Тұрсын ЖҰРТБАЙ. «БӘЙБIШЕ – ТОҚАЛ» (жалғасы)
Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың (суретте) «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:
http://abai.kz/post/view?id=7271
http://abai.kz/post/view?id=7292
http://abai.kz/post/view?id=7363
http://abai.kz/post/view?id=7851
http://abai.kz/post/view?id=7819
http://abai.kz/post/view?id=7851
http://abai.kz/post/view?id=7963
http://abai.kz/post/view?id=8004
http://abai.kz/post/view?id=8164
http://abai.kz/post/view?id=8190
http://abai.kz/post/view?id=8438
http://abai.kz/post/view?id=8635
http://abai.kz/post/view?id=8747
http://abai.kz/post/view?id=8925
http://abai.kz/post/view?id=8955
http://abai.kz/post/view?id=9050
http://abai.kz/post/view?id=9536
http://abai.kz/post/view?id=9857
http://abai.kz/post/view?id=10194
http://abai.kz/post/view?id=10277
http://abai.kz/post/view?id=10532
http://abai.kz/post/view?id=10740
III
“Бiз әлi шикi жұртпыз” деп күйiнуiнде көп мен бар едi. Феодалдық қоғамның рулық тартысы талай тағдырларды сорлатты. Ел арасына iрiткi салуға негiзделген болыстық сайлау – халықты әбден ығыр қылып, титықтатып, досты – араз, дұшпанды – жау ғып жiбердi. Қазақтың елдiгiне, келешегiне кесiрiн тигiзетiн iндеттердi барынша сынап, жерiне жете әшкерелеген “Мәдениетке қай кәсiп жуық?”, “Қазақ iшiндегi партия неден” деген сол журналдағы мақалалары, белгiлi-белгiсiз себептермен ұзақ уақыт бойы басылмай келдi. “Абай” журналының соңғы саны қиын жағдайға, ақ пен қызылдың алмакезек ауысуына байланысты толық таралмай қалды. Бұған Мұхтардың өзi сақтандырған сүзек iндетi қосылды. Бұл туралы Мұхтардың өзi:
– “Сырлы әдебиетке кiрiсудi пьеса жазудан бастадым. 1918 жылдың 19 жылға қараған қысында сүзек болып ауырып, оқуды тастап қырға шығып тұрып едiм. Сонда, ең алғашқы пьесам –“Ел ағасы” деген 4 перделi драманы жаздым. Жә дегеннен пьесадан, драмадан бастаудың өзi белден шапқан сияқты орынсыз басталған құр кеуде болатын. Бұл да көп сандырақтың бiрi, берекесiз кездер едi. Сол сорлы пьесам қайда екенiн осы күнге шейiн бiлмеймiн. Өзiмде қарасы да қалған жоқ. Қыс бойы елде болып. Жаз тағы елде болдым. Ондағы жазғаным “Бәйбiше – тоқал”- дедi.
“Ел ағасы” сол күйiнше жоғалып кеттi. Ал, “Бәйбiше – тоқалдың” жолы болды. Мұхтар шығармашылығындағы көп талданбаған шығарманың бiрi де осы пьеса. Дәл осы пьеса сияқты елеусiз қалған мақаланың бiрi Мұхтардың досы Даниял Кәкiтайұлының “Қорғансыздар” атты сын мақаласы. Мұхтар туралы ең алғашқы дербес мақала болғандықтан ғана құнды емес, мұнда тұңғыш рет көркем шығарманың әлеуметтiк астарына тоқталады. Мұхтармен бiрге жастық дәуренiн қатар кешкен Даниял сол тұстағы қазақ қоғамын жайлаған рушылдық дертiн және Мұхтардың “Бәйбiше – тоқал” пьесасының көтерген мәселесiн былай түсiндiредi.
“Қазақтың сар даласын осындай түнерген қара бұлт басқан, халқы бiр уды жеп алған, бiр зiлдi иiстi иiскеп мас болған сықылды. Ол у, ол иiс не? Ол – құрт аурудай дененi ездiрiп, көздi шелге толтырып, адамшылықтан шығарып келе жатқан қазақтың ұлт жолдасы, ұлт мұрасы, әуейi санаған, тұқым қуған сасық партиясы.
Қазақтың бар әлеуметшiлдiгi, қуаныш-қайғысы, сүюi, жек көруi, тiлегi, достығы, қастығы, бар тiршiлiгi сонда. Бәрi соның пiшiнiне қарай белгiленедi. Бұл дертпен бай-кедей, жақсы-жаман, жуан-жiңiшке түп-түгел бәрi бiрдей ауырады, бәрi сол дертпен сандырақтайды. Өзгенi былай қойып бұл ауруды еңкейген кемпiр-шалмен еңбектеген балаға дейiн жұқтырған, зiлдi аурудың шалығы бұларға да тиген.
Партияның емшек сүтiмен жетiлген жас балалар болашақта ұшы-қиыры жоқ көп тiзбектiң бiр буыны болып қатарға қосылмақ. Болашақта ат жалын тартып мiнiсiмен-ақ дос-жаранын жарға итерiп, бiреудiң қолымен от көсеп, бiреудiкiне көз сүзiп, ол үшiн алдап, арбап, әлi жетсе зорлық, қиянат iстеп, туған-туысқандарымен тышқақ лақ үшiн, бiр түп көде үшiн итше алыспақ.
Мiне, осы ауданы кең, өрiсi тарылмаған зiлдi ауыр, жасырын бiтеу жараның аузы жарылып сыртқа шыққан шiрiгiн, ап-айқын болып көзге түскен жауыздығын бiз Мұхтар Әуез ұлының “Бәйбiше-тоқалында” көремiз”.
Алғаш “Қорғансыздар” деп аталған Бұл сын 1924 жылы “Сана” журналының № 2-3 сандарында басылды. Журналдың жабылуына байланысты мақаланың екiншi бөлімi жарияланбай қалған. Бiз бұл материалды араб әрпiнен крилл қарпiне түсiрiп “Қазақ әдебиетi” газетiнiң 1988 жылы 2 қыркүйектегi санына көшiрiп бастық. Мәселе, сынның кешеуiлдеп жарияланғанында емес, Мұхтардың шығармасының мақсатын терең түсiнуiнде, өйткенi, Мұхтар бұл пьесаны жазғанда Даниялмен ақылдасқан, алғашқы нұсқасын оған оқып берген. Себебi, бұл “қайғылы халдегi” өмiрлiк шындықпен Даниял да етене таныс едi. Бiрақ Даниял сол таныс адамдардың iс-әрекетiнiң өзiнен исi қазаққа ортақ дерттi тани бiледi және оның әлеуметтiк себебiн iздейдi. Оны қазақ халқының “қорғансыздығынан” көредi.
“Бiзше бұлар кез келетiн, қазақ iшiнде бар адамдар. Құр барды былай қойып, бұлар екiнiң бiрiнде кез келетiн адамдар, тiптi, Бейсембi, Әбдiлдәсi жоқ болыс, ояз, әзiрi киiз туырлықты қазақ жоқ десек өтiрiкшi болмаймыз. Бұлар сондай ауданданып, тамырланып алған жалпыға қас адамдар. Бұлардың қазақ өмiрiндегi орны, есендiктердi билеудегi күшi туралы айтуға да ауыз толмайды. Бұларсыз қазақ денесiне қан тарамайды, қырдағы қазақ тiршiлiгiнiң бұлар кiндiгi, жүрегi, тамыры. Қырдың бар тiршiлiгi осылармен байланысты. Бұларсыз қыр жансыз, сезiмсiз, ойсыз өлiк болып қалатын сықылды. Бұларсыз есендiктер астындағы атына, қойнындағы қатынына ие бола алмай, қор болып қалатын сықылды.
Бейсембi, Әбдiлдәлардың маңызы, күштерi осындай.
Ендi бұлардың себебi не? Соған келсек, бұл қиын сұрау. Оңға, терiске жаңылуымыз мүмкiн. Бiрақ өзiмiздiң түсiнуiмiзше “мынадан” деп жауап берiп көрелiк.
Бiрiншi себеп – қорғансыздық.
Мәнiсi мынау:
Қазақтың көпшелi даладағы тiршiлiгiнде адамның адамшылығы, мал-мүлкi қорғаулы ма? Қорлық көрсең, зорлық көрсең оңай есеге қолың жетiп, тентектi тыйғызып, кегiңдi ала аласың ба? Қалың қазақтың iшiнде отырып ешкiмге қақтықпай, ешкiмге соқтықпай, бiреуге арқа сүйеп, бiреумен одақтаспай өзiңмен-өзiң болып мал малданып, жан жанданып тыныш тiршiлiк ете аласың ба?
Жоқ, жоқ. Ондай тiршiлiк мүмкiн емес. Күнi ертең сенiң малыңды, не қыз, не қатыныңды тартып, не басқа адамшылығында тиетiн зорлықтар iстемесiне ешкiм кепiл емес.
Сондықтан сен қалың қазақтың iшiнде отырып, иесiз далада жалғыз келе жатқан адамдай өзiңдi өзiң қорғансыз сезiнесiң. Қорғансыздықты сезудiң себебi толық. Артыңнан ертең елiң болмаса, не сүйенер, сүйкенер сенiмдi одағың болмаса, не мықты қорғаның болмаса, сен бiр күн де есен-сау тiршiлiк ете алмайсың. Қазiр-ақ быт-шыт қылып талап алады. Талап алмаса ұрлап алады, алмаса қорқытып алады. Әйтеуiр, сенi жем қылады. Амалсыз тұс-тұстан анталаған құзғындардың құрбаны боласың...
...Сөйтiп жүрiп Бейсембi, Әбдiлдәлардың құрулы торына түседi. Мiне, қырдағы қорғансыз тiршiлiктiң бiр қарап өткендегi “сұлу” суреттерi”-дейдi Даниял.
Ал Мұхтар сол дерттi көркем шығармаға арқау етiп, араға от тастаған кеселдiң өмiрде қалай болатынын жұртқа көрсету, көзiн жеткiзу ниетiмен пьеса жазды. “Бәйбiше – тоқал” – оның екiншi көркем туындысы. Оқиға желiсiн өмiрде болған жайдан алды. Бұл – пьесаға ел ықыласының аууына тiкелей ұйтқы болды.
Оқиға төңкерiс қарсаңында, Мұхтардың ата мекенi Бөрiлi қыстауының iргесiндегi сыбан болысында өткен. Бөрiлi – шығысында сыбан, солтүстiгiнде – уақ, оңтүстiгiнде – тобықты болыстықтарының арасында. Әуез ақсақал солардың барлығымен қыз алысып, қыз берiсiп, сүйек-шатыс боп кеткен. Мұхтардың айналасын, туған-туысқандарын жақсы бiлетiн профессор Мұсатай Ақынжанов: “Пьесадағы Бейсембi бiздiң бiр ағайынның нағашы атасы едi. Сайлау ерегесiнде бәйбiше мен тоқалдың балалары екiге жарылып, әрқайсысы өз нағашысына тартыпты. Тоқалдың түрт-түртiмен бәйбiшенiң үлкен ұлы оққа ұшыпты. Келеңсiз жай төңкерiстiң қарсаңында болыпты. Мұхтар iзiн суытпай пьеса жазды. Бiрақ нақты адамдардың аты-жөнiн ұмытып қалыппын. Әйтеуiр, Арқаттың, орданың сыртындағы оқиға екенi анық”,-дейдi.
Уақыт шаңы көмiп, бұрынғы қыстау иелерi темiр жол бойын сағалап, жан-жаққа тарап кеткендiктен “Бәйбiше – тоқалдың” өмiрлiк шындығын егжей-тегжейлi анықтаудың сәтi түспедi. Ақыш Тұрағұл қызы да жас кезiнде ел арасында осындай әңгiменiң жайылып кеткенiн естiптi. Бiрақ, нақты адамдарының атын жадынан шығарып алыпты. Тек пьесадағы болыс, адам атына сүйене отырып, күндестiк бәсекенiң шынында да орданың сыртында, сыбан болысының жерiнде қанды кешке ұласқанына көз жеткiздiк. Оған елдi ерегестiрген ру басылары Бейсембi мен Әбдiлдәнiң диалогтарындағы емеуiрiндер мұрындық болады. Мысалы: “Бейсембi: сенiң жазығың жоқ болса, менiң де жазығым жоқ. Тоқалдың баласы – туысқаным. Туысқандықтан басқа жат мiнездi көрсе айтсын... Түбiнде жем болсаңдар – сендер боларсыңдар. Әбдiлда-ақ тауысады сендердi. (Тым-тырыс). Еске алынып, есепке тұтылмай керей, уақтың келiмсектерiндей жәркенiң бiреуiне қоңсы қонып жүресiңдер”-дейдi. Осыдан мына жай аңғарылады. Керей, уақ жұрты – Абай ауылына көп жиылған. Әрi оқиғаға қатысы жоқ, бейтарап айтылады. Әбдiлданың – ел – жәрке, сыбанның бiр тармағы. Сонда бұл тоқалдың төркiнi тобоқты руынан боп шығады және Қайшаның әкесi Байсалбай: “Абай жарықтық өзiнiң ел-жұртқа сиымсыз бiр туысқанына айтыпты ғой:
Соқақ-соқақ жортады көк бөрiлер,
Сонда да жүйрiк атқа бөктерiлер,
Табынан бөтен жүрген сорлы жiгiт,
Әр жерде жұрт көзiне жек көрiнер” ”-
деп, Жидебайдан Қызыл молаға ағайынына өкпелеп көшiп кеткен Әмiр Құдайбердi ұлы мен Майбасардың Мұхаметжанына арнаған өлеңiн келтiредi. Демек, Мұсатай Ақынжановтың дерегi шындыққа саяды. Ал Әбдiлдәнiң қолына көшiп келген “Төлеш (Ғазизге): Сен сайлаудан хабар бiлдiң бе?.. Қалба болысы сайланып болып қалған жоқ па осы?” -деп сұрайды. Қалба – сыбанға көршi әрi ағайын болыстың жерi. Малы – өрiстес ел. Бұл – бәйбiшенiң төркiнi. Революцияға дейiнгi әкiмшiлiк бөлiнiсiнiң рулық негiзде жүргiзiлгенiн ескерсек, шындықтың бетi ашылады. Осы үш боластың жапсарласқан тұсы – сыбандардың ата мекенi. Бейсембiнiң “Жәрке” деп отырғаны сыбанның iшiндегi кiшi ата, өзiмен бiр болыстағы беделдi би боп шығады. Елдiң берекесiн кетiрген Бейсембi мен Әбдiлдә жас жiгiттi оққа байлап бередi.
Сыбан даласы қазiргi Аякөз – Семей аралығындағы темiр жолдың батыс қапталындағы қыраттан басталады. “Бәйбiше – тоқалдың” күндестiгi сол қыраттың қойнауында тұтанып, арты өртке ұласқан.
Жазықсыз жандарға жаны күйген Мұхтар пьесасы арқылы қатыгездiктiң бетiн әшкерелей отырып, әлеуметтiк теңдiктi назардан тыс қалдырса: “елдiң елдiкке махаббаты оянбайды. Ендi нашарды өрге тартып, теңдiкке алып, әдiлет көзбен қарап, есесiн өзiне тапсыруды” ұсынады. Бұрын Мұхтардың қаламына iлiкпеген тың тұжырым. Осы мақсат жетелеп отырып қоғам қайраткерi дәрежесiне көтердi.
Мұны Даниял Кәкiтай ұлы да дәл аңғарып:
“Қайғалы хал жазушының ұсынуы бойынша – “Бәйбiше – тоқал” атанады. Бiрақ бiз атқа қанағаттанбаймыз. Бiздiң тексергелi отырған әсерiмiздегi қайғылы хал – жалғыз бәйбiше – тоқалдан ғана шығып отырған жоқ. Оның негiзiнде одан да зорырақ мәселелер жатыр. Ол мәселенiң не екенiн жоғарыда қысқаша айтып өттiк. Кейiн де айтамыз. Ал қазiр айтқалы отырғанымыз: Мұхтар Әуез ұлы өзiнiң қайығлы халына тап басып ат қоя алмаған. Бiрақ оның орнына қайғылы халындағы суреттеп, басын ашып отырған мәселелерi, атымен ғана байланысты болған мәселеден гөрi күштiрек, тереңiрек, негiздiрек демекпiз.
Қазақ тiршiлiгiнде “бәйбiше – тоқалдық” деген нәрсенiң зор орын алатыны рас. Үй-iшi, қала берсе туған туысқан ортасындағы талас-тартыстың асқындап шиеленiсiп кетiп отыруына оның зор себебi тиедi. Қазақ тiршiлiгiндегi толып жатқан жауыздықтың негiзгi себептермен байланыссыз жеке бәйбiше – тоқалдықтың өзiнен ғана тауып отыратын кесiрлердi алған күнде де осал қайғылы хал шықпайды, мұның әрине бiздiң сенiмiмiз күштi, бiрақ ондай қайғылы хал қандай әсерлi болса да қазақ тiршiлiгiндегi, толып жатқан жауыздықтардың қышулы түйiнiн шешiп, ауданын терең түрде суреттей алады деп еш уақыт айта алмаймыз. Қалайда бәйбiше – тоқалдықпен қазақ өмiрiндегi жауыздықтардың түпкi себептерiн түсiндiрiп болмайды. Ол тек жуан түбiрден жаралған бiр жiңiшке бұтақ қана. Сондықтан егер Мұхтар Әуез ұлының “Бәйбiше – тоқал” атанатын қайғылы халы жалғыз атымен ғана байланысты болып, соның ғана себептерiн негiз қылып, қайғылы халiн суреттеген болса, бiз оны қандай жақсы жазылған болса да, қандай әсерлi болса да “Бәйбiше – тоқалдың” дәл осы күнгi түрiне еш уақыт теңемес едiк. Күштi, терең екен еш уақыт айтпас едiк.
Қазiр бiз оны айта аламыз, себебi, Мұхтардың әсерiнде қазақтың тiршiлiгi мейлiнше терең, ауданды түрде суреттелген”,- деп тұжырым жасайды.
“Бәйбiше – тоқалдың” сол тұста үлкен табысқа ие болуының басты себебi – аласапыранды шақта аптықпай, “ақырын жүрiп анық басып”, замананың ағысын адаспай болжап, халқына пайдалы, келешегiн көгертетiн жолды қолына бiлiм шырағын ұстай жүрiп дұрыс табуы едi.
Ғұмырға азық болатын тарихи бетбұрыстарға, буырқаныстарға толы бiр жылы, яғни 1918 жылы осылай өттi. Мұхтар үшiн де бұл мерзiмнiң қадiрi ерекше едi.
(жалғасы бар)
abai.kz