Ресейде теракт әзірлеген деген күдікпен Орталық Азия тұрғындары ұсталды
Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларының адам көп тұратын аудандарында жарылыс ұйымдастыруды көздеген террорлық топтың он мүшесін қамауға алды. Бұл туралы федералдық мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасап РИА Новости хабарлады.
ФҚҚ мәлімдемесі бойынша, содырлар "қолдан жасалған аса қуатты жарылғыш заттармен бірнеше террорлық шабуыл жасауды" жоспарлаған.
РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, күдіктілерді ұстау операциясы кезінде қолдан жасалған төрт бомба, қару-жарақ және байланыс құралдары табылды.
Федералдық қауіпсіздік қызметі қылмыстық топ құрамында Орталық Азия елдерінің тұрғындары бар екенін растады. Операцияны Тәжікстан және Қырғызстанның арнайы қызметтері мен Ресейдің ІІМ бірлесіп өткізді.
Қолға түскен күдіктілер тергеліп жатыр. Тергеу мәліметі бойынша, олар тыйым салынған "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымымен байланыс орнатқандарын мойындаған.
Abai.kz