жекелеген бастамаларды көтеріп, оны іске асыруға мұрындық болып мүмкіндік жасауда да Б.Атамқұлов бар жағынан көш бастап келеді. Соның барлығы елдің игілігі, халықтың пайдасы үшін жасалынып жатқан жан сүйсінтер істер.

Төртінші билік дәрежесіне балап жүрген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында облыс басшысы жиі болады. Жақында ғана өткізілген қаламгерлердің төл мерекесінде төбедей болып төбеде отырып қалмай, топ жарған журналистерге өз қолынан әкім болғалы тұңғыш рет арнайы сыйлық берді. Саяси және ел өмііндегі үлкен науқандар алдында газеттің, телеарнаның басшыларын қабылдап, олармен сан-алуан сауалдар төңірегінде ой бөлісіп, пікір алмасты. Өзінің ойындағы жүрген ізгі ниетті жоспарларын, облыстағы атқарылып жатқан жұмыстарды баспасөз басшылары арқылы елге таныстырды.

Әуел баста томаға тұйықтау көрініп, жұртшылық арасында алуан пікір туғызған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов қазір өзіне үлкен сеніммен тапсырылған басшылық қызметте әр қырынан танылуда. Халыққа күн санап жақындай түсуде. Көпке өзінің ашылмаған жаңа қырларын іс-әрекетімен танытуда.



Тіптен бұрын ойға келмеген, қолға алынбаған «ақылды аймақ» кластерін құрудың авторы да Бейбіт Бәкірұлы. Инновация енгізу жөніндегі жаңа бастама қазір өзінің өміршеңдігін танытудың нық қадамына аяқ басуда. Қызметке алғаш келген сәтте кадрларды ауыстырумен айналыспады. Олардың жұмыстарына өзіндік баға берді. Талдау жасады. Талап та аса қатал бола қойған жоқ. Қазір Б.Атамқұловтың біраз кадрлары ауысты. Барлық басшыларға қойылатын талап мүлдем жаңа мағынаға ие болды. Яғни сұраныс барынша күшейді. Соның нәтижесінде барлық салада жанды жұмыс жүріп жатыр.

Облыс басшысының он бір жарым айдағы атқарған жұмыстарының бәрін талдап, сараптама жасау біздің міндетімізге жатпайды. Біз оның тек көзге көрінетін ірі элементтерін ғана әңгімемізге арқау еттік. Бұған қарап төрт құбыласы түгел сай деген пікір тағы туындамауы керек. Біздіңше бұл алдағы ірі істердің бастамасы ғана. Жыл бойғы жасалынған тірліктің бәрін ұшпаққа шығаруға әлі ерте. Оны алдағы екі-үш жылдың көлеміндегі толымды тірліктерді топтастырып барып айтсақ, нағыз баға сол болмақ. Б.Атамқұловтың басқалардан ерекшелігі мен артықшылығын сонда ғана толыққанды білеміз.

А.САТЫБАЛДЫ

(Материал "uakit.kz" порталынан алынды)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5555