Тәжікстанда Ұлт лидеріне тіл тигізгені үшін түрмеге отырғызады
Тәжікстан үкіметі сәрсенбі күні Ұлт лидеріне көпшіліктің көзінше тіл тигізгені үшін жаза қолдану туралы қаулыны мақұлдады. Қылмыстық кодекстік 137-бабына өзгеріс енгізу туралы қаулыға президент Эмомали Рахмон 13 қазанда қол қойды.
Көпшіліктің көзінше президентке - Ұлт лидеріне тіл тигізгені үшін 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Қаулыға сәйкес, қылмыстық жауапкершілік интернетте, әлеуметтік желіде және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында Ұлт лидерін тілдегендерге де қолданылады.
Еске салайық, бір апта бұрын "Бейбітшілік пен ұлт бірлігінің негізін қалаушы - Ұлт лидері туралы" конституциялық заң жобасына сәйкес, ел президенті Тәжікстан тәуелсіздігінің негізін қалаушы деп жарияланды.
Мемлекет басшысына тіл тигізгендерге қылмыстық жауапкершілік енгізу туралы үкімет қаулысы ел парламентінің талқылауы мен мақұлдауына беріледі.
Abai.kz